БОКС
БОКС
Астанадағы халықаралық лицензиялық турнир тартысты да, табысты өттi. Жиырмадан астам елдiң бокс шеберлерi Пекин олимпиадасының жолдамасы үшiн айқасты. Бiреудiң бағы жанды, бiреу бабымен басым түстi. Жолдама үшiн айқасқа түскен қазақтың бес боксшысы да топты жарды. Жарыс күндерi өзiмiздi мазалаған кейбiр сұрақтарды бокстың белдi мамандарына қойған едiк.
ЧИНГ– КУО BУ, AIBA (халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы) президентi:
– Үлкен, жауапты қызметке келген адам сол саладағы кемшiлiктерге назар аударады. Сiз осы қызметке кiрiскенде қандай iстi қолға алдыңыз? Қандай кемшiлiктер бiрден көзге түстi? Сол кемшiлiктердi жоюда қандай iстер атқарып жатырсыздар? Рингтегi боксшының тағдыры көп жағдайда төрешiнiң қолында. Төрешi әдiл болуы үшiн не iстеу керек?
– Бiз боксшылардың жарақат алып қалмауына қатты көңiл бөлiп жүрмiз. Төрешiлердiң әдiл төрелiк жасауын қадағалап отырамыз. Сондықтан да мен олармен жиi пiкiрлесiп тұрамын. Төрешi тәжiрибесiне сүйене отырып, тек өз пiкiрiн айтуға тиiс. Осы турнир басталғалы бiрде-бiр елдiң өкiлi келiп арнайы шағым түсiрген емес. АIВА-дағы ешкiмнiң төрешiге қысым көрсетуге, ықпал жасауға құқығы жоқ. Осы қызметке келгелi бiрнеше елдегi сандаған үлкен жарыстарды бақыладым. Мен болған жарыстарда ешкiм төрешiге нұсқау берiп көрген емес. Осы мерзiм iшiнде бiрдi-екiлi ғана наразылық шағым жасалды. Сондықтан да боксшылар да, төрешiлер де разы. Мен АIВА жұмысының өте әдiл, ашық болғанын қалаймын. Өткен айда Италияда болған үлкен бiлiктiлiк турнирiне қатыстым. Турнирдiң сол топырақта өтiп жатқанына қарамастан, бiр италияндық спортшыға орынсыз қолдау көрсетiлген жоқ. Мен барлық жарыстың әдiл өтуiне мүдделiмiн. Егер бiр адамның терiс әрекетi байқалса, дереу орнынан босатамыз. Кейбiр төрешiлердi жазалап та үлгердiк. Жеңiмпаз ринг сыртында емес, ринг үстiнде белгiлi болуы керек.
ДӘМIР БУДАНБЕКОВ, Қазақстан құрама командасының бас бапкерi:
– Шәкiрттерiңiз Астана турнирiнде тағы бес жолдаманы қоржынға салды. Боксшыларыңыздың рингтегi өнерiне көңiлiңiз толды ма?
– Әлi талай жұмыс жасау керек. Мират Сәрсенбаев пен Қанат Әбутәлiпов көп тер төгулерi қажет. Екеуiне де жетiспейтiнi — психологиялық дайындық. Екеуiн де қадағалап жүрмiн, үшiншi раундта жеңiле бастайды. Өздерiнен күштi боксшыға кезiксе басылып қалады, өздерiмен шамалас, әлсiздеу боксшы жолықса жақсы бокстасады. Сондықтан осы бағытта жұмыс жасаймыз, психологтар шақырамыз. Боксшыда жүрек, рух мықты болуы керек. Қайтпайтын қайсарлық қажет. Серiк Сәпиев, Бақтияр Артаев, Галиб Жафаров жүректi жiгiттер. Жақында Чикагода жолдама алған жiгiттердi Тайландта өтетiн "Король кубогы" турнирiне апарамын. Олар Англия турнирiнен кейiн еш жарысқа қатыспады. Одан келген соң тағы да жүйелi жаттығу басталады.
АРКАДИЙ ТОПАЕВ, Әлем кубогының жеңiмпазы:
– Қазiргi Азия боксының қарқыны қалай? Кейбiр бокс мамандары бұрынғы әр раунды үш минөттен тұратын боксқа оралу керектiгi туралы ой қозғап жүр. Бұған өз көзқарасың қандай?
– Бiз бұрын Еуропаға көз тiгетiнбiз. Қазiр Азия боксы күрт көтерiлдi. Үндiстан мен Қытайдың боксшысын бiлмей өстiк. Қазiр сол елдерде Кубаның, кешегi Кеңес Одағының бапкерлерi еңбек етуде. Бiр кездегi менiң бапкерiм Қанат Жақсыбаев Үндiстан жастарын жаттықтырып келдi. Қазiргi Азия боксы осал емес. Алматы iргесiндегi Юрий Цхай үлкен бокс орталығын салды. Сондай жан-жақты жағдай жасалған орталық Қарағанды, Жамбыл, Шымкент сияқты қалаларда да ашылуы керек. Жастарды спортқа баулу үшiн барлық облыстарда үлкен орталықтар болса артық емес.
Қазiр әр раунд екi минөттен. Мен екi минөттiк боксты да, үш минөттiк боксты да басымнан өткiздiм. Менiң ойымша, үш минөттiк бокста боксшының мiнезi, қабiлетi, күш-қуаты толық көрiнедi. Мықтының мықтысы ғана тоғызыншы минөтке шыдайды. Ал екi минөттiк бокста сәл артық ұпай жинап алған бiреу зуылдап, қарсыласынан қашып уақыт өткiзедi. Екi минөтте көп боксшы "ашылмай" қалады. Сондықтан да үш минөттен үш раунд болғаны дұрыс.
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ