МҰХАММЕД САЛИХ АТАМЕКЕНГЕ ОРАЛА МА?

МҰХАММЕД САЛИХ АТАМЕКЕНГЕ ОРАЛА МА?

МҰХАММЕД САЛИХ АТАМЕКЕНГЕ ОРАЛА МА?
ашық дереккөзі

Белгiлi дiнтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай Қазақстан Республикасының Сауди Аравия Корольдығындағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Қ.Қ. ЛАМА-ШАРИФ мырзаға хат жазғалы 1 айдың жүзi. Алайда, хатына күнi бүгiнге дейiн жауап ала алмаған. Хаттың мазмұны төмендегiдей:

"Құрметтi Қайрат Қайырбекұлы!

Сiзге бiр жағынан ұлттық мүддеден, ал ендi бiр жағынан перзенттiк парыздан туындаған өтiнiшпен осы хатты жiберiп отырмын. Хат жазудағы мақсатым осыдан шамамен 60 жыл бұрын Сауди Аравияға көшiп кеткен қандасымыз Мұхаммед Салихтың атамекенi Қазақстанға көшiп келуiне қол ұшын беруiңiздi сұрау.

Мұхаммед Салих менiң жақын туысым болады, қазақшалап айтқанда аталас ағамыз, қыз алыспайтын дәрежеде жақын ағайын. Қосымшада мен өзiмнiң шежiремдi салып отыр¬мын, танысарсыз. Сонда көрсетiлгенiндей мен Керейдiң Жәнтекейiнiң Барақ деген баласынан тарасам, Мұхаммед Салих ағамыз Секелiнен тарайды.

Өзiңiзге белгiлi 1937-1939 жылдары көп қазақтар басқа елдерге босуға мәжбүр болған. Сол тұста Шығыс Қазақстан және Шығыс Түркiстаннан ауған бiр топ қазақ Қытайдың iшкi өлкелерi мен Тибет жерiн басып өтiп 1940 жылы Үндiстанға келген едi. Осы қазақтар тобы 1940-1953 жылдары Үндiстан-Пәкiстан елдерiн мекендеп, ақырында Түркияға көшiп келген-дi. Мiне, бүгiнде жетпiстi алқымдаған Мұхаммед Салих ағамыз Үндiстанның Ахмедабад деген жерiнде тұрған шағында бiр топ ұйғыр 7 жасар жетiм баланы алып, Сауди Арабияға әкеткен. Содан берi осы елде тұрады.

Мұхаммед Салих 7 жасынан берi қазағы жоқ жерде тұрса да туған тiлiнде шамалы болса да сөйлей алады. Әкесiнiң аты – Молдаберген, шешесiнiң аты – Күмiсжан. Бүгiнде 6 баласы бар. Олар – Абдұлла, Сәбира, Сәлима, Сәлiм, Сүлеймен, Әдiл.

Жетпiске келген ақсақалдың ендiгi жалғыз арманы – Қазақ елiне қайта оралу, балаларын қазақ ету. «Қазақстанға барып өлсем басқа арманым жоқ» дейдi ағамыз. Осы қандасымызға дәнекерлiк қолын берiп, елге оралуына жағдай туғызсаңыз өте-мөте сауапты iс болар едi.

Аса құрметпен,

Мұртаза БҰЛҰТАЙ,философия.ғ.к., дiнтанушы,

Алматы, Қазақстан"

хатта Мұхаммед Салих пен Мұртаза Бұлұтайдың байланыс телефондары қоса берiлген. Бiз елшi мырза аталған хатқа жауап бередi деген сенiммен осы хатты жариялап отырмыз.