АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯ

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯ

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯ
ашық дереккөзі

Дамыған және дамушы елдерде күн тәртiбiнде тұратын мәселе – адам құқығы, сөз бостандығы, тәуелсiз бұқаралық ақпарат құралдары, ой еркiндiгi мен басқа да демократиялық құндылықтар. Бүгiнгi сараптамада бiз Жер шарындағы аталған мәселелердiң ахуалын таразыға тарттық.

ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕ ДЕ ДЕМОКРАТИЯ ДӘРМЕНСIЗ
 

2008 жылдың қаңтарында дүние жүзi бойынша адам құқығы, демократия мен сөз бостандығы саласында тер төгiп жүрген халықаралық ұйым – Хьюман Райтс Вотч 2007 жылды қорытындылаған баяндамасында Жер шарында, әсiресе, дамушы елдерде адам құқығын сақтау мәселесi сын көтермейтiндiгiн мәлiмдедi. Мәселен, Бахрейн, Нигерия, Ресей, Таиланд, Иордания, Зимбаба,Малайзия, Әзiрбайжанда өткiзiлген сайлаулар "демократиялық" ұғымына сөз жүзiнде ғана сәйкес келген. Беларусь, Куба, Египет, Иран, Израиль, Ливия, Уганда, Түркiменстандағы сайлауалды кампанияларында оппозиция өкiлдерiне билiк тарапынан қысым жасалып, адам құқығы шектелген. Халықаралық бақылаушылар тарапынан айтылған сын мен ескертпенi жоғарыда аталған елдердiң көпшiлiгi қабылдаған жоқ. Өйткенi, аталған елдердiң билiгi "дауыс беру процесi – әрбiр мемлекеттiң iшкi саясаты, қалай өткiзем десе, өз еркi" деген сенiмде болды.

Хьюман Райтс Вотч былтыр жаппай қатiгездiкке тап болған елдердiң де тiзiмiн жасады: Чада, Колумбия, Конго, эфиопиялық провинция Огаден, Сомали, Ирак, Шри-Ланка, судандық провинция Дарфур, Бирма, Қытай, Куба, Ливия, Сауд Аравиясы, Вьетнам т.б. Кейбiр елдердегi қатiгездiктерден денең түршiгедi. Мысалы, Дарфурда миллиондаған адам тек гуманитарлық көмектiң күшiмен тiршiлiк кешуде. Мұндай аймақтардағы саяси, экономикалық және заңнамалық ахуалдың халықаралық стандарттарға сай болуын талап ету әсте мүмкiн емес. Бирмадағы әскери үкiмет ешқандай бейбiт шеруге рұқсат еткен емес. Наразылықтарын бiлдiруге талпынғандарды күшпен басып тастайды. Жуырда ғана жапондық бiр журналист белгiсiз бiреулердiң қолынан қаза тапқан. Ресми деректерге сүйенсек, қазадан бұрын бирмалық генералдар оған бiр емес, бiрнеше рет ескерту жасап, қоқан-лоққы көрсетiптi. Сонымен қатар былтыр тамыз-қазан айларындағы монахтардың, демократиялық белсендiлер мен қарапайым азаматтардың бейбiт шеруiн билiк қарудың күшiмен ыдыратқан. Бүгiнде қарапайым халық өз ойларын еркiн бiлдiрмек тұрмақ, шетелдiктермен немесе журналистермен тiл табысуға қорқады. Шри-Ланкадағы "Тамил Илам азат ету жолбарыстары" мен билiк арасындағы аяусыз ұрыста кейде абайсыз, кейде әдейi бейбiт тұрғындар жапа шеккен. Жүздеген адам "iз-түзсiз жоғалып" кетсе, 20 мыңнан астамын билiк күштеп қоныс аудартқан. Газа секторындағы израильдiктер тосқауылдарының кесiрiнен 1,3 млн. қарапайым тұрғын нансыз, iшiп-жемсiз, дәрi-дәрмексiз, яғни, аса қажеттi заттардан қағыс қалған. Бұл – халықаралық нормаларға қайшы келетiн жайт. Қытайдағы олимпиада қарсаңында орын алған тибеттiктерге қатысты жағдай да адам құқығының аяққа тапталғандығынан хабар бередi. Бейбiт шерушiлердi мемлекеттiк саясатқа қайшы келгендерге теңеп, күш қолданған Пекин әлемдiк қауымдастық танытқан наразылықтың астарынан саяси сарын iздедi. Лаңкестiкке қарсы күреске қатысты қабылдаған шараларда тiптi, АҚШ, Франция, Ұлыбританияның өзiнде адам құқықтары аяққа тапталған жайттар кездескен. Сонымен қатар Гуантанамодағы базада орын алған заңсыздықтар да көңiл алаңдатады. Деректерге сенсек, онда қазiр қапастағы 275 тұтқынға ешқандай айып тағылмаған. АҚШ әкiмшiлiгi олардың кейбiрiн бостандыққа шығаруға шешiм қабылдаса да, қайда жiберерiн бiлмей дал: елдерiне керi қайтаруға болмайды, өзге елдер ондай тұтқындарды қабылдауға құлықсыз. Кезiнде езiлгендерге пана болған иммигранттар елi – Америкада да адам құқығының сақталуы аса мәз емес. Хьюман Райтс Вотчтың мәлiмдеуiнше, жан басына шаққанда, түрмеде отырғандар саны жағынан АҚШ алда. Әсiресе, ақнәсiлдiлерге қарағанда, қаранәсiлдiлердiң қолына кiсен салу мүмкiндiгi 6 есе жоғары көрiнедi. Камбоджа, Конго демократиялық республикасында, Эфиопия мен Ливанда саяси күш көрсетулер орын алса, Ресей мен Тунисте азаматтық қоғам құрудағы ең басты шарт – сөз бостандығы шектелген, БАҚ-қа қысым жасалған. Халықаралық құқықтық нормаларға қайшы келетiн әрекеттерге барған мемлекеттердi жазалауға дамыған елдер аса құлықты емес. Өйткенi, табиғи ресурстарға бай дамушы мемлекеттердiң мұнайы мен газынан қағыламыз деген коммерциялық мүдде бар. Оған лаңкестiк әрекеттерге қарсы күресте аса маңызды саналатын мәселелердi қосыңыз.
САЙЛАУЛАР ЕРКIН БОЛУЫ ТИIС
 

Үстiмiздегi жылдың сәуiрiнде Ашхабадта кездескен Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерiнiң жоғары шендi шенеунiктерi стратегиялық ынтымақтастықты талқыға салды. Еуроодақтың адам құқығы жөнiндегi келiссөздердi жетiлдiрудi орталықазиялық аймақтағы басты мiндеттерге айналдыру туралы сөз қозғаған Халықаралық Хьюман Райтс Вотч құқық қорғау ұйымының Еуропа мен Орталық Азия iстерi жөнiндегi бөлiм жетекшiсi Холли Картнер: "Нақты мiндеттердi айқындау стратегия бағытын анықтауға мүмкiндiк бередi. Орталықазиялық елдердiң көпшiлiгi – посткеңестiк кеңiстiктегi репрессия кеңiнен етек алған аймақтардан. Осы себептi, Еуроодақ аймақтағы ахуалды жақсарту үшiн стратегияның мүмкiндiгiн пайдалануы тиiс" дедi.

Еуропалық Одақтың Орталықазиялық стратегиясы 2007 жылдың маусымында қабылданған болатын. ОА мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатындағы түрлi жобалар мен жоспарлар энергетика, қауiпсiздiк, адам құқығы, заңның сақталуын қамтыған. 2008 жылдың 20 ақпанында Еуропалық Парламент қабылдаған Қарарда Орталық Азиядағы 5 мемлекет пен ЕО арасындағы ынтымақтастықты ашық көрсетуге ұсыныс бiлдiрiлген едi. Еуропарламенттiң Қарарында адам құқығының сақталуына, азаматтық қоғам құруға қатысты мәселелер бар. Халықаралық құқық қорғаушылардың пiкiрiнше, кейiнгi жылдары орталықазиялық аймақтағы адам құқығы жөнiндегi мәселелерде бiрқатар iлгерi жылжушылықтар байқалады. Мысалы, Өзбекстандағы әдiлетсiз сотталған 8 адамның тұтқыннан босатылуы, Түркiменстандағы саяси тұтқындардың бостандыққа шығуы т.б. Әрине, бұл аймақтағы адам құқығының сақталуына қатысты проблема түгел шешiмiн тапты деген сөз емес. 21 жыл бойы Түркiменбашының авторитарлық режимiнде болған түркiмендер елi әлi күнге әлемдегi репрессия кеңiнен етек алған мемлекеттердiң қатарында. Осыдан 3 жыл бұрын, 2005 жылы бала-шаға мен қарттар, әйелдер ажалын тапқан Әндiжандағы қырғыннан кейiн де Өзбекстандағы саяси қуғын-сүргiн тоқтар емес. Арменияда өте күрделi саяси дағдарыс орын алған. Сайлау қорытындысына бейбiт түрде наразылық бiлдiру мақсатында орталық алаңға жиналған шерушiлердi Армения билiгi күштеп таратуға тырысқан. Осының салдарынан, кем дегенде 10 адам қаза тапты. Оның екеуi – құқық қорғау органдарының қызметкерлерi. 2010 жылы Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мүмкiндiгiне ие болған Қазақстандағы саяси партиялар, сөз бостандығы, дауыс беру процесi, яғни, адам құқығының сақталуы мен сайлау жүйесi халықаралық стандарттарға сәйкес емес. Көңiлдегi үмiт: былтыр Мадридте бүкiл әлем алдында демократиялық құндылықтарды сақтауға, азаматтық қоғам құрудағы басты мiндеттер мен мақсаттарды жыл соңына дейiн iске асыруға, сайлау заңнамасын жетiлдiру барысында ЕҚЫҰ Демократиялық құрылымдар мен адам құқығы жөнiндегi бюро тарапынан берiлген кеңестi де ескеруге сөз бердi. Хьюман Райтс Вотч Еуропалық Одаққа Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кепiлдiгi ретiнде 2007 жылы Мадридте қазақ билiгiнiң атынан сөз алған ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжиннiң берген уәделерiн түгел iс жүзiне асыруға ықпал ету керектiгiн айтады. Ал осыдан екi жыл бұрын Ақаевты Мәскеуге түре қуып, билiкке төңкерiстiк жолмен келген қырғыз билiгi әп дегенде халыққа берген уәдесiнен тайқып шығып, реформаторлық бағыттан ауытқып кеттi. Бүгiнде айырқалпақтылар елiндегi сөз бостандығына қатер төнген. 2007 жылдың қазанында Қырғызстан мен Өзбекстандағы адам құқықтарын бұзушылықтар туралы жиi жазған 26 жастағы тәуелсiз журналист Әлiшер Саиповты белгiсiз бiреулер тал түсте басынан атып өлтiрген. Хьюман Райтс Вотч Еуроодақты Бiшкекте бейбiт шерулер санын қысқартуға тырысқан билiктiң заңсыз әрекеттерiн тоқтатуға ықпал етуге шақырды. Сонымен қатар қырғыздардағы қыздарды қалыңдықтыққа күштеп көндiрiп, басып алып қашатын заңсыз әрекеттерге тыйым салу керектiгiн ескерттi. Халықаралық ұйымның пiкiрiнше, президент әкiмшiлiгi жанынан гендерлiк саясатпен айналысатын арнайы құрылымды ашу қажет. Арменияда елге танымал құқық қорғаушы Микаэл Даниэлян тапаншадан атылған оқтан жеңiл жарақаттанған. Қылмыстық әрекетке кiмдердiң қатысы барлығы әлi анықталған жоқ. Үстiмiздегi жылдың 19 ақпанында өткiзiлген президенттiк сайлаудан кейiн Арменияда саяси дағдарыс орын алған. Осының кесiрiнен армяндар елiндегi заң бұзушылықтар мен адам құқығын аяққа таптаушылықтар жиi кездесуде. Тәжiкстанда билiк азаматтардың конституциялық құқықтарын жиi шектейдi, түрмелерде тұтқындарға қысым жасау кеңiнен орын алған. Халықаралық ұйым тәжiк билiгiнен сот тыңдауларында ЕҚЫҰ мен 2006 жылы қабылданған БҰҰ қинауға қарсы комитеттiң кеңестерiне құлақ асуға, үкiметтiк емес ұйымдар қызметiне кедергi жасайтын әрекеттерге тыйым салуға, азаматтық қоғам тобының жұмыстары мен тәуелсiз журналистердiң еркiн жүрiп-тұруын қамтамасыз етудi талап ету туралы мәселенiң басын ашып алуды ұсынды. Түркiменстанға келетiн болсақ, халықаралық ұйым тарапынан берiлген кеңес тұтқында отырған саяси тұтқындарға еркiндiк беру, үкiметтiк емес ұйымдардағы тәуелсiз құқық қорғаушылар мен құқық қорғау органдарының Түркiменстанда мониторинг жүргiзу барысында кездесетiн кедергiлер мен қиындықтарды жоюға қатысты. Түркiменбашының "тақ мұрагерi" 21 жылдық авторитарлық режимнен бас тартпауға бекiнген. Хьюман Райтс Вотч Еуропалық Одаққа азаматтық қоғам құруға талпынғандарды қуғынға ұшыратқан орталықазиялық мемлекеттермен келiссөздер жүргiзiп, саяси тұтқындар санын азайту да өте маңызды. Әндiжандағы қанды қырғынға байланысты ЕО-ның Өзбекстанға қатысты қабылдаған санкциясының тағдыры жақын күндерi шешiмiн таппақ. Энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiне алаңдаған Еуроодақ Өзбекстанмен дипломатиялық, экономикалық, мәдени қарым-қатынастарды қайта жаңғыртуға мүдделi. Алайда, халықаралық құқық қорғаушылар адам құқы¬ғының сақталуы, демократиялық құндылықтардың салтанат құруы, сайлау, сот, баспасөздегi еркiндiк пен бостандық мәселелерi шешiмiн таппайынша, проблемалар азаймайтынын айтады. Үстiмiздегi жылдың ақпанында америкалық президент Буштың әкiмшiлiгi АҚШ-тың демократияландыру саласындағы (адам құқығы мен баспасөз бостандығына қатысты салалар) 2009 жылға арналған халықаралық қызметiне қажеттi қаржылық шығынды 1,71 млрд. долларға дейiн қысқартуға ұсыныс бiлдiрген. Бұл 2008 жылға арналған жалпы қаражаттан 20 пайызға аз. Халықаралық Freedom House ұйымы КСРО құрамында болған елдер сияқты басқа да әлеуметтiк және экономикалық, саяси ахуалдары сын көтермейтiн елдерге керi әсер ететiнiн айтады. Оның үстiне, америкалық бюджеттен бөлiнетiн қаржының ысырап болуы да мүмкiн. Freedom House Ақ Үйге бiрқатар ұсыныстар жасай отырып, Қазақстан мен Ресей секiлдi елдердегi азаматтық қоғам құру жолында белсендiлiк танытып жүрген адамдардың қызметiне нұқсан келтiрмек. АҚШ Халықаралық көмек қызметi (Office of Foreign Assistance) орталықазиялық елдер iшiнен тек Түркiменстанға ғана қаржылай көмектi көбейтiптi. Ақшаның басым бөлiгi азаматтық қоғам құрудағы жұмыстарға арналған екен. Ал Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан мен Өзбекстандағы азаматтық қоғамды дамытуға арналатын қомақты сома миллион долларға аз. Келесi жылы АҚШ-тан Қазақстандағы демократияны дамыту үшiн 2,9 млн. бөлiнетiн көрiнедi. Бұл үстiмiздегi жылмен салыстырғанда, 27 пайызға төмен. Freedom House Қазақстан мен Өзбекстандағы азаматтық қоғамға қажеттi негiзгi шарттарды дамыту үшiн берiлетiн қаржыны 4 млн. долларға дейiн өсiруге керектiгiн көлденең тартады. Ресейдегi авторитарлық режимнiң жылдам күшейiп келе жатқанын, бұрын КСРО құрамында болған көршiлес мемлекеттерге керi ықпал етiп отырғанын қатаң сынға алған халықаралық ұйым Орталық Азиядағы демократиялық құндылықтар мен адам құқығы мен сөз бостандығының сақталуын қамтамасыз ету үшiн және азаматтық қоғам құрудағы әрекеттердiң нәтижелi болуы үшiн Халықаралық көмек қызметi тарапынан бөлiнетiн қаржылай көмек көлемi көбейтiлуi керек деген ұстанымда.
БАСПАСӨЗ БОСТАНДЫҒЫ
 

Демократиялық елдердегi басты құндылық – сөз бостандығы мен ой еркiндiгi. Өкiнiшке қарай, орталықазиялық аймақта ғана емес, посткеңестiк кеңiстiкте, жалпы дамушы елдерде сөз бостандығына қатысты қордаланып қалған қиындықтар жетерлiк. Мысалы, жуырда Freedom House 2008 жылдың мамырында 2007 жылға арналған есебiн жариялады. Былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда, сөз бостандығына қатысты ахуал ушыға түскен: 195 мемлекеттiң тек 72-сiнде ғана баспасөз еркiн де тәуелсiз, 59-ында жартылай тәуелсiз. 64 елде ақпарат алуда халықтың құқығы айтарлықтай шектеледi. Жер шары тұрғындарының 18 пайызы ғана бапасөз бостандығына ие, ал 42 пайызында мүлде жоқ. Қазақстан 170-орында – 78 балл. Баспасөз бостандығына келгенде, бiздiң елiмiз Ресей, Судан, Йеменмен бiр деңгейде екен. Бұл Ауғанстандағы ахуалдан 7 балл төмен… Ең төменгi орында Бирма, Куба, Солтүстiк Корея, Түркiменстан тұр.

Еуропалық Кеңес, Еуропалық Кеңестiң Парламенттiк Ассамблеясындағы БАҚ туралы комитетi мен Үкiметтiк емес ұйымдар конференциясы тарапынан посткеңестiк кеңiстiктегi дамушы елдердегi адам құқықтарының сақталуы, демократияның дамуы сияқты бiрқатар мәселелердi шешудiң төте жолдарын қарастыратын шаралар жиi ұйымдастырылады. Мысалы, жуырда Варшавада Беларусьтегi БАҚ бостандығын қамтамасыз етуге арналған халықаралық конференция өттi. Беларусь – сөз бостандығын сақтауға қатысты жүргiзiлген мониторингте 195 елдiң iшiнен 186-орынды иемденген мемлекет. Басқаша айтқанда, адам құқығы, сөз бостандығы, бұқаралық ақпарат құралдарының еркiндiгi шектелген ел. Бүгiнде Ресейде электрондық ақпарат құралдарының 90 пайыздан астамы Кремльдiң ықпалында. Басылымдар арасында тәуелсiз бағыттағыларына билiк тарапынан қысым жиi жасалынады. Мысалы, жуырда ғана экс-президент Путин мен әлемге танымал ресейлiк гимнастка Кабаеваның үйленетiндiгi туралы мақала жариялаған "Московский комсомолец" газетiнiң бас редакторы "өз еркiмен" жұмыстан кеттi. Тiптi, басылымның жұмысына мүлде тыйым салынатындығы туралы хабар да желдей ескен. Бiрақ бас редактордың отставкасынан кейiн газет күйбең тiршiлiкке қайта араласты. 2007 жылдың наурызында Мәскеудегi Сахаров атындағы орталықта ұйымдастырылған Юрий Самодуровтың "Тыйым салынған шығарма – 2006" аталатын көрмесi "дiни арандатушылыққа жол бердi" деген РФ Қылмыстық кодексiнiң 282-бабына сәйкес, Самодуровтың үстiнен қылмыстық iс қозғауға себеп болды. Хьюман Райтс Вотчтың айтуынша, дәл осы бапты ресейлiк билiк саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерiне жиi қолданатын көрiнедi. Беларустық журналистер билiктен БАҚ-тағы меншiк түрiне қарамастан, экономикалық тұрғыда (қаржыландыру, тарату, т.б.) тең көзқарас пен саясаттың ұсталуын талап етуде. Ресми деректерге сүйенсек, республикалық бюджеттен беларусьтық мемлекеттiк БАҚ-ты қаржылық қолдау 74 млн. долларға жетiптi. Экономикалық, әлеуметтiк ахуалы сын көтермейтiн шап-шағын мемлекетте осыншама көл-көсiр ақшаның саусақпен санарлықтай БАҚ-тың "қанжығасында" кеткенiне, билiктiң әдiлетсiздiкке жол бергенiне тәуелсiз журналистер наразы. Дамыған елдер өздерiндегi демократиялық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн дамушы елдердегi азаматтық қоғамға тән игiлiктер мен жетiстiктердiң дамуына ықпал етуге мүдделi. Хьюман Райтс Вотч Еуропалық Одақ пен АҚШ-ты Жер шарындағы барлық дамыған және дамушы елдерден адам құқығы, сөз бостандығы, ой еркiндiгi, жасырын дауыс беру мен таңдау құқығын сақтауды қатаң талап етуге шақырады. Әрине, "мүйiздерi қарағайдай", демокра¬тиясы дамыған деген елдердiң өзiнде "лаңкестiк күрестi" сылтауратып, адам құқығын жиi бұзса, олардың өзге мемлекеттерден заңдылық пен халықаралық құқықтық нормаларды сақтауды талап етуге моральдық тұрғыда құқығы жоқ екендiгi сөзсiз. Сондықтан тiршiлiк бiткеннiң ең басты құндылығы – адамды, оның құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету үшiн демократиялық талаптарды сақтауға әрбiр мемлекет мүдделi болуы тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ