СОПАҚ ДОП АЛАҚАННАН СУСЫП ТҮСТI

СОПАҚ ДОП АЛАҚАННАН СУСЫП ТҮСТI

СОПАҚ ДОП АЛАҚАННАН СУСЫП ТҮСТI
ашық дереккөзі

Қазақстан регби құрамасының топшысы бекiп келедi. Күнi кеше ғана регби спортының қыр-сырымен ауызданған Қазақстан құрамасы бүгiн азулы командалармен тiресiп жүр. Он жыл мерзiм iшiнде толысып, қанаттанып қалды. Бiрақ бұл мерзiм регби үшiн өте аз уақыт.

Жақында Алматының орталық стадионында Қазақстан құрамасы Жапонияның регби командасымен кездестi. Iргелi елдiң сары тiс құрамасы құрыштай мықты команда екенiн көрсеттi. Тiрескен жерде еңсерiп кетiп жатты. Допты iлiп алған кез келген жапон сытылып оңаша шыққан келесi ойыншыға өте дәл бередi. Құйындай аққан ол ойыншы болса бiздiң қорғаушылар арасынан зулап өтiп қақпаға жеткенде ғана тыныс алып жатты. Ұпай саны көбейе бердi… Ес жиғанша 40 минөт те өте шықты. Ойынның бiрiншi кезеңi 42:0 есебiмен, жапондықтардың жеңiсiмен аяқталды. Бiздiң регбишiлер бiр доп сала алмай дiңкелерi құрыды.

Екiншi кезеңнiң басында ғана 3 ұпайлық айып добын салды Қазақстан құрамасы. Дегенмен қонақтардың екпiнi қатты. Сопақ доп қолдарына тисе болды, атойлаған шабуыл басталады. Күш-қайраттары жағынан да, шеберлiктерi жағынан да басым түсiп жатты. Өңкиген ауыр салмақты жiгiттердiң ит қуған киiктей заулағанын көрсеңiз!..

Жапон десе, көз алдыңа тапалдау бойлы, шымыр денелi қыз-жiгiттер келе қалады. Ал регбиде жүргендер iрi денелi, сұңғақ жiгiттер. Жеңiл салмақтағылар доп үшiн тартыс кезiнде 100 келi жiгiттердiң астында жаншылып қалары сөзсiз. Сондықтан да бұл спорт түрi үшiн қарулы, салмақты, сұңғақ жiгiттер iрiктеледi.

Жапон құрамасындағы Томоаки Танигушидiң салмағы – 125 келi, бойы – 192 сантиметр. Мұндай спортшымен бұқаша тiресiп қалғанда табан тiрейтiн салмағың, иық тiрестiретiн бойың болуы керек. Бiздiң жiгiттер тiресiп-ақ бақты. Бiрақ тәжiрибелi, дәстүрi берiк жапондықтар ырық бермедi. Соққан доптары бiздiң қақпа бағаналарының арасынан айнымай өтiп жатты. Қазақстан құрамасы тағы бiр 3 ұпайлық соққыны өз есептерiне жазып үлгердi. Бiрақ жапондықтар тықсырып, қусырып ес жиғызбады. Әбден қалыптасқан, мықты құрама екенiн дәлелдедi. Ойын тек алаңның бiр жартысында ғана өттi деуге болады. Жапондықтар ес жиғызбай ақыры 82:6 есебiмен кездесуге нүкте қойды.

Азия құрлығындағы бес ел командасының арасындағы екiншi кездесуде Қазақстан құрамасы тiзе бүгiп отыр. 3 мамыр күнi Гонконгпен болған кездесуде 23:17 есебiмен есе жiберген болатын. "Бес ұлттың кубогы" деп аталатын бұл лигадағы ең соңғы орын алған команда келесi сатыдағы лигаға сырғанап түседi. Ал төменгi лигадан топ жарған бiр команда осы лигадан орын тебедi.

Қазақстан құрамасындағы бiраз жiгiттер Ресейдiң регби лигаларында ойнайды. Тәжiрибе жинап, шыңдалып жүр. Сондықтан да олар құрамаға тек жауапты кездесудiң дәл алдында ғана келедi. Жергiлiктi жiгiттермен бiрге жаттығуларына уақыт та жоқ. Бiздiң құрама ендi 17 мамыр күнi Сеулде ойнайды. 24 мамыр күнi Талдықорған қаласында Бiрiккен Араб Әмiрлiгiнiң регбишiлерiн қабылдайды. Жалғанда бәрi де салыстырмалы. Дүниенiң регби көшiн бастаған Австралия, Жаңа Зеландия командаларының ойынына тек сұқтанып қана келемiз. Жылдар өте дүниенi дүркiреткен сол елдердiң де командаларымен бақ сынайтын күн де туар.

Қазақстан әйелдер құрамасы Азияда бағын асырып-ақ тұр. Әйелдер құрамасы Азияның жетi дүркiн жеңiмпазы. Оған да шүкiр деймiз.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ