Қайран Дидағаң!
Қайран Дидағаң!
Күні кеше ғана сияқты еді, күңіреніп Дидағаңды, жазушы, қоғам қайраткері Дидахмет Әшімханұлын жер қойнына тапсырып жатқанымыз. Міне 40 күн де зымырап өте шығыпты. Ойда жоқта орнын сипап қалған Дидағаң жайлы мен де өз көңілімді қағазға түсірген едім.
«Қайран, Дидағаң!» Тамағыма өксік тығылып, жүрегімді өкініш кернеп тұрып айтқан сөзім осы болды Дидағаңның қайтпас сапарға аттанғанын алғаш естігенде. Мүлдем күтпеген, ойламаған хабар еді. Есеңгіреп барып, ес жинап та үлгере алмай, делсал күйде отыра кетіппін. Маңайымдағылар да жайсыз хабар естігенімді түсінді, түсінді де демеуге ұмтылды.
Соңғы рет Дидағаңды қайда, қашан, қайда көргенімді есіме түсіре алмадым. Ал телефон соққаным есімде. Ғұмырының соңғы жиырма жылын өткізген «Түркістан» газетіне әдетімше соға кетуді жөн деп шешкен едім. Дидағаңның кабинеті жабық тұр екен. «Ағам қайда?» деп едім сондағы қызметкерлердің бірі ол кісінің көзіне операция жасатқанын айтты. Ағама қоңырау шалдым. Алайда телефон тұтқасын көтере қоймады. Сонымен күйбің тірліктің қамымен өзге шаруамен айналысып та кеттім білем. Әудемнен кейін Дидағам өзі қоңырау берді.
– Жай іздедің бе, қарағым!
– Иә, аға, сізді тұмауратып қалды деп естіп, халіңізді білуге хабарласып едім, – ағам трубканы ар жағында кемсеңдегендей болды, әлде маған солай сезілді.
– Осыдан кейін қалай риза болмассың, қалай елжіремессің, рахмет қарғам!
Меніңше, ағам екеуміздің арамыздағы соңғы диалог осы болған секілді. Одан кейін жолығып та үлгермедім. Тағы бірде «Түркістан» газетіне соқтым. Сәрсенбі еді. Газет беттеліп жатқан кез. Шәкең (Шамшиддин Паттеев) мен Жәкең (Жаңабек Шағатай) бас редактордың кабинетінде кезекті нөмірдің бас мақаласының тақырыбын талқылап отыр екен.
– Осындайда Дидағаңның жоқтығы білініп қалады, – деді Шәкең, деді де: – Айтпақшы ол кісі қайда? – деп сұрады Жәкеңе бұрылып:
– Көзіне операцияға қайтадан енеді екен, бағана келіп кетті, – деді Жәкең жайбырақат.
Сол сәтте ешқайсымыздың ойымызда бір аптаға жетпей Дидағаңның орнын мәңгіге сипап қаламыз деген тинәмдай да күдік болмаған еді. Міне, көзді ашып жұмғанша, сұм ажалдың Дидағаңды қайтпас сапарға алып кеткеніне 40 күн де толып үлгеріпті. Өмірбақи идеясымен сусындатып келген «Түркістан» газеті үшін ол кісінің орны толмас, әрбір тақырып, әрбір жаңа идея іздеген сайын Дидағаңды іздеп күңіренеріміз анық. Алайда, амал жоққа амал жоқ! Дидағаң енді жоқ. Бірақ, артында қалдырған інжу маржаны сөзі тұрғанда, оның қадірін білер елі тұрғанда, ұрпағы тұрғанда Дидағаңның аты өшер емес.
Дидағаңмен дидарлас болып, әріптес, қанаттас жүргенімізге тұп-тура 15 жыл өтіпті. 1999 жылдың қоңыр күзі. Нарық тұралатқан, дағдарыс екі өкпесінен қысқан қазақтілді ақпарат құралдарының біразының күні бата бастады. Солардың қатарына 1996 жылдан шыға бастаған «Қазақ Елі» апталығы енген еді. Мен осы апталықта, әуелі «Шалқар» газеті болып тұрған кезден қызмет атқаратынмын. Біраз басылымның басын қосып, «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамын құрғанда «Қазақ Елі» апталығын жабу туралы шешім қабылданды. «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамының президенттігіне келген Жұмабек Кенжалин жұмыссыз қалған біразымыздың проблемамызды шешіп беруге кірісті. Сөйтіп мені «Түркістан» газетіне жіберді. Сонда менің бұған дейінгі жазған-сызғандарымды оқып, оң батасын берген осы Дидағаң еді.
Шәкең де, Дидағаң да менің кім екенімді, қайдан екендігімді сұраған да жоқ. Қандай журналист екенімді ғана білгісі келді. Сол күннен-ақ өзімнің нағыз демократиялық ортаға түскенімді түсіндім. Дидағаң «қыздардың журналист болғанын аса қаламаушы едім, бірақ сен журналист бола аласың. Оған сенімім кәміл!» деген еді сонда. Кейін «Түркістан» газетінің негізгі құрамы әйелдерден, жас қыз-келіншектерден тұрды. Дидахмет ағай солардың бәріне қал-қадерінше жол сілтеді, бағыт-бағдар берді.
Тал бойына бір мін жұқтырмай, сері киініп, сергек жүретін Дидағаң біздің жазған-сызғандарымыздың да мінсіз болғанын қалаушы еді. Бірде-бір қате таппағанда, балаша риза болып, қолыңды алатын, қып-қызыл ала шимайға толтырып әкелсе, әжептәуір ренжитін. Бәлкім осы талабы шыңдады ма, біз де мақаланы мінсіз сомдауға тырысушы едік. Университетте оқып жүргенімізде бізге Өтеген Күмісбаев ағай сабақ берді. Сол кісі «Сіздер Мұхтар Әуезовті көрген жоқсыздар. Мұхтар Әуезовтің алдын көріп, дәрісін тыңдаған біз бақыттымыз. Ал солардың тәлімін алған біздің алдымызды көрген сіздер бақыттысыздар» деп еді. Әрине, біздің маңдайымызға әдебиет пен журналистиканың талай нарқасқаларының дәрісін тыңдап, тәлімін алу жазылған жоқ. Алайда, Дидағаң секілді әдебиет алыптарының шоң мектебінен өткен, қара сөздің қадірін білетін, қаймағын қалқып ішкен әдебиет тарландарының тәлімін алудың өзі зор мәртебе еді. Бүгін ана тіліміздің қадір-қасиетін Дидағаңдай білетін және қастерлей алатын адамдардың да шоғыры азайып кетті.
Дидағаң саналы ғұмырында қасиетті тіліміздің жырым-жырымын шығарып, өзінше ту-талақай қылатындармен ымырасыз күрес жүргізіп өтті. Дидағаңның бастамасымен қаншама соны тақырыптар, соны айдарлар өмірге келді. «Мен сендердің идеяларыңның генераторымын!» деуші еді, айтса айтқандай-ақ, рухани тақырыптардың, қазақ өнерінің, әдебиетінің қаншама қағыс қалған мұраларын Дидағаңның арқасында жаңғырта алдық. Ол кісінің тікелей бастамасымен газетте «Ол және ол туралы» және «Олар қазақ мектебінде оқыған» деген айдарларды жүргізіп тұрдым. «Ол және ол туралы» айдарын жүргізу арқылы қаншама қазақ қайраткерінің жүріп өткен жолымен, елге сіңірген еңбегімен таныс болуға мүмкіндік алсам, «Олар қазақ мектебінде оқыған» айдары арқылы қазақтың сары шалы Герағаңмен, Герольд Бельгермен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Герағаңа біздің айдар ғана емес, мақаланы беру формамыз да ұнап еді.
Дидағаң журналистиканы жеңіл-желпі тақырыптарды көтеруге, арзан сенсация қууға, бір-екі ән салып жұлдызбын деп көкірек қаққан әншісымақтарды дәріптеуге айналдырып жіберген қазіргі қоғамды ұнатпайтын. Мәңгілік идеялар мен өлмес тақырыптар іздейтін. Соңғы жылдары «Әңгіме емес әңгімелерді» жазуға да итермелеген осы журналистикадағы арзан пиар, жалған атақ қуу болды-ау деп ойлаймын. «Соңғы кездері сендер ылғи көр-жерді сөз етіп кеттіңдер, артыңда өлмейтін сөз қалдыруды неге мұрат тұтпайсыңдар, мен қазір «Әңгіме емес әңгімелер» жинағын дайындап жатырмын. Бұл арқылы журналистиканың көрігін қалай қыздыруға болатынын танытпақпын» деген еді Дидағаң бірде.
Дидағаңның атақ даңқына ерте қаныққаныммен, ол кісінің шығармасын тек өзімен танысқаннан кейін ғана оқыдым. Маған өз қолтаңбасын жазып беріп тұрып, «Жер аңсаған Сары атан» деген повесімді оқы. Сенің және сен секілді миллиондардың тағдырына арналған шығарма» дегені әлі есімде. Повесті бас алмастан, бір демде оқып шықтым. Тілі жеңіл, оқиғасы ширақы және ширықты екен. Жақында осы «Жер аңсаған Сарыатан» повесін оқырман клубында талқылауға ұсынған кезде ұмыт бола бастаған оқиғаларын қайта есіме түсіріп, пысықтағаным бар. Атажұртына әлі жетіп үлгермеген Есбергеннің көшер алдындағы толғанысы, Маралдысай мен Көкентаудың, Көкенбұлақтың қазақ өмірінде алатын орны және бірінің Қытайда, екіншісінің Кеңестер қоластында қалғанын суреттеуі өте ерек. Көкенбұлаққа иелік еткен Матвей арқылы қазақ даласының бодандық қамытын кигендігін меңзесе, Матвейдің қолында малайлықта қалған тектінің тұқымы Қожықты құлдықтан Есбергеннің босатып алуы арқылы, сол бодандық шалмасынан құтылуға талпынған, бұлқынған елдің әлсіз қарсылығын да баяндап отыр.
Оның шығармасының темірқазығы – атамекен Алтай. Бүкіл қазақтың, қала берді иісі түркі жұртының кіндік жұрты Алтайда туғанын мақтан көрді, Алтайда туып, Алтайда мәңгі қалуды мұрат тұтты. «Сары самауырын» да, «Ақшоқы» да, «Тас қала» да, «Тас монша» да даладан білім іздеп қалаға келген ауыл баласының туған жерге деген мәңгілік сағынышынан, атажұртқа деген махаббатынан туындап отыр. Дидағаң әңгімешіл еді. Өнер қуған, өзін әдеби ортаның өкіліміз деп санайтын жастар оның жанынан үйіріліп шықпайтын. Әңгіме ауаны үнемі қазақтың ертеңі, рухани дағдарысы, қазақты аяусыз тонауға кіріскен жемқорлардың толмайтын жемсауы. Ол үнемі адамгершілікті ту етті. Дидағаң атақ-даңқты сағалаған жоқ, жұртты мәнсабы үшін бағаламады да. Тек адами қасиеті үшін сыйлайтын.
«Түркістан» газетінің журналист қауымының Дидағаңмен пікірталасы бітпейтін. Ол бесін шай үстінде де, өз кабинетінде де, газетті беттеу барысында да жалғаса беретін. Сондағы негізгі айтысымыз кешегі дәуір мен бүгінгі дәуірдің құндылықтары. Дидағаңның өмірбақи қастерлеп өткен идеалдары болды. Және ол кісі жел қалай соқса, солай жапырылған жоқ немесе кімнің тарысы піссе, соның тауығы бола алмады. Өзі қасиет тұтқан, қастерлеген құндылықтарынан бас тартқан емес. Әсіресе, Дидағаңмен арадағы көп әңгіменің бірі – Сталин жайлы пікірталаста талай жылда ол кісінің бір айнығанын көрген емеспін. «Не десеңдер, о деңдер, Сталин Ресейді қолына алғанда, соқасы ғана бар еді, оны алып, атом мемлекетіне айналдырды» деп отыратын. Яғни, Дидағаң көбік сөзді емес, нәтижені ұнататын. Бүгінде талан-таражы шыққан ауылдың, бүкіл қазақтың жұлын-омыртқасы алтын бесіктің аянышты халіне налитын. Ондағы еңбекшілердің ақ адал малының құн сүймейтіндігіне, қамбасына астығы сыймаған елдің бидайының жарамсыз болып қарға көмілетіндігіне, елді басқарудағы шенеуніктердің жүйесіздігіне күйінетін. Осы күйініш ол кісінің бірнеше рет инфаркт болуына түрткі болды. Көп оқитын, телегей теңіз білімді еді. Күніне кем дегенде жарты сағат кітап оқитынын айтқан еді бірде. Білімге деген осы құштарлығы Дидағаңның көзінің әлсіреуіне жол берді. Ебепке себеп, ажалына асықтырған да осы алғышарттар сияқты көрінеді де тұрады.
Үнемі ой үстінде жүретін Дидағаңның жоспары да көп еді. «Ел шежіре» қоғамдық қорын құрып «Алаш» сериясымен көркем ойдың көрігін қыздырған Алаш алыптарының еңбектерін шығаруды қолға алуы да бүгінгі қоғамның кітап оқудан ада қалып бара жатқан жастары үшін жасалған иненің жасуындай игілікті ісі деп бағалауға болар еді.
Өмірдің өзіндей қарапайым ағамыз өзгелерге де қарапайымдылықтың үлгісін танытып кеткендей. Сүлеймен Демирел атындағы университеттің «Журналистика» мамандығының ІІ курс студенттерімен кездесуге шақырдым. Ағам екі сөзге келместен бірден келісімін берді. Және болашақ журналистерге екі сағат бойы үзіліссіз сыр шертті. Өзінің тәлім алған журналистік және жазушылық мектебін, қазіргі қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды, өзін не толғандыратынын жас буын өкілдеріне мөлдіретіп тұрып баяндады. Дидағаңның осы кездесуі соңғы сыр-сұхбаты болған сияқты болады да тұрады. Өйткені өзін жарнамалауды ұнатпайтын, өзі туралы мақалалар мен сұхбаттардан бойын аулақ ұстайтын, өзінің тіпті алпыс жастық мерей тойында да газет бетінен мақала беруге рұқсат етпеген қайран Дидағаң алпыс беске бір айға жетер-жетпес уақыт қалғанда бұл пәнимен қоштасып кете барды. Сөйтіп өз қолында тұрған жарнама тетіктерін де өзінің қарақан басы үшін пайдаланған жоқ. Ұлттық рух үшін, болашақ ұрпақ үшін бірдеңе беруге талаптанды. Амал не, қазір Дидағаң ортамызда жоқ. Алайда Дидағаң салған жол бар, өзіне ғана тән қалыптастырған үрдіс бар. Сол жол талайдың шамшырағына айналатынына сенімім кәміл. Бақұл бол, Дидаға! Жаның жаннатта шалқысын!
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ