842
ТОЙШЫБЕК БАТЫР
ТОЙШЫБЕК БАТЫР
XIX ғасырдың бiрiншi жартысында Жетiсу өңiрiнiң тарихында өзiндiк iз қалдырған атақты би әрi батыр Тойшыбек Қасаболатұлы 1783 жылы қазiргi Алматы облысы, Жамбыл ауданының Балғабек Қыдырбекұлы атындағы ауыл аумағында дүниеге келген. Тойшыбектiң тегiн Ұлы жүздiң, Дулат тайпасының, Ботбай руының iшiндегi Шағатай атасынан таратады. Тойшыбектiң әкесi Қасаболат – Жоңғар шапқыншылығы кезiнде өз әкесi Әлменмен бiрге туған, Ботбай руына ұран болған атақты Сәмен батырға iлесiп, талай шайқастарға қатысып, ерлiк көрсеткен батырлардың бiрi.
"Тойшыбек би – Ұлы жүздiң ең атақты қазақтарының бiрi".
(А.Янушкевичтiң күнделiгiнен)
Осы мезгiлдегi Жетiсу қазақтарының жағдайына тоқтала кетсек. Жетiсу өлкесiнiң Iлеге дейiнгi бөлiгi Қытай елiнiң, ал сол жақ жағалауының оңтүстiк батысына дейiнгi жерi Қоқан хандығының билiгiнде болған. Қытай билiк орындары қазақтарды сыртқы жаудан қорғауға еш шара қолданбай, өздерiн бейтарап ұстайды. Ал, Қоқан хандығына бағынған Ұлы жүздiң қазақтары Қоқан бектерiнiң зорлық-зомбылықтарына ұшырап отырған болатын. Сондықтан, қазақ қоғамы сырттан төнген қауiптен өз бетiнше қорғануға қабiлетi болмады.
XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдары хандық жүйе ыдырасымен қазақ жерiнiң ортасын ойып, бiрнеше бекiнiстер салып, Орта жүзге iшкерiлей енiп алған патша өкiметi, Жетiсу жерiне тұңғыш, 1831 жылы Аягөз приказын ашып, одан ары Жетiсу арқылы өтетiн керуен жолын иемдену мақсатын көздейдi. Ресей әкiмшiлiгiнiң басшылығы сол кездегi қазақ қоғамының жүздiк психологиясын меңгерiп, қазақ ауылдарының өзара тынымсыз барымталық есеп айырысуларын пайдаланып, екi жүздiң руларын бiр-бiрiне айдап салу арқылы өз саясаттарын iске асырды. Оған мысал келтiрсек, Ресей бодандығын алған Аягөз дуанының Орта жүз Найман руының аға сұлтаны Бексұлтан Ағадаевтың қарамағындағы Сыбан болысының басқарушысы Әбiлмәмбет ханның шөбересi Барақ Солтабаевқа, "Сенi дуанға аға сұлтан сайлаймыз" деген уәдемен оларға қару-жарақ берiп, бiр емес бiрнеше рет, дүркiн-дүркiн Ұлы жүз руларының Қаратал өзенiнiң бойындағы ауылдарын шапқызып, малдарын айдап кетiп, тонап, кiсi өлiмi де орын алған. Бұл ойрандар — Үлкен Орда қазақтарының Ресейге бағынуына үлкен әсерiн тигiздi. Осындай жан-жақты қысымға төтеп бере алмаған Ұлы жүз қазақтары алғашқыда орыстарды қорғаушы ретiнде пана тұтып, Ресей әкiмшiлiгiне арызданып, амалсыздан оларға мойынсынуға мәжбүр болған. Сондықтан Тойшыбек би де 1845 жылы Ұлы жүздiң бiр топ билерiмен қатар Ресей бодандығын қабылдау туралы өтiнiш берген құжатқа өз мөрiн басқан-ды.
Бұл тұста айта кетерлiк жай, қазақ халқының бiртұтастығын, оның Ата Заңымен, өмiр салтының бұзылмауын армандаған Кенесары ханның Орта жүзден ойысып, Ұлы жүз жерiне келуi — Тойшыбектiң орыстарға деген көзқарасының өзгеруiне әсерiн тигiздi деуге болады.
1846 жылы Кенесары хан Жетiсуға келгенде алғаш Тойшыбек батыр аулына келiп түседi. Олар Кенесарыны орыс отарлаушыларынан қазақтардың қорғаушысы ретiнде дәрiптеп қарсы алады. Оның Жетiсуға келуiнiң себебiн дұрыс түсiнген әдiл би әрi батыр Тойшыбек Кене ханның көптеген саяси iстерiне көмектесiп, барынша қолдау көрсеткен.
Тойшыбектiң Жанқожа, Шынқожа, Асан, Шыңғыс, Керiмбек, Байсейiт, Найзабек, Бiташ атты ұлдары және екi қызы болған. Тойшыбектiң ұлдарының iшiнде Байсейiт жас та болса Ұлы жүз батырлары қатарында Кенесары әскерiнiң сапына қосылған. Сонымен қатар қазақтың туыстасу дәстүрiмен Тойшыбек батыр бiр қызын Кенесарыға ұзатып, құдандалы болған. Тойшыбектi өз көзiмен көрген, көп жылдар қазақ даласында айдауда болған поляк революционерi А. Янушкевич "Қазақ даласына сапар туралы жазбалар" деген еңбегiнде: "Ұлы жүздiң атақты қазақтарының бiрi Тойшыбек Кенесарыға қызын ұзатыпты" деп көрсеткен.
Атақты ақын Жамбыл атамыздың шәкiрттерiнiң бiрi Саядiл Керiмбеков жырлаған "Кенесары — Наурызбай " дастанында Тойшыбек батыр мен Кенесары ханның кездесуi былайша суреттелген:
" … Тынбай көшiп арада
Тапты Кене тез елдi…
Ұлы жүздiң iшiнен
Тойшыбек батыр дегендi.
Тойшыбекке келгенде
Жол аударған ебелек
Жедел келдiм жебелеп,
Алатаудың бауырына
Әрең жеттiм көбелеп… "
Кенесары Тойшыбек арқылы Ұлы жүздiң игi жақсыларын жиып, Жетiсуға келу мақсатын айтып, кеңеседi. Кенесары хан мен Дулат билеушiлерi арасында қырғызға жорық туралы тартыс туғанда, үш жүздiң бiрi қалып, екеуi Патша үкiметi қол астына өтiп кеткен кезде көршi елге соғыс ашудың қауiптiлiгiн ескерткен Дулат билеушiлерi — Әлтөре мен Рүстем төре, Ботбайдың билерi — Сыпатай, Ысты Бөлтiрiк шешен, Тойшыбек би оның қырғызға соғысын құп алмайды. Ақыры Кенесары хан Ұлы жүздiң аға сұлтандарынан қолдау таппай, ұлт-азаттық қозғалысы қырғыз жерiнде жеңiлiс табады. Кенесарыдан тағлым алып, оны қолдаушыларының бiрi болған Тойшыбек батыр Ұлы жүз жерiне келiп, билiк орната бастаған Ресей отарлаушыларына қарсы күреске шығады. Ол кезде Тойшыбек би өз ортасында ең бай деп саналатын, әдiл, ықпалды, сөзiне ел тоқтаған. Осындай беделiнiң арқасында Қоқан иелiгiндегi Iленiң сол жағалауындағы Ұлы жүздiң Дулат, Шапыраштыларын басқаратын.
Тойшыбек бидiң ата-мекен қонысы Жетiсудың ең көрiктi, шұрайлы жерiнiң бiрi — Үшалматы шатқалы. Тойшыбек батыр осы Iле алқабындағы Үлкен Алматы өзенiнiң Қаскелеңге құяр маңына аталарының мал-жанын көршiлес жатқан елдердiң барымташыларынан қорғау үшiн өз қаражаттарына салғызған қорғанына иелiк ететiн. Сондықтан бұл бекiнiс тарихта Тойшыбек бекiнiсi ретiнде белгiлi едi
Тойшыбек бекiнiсi Қоқан иелiгiндегi жерде орналасқандықтан Қоқан бектерi бекiнiстi өз мүдделерiне пайдалану мақсатымен Тойшыбек батырға басшы ретiнде датқа лауазымын берiп басқартқан. Тойшыбек би басқарған ел оларға зекет төлеп, қажет кезiнде әскерге жiгiт берiп отырған. Сондықтан кейбiр зерттеушiлер Тойшыбек бекiнiсiн – "Қоқандық бекiнiс" деп те атайды. Тойшыбек бекiнiсi Құлжадан Ташкентке дейiн баратын негiзгi керуен жолы бойында орналасқандықтан Қоқан, орыс және жергiлiктi халық үшiн саяси-стратегиялық маңызы зор болған.
Мұрағат деректерiне қарағанда, Тойшыбек би осы бекiнiсi арқылы өткен саудагерлердiң Iледен өтуiне көмек берiп, олардан салық алып отырған. Мұрағат құжаттарында 1845 жылы орыс көпестерiн Iледен аман-сау өтуiне тигiзген қолғабысы үшiн Батыс Сiбiр генерал-губернаторы П.Д. Горчаков алтын жiппен әдiптелген шапан сыйға тартқаны туралы мәлiмет кездеседi.
Тойшыбек қорғаны мұрағат құжаттары мен орыс әскери шенеунiктерiнiң еңбектерiнде "Таучубек" деп көрсетiлген. Сол сияқты, көптеген тарихшылар мен жазушыларымыздың еңбектерiнде елiмiздiң жер-су аттары бұрмаланған күйiнде жазылып, ал кейбiрi Алмалы, Таушелек деп те топшылап, оның дұрыс аталуына мән бермей келген. Қазiргi кезде ғана ғалымдарымыз өз елiмiздiң тарихын терең зерттеп, бұрмаланған жер-су аттарын түзетуге көңiл бөлуде. Сондай тарихшыларымыздың бiрi — әл Фараби атындағы КазҰУ-дың доцентi, тарих ғылымдарының кандидаты Айтқан Махаева Омбы облыстық мемлекеттiк мұрағаты мен Ресей империясының сыртқы iстер мұрағаты және Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстанның мемлекеттiк мұрағаттарынан қазақ тарихына қатысты құнды деректердi жинап жазған "Тойшыбек би және оның заманы" атты монографиялық еңбегiнде Тойшыбек бекiнiсiнiң салынған жерi, тұрғызылған уақыты, өмiр жолы жайлы кездескен мәлiметтердi зерделеп қарап, "Таучубек" деп аталып жүрген Тойшыбек бекiнiсi екендiгiн анықтайтын дәйектi деректер келтiредi. Солардың iшiнен мұрағатта сақталған мынандай деректерге тоқтала кету жөн:
Ресей әскерi бас штабының 1851 жылы жасаған картасы бойынша Тойшыбек бекiнiсi Үлкен Ақсай өзенiне Қарасудың құяр сағасынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан деп көрсеткен. ("Краткое описание Семиреченского края, составленному во время следования экспедиционного отряда штабс капитаном Померанцевым",1851 г.).
Ал жергiлiктi көнекөз кариялардың айтуына қарағанда, Тойшыбек бекiнiсi Алматы қаласынан 35-40 шақырым жерде, Алматы облысының Iле ауданына қарайтын "Қосөзен" ауылы маңында орналасқан.
Осы Тойшыбек қорғаны Үлкен Алматы өзенiнiң Қаскелеңге құяр сағасында екенiн, оның қайта қалпына, яғни әскери қорғаныс жағдайына келтiрiлгенi мұрағат құжаттарындағы орыс шенеунiктерiнiң құпия мәлiмдемелерiнде айтылады.
Шабуыл кезiнде Тойшыбек бекiнiсiн өз көзiмен көрген отряд басшысы капитан Гутковскийдiң мәлiмдемесiне қарағанда, Тойшыбек би Iле алқабындағы қорғанын сыртқы жаудан қорғау үшiн сазбалшыққа қыл араластырып өрiлген кiрпiштен қабырғасының ұзындығы 85 м., биiктiгi шамамен 5 м. етiп, айналасына жалпақ терең ор қазу тәсiлiмен салған.
Жетiсудағы саяси оқиғаны қадағалап отырған қоқандықтар 1848 жылы көктемде Iледегi бекiнiске Аққұлы бастаған үш мың адамдық әскер жiбермекшi болады. Үлкен қатердiң таяп келе жатқанын аңғарып отырған Тойшыбек би — оларды “мұсылман дiндес, құрамындағы қыпшақтар бауырлас, түбiмiз бiр халықпыз” деп жақын тұтып, өз бекiнiсiне Қоқан әскерiнiң орналасуына келiсiмiн бередi. Сондықтан аталмыш бекiнiсте Қоқандық Аққұлы басқарған гарнизон тұрған-ды. Ата-қонысынан айырылып қалмау үшiн елiн, жерiн қорғауға бел буған Тойшыбек би орыстарға қарсы жан аямай, ашық күреске шықпақшы болады. Ол бұл күресте қоқандықтарға арқа сүйейдi. Өйткенi, Қоқан хандығы қаншалықты жайсыз болғанымен, патша өкiметiне қарағанда қазақтарды ата-қонысынан қуған емес-тiн.
Ресей әкiмшiлiгiнiң Тойшыбек бекiнiсiн басып алудағы мақсаты, Алатау бөктерiне жаңа бекiнiс салып, Iле бойына нық орнығу болатын. Осы Тойшыбек бекiнiсi үшiн қоқандықтар мен Ресей арасында туындаған бәсекелестiктiң ақыры шайқасқа алып келедi. 1850 жылдың наурызында Ұлы жүз қазақтарының приставы қызметiн атқарушы К.К. Гутковский 2 зеңбiрегi бар 200 казак — орыс әскерi, 50 жаяу әскерiмен Қапалдан шығып, сәуiр айының 19-да бекiнiске шабуыл жасайды. Орыстарға қарсы тұруға Тойшыбек би Пiшпектен қоқандықтар мен қырғыздарды көмек¬ке шақырып, өз туын көтерiп, 3000-дай қолды бастап шыққан. Тойшыбек би туы астына жиналғандарға Рүстем сұлтанның қолы қосылып, 6-7 мыңға жеткен. Қазақ қолдарын Шаншар батыр, Сұраншы батыр, Диқанбай, Әшекей, Тiлеуқабыл билер мен Құдаймендi төре бастап шығады. Орыс әскерлерi сәуiрдiң 19-20 күндер аралығында қорғаушыларға қарсы зеңбiрекпен оқ атқылаға¬нымен олардың қатты қарсылығына ұшырап, бекiнiстi бұзып кiре алмайды. 21 сәуiр күнi орыс отряды бекiнiске шабуылдауға батпай, шегiнуге бет алады. Ал қазақтар түнделетiп, ағаштарды кесiп құлатып, жолдарын бөгеп, отрядтың зеңбiректерiн алып жүруге кедергi жасауға тырысады. 22 сәуiрде қоршауда қалған орыс отряды зеңбiректен оқ жаудырып жатып, Түрген жақпен келген жолын өзгертiп, Қаскелең мен Талғар жаққа қарай ат басын бұрады. Iлеге дейiн жағалай қонған ауылдарын ескерту үшiн қазақ жiгiттерi ұрыс даласын тастап, ауылдарына қарай шабады. Қазақ ауылдары тез теңдерiн буып, үдере көшедi. Осылайша қазақ жасақтарының екiге жарылуы К.К. Гутковскийдiң әскерiн бiржола талқандалудан сақтап қалды. Қайтар жолда орыс отряды өздерiне шабуылдаған қазақтарды атқылап, көп адам шығынға ұшырайды. Солардың iшiнде Шаншар батыр Қосағалұлы қазақтың намысы үшiн орыс әскерлерiне қарсы шауып, басына үш бiрдей оқ тиiп, жау қолынан мерт болады. Оның қаза болуы қазақ жасақтарына ауыр тиедi. Өйткенi, қазақтар Шаншар батырдың өлiмiнен соң бұрынғыдай екпiнмен шабуылдай алмай қалады. Әйтсе де Шаншар батырдың ерлiгi ел есiнде қалды.
Тiлемiс Есболұлы өз жырында Шаншар батырдың ерлiгiн:
“Соғысып Ақ патшаның әскерiмен,
Iленiң сағасында Шаншар өлген”,
— деп көрсетедi.
Ә.Дiлiбаев Тiлемiс ақын жырға қосқан Шаншар батыр Өтеген батырдың немересi, яғни Өтеген батырдың үлкен ұлы Қосағалдың баласы, қазақ халқының тәуелсiздiгi үшiн қанын қиған батыр деп анықтап бередi.
Осы сәуiр айының 19-21 аралығындағы үш күндiк шайқаста қоқан, қырғыз, қазақ қолдары бiрiгiп, орыстарға соққы берiп, жеңiске жетедi.
Келесi жазда, яғни 1851 жылы маусымда, Ресейдiң полковник Карбышев бастаған отряды ұрысқа мұқият әзiрленiп, үлкен күшпен қайта келгенде, Аққұлының баласы Мұятқұл бастаған гарнизон қорғаушылары бекiнiстi тастап қашады. Олар бекiнiс маңындағы қазақтарды да кездестiре алмайды. Өйткенi, Тойшыбек би мен Әшекей би бастаған Iле бойы қазақтары өздерiнен басым күш келе жатқанын естiп, қарсылық жасамай, орыс экспедициясы келгенге дейiн Шу бойына көшiп кетедi. Сөйтiп Карбышев отряды мен Тойшыбек қолы майдан даласында кездесе алмайды. Ал Карбышев отряды қорғаусыз қалған бекiнiстi талқандайды.
1850 жылғы Гутковскийдiң жорығына қарсылық көрсеткен Тойшыбек, Әшекей, Тiлеубердi би мен Рүстемдi туыстарымен, Құдаймендi сұлтанды ұстап Қапалға, одан әрi Омбыға жiберуге нұсқау берiлген болатын. Бiрақ, оны Карбышев түгел орындай алмайды. Өйткенi, Тойшыбек пен Әшекей олар келгенше Шу бойына қарай ығысып, көшiп кетедi.
Дегенмен, қазақ батыры Тойшыбек би бастаған қазақ-қырғыз қолының жауынгерлiк биiк рухы орыстардың бiрнеше жыл бойы Үшалматы (Алматы ) шатқалына басып кiрiп, бекiнiс сала алмай, неше мәрте әскери экспедиция ұйымдастыруына мәжбүр етедi. Орыстар тек қарудың күшiмен ғана Үшалматы бойына аяқ тiрейдi.
Орыстың белгiлi ғалымы П.П.Семенов-Тянь-Шаньский орыстардың Iле бойын жаулап алуы жөнiнде: "Үлкен Орда Ресейге өздерiнiң көршiлерiнiң шабуылынан қорғану үшiн бағынды. …Дулаттардан бiз Шудың арғы бетiне өткен бас көтерушi рулары тастап кеткен жерiн — Алматы, Талғар және Есiк қоныстарымен қоса кең даласын алдық.Үлкен Орданың қазақтары егiн егетiн көп жерiнен айрылып, ендi қайда барамыз деген ащы сауалды жиi алға тартатын болды", — деп жазған.
Бұл жердiң жергiлiктi иелерi өз мекендерiне орыстардың келгендерiне наразы болып, халық құрылтайын өткiзедi. Бұл жиынға Дулат, Шапырашты руларының билерi мен рубасылары қатысып, әртүрлi пiкiрлер айтылып, арасында қарсылық көрсетушiлерi де болады. Тек Тойшыбек пен оның ұлы Байсейiт батыр жауға илiкпей, қолға алған қаруды тастамай, күрестi жалғастыра бередi.
Қазақ елiнiң тәуелсiздiгiн басты мұраты етiп санаған Тойшыбек батыр Ресей ықпалына түспей, елiн, жерiн қорғау үшiн өзiн қолдаған адамдардан жасақ құрып, отаршыл орыс басқыншыларына қарсы күресiн тоқтатқан емес. Ол Iле мен Шу арасындағы жауынгер қазақтардың жер үшiн күресiне жетекшiлiк еттi.
Сондықтан Алатау бөктерiне жаңа бекiнiс сала бастаған орыс әскерiне Тойшыбек пен оның ұлы Байсейiт бастаған қазақ сарбаздары қырғыздар мен қоқандықтардың қолдауымен жиi-жиi шабуылдар жасап, әскерiн шығынға ұшыратып, шөптерiн өртеп, көлiк аттарын айдап кетiп, мазалап отыруы күннен-күнге үдей түскендiгiн мұрағат құжаттарындағы деректерден байқауға болады.
1854 жылы 16 мамырда Iле өзенi бойынан 11 жүк таситын жылқыны айдап кетедi. Ал 1854 жылы 5 шiлдеде Күнгей Алатау шатқалдарында жасырынған Тойшыбек пен Байсейiттiң 80-ге жуық жiгiттерi бiрден Верный бекiнiсiне жақындап келiп, отрядтан 5 шақырым жерде шөп шауып жүрген казак-орыстарға кенеттен шабуыл жасап, қаруларын алуға мұршасын келтiрмей қоршап, 5 адамды өлтiрiп, 4 адамды жаралап кетедi, қалғандарын 1 шақырымдай жерде шөп шауып жатқан екiншi тобы айғай-шуды естiп, қарудың күшiмен арашалап қалады.
Тойшыбектiң осындай шабуылына бұдан әрi төзiп отыра алмай, қазақтардың бас көтеруiн басу үшiн патша шенеунiктерi барынша тырысып бағады. Оларға Тойшыбектi қалай да қолға түсiру керек болды. Ақыры, Тойшыбек ауылы қонған жердi бағдарлап алған Ұлы жүз қазақтарының приставы, полковник Перемышльский сол жылы жазда 160 казак әскерi мен екi зеңбiрегiн алып, түнделетiп жүрiп Тойшыбек ауылына қапыда бас салады. Бiрақ бұл Тойшыбектiң үлкен ұлы — Жанқожаның ауылы болып шығады. Мұндайды күтпеген қазақтар тосыннан келген шабуылға қарсылық көрсете алмай, қырғынға ұшырайды. Көршi ауылдардан құлақтанып үлгергендер көмекке келiп, қарсы тұрғанымен көп адам жарақат алып, тауға қашып құтылады, ал 40 адам орыс әскерi қолынан қаза табады. Сол кезде Тойшыбектiң ұлы Жанқожа қолға түседi.
Н.А. Аристов еңбегiнде осы оқиғада 800 жылқы, 200 түйе қолды болды және Жанқожамен бiрге оның әйелi және қызы да қолға түстi деп көрсетiлген. Мұрағат құжаттарындағы деректерге қарағанда, сол кезде қашқан қазақтарды қуамыз деп жүрiп, өз әскерiнен алыстап кеткен 2 казак-орыс қазақтардың қолына тұтқынға түсiп, бiрақ ол орыстар Жанқожамен айырбасталады. Н.А.Аристовтың көрсетуiне қарағанда, қолға түскен Жанқожаның iнiсi Байсейiт шөп шауып жүрген 11 казакты жаралап, 2 казактың басын кесiп алып, жол бойындағы қадаларға түйреп кеткен әрекетi үшiн өлiм жазасына кесiлуi тиiс едi. Жанқожа ауылын шауып қайтып келе жатқанда Перемышльский солдаттарының түйрелген бастарын өз көзiмен көредi. Бiрақ Жанқожаны әйелiмен, қызымен бiрге аман-есен босатып жiбередi. Оған бiр кезде Тойшыбек ауылында тұтқында болған 2 казакты Жанқожаның әйелi жаны ашып, түнде босатып жiберуi себеп болған екен. Сол тұтқыннан босанған казактар күндiз қамыс арасына жасырынып, түнделетiп жүрiп, отрядына қайта қосылған көрiнедi.
Бұл оқиғадан кейiн Тойшыбек батыр қоқан, қырғыз қолдарымен бiрiгiп, күш жинап, ата-қоныстарына қайта иелiк етудi көздейдi. Ондағы мақсаты, алдымен 1850 жылы Тойшыбек бекiнiсiн қорғауға қатыспай, Ресей қолтығына кiрiп, бодандықты мойындап, орыстарға құлшына берiлген Керiм би басшылығындағы Ұлы жүз қазақтарын жазалау үшiн Iле бойын жайлап отырған қазақ ауылдарына шабуыл жасап, бағындырып, одан кейiн Алматы өзенi бойындағы Верный бекiнiсiн талқандап, орыстарды Iленiң арғы бетiне шегiндiру болатын. Сондықтан Тойшыбек батыр баласы Жанқожаны Ташкент бегiне жiберiп, орыстарға қарсы шабуылға көмек сұратады. Өйткенi, қоқандықтар да Алматы (Верный) бекiнiсiнiң салынуына барынша қарсы едi. Олар 1854 жылы сәуiрде-ақ, қазақ-қырғызды орыс жаулап алушыларына қарсы ұйымдастыруға тырысып, қаруландырып, дайындық жүргiзiп жатқан болатын. Тойшыбек бастаған Ұлы жүз қазақтары мен солты руының қырғыздары қосылып, қазақ ауылдарын Шуға қарай өткiзiп, орыс бекiнiстерiне қарсы шабуыл жасауға дайындалады. Сөйтiп көмекке келген Батырбасы бастаған 500 қоқандық әскер және Тойшыбек батыр бастаған жiгiттер Жантай мен Жаңғараш манап басқарған бiрнеше мың қырғыз-қазақ қолы бiрiгiп, 1854 жылдың күзiнде Ресей құзырындағы Iле бойын жағалай отырған Ұлы жүздiң ауылдарын шабады.
Олардың шабуылына дейiн Керiм би өзiне қараған ауыл-аймағын алып, Iле бойын қуалай қашып, Iленiң оң жағалауына өтiп үлгередi. Ал Тiлеуқабыл елiнен қашып шыққан жетi қыз бен жетi жiгiт Iледен түйемен өтемiз дегенде суға кетiп өледi.
"Кек әперсе, Сұраншы әпередi" — деп Тiлеуқабыл елi Қарақыстақта отырған Сұраншы батырға Кәрiбоз бен Мәнкенi жiбередi.
Сарыкемердегi шабуыл 1 күнге созылып, келесi күнi шабуылшылар керi қайтпақ болғанда, кешке қарай Сұраншы батыр қолы келiп қалып, арты шайқасқа ұласады. Шайқас үстiнде, "Көп әскермен орыс отряды келе жатыр" деген қауесет тарап, қырғыздар ұрыс алаңын тастап қашады. Ал орыстар қазақ ауылдары әбден шабылып, көмектi Сұраншы батырдан сұрағанын, Сұраншы батыр қолы оларды қорғауға кеткенiн естiгеннен кейiн ғана есаул Рыбин бастаған қуатты отрядын Сарыкемерге емес, Қаскелең өзенiне қарай жiбередi. Өйткенi, Қаскелең түбiндегi қазақтардың да қоқандықтар жағына өтiп, Тойшыбек қолымен бiрiгiп Алматы (Верный) бекiнiсiне шабуыл жасауына жол бермеу қажет екенiн ұқты.
Мұрағаттағы деректерге сүйенсек, қоқандық сарбаздарды бастап келген Батырбасы Сұраншы батыр қолымен бетпе-бет соғысуға мәжбүр болған. Тойшыбек би болса, Жамбыл Жабаевтың "Шағатайдай халықты, барайын десе барма деп, жiбермедi Тойшыбек" дегенiне қарағанда Керiм бидiң қашып кеткенiн көрiп, Сұраншымен болған соғысқа қатыспаған.
Шайқас кезiнде Батырбасы және бiр шенеунiгi бар 100 қоқандық, ал қырғыз-қазақ қолынан Тойшыбектiң бiр баласы және 300 адам қаза табады. Ал Сұраншы батыр жiгiттерiнен 5 адам қазаға ұшырап, 7 кiсi жараланады.
Бұл оқиғада Керiм бидiң Тойшыбек батыр шабуылынан аман-есен құтылып кету себебi былай болған: Керiм бимен бұрыннан достық қарым-қатынасы бар қырғыздың Жантай манабы Шудан өте бере кiсi жiберiп, шабуыл туралы ескертедi. Сондықтан Керiм би Iленiң оң жағалауына көшiп үлгередi.
Бұл оқиға туралы Жамбыл Жабаев жырларында былай деп өрбiтедi:
“Тойшыбек пұшық түксиiп,
Қасқарау — Керiммен қас екен.
Қырғызда Жантай, Жанғараш,
Керiмменен дос екен.
“Шап” деген екен Керiмдi
Досына ендi болысып,
"Сенi шауып алар" — деп
Хабар айтқан оған кеп.
Түнделетiп сол Керiм,
Көше берген төмендеп”.
Тойшыбек пен Керiмнiң бiрiнiң қоқан, екiншiсiнiң орыстар жағын қолдауы ел арасына сызат түсiрiп, қазақ пен қазақтың қырқысуына әкеп соғады.
Орта Азия мен Қазақ даласына орыс билiгiнiң орнауын мойындағысы келмей, көп жылдар күрес туын тiккен елiн, жерiн қорғауда оңтүстiк өңiрде өзiндiк iз қалдырған, қазақтың қайтпас, қайсар ұлы — Тойшыбек батыр жасы ұлғайып, 1860 жылы қазiргi Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Қақпатас ауылы маңындағы атырапта қайтыс болады. Оның сүйегiнiң қойылған жерi 1910 жылы түсiрiлген Жетiсу қоныс аудару ауданының картасында Шудың оң жағасындағы Қақпатас өзенiнiң Шуға құяр тұсында көрсетiлген.
Тойшыбектiң отаршыл орыстарға қарсы күресiн әке көзқарасы мен ұстанымынан тағлым алған баласы Байсейiт батыр жалғастырады.
Халқының азаттығы үшiн күрескен Тойшыбек пен оның ұлы Байсейiттiң ерен ерлiктерi орыс отаршылдарына қазақтың намысты ұлдарының бар екенiн, олармен санасудың қажеттiгiн көрсетiп бердi.
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысында өзiндiк орны бар Тойшыбек Қасаболатұлының туғанына биыл 225 жыл толып отыр. Осыған орай елiн, жерiн қорғауға бел байлап, ел тәуелсiздiгiн сақтап қалу үшiн, әсiресе Үшалматының орыстар қолына өтуiне қарсы жан аямай күрескен батыр бабамыздың есiмiн елiне қайта оралту мақсатында республикалық, халықаралық деңгейде конференциялар ұйымдастырылса, Тойшыбек бидiң бекiнiсi тұрған жерге ескерткiш қойылса, Алматы, Қордай жерiндегi мектептерге және Тойшыбек қонысы "Алға" ауылына, сонымен қатар оның туып-өскен жерi — Iле ауданына батыр есiмi берiлсе игi iс болар едi.
Үмiткен БҮРКIТБАЕВА, өлкетанушы