ҚАРА ЖЕРДI ҚАТАР БАСЫП КЕЛЕМIЗ

ҚАРА ЖЕРДI ҚАТАР БАСЫП КЕЛЕМIЗ

ҚАРА  ЖЕРДI  ҚАТАР БАСЫП КЕЛЕМIЗ
ашық дереккөзі
450

Сұлу Сыр ағып барады. Сабырлы, салмақты. Мұзарт таулардың басынан шып-шыптаған мөлдiр тамшылар ағын суға айналып, бара-бара екпiн алып, тастан-тасқа секiрiп, бойындағы бұла күшiн ырыққа көндiре алмай, басына ие бермейтiн асаудай ақ көбiк атқылап алға ұмтылады. Қыран қанаты талар шырқау биiктен бұрқ-сарқ қайнап, кемерiнен асып тұлдана құлаған долы су Дала құшағына екпiндей кiрiп, бара-бара арнасын кеңейтiп сабасына түседi де жайбарақаттана , жуаси ағады.

Қазақтың далиған даласының кезектi көкжиегiне иек арта бере тiптi шалиып, етек-жеңiн кең жайып, о шетi мен бұ шетiне көз жетпейтiн телегей теңiзге айналады. Осы салқар судың екi өңiрiн ерте заманнан қоныстанған қазақтар оны өзен деуге қомсынып, Дария деп атаған. Бұл бүгiнгi Сырдария. Қазақтың тербелген тал бесiгi. Ежелден көшпендi елдiң өркениетi осы дарияның жағасында бой көтерген. Олай деуiмiзге де дәлелдi дәйек бар. Ерте дүниедегi Мысырдың мәдениетi Нiлдiң жағалауында, Тигр мен Евфраттың бойында, Үндiстанның бүкiл рухани дүниесi Индi мен Ганга өзендерiнiң, таяу көршiмiз аспан асты елiнiң ақыл-ойы Хуанке, Янцзы өзендерiнiңң бойларында осы елдердiң негiзгi өркениет ошақтары табиғи тұлғаларын тiктеген жоқ па едi? Сырдың жағасынан жетi жұрт көшкен, бұл жерде қырық қала болған дейтұғын бiзден бұрынғы көнекөз қариялар. Оған да, ел аузында жүрген басқа да көп жайға жүре келе көзiмiз жеттi. Сақтардың қаһарлы әйел патшасы Томирис туын тiккен Алтыасар, оны қоршай салынған Жетiасар дарияның сол жағында екi күншiлiк жерде Қуаң бойында төбе болып әлi жатыр. Ол жерде қасиет, топырақ астында көмiлген қазына болмаса жергiлiктi халыққа археология деген ғылым саласының бары беймәлiм кезде академик Толстов басқарған Ленинградтық ғалымдар алты ай ала жаздай қатарынан отыз жыл бойы неге қазады? Олардың бұл жақтан не iздегенiн бiздер осындай қазу жұмыстарына қатысқан журналист Валентин Берестовтың "Меч в золотых ножнах" (Алтын қынаптағы қылыш) атты кiтабынан көп жылдар өткен соң оқып бiлдiк. Осы жолдар жазылардан алпыс жылдай бұрын дарияның жағасындағы әлдебiр қабақтың басында қылағай қара бала отырды. Қазақтың кәдiмгi қарасирақтарының бiрi. Қара көздерi мөлдiреп, тоқтаусыз аққан тарпаң суға телмiре қарайды. Тесiле қарайды да, алапат ағыспен бiр сәт тiлдескiсi келедi. Мына дария бұл өлкемен қай заманнан, қай кезден ағып жатыр. Басынан не кештi, жағасында қандай оқиғалар орын алды – құрттақандай баланың бәрiн де бiлгiсi келедi. Оның iшi-бауыры елжiреп, лүп-лүп соққан кiшкентай жүрегiнде әлдеқайдан өзiне белгiсiз әлдеқандай бiр жылылық пайда болып, алыстан әлдебiр нәзiк, тылсым үн алабұртқан сезiмiн қытықтап, ойы сан-саққа жүгiредi, құлағында ат дүбiрi мен қобыз үнi астасып жатқандай болады. Осы бiр сәби жанын селт еткiзген селкем сезiм кеудесiнде сүйрiк жарып қауызы қылықтанған ақындықтың алғашқы алып-қашпа мiнезi ме екен, кiм бiлсiн?! Осы кiшкентай қара бала – болашақ ақын, өсе келе өз елiнiң иықты азаматы болатын – Садықбек Хангелдин едi. Садықбектiң сәбилiк, балалық шағы өте қиын жағдайда өттi. Бұл арада осы ауыр шақты "бал балалық" тәттi кез едi-ау деп айтудың өзi қиын. Түлкiқұрсақ кейiп, жетiспейтiн дүние бiр ғана Садықбек емес, оның миллиондаған құрдастарына тән уақыт едi. Тағдыр таланыңа жазған соң қайда барып бас сауғаларсың? "Өлмегенге өлi балық кездеседi" дегендей басқа түскесiн шараң жоқ қандай ауыртпалық болса да көнедi екенсiң. Бұлдыр болмысыңа бiрте-бiрте бойың да үйренедi екен. Соғыс алған сәби шақ, емiс-емiс елесi қалған сол ауыр жылдардағы жадау тұрмыс, өз құрдастарын қынадай қырған қызылша, сүзек сияқты аурулар өмiрдiң өшпеген үмiтi жалғаған алыстағы әлдебiр жарық сәулеге iлiнген бейкүнә тiршiлiгiңе мән берген Алланың әмiрiне ризашылығыңды айтасың!.. Қандай қиыншылықты бастан кешiрсең де адам баласының хайуанат дүниесiнен айырмашылығы үнемi арман құшағында болуы екен. Бiр-бiрiне жалғасқан күндерiң сияқты үмiттi үмiт жалғастырып жетелей бередi. Тек сол үмiттер тiзiмi үзiлмесiн деп тiле. Үмiт жiбi үзiлген шақта өмiр жолы да тоқтайды, тынысың тығырыққа тiреледi. Бұдан кейiнгi жарық дүниенiң өзi де мәнсiз. Бала Садықбек, жасөспiрiм Садықбек, бозбала Садықбек, әр күн сайын бiр жарық та, жарқын сәулелi үмiтпен ұйқыдан оянатын, албырт ой толқындары сан құбылып тәттi қиялдың тал бесiгiнде шайқалатын. Сезiмi шалқып, ақ қағаз бетiне аяғын әнтек-тәнтек басқан, тұсауы жаңа кесiлген сәбиге ұқсас балаң жырларын жазатын. Бұл биiктiк емес, ол бет алған асқар шыңның етегi болатын. Ақындықтың асқарына бiрен-саран ұлылар болмаса ұмтылған жанның баршасы шыққан жоқ. Сол ұзақ та, қиын жолдың бiр саясында дамыл тапсаң, дүлдүл Пегастың жалына жармасқан әрбiр пендеге сол да аз емес. Еңбек жолын темiржол депосындағы қара жұмыстан бастаған жас жiгiт қалтасынан қаламсабы мен дәптерiн тастамайтын. Кейде ойына келген ұйқастар мен алғашқы өлең жолдары сол дәптердiң бетiне түсетiн. Бiрақ ол бiрнәрсе жаздым екен деп редакцияға ала жүгiруге асықпайтын, кейде өзiнiң жазғанына көңiлi толмайтынын да iштей мойындап жүретiн. Мойындайтын да осы маған ақындық қайда деп ойланатын, талай рет өлең жазуым бос әурешiлiк-ау, осы жұмыспен айналыспай-ақ қойсам қайтедi дейтiн. Бiрақ албырт жүректi қытықтаған сезiм бұған мұрша бермейтiн, үмiт жiбi үзiлмей алға жетелеп жалғаса беретiн. Әжептәуiр сауатты, есте сақтау қабiлетi ересен, ойы алғыр, дауыс ырғағы эфирге бейiм балаң жiгiттiң облыс орталығындағы педагогикалық институтта оқи жүрiп, Қызылорда радиосына диктор болып қызметке орналасуы оның асыл арманының көкжиегiн түрдi. Еңбекақы тауып күнделiктi жұтаң тiршiлiктi бiрiн-бiрiне жалғап отырған отбасының дастарқанына берекенi әкелуден басқа да бұл жұмыстың жәй қарабайыр жанның түсiнiгi жете бермейтiн ләззаты бар екен. Ол өзi iштей армандап жүретiн қаламгерлiк едi. Редакция дайындап берген хабарларды нәшiне келтiрiп оқи жүрiп, өзiнiң жазған мақалалары мен өлеңдерi радиодан берiлiп қаламдастарынан тәуiр баға алып көңiлi шалқыды. Садықбек екеумiздi Алла тағала жолықтырған күннен бастап арамызда жасырын сыр болған емес. Ол көбiнесе комсомолдық, партиялық қызметте болғандықтан оның кәсiби мамандығына көп араласа бермейтiнмiн, оның да менiң жұмысыммен көп шаруасы жоқ, арамыздағы әңгiме әдебиет, оның айналасындағы талапкерлер, спорт жайлы болатын. Мен Алматыдағы дене тәрбиесi институтын бiтiргеннен кейiн Қызылордаға қызметке келдiм. Қолымда Цекомолдың спорт және қорғаныс көпшiлiк жұмыстарының бөлiм меңгерушiсi атақты балуан Ахметжан Қазымбетов арқылы алған Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Өзбекәлi Жәнiбековтың қолы қойылған жолдамам бар. Ол кiсi Қызылордаға барған бойда обкомның хатшысы Қаржау Жарқынбековке жолық деп тапсырма берген. Жүзiнен мейiрiм төгiлген Қаржекең бiрден обкомолдың хатшысы Сұлтан Амановқа тапсырма бердi. Дөңгелек жүздi, көзiлдiрiктi Сұлтан өте мәдениеттi адам едi. Сыпайы, бiлiмдi жас екендiгi сырт көзге ақыл нұр берген дөңгелек жүзiнен көрiнiп те тұр. Менi ертiп әкелiп бiр кабинетке кiргiздi. Кабинетте қарама-қарсы қойылған екi стол бар екен, бiрiнде шұқшиып қағаз жазып отырған қағiлез қараторы жiгiт орнынан ұшып тұрып хатшымен сәлемдестi де, маған қолын берiп: – Садықбек – деп танысты. Сосын сөздi Сұлтан жалғастырды. – Бұл жiгiт обкомолдың үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Садықбек Хангелдин. Кейiн жақсылап танысасыңдар ғой. Ал Садықбек, мына жiгiттiң есiмi Өмiрзақ Жолымбетов, спортшы, бiзде жаңадан ашылған спорт және қорғаныс көпшiлiк жұмыстары бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызметке орналасып жатыр , – дедi. Бұл менiң Сәкеңмен алғашқы кездесуiм едi. Обкомолда жұмыс деген қайнап жатады екен. Садықбек екеумiздiң бағынатын хатшымыз Абылай Айдосов. Мiнберге көтерiлсе лаулап жанып кететiн сөзге ұста, комсомол тұрмысының бiлгiрi, нағыз идеолог. Кейiн үлкен ғалым, профессор, Қызылорда қаласының құрметтi азаматы атанды. Ол аяқастынан жұмыс тауып, Садықбек екеумiзге тапсырмаларды үйiп-төгiп бередi де жатады. Мен бiраз қиналдым. Қиналған себебiм құжаттарды жазғанда орыс тiлiнiң грамматикасына шорқақтығым. Өйтiп-бүйтiп жазғандарымды Садықбекке үстiнен қаратып аламын. Сөйлесе де, жазса да оның орысшасы ағып тұр. Садықбектiң үлкен жүрегi, адамға деген қамқорлығы сол балаң жiгiт кезiнде-ақ байқалатын. Түйiндiден түймедей мәселелердi шешсек те оның аузына қарайтынбыз. Атомның ортасындағы ядросы сияқты. Қаланың бiраз творчестволық жастары Жанұзақ Қожабергенов, Серiк Сейiтмағанбетов, Атабай Қылышбаев, Адам Мекебаев, болса да комсомол қызметiндегi Жәлел Бәкiров, Өтеп Төлебаев, Кеңес Шаймерденов оның айналасына жиналатын. Аудан жастарының басшылары Кiшкене Айбосынов, Рая Ахметова, Сатулла Садуов, Кенiш Жұмалиева, Дина Садуақасовалар өздерiн қинап жүрген келелi мәселелердi шешерде обкомолдың идеология хатшысының кабинетiне кiрiп ойласып, мәселенi пiсiрiп шығуды жөн көретiн. Көп ұзамай мен облыстық спорт комитетiне басшылық қызметке ауысып кеттiм. Үлкен бiр мәселенi қолға аларда ретiн тауып әрине Садықбекпен жиi ақылдасамын. – Сәке! – дедiм мен бiрде – Ойласатын тағы бiр мәселе бар едi, соған ақылыңызды айтсаңыз? – Ол қандай мәселе? – дедi ол әдттегiдей елең етiп, өзiме қарсы сұрақ қоя. – Жақында облыстық қаржы басқармасында болдым. Басқарма бастығы Николай Александрович Романчук мен кiрген бойда орынбасары Камал Шүкеевты шақырып алды. Сөйтiп, облыс бюджетiнен спортты өркендетуге қосымша 25 мың сом қосымша қаржы бөлiнетiнiн айтты. Счетқа ақша түскен соң мекеменiң атына бiр машина алсам қайтедi? – Жо… жоқ мұның болмайтын шығар, Өмiрзақ. Саған қаржыны спортты өркендетуге деп бөлiп отыр ғой. Ендеше соған жұмса, мемлекет қаржысын басқа жаққа бұра тартуға ешқандай праваң жоқ, – деп төтесiнен салды не нәрсенi болса да тура бетке айтатын Сәкең. Сәкеңнiң сөзi қамшы болып көп кешiктiрмей спорт мектебiне бес штанга, елу велосипед және жаттықтырушы В.Ли тасжолда шәкiрттерiн қадағалап қатарласып жүрiп отыратын үш доңғалақты мотоцикл алып бердiм. Ол кезде спорт жұмыстарындағы барлық мәселелер комсомолдың араласуынсыз шешiлмейтiн. Мен обкомолда ең әуелi бұл кезде хатшы болып алған Сәкеңмен сырласам. Осы сәтте бiр оқиға есiме оралды. 1964 жыл болатын. 5-тамыз темiржолшылар, одан кейiнгi сенбi – спортшылар, ал жексенбi – құрылысшылар күнi. Сәкең осы мерекелерде баяндамадан кейiн жасалатын шаралардың жоспарына менiң штанга көтерiп өнер көрсетуiмдi қосыпты. – Көр де тұр,– дедi Садықбек, – Осыдан кейiн сенiң аядай спорт залыңа балалар сыймай кетедi. Бiрiншi мерекеде темiржолшылардың спорт сарайында, екiншi жолы қалалық паркте, үшiншi рет құрылысшылар клубында өнер көрсеттiм. 110, 120, 130, 140 килограмм зiлтемiрдi көтерумен өнерiмдi аяқтаймын. Досым айтқандай мереке өткен соң жаттығу залына жаңадан 40-50 дей балалар келдi. Ол жылдары үлкен құрылыстар 3-4 жыл бұрын жоспарланып үлкендi-кiшiлi мекемелердiң талқылауларынан өтiп әбден иiн қандырып барып содан кейiн ғана қолға алынатын. Бiр жолы Сәкеңе келдiм. – Сүйiншi, Сәке! Келесi жетiжылдық жоспарда Қызылордада стадион салынбақшы. Жаңа ғана облпланның бастығы Шамсутдиновтан шықтым. Қажет құжаттарды дайындауға тапсырма бердi. – Ақыры шешiлген екен. Бұрын қаланың бастығы Алисовтың тұсында бұл әңгiме бiр рет көтерiлген. Сонда кейбiреулер стансаның жанындағы "Локоматив" стадионын кеңейтейiк, шығын аз кетедi деп ұсыныс жасаған. Бұған депутат Ленин ордендi Серғазы Ополходжаев ақсақал қарсы болды. Ол арада бұрын мұсылмандардың қорымы болған, сонда бабаларымыздың басында доп теуiп ойнаймыз ба? – деп қасқайып қарсы тұрып алған. – Сонда қай жерден салғанымыз дұрыс? – Дарияның жағасына жақын жер дұрыс қой. Спорт комитетiнiң басшысы ретiнде сол жақты ұсын. Қала әлi өседi. Жиырма жылдан кейiн-ақ стадион қаланың ортасында қалып қояды. – Госпланға бiрден стадионның атын жазып берсем деп едiм. Екi мәрте Социалистiк Еңбек ерi Ыбырай Жақаев атындағы стадион десек қалай болады? Садықбек бiраз ойланып отырды. Сосын: – Жоқ. Бұл арада шығыс жастарының көсемi Ғани Мұратбаевтың есiмi өзiнен-өзi сұранып тұр. Сол жылы стадионның құрылысын мемлекеттiк бағдарламаға енгiзу үшiн Алматыға 3-4 рет келiп қайттым. Ақыры алдағы бесжылдықтың жоспарына енiп жоба бекiтiлдi. Бiрақ Сәкең екеумiз оның салтанатты ашылған күнiн көре алмадық. Себебi, мен ұзамай республикалық "Лениншiл жас" газетiне спорт және әскери-патриоттық тәрбие жұмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызметке ауысып кеттiм. Артынша Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетiнiң үгiт-насихат бөлiмiнiң бастығы болып Сәкең де Алматыға келдi. Сәкең өлең жазуды ерте бастағанмен оны кәсiп қылмапты. Тек шабыты келiп сезiм толқыны жас кеудесiне сыймай қыстаған кезде ғана қолына қалам алады екен. Алпысыншы жылдардың басында Қазақстанның Жазушылар Одағы "Тұңғыш кiтап" атты өлеңдер топтамаларын шығара бастады. Көлемi пышақтың қырындай сол топтамалардың елу шақтысы жарық көрiп көптеген жас таланттар сол тұңғыштары арқылы әдебиет әлемiне жолдама алды. Кiм ойлап тапса да бұл өз кезiндегi өте жақсы бастама болатын. Осы топтамамен Садықбек Хангелдиннiң де "Пернелер" деп аталатын тырнақалды өлеңдер жинағы жарық көрдi. Жас жүректiң лүп-лүп соққан пернесi шығар әйтеуiр еңбегi еленiп 450 сом гонорар алды. Ол кездегi ақшамыз АҚШ-тың долларынан әлдеқайда қымбат, санап қарасаң қыруар қаржы. Садықбек пен Айман көктен түскендей болған бұл "олжаға" бiрiншi болып "Беларусь" атты телевизор алды. Ұмытпасам сол телевизордың бағасы 400 сом. Қызылордада жаңа ғана телемұнара бой көтерiп, жергiлiктi жұрт телеэфирдi тамашалай бастаған.Тап сол тұста шайбалы хоккейден Әлем чемпионатының басталмасы бар ма? Чемпионаттың ойындары түн ортасы басталып таң атқанша созылады. Үй арасы жақын, ертерек жатып бiрер сағат ұйықтап аламын да түн ортасында әлгi "Беларусьтың" алақандай бетiнен хоккей көруге барамын. Айман Серiкбаева – Сәкеңнiңжары. Әкесi Серiкбай Әлiбаев Қазақстан Үкiметiнiң әдiлет саласындағы өте iрi қызметте болған. Кейiн репрессияға ұшырап, артында екi қызы Қараш пен Айман қалған. Солардың кiшiсi – Айман. Айман орыс тiлi мен әдебиетiнiң маманы болатын, қазақшаға да, орысшаға да өте сауатты. "Шәйнегi оттан түспейтiн" Хангелдин шаңырағының берекесi едi ғой. Әттең өмiрден ерте кеттi. Артында ержетiп қалған Рақым мен Қымбат, әлi есi кiре қоймаған ойын баласы Қанат, ботасынан айрылған iңгендей қарт анасы Қанымкүл әжемiз қалды. Кейiн Сәкең қазiргi жеңгемiз Алтынға үйлендi. Алғашқы кезде сәл тосырқанғанмен балалары ана орнына ана тапты, жасы ұлғайған әжемiз де өз қызының қолындағыдай мейiрман алақанға тап болды. Кәрiлiк жетiп, бойындағы сүр науқасы дендеген кезде, туған елi, ағайынның ортасына Қызылордаға кеттi, Алланың берген демi таусылып кезегi келгенде сол жерде жарық дүниеден өткен әжемiздi Садықбек пен Алтын өз аналарындай арулап қойды. Журналист дегеннiң қолына қалам алса бiрiн айтып, бiрiне кететiнi бар. Бiрақ "жалғыз ағаш орман емес" дегендей оның жан-жағын, қоршаған ортасын қамтымасаң кейiпкерiңнiң бейнесi шықпайды. Гүл еккен алаңды жалғыз қызғалдақ көрiктендiре қоймас, ал жүздеген, мыңдаған қызғалдақтар оны патшайы кiлемдей құлпыртады. Адамның адамгершiлiгi де өзiн қоршаған орта арқылы көрiнедi. Әңгiмемiз спортқа келiп тiрелiп едi ғой. Түннiң бiр уағында Айман алдымызға қойған түйенiң сүтiн қатқан цейлон шәйiн ұрттап отырып, Сәкең екеумiз хоккей көрудi жалғастырамыз. Сәкеңнiң делебесi қозып Николай Озеровпен жарыса айқайлап, санын соғып, әттеген-айлап желпiнiп қалады. Елiмiздiң құрамасының Рагулин, Локтев, Альметов, Александров, ағайынды Майоровтар, Старшинов, Якушев, Фирсов сияқты ойыншыларымен қоса шетелдiк хоккей жұлдыздарының да есiмдерiн ол жатқа бiлетiн. Естуiмiзше Сәкеңнiң әкесi Молдаш төрт ағайынды. Үлкендерi Байнияз Қызылорда Губкомында оқу-ағарту жұмыстарын басқарған, кейiн Қарақалпақ автономиясында жауапты кеңес қызметiн атқарған. 1937-38 жылдардың зобалаңында репрессияға ұшырап кесулi мерзiмiн өтеген соң елге оралып ұзамай қайтыс болған. Екiншiсi – Молдекең. Үшiншiсi Айтбай – белгiлi жазушы кәдiмгi Айтбай Хангелдин. Ал Ешнияз ағаны көрiп, талай рет дастарқанда отырып дәмдес болғанмын. Бiр жолы ағамыз қызмет iстейтiн Сұлутөбе стансасындағы қауын базасына Садықбек екеумiз отбасымызбен қонаққа бардық. Сол жолы жеген шекер қауындардың таңдайымнан кетпеген дәмi ме қауын-қарбыз егудi ұмыта бастаған Сыр бойындағы ата-бабамыздың диханшылық дәстүрiнiң көкейтестi мәселелерi – облыста қауын өнiмдерiн шығаратын ұсақ кәсiпорындар ашу жайлы проблемаларды көтерiп, "Лениншiл жас" газетiнде жұмыс iстеп жүрген кезiмде "Дихан ата ұмыттың ба?" атты үлкен мақала жаздым. Оның үстiне осы сапарда тұлғасы мен iсiне күллi қазақ таңқалып бастарын иген Мұстафа Шоқайдың кiндiк қаны тамған жердi көрдiм. Ендi Айтбай ағамыз туралы айта кетейiн. Ол кiсiмен Сәкеңнiң дастарқанында жиi кездесiп жүрдiм. Бала кезiмнен шығармаларымен жақсы таныс болғандықтан ба, әрқашан ортақ әңгiме табатынбыз. Осындай бас қосуларымның бiрiнде ашқан жаңалығым – Айтбай ағаның алғашқы спорт комментаторы болғандығы. Рас қазақта бұрынғы тойлар мен мерекелерде, бәйгелер мен балуан күрестерiнде жаршылар болған, түптеп келгенде жаршы, жар салу сөзi қазiргi комментатормен төркiндес. Бiрақ радио арқылы спорт жайлы, оның iшiнде футбол жайлы радиодан алғаш рет әңгiмелеген адам – Айтекең екен. ХХ ғасырдың 20-сыншы жылдарының басында шығыс жастарының көсемi, Туркомолдың бiрiншi хатшысы Ғани Мұратбаев Ташкентте оқып жүрген жастардан бiрiншi рет "Қазақ" деп аталатын футбол командасын ұйымдастырыпты. Осы "Қазақ" командасы бiрнеше жыл қатарынан Ташкенттiң чемпионы болады. Сол жылдары Ташкент радиосынан хабарлар өзбек және қазақ тiлдерiнде бiрдей уақыт алып қатар жүрген көрiнедi. Стадиондағы ойын аяқталған бойда сол "Қазақ" командасының шабуыл шебiнде ойнайтын жас футболшы Айтбай Хангелдин радиокомитетке жүгiрiп жетiп қазақ редакциясынан әлгiнде ғана аяқталған ойын туралы әңгiмелеп бередi екен. Ол уақытта қазiргiдей стадион мен радиоторабы арасында тiкелей байланыс жоқ, репортаждар радио үйiнен осылай студиядан тiкелей әңгiмеленетiн көрiнедi. Бiр жолы Айтекең тек футбол ғана емес, күрес туралы да, күш атасы Қажымұқан мен орыстың атақты балуаны Климентий Бульдың арасындағы белдесу жайлы осындай репортаж бергендiгiн айтты. Мен артынан қалмай, қоярда қоймай жүрiп сол күндерi радиодан айтқан әңгiмесiн қағазға түсiргiзiп (16 бет) "Балуандар баһадүрi" атты әңгiменi "Лениншiл жасқа" жариялаттым, қазақ радиосынан оқыттырдым. Осы күнi өкiнетiнiм – ағаның сол даусын сақтай алмаппын. Радиодан хабар жүргiзумен осылайша студент кезiнен байланысы болғандықтан ба, Қазақстанда алғаш рет республикалық радио комитетi құрылғанда Айтбай Хангелдин оның төрағасы болып тағайындалады. Сырласа жүрiп бiр күнi құпиялап Айтекең маған мынадай әңгiме айтты: – Ғани Ташкентте жүрген жылдары студент жастар онымен күнде кездесетiн. Бiр жолы оның қолындағы қағазға көзiм түсiп өз қолымен жазған "Письмо к молодежи Востока" деген жазуды байқап қалдым. Көп ұзамай Владимир Ильичтiң дәл осындай тақырыппен шығыс жастарына арналған хаты баспасөздерде жарияланды. Маған сонда мынадай ой келдi; Шығыстың езiлген халықтарының жастарын белсендi өмiрге, жаңа құрылысқа жаппай көтеру керек болды. Әлгi хатты дайындаған Ғани, бiрақ оның астына үлкен адамның аты керек едi. Кейiн Мұратбаев КИМнiң шығыс бөлiмiн басқаруға Мәскеуге шақырылып, ұзамай өкпе ауыруынан қайтыс болды деген хабар алдық. Алматыда Сақтапберген Әлжiков деген ағамыз тұрды. Уақытында республикалық "Ара" журналының бас редакторы болған, қарымды қаламгер болатын. Сол кiсi жыл сайын Қызылордаға, туған жерi Қызылжармаға үш-төрт рет барып қайтатын. Барған сайын көңiлi көтерiлiп, шабыттанып оралатын. Сол Әлжекең; – Ер жiгiт туған топырағымен кiндiктесiп жатады. Егер сол кiндiктен ажыраса жiгiт азамат болудан қалады, – дейтұғын. Кейде Сәкеңнiң үйiне телефон шалсам жеңгемiз Алтыннан: – Сәкең Қызылордаға кеттi,– деген жауапты жиi есiтитiн болдық. Бiрде Сәкеңмен Алтын Аралға кеттi деп есiтiдiм. – Неге, ол жақта несi бар?– деп сұрадым. – Аралмен құда болдық. Сәкеңнiң немере iнiсiнiң қызы Аралға ұзатылды. – Кiмнiң ұлы екен?– деп сұрадым аралдықтарды жақсы танитын болғандықтан одан сайын ынтыға түсiп. – Әдiлбай деген азамат көрiнедi. Әдiлбай, Әдiлбай! Есiме түсiре бастадым. Е, өзiм жақсы танитын Әдiлбай ғой. Бiр жылдары ауданды басқарған, менiң немере iнiм Әлiмбаймен Аралда мектепте де, сосын Мәскеуде университетте де бiрге оқыған. Қазiр теңiздiң жанындағы Қамыстыбас көлiнен питомник ашып, Аралдың құнды балықтары бекiре, шоқыр қаяздарды қайтадан көбейтемiн деп жүрген үлкен ұйымдастырушы. Кейде осы мәселе төңiрегiнде айтқан пiкiрлерiн теледидардан тыңдап көңiлiм марқайып қалады. Сәкеңмен бiрге 1964 жылы Аралда болып райкомолдың есеп беру, сайлау конференциясын өткiзгенбiз. Сонда бiрiншi хатшылыққа Кiшкене Айбосынов, хатшылары болып Гүлсайран Әбiлакиева мен Қуаныш Баймағанбетовтар сайланған. Сонда кеме жөндеу заводында тұрған Аралға В. Ленин жiберген темiр жонатын станоктың жанында тұрып Садықбек сөз сөйлеген. 1921 жылы аштыққа ұшыраған Едiл бойының халқына Арал балықшыларының он төрт вагон балық жiбергендiгi, Арал совдепiнiң бiрiншi төрағасы Төлеген Медетбаев, теңiздiң батыс жағында өткен Сарышығанақ шайқасы, сол жолы Арал қорғаушыларына, Перевкск қызыл партизандарының көмекке келуi жайлы қызықты әңгiме айтып едi. Кешкiсiн Сарышығанақ ұрысына қатысқан "Арал Аврорасы" атанған "Коммуна" кемесiмен теңiздiң айдынына шықтық. Желпи соққан самал жел, ұшы-қиырсыз телегей теңiз, тау толқындарды жарып ұшанға ұмтылған кеме бойға ерекше күш, көңiлге қуаныш әкелдi. Кейде теңiзге бес тиындық мыс ақша лақтырамыз. Мөп-мөлдiр судың iшiнде батып бара жатқаны бiраз тереңдiкке дейiн ап-анық көрiнiп тұратын әлгi тиындар әрлi-берлi шайқалған жасыл балдырлардың қоймалжың қойнына барып жоқ болады. Айналам Аралым, Жайнаған Аралым — –деп ән саламыз. Қайран жастық шақтың шаттыққа толы күндерi-ай! Сәкең өзiнiң iсiне берiк, коммунистiк идеяның жасампаздығына сенетiн едi. Өзi сияқты жаны таза, адал, мақсаты биiк адамдар бiрге жүрген жолдастарының арасында көп болатын. Қызметiн адал атқара жүрiп солармен қатар өстi, өзiнiң iскерлiгi, ақыл-парасатының бiтiмдiлiгiмен танылып Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң сектор меңгерушiлiгiне дейiн көтерiлдi. Кейiн Садықбек халық бақылау комитетiне бөлiм бастығы болып келдi. Мемлекет пен халықтың байлығын көздiң қарашығындай сақтауға тиiстi осы бiр қажет ұжымның қазiр Үкiметке қажетi болмай жүр. Комитет таратылған соң, Сәкең Министрлер Кеңесi жанындағы телевизия мен радио жөнiндегi комитетке кадр бөлiмiнiң меңгерушiсi болып келдi. Өзi жақсы бiлетiн жұмысты бiрден-ақ дөңгелетiп әкеттi. Ұзамай творчестволық ұйымды – Алматы облыстық радиосын басқаруға жоғарылатылды. Бұл бұрын жұмысы ақсап жүрген ұжым едi, көп кешiкпей-ақ эфирде жаңа айдарлар пайда болып, астаналық облыс жұртшылығының мақсат-мүдделерiн көздеген көкейтестi хабарлар эфирден берiле бастады. Көп ұзамай бұл мекеме де тарады. Осы арада таңғалатын нәрсе, қанша қиын болса да Садықбек ешқандай қиналған жоқ. Барлық сыры, есебi өзiнiң iшiнде болды. Заман өзгергенде мұндай жәйттер бола бередi. «Өзi жақсы адамға қай жерде де бiр орын бар» дейдi халық. Көп ұзамай ол Қаржы мен валютаны бақылау жөнiндегi республикалық комитетiнiң кадр басқармасының бастығы болып шыға келдi. Қазақта «дәтке қуат» деген сөз бар. Бүгiнгiше түсiндiргенде моральдық қолдау көрсету деген сөз. Сәкеңнiң көңiлi жәй, бұрынғысынан да беделдi әрi абыройлы, оған жиi соғып, әңгiмелесiп тұрамын. Бiр күнi: – Сәке, республикалық телерадио¬коми¬теттегi мен басқаратын спорт және әскери-патриоттық тәрбие Бас редакциясы таратылды. Штатта он сегiз адамымыз бар, көп жұмыс тындырып жүрген ұжым едiк, ендi екiге бөлiнiп телевизияда және радиода жеке-жеке бөлiм болдық. Мен радиоға бөлiм бастығы қызметiне кеттiм, – дедiм. Менiң көңiл-күйiмдi Сәкең тез түсiндi. – Айтпақшы өткен жиналыста бастығымыз Мырзахмет Ауанов бiздiң комитетке баспасөз хатшысы, әрi аудармашы керек деп едi. Барып сен жөнiнде айтып келе қояйыншы, – деп ол шығып кеттi. Ойланып отырмын. Сонда отыз жыл өмiрiмдi арнаған спорт журналистикасымен қоштасамын ба? Сәкең достық көңiлмен айтып отыр. Еңбек жолымды бастағандағыдай тағы да өмiр жолымыз түйiседi ме? Сәкең тез оралды. Қолын берiп: – Арызыңды жаз, қызметке қабылданатын болдың! – дедi. Оқушым осы әңгiменiң бәрi ұсақ-түйек деп түсiнiп қалмаңыз. Өмiр дегеннiң өзi де ұсақ-түйектен тұрады. Осындай болмашы нәрселерден адамдардың достығы, бiр-бiрлерiне деген адал ниеттерi байқалады. Кейiн бiздер қызмет iстейтiн комитет Қаржы министрлiгiнiң құрамына кiрiп, мен сол министрлiктiң аударма бөлiмiнiң меңгерушiлiгiне тағайындалдым. Осы министрлiктен Садықбек екеумiз де құрметтi еңбек демалысқа қатар шықтық. Демалысқа шыққан соң Сәкең қызметке оралған жоқ, творчестволық еңбекпен айналысты, үш өлеңдер жинағын және өмiрбаяндық "Құбыла" атты прозалық кiтабын шығарды. Бұл шығармалардың бағасын оқығандар бере жатар, ал өзiме келсем досымның осы еңбегi ұнатып оқыған, төрiмде тұрған қымбат кiтаптарымның бiрi. Сұлу Сыр ағып барады, кейде арнасына симай тасиды, кейде жайбарақат, бауырын жазып, қос қанатын керiп алға, Аралға қарай тынбай сырғиды. Осынау дүние жаралғалы қаншама су ақты, өзен сияқты қаншама өмiр ағып өттi?! Ал бiздер болсақ қара жердi қатар басып келемiз. Шүкiр!  
Өмiрзақ ЖОЛЫМБЕТОВ
 

Серіктес жаңалықтары