ТАСМАҒАМБЕТОВ АЛМАТЫДАН АСТАНАҒА АТТАНДЫ

ТАСМАҒАМБЕТОВ АЛМАТЫДАН АСТАНАҒА АТТАНДЫ

ТАСМАҒАМБЕТОВ АЛМАТЫДАН АСТАНАҒА  АТТАНДЫ
ашық дереккөзі

Былтыр күзде басталған ауыс-күйiс соңы көктемге салым қайта жалғасты. Өткен аптада Алматы және Астана қалаларының әкiмдерi мен Ауылшарушалығы министрлiгi және "Қазақстан Темiр Жолы" АҚ жетекшiлерi өзгердi.

Жұма күнi ҚР Президентi Н.Назарбаев мәслихаттың шешiмiмен, Астана қаласының әкiмдiгiне И.Тасмағамбеттовтың тағайындалғанын мәлiмдедi. Экс-әкiмнiң орнына бұған дейiн Ауыл шаруашылығы министрлiгiн басқарған А.Есiмов келдi. Тасмағамбетовтың өзiне жақын және сенiмдi адамдардың бiрi екендiгiн жеткiзген Назарбаев оған Астананың 10 жылдық мерейтойына дейiн атқарылуы тиiс бiрқатар шараларды тапсырды.

Төрт жылға жуық қаланың тынымсыз тiрлiгiнiң күнi-түнi қақ ортасында жүрген экс-әкiм Алматымен қимай қоштасты. Әдiлдiгiн айту керек, ол жасаған еңбектiң көлеңкесiнен гөрi күнгейi басым. Тасмағамбетовтың зиялы қауыммен қоян-қолтық араласа отырып, мәдени, тарихи мәселелерде атқарған жұмыстарын былай қойғанда, қалалықтар үшiн төккен терi де адал. Мысалы, ол әкiмдiктiң есiгiнен ене бере, қаладағы тазалықты қолға алды. Аузы-мұрындарынан шығып жататын қоқыс жәшiктерiнiң "бағы ашылды". Әр үйдiң ауласындағы балаларға арналған ойын алаңдары қалпына келтiрiлiп, тiптi, көпшiлiгi жаңартылды, көшелер мен аулалардағы тозығы жеткен жолдар жөнделдi, қараусыз қалған саябақтардың сәнi кiрдi. Қанша уақыттан берi қозғалыссыз қалған метроның құрылысы қолға алынды. Ең бастысы, көлiктер кептетiлiп қалатын жолдарға арнайы көпiрлер салынды. Әкiм сол кезде қарсыластарының "Қыруар қаржы желге ұшып жатыр. Көпiрлердiң не қажетi бар?" деген сөзiн құлағына iлген жоқ. Қазiргi таңда құрылысы жыл соңына дейiн бiтуi тиiс нысан — Алматы облысының үш ауданын қамтитын үлкен көлiк жолының жобасы. Күн сайын 120-130 мың көлiк енетiн Алматыға мұндай жоба керек-ақ.

Ауыл шаруашылығына жетекшiлiк еткен министр Ахметжан Есiмов Алматыдағы әкiмдiк қызметiн бастап кеттi. "Егер сiздер қолдау көрсетсеңiздер, мен аянбай еңбек етемiн" деп ағынан жарылған Ахметжан мырзаның қарымы мен қабiлетi республикадағы iрi мега¬полисте сынға түспек. Былтырғы әлемдiк қаржылық дағдарыс пен инфляция деңгейiнiң күрт шарықтап кетуi экс-министрдiң орынтағына бiраз қауiп төндiрдi. Әсiресе, күзге салым нан бағасының күрт шарықтап кетуi Есiмовтың министрлiгiн ғана емес, Мәсiмовтың командасын да бiраз терлеткен. Астық өндiру жағынан әлем бойынша жетекшi орынды иемденген Қазақстанның өз халқы ас атасын бiрнеше есе жоғары бағасына сатып алуға мәжбүр болды. Астық өндiрушi елдер қуаңшылықтың кесiрiнен дәндi-дақылды экспорттау көлемiн күрт қысқартып тастағандықтан, халықаралық нарықтағы астық бағасы көз iлеспес шапшаңдықпен өсiп кеткен. Пайдадан қағылмауға жанталасқандар қазақ астығын экспортқа барынша көптеп шығаруға тырысты. Бұл iшкi нарықтағы ұн мен ұннан дайындалатын өнiмдердiң қымбаттауына әкеп соққан. Ырыққа көнбей кеткен бағаны ауыздықтауды күн тәртiбiне шығарған Министрлер кабинетi Президенттiң баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысты берген пәрменiн жүзеге асырумен қатар "нанның қымбаттауына кiм кiнәлi?" деген сауалға жауапты қоса iздеген. Үкiметтiң кеңейтiлген көп отырыстарының бiрiнде Мәсiмов нан мен астыққа қатысты мәселенi бетiмен жiберiп алған Ауыл шаруашылығы министрлiгiн сынға алды. Отырысқа Есiмовтың атынан келген орынбасары Премьердiң қаһарына ұшыраған. Экс-министр ол кезде Президентпен шетелдiк сапарда жүрген болатын. Көпшiлiк Есiмовтың отставкаға кетуiн күттi. Бiрақ сапардан келгеннен кейiн жағдай күрт өзгердi. Мәсiмов iшкi нарықтағы ахуалды президенттiк әкiмшiлiк, жергiлiктi басқару органдары, Азық-түлiк корпорациясы мен Министрлер кабинетi бiрлесе отырып, шешетiнiн мәлiмдедi. Көп ұзамай, қант пен қызылша, астық мен күнбағыс майын экспорттауға тыйым салынды. Бұл iшкi нарықтағы ширығуды сәл де болса, босаңсытуы тиiс едi. Жарты жыл өткенде, мұның бәрiн тiзбелеудiң қажетi жоқ шығар. Бiрақ Есiмов Алматыға әкiмдiкке тағайындалғанда, алдымен көз алдымызға қымбаттаған нан мен экс-министрдiң: "Нан бағасы арзан болса, Ресейге тасып әкетедi. Сондықтан нан қымбат болуы тиiс" деген сарындас мәлiмдемесi ерiксiз еске түстi.

Апта басында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiн басқаруға бұған дейiн Есiмовтiң орынбасары болған Ақылбек Күрiшбаев, ал құқық қорғау органдарының құрығына түскен Ж.Күлекеевтiң орнына Астананың экс-әкiмi Асқар Мамин тағайындалды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ