ҮЛЕСКЕРДIҢ ЖЫРЫ БҰЛ

ҮЛЕСКЕРДIҢ ЖЫРЫ БҰЛ

ҮЛЕСКЕРДIҢ ЖЫРЫ БҰЛ
ашық дереккөзі

Қазақстан Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов 28-шiлдеде Астана қаласындағы алаяқтарға алданған үлескерлермен кездесiп мұңын тыңдаса, 5-тамызда Алматының үлескерлерiмен кездестi.

Проблема бiреу. Алаяқ құрылыс компаниялары жүздеген емес, мыңдаған үлескерлердiң көз жасын арқалап отыр. Алматы қаласындағы экономикалық және коррупциялық қылмыспен күрес жөнiндегi департамент бастығының мiндетiн атқарушы Мұрат Мұсабековтiң мәлiмдеуiне қарағанда, "Серт", "Kaz Commerce Engineering" және "Dossor Development", "Верный KZ", "Столичная недвижимость""Солнечный квартал", "Казстрой" секiлдi компания иелерi үлескерлердiң миллиардтаған қаржысын өз қажетiне жұмсап, еркiнше шайқап жүре берген. Мысал айталық, "Серт" компаниясының үлескерлерге уәде еткен "Жайлы" тұрғын үй кешенi осы қыркүйекте аяқталуы тиiс болатын. Алайда, құрылыс тоқтап тұр. 648 үлескер бұл тұрғын үй кешенiне 6,6 млрд. теңге салған екен. 5,6 млрд. теңге құрылысқа жұмсалғанымен, аталған кешенге жұмсалуға тиiс қаржы 11 млрд. теңгенi құраған. Қалған ақшаның қайда кеткенi тексерiлуде. "Серт" АҚ-ының бұрынғы директоры Юрий Стариков та, қазiргi директоры Қадырбай Құлмұрзин да жауапқа тартылған. Олардың айтуынша "Жайлы" тұрғын үй кешенiнiң 70-80%-ы тұрғызылған, оны аяқтау мүмкiндiгi бар. Ал қалған құрылыстардың жұмысы әлi басталмаған да. "Kaz Commerce Engineering" және "Dossor Development" компанияларының иесi бiреу — Асқар Оразбаев. Бұл компанияларға мыңнан астам үлескер өз қаржысын сенiп тапсырған. Асқар Оразбаев үлескерлердiң сенiмiн ақтағанның орнына олардың ақшасына қымбат шетел көлiктерiн және жер телiмдерiн сатып алған. Бұл компаниялардың басшысы "Елисейские поля" және "Елiм-ай" тұрғын үй кешендерiн тұрғызуға уәде берген. Алғашқы тұрғын үй кешенiне қаржы құйған 345 үлескерден ол 9 млрд. теңге жинап алған. Оның — 84,6 миллионын жеңiл автокөлiк сатып алуға, 6.4 млрд.-ын жер телiмдерiн сатып алуға жұмсаған. Алайда, бұл жер телiмдерi аталған компанияның иелiгiнде тiркелмеген. "Kaz Commerce Engineering" "Елисейские поля" тұрғын үй кешенiнде150 үй тұрғызуға рұқсат алған. 600 үлескер ақшасын сенiп тапсырған "Елiм-ай" кешенiн тұрғызуға рұқсат жоқ. Әзiрге аталған компаниялардың есепшоттары тұтқындалып, Оразбаевтар отбасының 1,1 млрд. теңгеге жеткен жеке есепшоты тұтқынға алынды. Сондай-ақ, жер телiмдерi мен жеңiл көлiктерi де қайтарылып алынды. "Верный КZ" ЖШС-i басшысы Жанат Ақбиев үлескерлерден жиналған 20 миллион долларды қалтасына басып, өз қажетiне оңды-солды шаша берген. Оның да барлық дүние мүлкi тұтқындалған. Ол үлескерлердiң кейбiр қаржыларын қайтара бастады. Бүгiнде 5 миллион теңге үлескерлерге қайтарылды. "Столичная недвижимость" акционерлiк қоғамының директоры Серiк Бектаев 688 үлескерден 8,6 млрд. теңге жинапты. Оның 2,3 млрд.-ын жұмсап та үлгерген. Оның 9 банкiдегi есепшоты, Алматы қаласы және Алматы облысындағы 21 жер телiмi және автокөлiгi тұтқындалған. Сондай-ақ, "Солнечный квартал", үлескерлердiң 800 миллион теңгесiн қалтасына басқан "Казстрой" компанияларының үстiнен қылмыстық iс қозғалған. Бұл тiзiмдi жалғастыра берсеңiз газет бетiнде орын қалмай қалуы да мүмкiн.

Алматыда қазiр 10 мың үлескердiң қаржысы салынған 108 нысан тұрғызылып жатыр. 53 тұрғын үй кешенiн компаниялар өздерi салып бiтiрмек, 15 тұрғын үй кешенiне көмек қажет. Алдағы нөмiрiмiзде жазғанымыздай Алматы үлескерлерiнiң проблемасын шешу мақсатында "Қазына" қорынан бөлiнген алғашқы 22,4 млрд. теңге 3,5 мың үлескердiң мәселесiн бiржақты ететiн болады. Премьер-министрмен үлескерлердiң кездесуiне арнайы қатысқан Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов Кәрiм Мәсiмовтен проблеманы шешу үшiн тағы да 10 миллиард теңге бөлуiн өтiндi. Бұл тағы да 2,5 мың үлескердiң тұрғын үй мәселесiн шешетiн болады. Әкiм аппараты жанынан құрылған арнайы күрделi құрылыс кәсiпорыны әкiмшiлiкке берiлген немесе алаяқ компаниялардан коммуналды меншiкке қайтарып алған нысандарды аяқтап бiтiрудi қолға алды. Алайда, алдымен бұларға кететiн қаржы тағы да есептелуi керек.

Сөйтiп, аталған 10 миллиард теңге "Қазына" қоры арқылы емес, бiрден құрылыс компанияларына бөлiнетiн болды. "Қуат" корпорациясының басқарма төрағасы Иван Демин құрылысы аяқталып пайдаға берiлуге тиiс кейбiр үйлердiң инженерлiк желiлерiн сатуға қаржы жетiспей тұрғандығын айтты. Премьер К. Мәсiмов: «Мемлекет "Қуаттың" кейбiр нысандарын сатып алуын, ал одан түскен қаржы инфрақұрылымдарды жасауға жұмсалсын» деген ұсыныс айтты.

Демек, үлескерлердiң iсi оңға басып келе жатқанға ұқсайды. Дегенмен, бұл шаралар бар жоғы үлескердiң тең жарымын ғана қамтымақ. Қалған үлескерлер құмға сiңген судай болған қаржысын қайдан iздерiн бiлмей сабылуда. Оның үстiне тұрғын үйдiң үлесiне ие боламыз деп банкiлерден жоғары дейгейлi үстемемен қарыз алғандары тағы бар. "Маңғыт аузыңа саңғыт" деген осы болса керек.

Е. ҚҰМАР