АҚИҚАТ ЖАРШЫСЫ

АҚИҚАТ ЖАРШЫСЫ

АҚИҚАТ   ЖАРШЫСЫ
ашық дереккөзі

Дархан Қыдырәлиевтiң "МҰСТАФА ШОҚАЙ" кiтабы туралы

Қалай десек те, осыдан қырық жыл бұрын жарық көрген Серiк Шәкiбаевтың "Үлкен Түркiстанның күйреуi" деген кiтабы шоқайтану әлемiн бастап бергенiн мойындағанымыз жөн. Әрине, бұл еңбек кезiнде коммунистiк идеология тұрғысынан арнайы тапсырмамен жазылып, тарихи шындықтың бұрмаланғанын және оның Мұстафа Шоқай туралы қоғамда терiс пiкiр қалыптастыру үшiн қызмет атқарғанын түсiнемiз. Дей тұрсақ та, осы тұлғаға байланысты алғашқы мағлұматты аталмыш шығармадан оқып, танысқанымыз шындық.

Кеңес заманы ыдырап, тәуелсiздiк кезеңi басталған кезде бұл мәселе жөнiндегi шындықтың бет пердесi бiртiндеп ашыла бастады. Әу баста Мұстафа Шоқай еңбектерiнен үзiндi газет-журналдарда көрiнiс тапты. Кейiн оның "Түркiстанның қилы тағдыры" (1992), "Туркестан под властью советов" (1993), ал жаңа ғасыр қарсаңында екi томдық таңдамалы еңбектерi (1999) жарық көрдi. Сонымен қатар оның өмiрiне, қызметiне байланысты Алматы, Қызылорда және басқа шаһарларда ғылыми-тәжiрибелiк конференциялар, басқа да әртүрлi игi шаралар өткiзiлдi. Бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген авторлардың зерттеу мақалалары жүйелi түрде жариялана бастады. Мұның соңы Әмiрхан Бәкiровтың, Бақыт Садықованың, Абдуақап Қара сияқты және басқа шоқайтанушылардың сараптап жазған зерттеу кiтаптарына ұласты.

Көрнектi публицист, қоғам қайраткерi жөнiндегi деректер, оның артында қалған рухани бай мұрасы Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Түрiкменстан, Ресей, Грузия, Әзiрбайжан секiлдi көршiлес елдермен қатар Франция, Германия, Түркия, тiптi, сонау Америка Құрама Штаттарында шашылап жатыр. Оларды жүйелеу мен жинау көп уақыт пен қаржыны талап ететiнi белгiлi. Сонымен қатар осынау мол рухани дүниенi игеру үшiн сол елдердiң тiлiн, атап айтқанда, француз, ағылшын, немiс, түрiк тiлдерiн бiлу қажет-ақ. Мiне, осы тұрғыдан келгенде Астанадағы "Фолиант" баспасынан жуырда шыққан Дархан Қыдырәлиевтiң "Мұстафа Шоқай" деген кiтабының маңызы ерекше.

Бұл еңбек сөз болып отырған автордың атүстi жаза салған дүниесi емес. Мұндай қадамға бару үшiн ол көп дайындалды. Осы тақырыпта тарих саласы бойынша диссертация қорғады, философия докторы ғылыми дәрежесiне ие болды, ал соның негiзiнде жеке кiтап болып шыққан монографиясы сонау 2001 жылы Түркияда жарық көрдi. Сондықтан ғалым iнiмiздiң толыққанды еңбегi әбден иi қанған зерттеу болып шыққан. Қысқартып айтсақ, бұл шоқайтануға қосылған елеулi үлес.

Мұстафа Шоқайдың өмiр жолын, оның еңбектерiн саралап, зерттеу iсi тәуелсiздiк жылдарында ғана қолға алынды. Демек, бұл бағытта атқарар жұмыс әлi ұшан теңiз. Сондықтан болар, оның қа¬зақ тарихындағы алатын орнын, өмiрбаянын, күрескерлiк қызметiн, шығармашылығын ойдағыдай насихаттап жүрмiз, тиiстi дәрежеде ел-жұртқа таныстыра алдық деп әлi айта аламайыз. Көптеген ақтаңдақтардың бетiн күнi бүгiнге дейiн дұрыстап аша алмай келемiз. Шоқай туралы, оған қатысы бар деген материалдардың бiразында шикi-шалалық, бұрмалаушылыққа жол берiлiп жүргендiгi де осыдан болса керек..

Мәселен, Ұлттық ғылым академиясы мен оның Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты дайындап, "Қазақстан" баспасынан шыққан "История Казахстана: белые пятна" деген ктапта белгiлi тарихшы П. Белан "1942 жылы Берлинде М. Шоқаев пен В. Каюм-хан жетекшiлiк еткен Түркiстан ұлттық комитетi құрылды" дейдi де, бiрақ "Шоқай оны көп басқарған жоқ" деп жазады. Ал Мұстафа Шоқайдың 1941 жылы 27 желтоқсанда қаза болғанын еске алсақ, өмiрде жоқ адам ол ұйымды қалай басқарған?

Әрмен қарай Белан мырза Мұстафа Шоқай Парижге барып, өзi шығаратын "Ени Түркiстан", "Жас Түркiстан" журналдарында мақала жазып, "развернул бурную антисоветскую деятельность в качестве поставщика клеветнических материалов о нашей стране" дейдi. Демек, Шоқай клеветник, яғни жалақор, қылмыскер. Қылмыстық кодексте "клевета" деген бап бар. Олай болса Шоқайдың iздеушiлерi өтiрiк пәле жапты деп авторды сотқа бере алады. Өйткенi материалда "клевета" деген сөз бар, ал оны айғақтайтын деректер жоқ.

Айталық, "Ана тiлiнде" жарияланған "Аңызы қайсы, ақиқаты қайсы" (8.08.1991) деген мақаладан Совет өкiметi тұсындағы қалыптасқан тұжырымға сәйкес Мұстафа Шоқайдың ел алдындағы еңбегiн, рөлiн төмендету нышанын байқадық. Онда: "М. Шоқаевты А. Байтұрсынов, С. Сәдуақасов, Т. Рысқұлов және басқа да республиканың көрнектi өкiлдерiмен бiр сапқа қою … тарихи шындыққа жанаспайды деп есептеймiз" деп жазады автор.

Осыған орай Түркiстан легионын Мұстафа Шоқай құрды деген жаңсақ пiкiрдiң кейде бой көрсетiп қалатындығына таңдана қоймайтын шығармыз. Ал ендi бұл дерек туралы ақпарат iздеген адам оны 2000 жылы шыққан "Түркiстан" энциклопедиясынан таба алмайды. Мұнда "Түркiстан темiржол вокзалы" деген анықтама бар, ал "Түркiстан легионы" туралы ақпар жоқ.

Мұстафа Шоқайдың саясаткерлiгi, шығармашылығы, түрiкшiлдiгi, "Прометей" қозғалысына, «Түркiстан легионына» қатысы, оның жұмбақ өлiмi және тағы басқа проблемалар жеке-жеке кешендi зерттеудi талап ететiндiгi сөзсiз. Оның Еуропадағы iс-әрекетi жөнiнде сөз қозғағанда оған қамқорлық жасап, қол ұшын созған поляктардың көмегiне тоқтала кету парыз. Мәселен, Ресейден талай қорлық көрген поляктар большевиктер табанына жаншылған орыс емес ұлттарға, оның iшiнде қазақ халқына, Мұстафа Шоқайға деген ерекше ынта-ықыласы туралы мәселенiң өзi арнайы диссертациялық зерттеуге сұранып-ақ тұр.

Жалпы қазақтар мен поляктарды баянды тарихи дәстүрлер жалғастырады. Ұлы Далаға, қазiргi Қазақстан аумағына тұңғыш қадам басқан XII ғасырда Плано Карпини елшiлiгiнiң құрамына кiрiп тiлмәш қызметiн атқарған монах-поляк Бенедикт екен. Демек, бiздiң байланысымыздың тамыры одан да терең болған сияқты, әйтпесе католик монах Ұлы Даладағы жергiлiктi халықтың тiлiн қайдан бiлген?

"Ақмола бүкiл Даланың болашақ астанасы болады", "Тәңiрiм осыншама қабiлет дарытқан халықтың цивилизацияға жат болып қалуы мүмкiн емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтерiлiп, жарқырап сәуле шашатын болады… ЖАСАСЫН ҚАЗАҚТАР!" – деген Янушкевичтiң жүрекжарды сөзiн қалай ұмытарсыз!

Сол сияқты 1917 жылдағы аумалы-төкпелi кезеңде де Польшаның күрескер ұлдары түркiстандықтарға қолдарынан келген көмегiн аямады. Орыс большевиктерiнiң мұсылман өкiлдерiне жасамақ болған кейбiр қастандық әрекеттерi туралы поляктардың оларға хабарлап отырғанын Заки Валиди өзiнiң "Естелiктерiнде" жазады. Мұстафа Шоқайға Түркiстан автономиясының әскерiн ұйымдастыруды қолға алғанда оны поляк офицерлерi басқарған. Қоқанды қызылдар атқылап, қала қоршауда қалған кезде Мұстафа Шоқайдың бұдан аман-есен құтылып шығуына да поляк жiгiттерi ерекше қайрат көрсеткен. Кейiн отызыншы жылдарда өздерi жаңа-жаңа ес жинап, етек жауып келе жатқанына қарамастан тағы да сол поляктар Мұстафа Шоқай мен оның серiктестерiне түрiктерi, мұсылмандары, азиялықтары көрсете алмаған көмегiн жасап, "Яш Түркiстанды" он жыл бойы қаржыландырып отырды!

Әрине, Мұстафа Шоқайға мұндай қамқорлық жасауда поляктың ұлттық қаһарманы, маршал Иозеф Пильсудскийдiң рөлi ерекше болғандығын ерекше атап өткен орынды. 1920 жылы Польша мен кеңестiк Ресей арасында соғыс болады. Сонда Польша үкiметiнiң жағдайы қаншалықты ауыр болғанына қарамастан Пильсудский қызыл әскердiң iс-әрекеттерi мен жоспарларын күл-талқан еттi. Олардың тоз-тозы шығып, Варшавадан әзер қашып құтылады. Ақыры 1921 жылғы польша-кеңестiк Ресей шартымен шекара тұрақтандырылады.

Ресейдiң "Кеңеске жау ұлттық-саяси ұйымдар Польшадан аластатылсын" деген талабы Пильсудский үзiлдi-кесiлдi тойтарып тастапты. Сонда маршал: "Коммунистiк Интернационалды асырап, ашықтан ашық қолдау көрсетесiңдер. Дүниежүзiлiк төңкерiс жасағыларың келедi. Олай болса, Кеңес өкiметiнiң бiзге мұндай талап қоюға хақысы жоқ", — деген екен.

Мұстафа Шоқай бұл туралы: "Ресей тепкiсiндегi халықтар арасында онымен дәл осылайша сөйлескен жалғыз Польша едi", — деп жазуы бiраз жайды аңғартса керек.

Кейiнгi уақытта болған оқиғалардан бiр-екi мысал. Мәселен, 1981 жылдың 19 желтоқсанында Кремльде Брежневтiң 75 жылдығы тойланды. Сол кездегi социалистiк елдер лагерi басшыларының бәрi келiп, Бас хатшыға ордендерiн жарыса тапсырып жатты. Ауғанстан президентi Бабрак Кармаль Леонид Ильичтiң костюмiне ауғанның "Бостандық" орденiн таққанда Брежнев қуанғанынан көзiне жас алды. Бiрақ салтанатқа келген қонақтардың iшiнде осыдан бiр жұма бұрын елiнде әскери төңкерiс жасаған поляк диктаторы Войцех Ярузельский болмады. Тым құрығанда өкiлiн де жiбермедi. Бас хатшыға бiр орденiн де қимады. Сөйткен поляктар Алматыдағы Желтоқсан қанды оқиғасында барша жұрттан бұрын сол кездегi президент Лех Валенсаның өзi бас болып 70-тен астам адамның қолы қойылған әйгiлi хат жiбергенiне куә болдық емес пе?

2000 жылы менiң "Түркiстан легионы" деген кiтабым шығып едi. Сонда Мұстафа Шоқайды көрген, сөзiн естiген, легионда болған, сол үшiн сотталып, одан бостандыққа шыққан соң әлi күнге дейiн Степногор (Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы бұрынғы Қарабұлақ ауылы) қаласынада тұратын Мақсұт ағаймен (жазушы Әскен Нәбиевтiң туған ағасы) болған әңгiменi келтiрген едiм. Ақсақал тұтқынға түскеннен кейiн Польша жерiне, Легинова деген елдi мекенге келгенiн баяндайды. Ол сырқаттанып, ауруханаға түскенде бiр поляк дәрiгерi оның қазақ екенiн сезiп: "Жолымбет деген жердi бiлесiз бе?" – деп сұрайды.

"Бiлгенде қандай. Жолымбет, Ақсу, Бестөбе деген үш алтын ошағы бiздiң мекен. Өзiмiздiң ел-жұрт". Бұл сұрақтың да мән-маңызы бар екен. Өткен ғасырдың аумалы-төкпелi кезеңiнде алаш жерiне батыс аймақтан көп адам жер аударылып, соның iшiнде Жолымбет кенiшiне де бiраз поляк азаматтары келген екен. Ерiксiз бөтен жерге қоныс аударған оларға жергiлiктi тұрғындар киiм-кешек, тамақ берген, көмектескен. Содан шығар, әлгi католик дәрiгердiң маған деген ықыласы ерекше болып, жаны қалмай емдедi. Мұны оның қазақ халқына, жалпы алаш жұртына деген ризашылығы деп түсiндiм", – дейдi Мақсұт ағай.

Тарихшы ғалым iнiмiз Дархан Қыдырәлиев ақиқат жаршысы, ұлт жанашыры бола бiлген ерекше тұлға Мұстафа Шоқай туралы зерттеу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бередi, сөйтiп тың туындыларымен шоқайтану iлiмiн толықтыра түседi, оқушыларын қуанта бередi деп сенемiз.

Амантай КӘКЕН