“Түркiстан” газетiнiң қосымшасы

“Түркiстан” газетiнiң қосымшасы

“Түркiстан” газетiнiң қосымшасы
ашық дереккөзі

ЖЕТIСКЕННЕН ЕМЕС-АУ…

АУЫЛДАН ҚАЛАҒА АҒЫЛҒАН ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢЫН КIМ ЕСКЕРЕР?

Үкiмет өткен жылдың желтоқсан айында "Iшкi көшi-қон туралы" Заң жобасын қолға алатындығы жайында мәлiмдеген болатын. Одан берi 4 айдан астам уақыт өтсе де аталған заң жобасының қалай сипат алып жатқаны туралы мәлiмет әзiрге жоқ. Үкiметтiң айдай әлемге берген уәдесi бойынша, заң жобасы 3 айдың iшiнде дайын болып, көпшiлiк назарына ұсынылуы тиiс едi.

Iшкi көшi-қон – даладан қалаға ағылған 2 миллион халықтың проблемасы. Елсiз қалған 800-дей ауылдың жай-күйi және қала маңында заңсыз салынған құрылыстарға байланысты туындап жатқан Алматыдағы "Шаңырақ", "Бақай", Астанадағы "Өндiрiс", "Қоянды" секiлдi елдiмекендердiң мәселесi.

Яғни, урбанизация – қазақтың ұланғайыр даласын иен тастап қана қойған жоқ, сонымен қатар қала маңында жаңа әлеуметтiк проблеманың шетiн қылтитты. Дала иен, қалада жер жетпейдi. Осы бiр қайшылықты болдырмаудың амалы қайсы? Сарапшылардың пiкiрiне жүгiнсек, ондай проблеманың алдын бүгiн емес, осыдан 15 жыл бұрын алу керек болған екен. Жабайы капитализм басталған кезiнде нарықтан хабары жоқ халық, "Үкiмет өзi өлтiрмейдi" деген қағидамен, ауыздары ашылып аңқиып қала берген. Жекешелендiру кезiнде 2,3 миллион шаруа колхоз-совхоздардан жер үлесiн алған екен. 2003 жылы "Жер кодексi" қабылданар тұста, мәжiлiсмендердiң бiразы осы жер үлестерiн шаруаға тегiн үлестiру жайында ұсыныс енгiзгендiгiн бiлемiз. Алайда, бұл ұсынысты құлаққа iлген жан жоқ. Сөйтiп, жекешелендiру тұсында бiр рет, жердiң нарықтық қатынасқа енгiзiлген кезiнде екi рет алданған ауыл халқының күн көрiстiк нәпақасы сарқылды. Демек, мал да, мал жайылар жайылым да көзден бұлбұл ұшты. Егiн шаруашылығы дамыған аудандардың халқы тiптi тұралап қалды. Өйткенi, құнарлы жердiң көбi iрi жер иелерiнiң қолына өтiп кеттi. Бұл өз кезегiнде урбанизацияның екiншi легiнiң тууына әкелiп соқты. Сонымен, 5 Франция сыйып кетер ұланғайыр мекенде небәрi 15 миллион халық тұрады. Оның жартысына жуығы ауылда. Алайда, соңғы жылдардағы нарықтық қатынастар ауыл халқының қалаға қарай ағылуына жол ашты. Қазiр 2 миллион халық не онда, не мұнда жоқ сабылып жүр десек, олардың түбi қалаға тұрақтауы да даусыз. Алайда, қалада қажеттi инфрақұрылымдардың болмағаны ауыл халқының орналасып кетуiне мүмкiндiк бермей отыр.

Үкiметте iшкi миграция жайында нақты дерек жоқ көрiнедi. Өйткенi, Кеңес Одағы кезiндегiдей мiндеттi түрде тiркелу мәселесi жойылған. Сол себептi де қаладан нәпақа iздеп ауылға сабылғандардың көбiнiң сайда саны, құмда iзi жоқ. Олар бұрынғы тiркеуде тұрған жерiнен шықпайды, сол себептi де ауыл халқының бiрi есебiнде саналып жүре бередi. Нәпақасын қаладан iздейдi. Бұл халықтың қанша пайызы даладан қалаға ағылып жатқанын пайымдауға мүмкiндiк бермей отыр. Дегенмен, кейбiр сан-цифрларға жүгiнер болсақ, республика iшiнде 2006 жылы 300 мыңға жуық адам қоныс аударған. 2005-2007 жылдар аралығында жайлы жер iздеп сабылғандардың ресми саны 700 мыңға таяған.

МЕДАЛЬДIҢ ЕКI ЖАҒЫ

Урбанизация тудырған проблемалар бүгiнде күн сайын ушығып келедi. "Ауыл халқы заңсыз басып алды" дейтiн жерлер көбейiп, тұрғындардың мүкамалын заңдастырып бермеген шенеунiктерге деген наразылықтары да өрши түсуде. Жақында ғана ресми тiркеуден өткен "Шаңырақ" қоғамдық ұйымы осы бiр мәселенiң бейбiт түрде шешiлуiне мұрындық болатындықтарын айтады. "Шаңырақ" қоғамдық ұйымының төрағасы Асылбек Қожахметов:

– Былтырғы жылы жер дауына байланысты 70-тей наразылық акциясы орын алса, биыл жыл басынан бергi үш айдың iшiнде 30 түрлi наразылықтар бой көтердi. Солардың iшiнде Алматы әуежайы мен Гүлдала елдiмекенiнiң тұрғындарының арасындағы дау бейбiт түрде, әрi тұрғындардың пайдасына шешiлдi. Негiзгi мақсатымыз билiк пен тұрғындар арасында келiсiм комиссиясын құру. Бұған дейiн бiз ресми түрде тiркеуден өте алмадық. 4 ретi берген өтiнiшiмiз қайта оралып, бесiншi рет Әдiлет министрлiгi тiркеуге алды. Ендiгi қадамымыз заңды түрде болмақ, Ал, қалалық әкiмшiлiкке Келiсiм комиссиясын құру туралы ұсыныс бiлдiргенбiз, әзiрге одан жауап жоқ, – дейдi ол.

Билiк қарапайым халықтың iлдалдамен салып алған күркесiмен алысып, "бақайлықтарды" ашық аспан астында, баспанасыз қалдырса, "шаңырақтықтармен" де сол үшiн текетiрестi. Бiрақ, мәселеге дендей ене түсудiң ақыры медальдiң екiншi жағы, Медеу шатқалында байлардың да заңсыз салынған үйлерi бары анықталды. Бiрақ, алпауыттардың әлдекiмдердiң жең ұшынан жалғасып заңсыз алған жерлерiндегi "особняктарын" күреп тастауға ешкiмнiң батылы бармады.

Медеу мен "Шаңырақ" арасына паралелль жүргiзген "Шаңырақ" қоғамдық ұйымының төрағасы Асылбек Қожахметов бұл екеуiнiң арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды былай сипаттайды:

— Шаңырақтағы жерлердi жұрт өздерi басып алса, Медеудегiнi – билiктегiлердiң мәнсабын пайдаланып, заңсыз жолмен қолға түсiрген. "Шаңырақта" – кедейлер, Медеуде – супер байлар тұрады. "Шаңырақта" батпаққа үй салынған болса, Медеуде – табиғат қорықтары аумағына үйлер салынған. Шаңырақтықтар – 4-7 сотық жерге иелiк етiп, 1-2 қабатты үйлер тұрғызған болса, Медеудегi жер иелерiнiң иелiктерi 1-2 гектарға дейiн созылады, олар қамал соғып жатыр. "Шаңырақ" тұрғындарының денi көп балалы отбасылар болса, Медеудегiлер керiсiнше, 1-2 баламен шектелген. "Шаңыраққа" үй салғандардың мақсаты өмiр сүру, соңғы талқанын сатып отырып, тiрлiк ету болған болса, Медеуге үй салғандар таудың таза ауасымен тыныстап, жасыл баққа орануды мақсат еткен.

Былтыр жылдан астам уақыт жүргiзiлген мүлiктi заңдастыру iсi де шаңырақтықтарды айналып өттi. Кейiн бұл шағын ауданның тұрғындары бiрнеше рет наразылық акциясын өткiзiп, билiктен қара күркесiн заңдастырып берудi сұрады. Алайда, билiк олардың бұл талаптары негiзсiз деген желеумен, оны орындаудан бас тартты. Қазiр Шаңырақтағы және басқа да шағын аудандағы заңсыз салынған үйлердi күреу мәселесi тоқтап тұр. Медеудегi жер иелерiне нақты қандай шара қолданатынын билiк әлi айтқан жоқ. Негiзiнен бұл шешiм өткен жылдың қараша айында шығарылуы тиiс екен. Бiрақ, билiк әлi күнге жұмған аузын ашпай келедi. Тек жердi заңсыз таратты делiнген шенеунiктер орнынан босатылды. Олардың iшiнде Алматы қаласының бұрынғы әкiмi В. Храпунов та бар. Басқа қандай шара қолданылатыны әзiрге беймәлiм. Демек, билiк әзiрге "өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай" келедi. Қазiр "Шаңырақта" заңсыз деп табылған 318 үй бар. Оларға қойылып отырған кiнә – негiзiнен су жиегiне жақын, батпақты жерге салынған әрi газ құбырына 50 метр жақындықта орналасқан. Бұл газ құбыры жарылса, аталған үйлер бiрiншi отқа орануы мүмкiн деген сөз. "Шаңырақ" қоғамдық ұйымының белсендiлерiнiң бiрi, "Ұлт тағдыры" қоғамының төрағасы Дос Көшiм:

– Ең қызығы, суға жақын үйлердiң бiразы заңдастырылды. Бұл — бұдан ары қарай олардың заңдастырылуына мүмкiндiк тудыратын факт, – дейдi. Демек, билiк өзiне өзi қайшы келiп, кейбiр заңдастыруға болмайды деген үйлердi заңдастырып жiберген.

"IШКI КӨШI-ҚОН ТУРАЛЫ" ЗАҢ КIМНIҢ МҮДДЕСIН КӨЗДЕМЕК

Iшкi миграция салдарынан туындаған "Шаңырақ", "Бақай" секiлдi аудандар республиканың басқа да iрi қалалары маңында жетiп артылады. Әр қаланың өз "Шаңырағы", өз "Бақайы" бар. Өзгесiн былай қойып, Астана маңындағы "Өндiрiс" пен "Қояндыны" мысалға алсақ та жетiп жатыр.

Ендеше, оны реттеудiң iшкi механизмдерi қалай болуы керек? Сарапшылар "Iшкi көшi-қон туралы" Заңды осыдан 15 жыл бұрын қолға алғанда, мәселе былай ушықпас едi дейдi. "Ештен кеш жақсы" демекшi, кеш те болса, билiк оны реттеудiң қажет екендiгiн түсiндi. Бiрақ, қалай? Осыдан 4 ай бұрын аталмыш заң жобасын қолға алатындығын айтқанда, ауыл халқын қалаға үдере көшiрмеудiң амалын қарастыратындықтарын мәлiм еткен. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң шенеунiктерi ол үшiн түрлi ынталандыру амалдарын қарастыруды көздейтiндiктерiн айтады. Бiрақ, халықты ауылда күшпен ұстап тұру мүмкiн еместiгi белгiлi. Онсыз да 800 ауыл қаңырап бос қалды, тағы да бiраз ауылдар соның кебiн киюдiң аз-ақ алдында тұр. Демек, ауылды оңтайландыру iсi қолға алынып, шағын қалалар салуды тездетiп жүзеге асырмай, ауылда халық қалады деуге нану қиын. Ауылдың қазiргi күнкөрiс көзi – мектеп пен аурухана. Бұрынғыдай Мәдениет үйi, кiтапхана, балабақша, кинотеатр деген мәдени ошақтары көптеген ауылдарда көзден бұлбұл ұшты. Оның үстiне ауыл қартайып барады. Жастар қаланы сағалап, зейнеткерлер ғана бүкiл-бүтiн ауылдың тұтқасы болып қалып жатқан мекендер де аз емес. Халықтың бәрiн қалаға шоғырландыру да мүмкiн емес. Әсiресе, бұл бiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiзге төнетiн қауiп. Шекара аудандар қаңырап бос қалса, оның орнын жерiне сыймай, құмырсқаның илеуiнше басып келе жатқан қытай иеленiп алса, құдай бетiн аулақ қылсын, не бетiмiздi айтамыз. Демек, ауылды сақтау бiздiң стратегиялық айқын мақсатымыз болуы керек. Iшкi көшi-қон жайындағы заң ең әуелi осындай мәселелердi қадағалағаны жөн.

Әрине, мұнда да "өгiздi өлтiрмеу, арбаны сындырмау" саясаты керек. Қалаға келгендердi қалалық рынок пен коммуникация қабылдауға қабiлеттiлiк танытатындай болса, ауылда қалғандардың күнкөрiс көзi де, көңiл көтерер орны да болатын болса, мәселе екiжақты шешiлер ме едi? Қалай дегенмен де бүгiнгi күн тәртiбiнде iшкi көшi-қон салдарынан туындайтын жаңа әлеуметтiк проблемалардың алдын алу мәселесi тұр.

Дегенмен, аталған заң жобасына қоғамды тарту iсi әлi қолға алынған жоқ. Өзге түгiлi iспен арнайы айналысып, Үкiмет басының қабылдауында болып, "Шаңырақ" мәселесiн шешудiң түрлi бағыттарын ұсынып жүрген "Шаңырақ" қоғамдық ұйымы да аталған заңды жасаушы жұмыс тобына енбегендерiн айтады. Ол заң қалай сипат алып барады, қалай жасалып жатыр, қоғам үшiн әлi беймәлiм. Мұндай толғауы тоқсан заң жобалары көпшiлiк талқысына ұсынылып, жұрттың пiкiрi ескерiле отырып қабылданса құба-құп болар едi.

Есенгүл Кәпқызы