ЗАҢСЫЗ ҮЙЛЕР ЗАҢДАСТЫРЫЛМАҚ

ЗАҢСЫЗ ҮЙЛЕР ЗАҢДАСТЫРЫЛМАҚ

ЗАҢСЫЗ ҮЙЛЕР ЗАҢДАСТЫРЫЛМАҚ
ашық дереккөзі

Алматы қаласына қосылған бұрынғы облыс аумағы жерлерiнде салынған үйлердiң барлығының мүлкiн заңдастырудан мемлекеттiк комиссияның бас тартқаны белгiлi.

Соның салдарынан тұрғындар соңғы кездерi жиi наразылық акциясын ұйымдастыратын болып кеткендiгi де белгiлi. Мысалы, "Шаңырақ-5" және "Красный трудовик" шағын аудандарының тұрғындары биылғы жыл басынан берi екi рет шеру ұйымдастырып, үй-мүкамалын заңдастырмағаны үшiн билiкке наразылықтарын танытқан болатын. Ондай акциялардың бiрi 21 қаңтарда, екiншiсi — 11 ақпанда болған. Алғашқысында Жетiсу ауданы әкiмшiлiгiнiң алдында жиналған 50-дей адамды "Шаңырақ" және "Социалистическое сопротивление" қоғамдық қозғалысының басшылары қолдаған болатын. Наразы топқа арнайы шығып, мән-жайды түсiндiрген Жетiсу ауданынын әкiмi Әмiр Құлмаханов бұл аудан деңгейiнде шешiлмейтiн iс екенiн айтып, қалалық әкiмшiлiкке шағымдануға кеңес бередi.

11-ақпанда "Шаңырақ-5" шағын ауданының тұрғындары Әуезов аудандық әкiмшiлiгiнiң алдында наразылық бiлдiруге келедi. Оларды "Шаңырақ-1", "Красный трудовик" және "Қарасу" елдiмекенiнiң тұрғындары мен Алматы қаласы тұрғындарының қалалық ұйымдастыру комитетiнiң бастамашыл тобы қолдап, шеру ұйымдастырады.

Бұл адамдардың арасында ешқандай ескертусiз, үйiнде жан жоқта күреп тастаған 28 отбасы да бар едi. Яғни, заңсыз күрелген үйлер, айдалада иесiз қалған жаутаңкөздер. Олар өз құқықтарын қорғауға құқылы. Әуезов ауданының әкiмi Әдiл Несiпбаев әкiмшiлiк қызметкерлерi мен шаңырақтықтардың бастамашыл тобынан комиссия құруды ұсынады.

Мiне, осындай табанды күрестiң арқасында сәуiр айында 39 адамның өтiнiшi қанағаттандырылып, Әуезов және Жетiсу аудандарына қарасты "Красный трудовик" және "Шаңырақ-5" шағын аудандарының 39 отбасының үй-мүкамалы заңдастырылды. Үй-мүлкiн заңдастырудан бас тартқан әкiмшiлiк шешiмiне риза емес 68 адам Бостандық аудандық сотына арыз берген болатын. Бұл – 1,5 айдың iшiндегi шағым. Шағым саны бұдан артпаса, кеми қойған жоқ. Шағымданушылардың мүддесiн сотта құқыққорғаушы Денис Әлiмбеков пен "Шаңырақ" қоғамдық қозғалысының төрағасы Асылбек Қожахметов қорғады.

Асылбек Қожахметовтiң сөзiне қарағанда, сот шешiмi бойынша "заңдастырудан бас тартқан шешiм өз күшiн жойған. Ал, үй-мүлкiн заңдастыру туралы екiншi талап қабылданбады. Өйткенi, заңдастыру жайындағы акция 2007 жылдың 1 тамызында аяқталған, ол бiр жолғы ғана акция болатын. Дегенмен, сот оларға тағы бiр рет өз мүмкiншiлiктерiн байқауларына болатындығын айтты. Демек, 39 отбасының үй-мүкамалына қатысты шыққан шешiм, олардың жерi мен қозғалмайтын мүлкiн бұдан әрi де заңдастырып алуына мүмкiндiк бар дегендi бiлдiредi. Қалған аумақтардың тұрғындарында да үмiт оты оянды" дейдi ол.

Есенгүл Кәпқызы