«Қара дауыл Құлыншақ»

Өткен күніңді, тарихыңды білмей, келешектің кемел боларына сену қиын. Елімізде өткенімізді өшірмей, келешекке аманат ету үшін арнайы «Мәдени мұра» жобасы іске асырылуда. Осы орайда ұрпағы ұлы бабасын ұмытпасын деген ізгі ниетпен ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген танымал ақын Құлыншақ Кемелұлы туралы зерттеулер, ақынның шығармалары мен тарихи жәдігерлер қамтылған «Қара дауыл Құлыншақ» атты кітап жарық көрді. Аталған жинақта ақынның өлеңдері, арнаулары, толғаулары, термелері, жазған хаттары, сөз қағысулыры, айтыстары топтастырылған. Сонымен қатар Құлыншақ ақынға арналған арнаулар мен ақын шығармашылығы туралы зерттеулер де жарияланған. Жинақтың соңғы бөлімінде Құлыншақ ақынның ұлы Ысқақтың қысқаша өмірдерегі мен Қадиша қызбен айтысы ұсынылған.

Құлыншақ Кемелұлы 1840 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Жартытөбе деген жерінде дүниеге келген. Үш айлық ескіше шаласауатты білім алған. Құлыншақ он бес жасқа келгенде-ақ жұрт назарын өзіне аудара бастаған. Алғашында жаттаған өлеңдерін айтып, сауық кештерге қатысып жүрген. Өз бетімен ізденіп, білімді жандардың қасында жүруге тырысқан. Осылайша өзіндік ізденіспен шығыс қисса-дастандарына қол жеткізген. Құлыншақ ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, өз өлеңдерін ауызекі айтып таратады. Ол – Түркістан жыршылық мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі. Құлыншақ ақын тек жыршы ғана емес, көпқырлы шығармашылық иесі. Бұл жайында кітапта ақын шығармашылығын зерттеуші Әсілхан Оспанұлының зерттеулерінен үзінді келтіріп өткен. «Шығармашылық қызметіне келер болсақ, қолдағы әдеби мұраларының мөлшері, түбірі, бітім-болмысына қарағанда ақын өнерінің негізгі үш қыры барын болжар едік. Олардың ең бастысы, терең ойшылдығының белгісіндей философиялық пайымдаулар болғанда, екіншісі – өткір әзіл-оспаққа, әжуа-мысқыл, сын-сықаққа құрылған әлеуметтік мазмұндағы өлеңдерге ұсталығы да, үшіншісі – шебер айтыскерлігі дер едік. Ал енді ақынның ең алымды шәкірттерінің бірі болып, дүниежүзілік даңққа бөленген Жамбыл атамыздың бізге ақын Ғали Орманов пен профессор Бейсенбай Кенжебаев арқылы жеткен естеліктеріне жүгінсек, онда Құлыншақ өнерінің төртінші қыры дастаншылдық-жыраулық болғандығын да байқаймыз» деп көрсеткен зерттеуші Әсілхан Оспанұлы.

Ақын шығармашылығында табиғаттың, адам өмірінің мән-мазмұнын көрсететін, философиялық ойлар мен тәлімді ақыл-кеңес айтатын өлеңдері мен термелері ерекше орын алады. Құлыншақ ақын адам баласының әрбір жас шамасын, әрбір кезеңін өзінше толғап жазады. Өлеңдерінде өзіне ғана тән көркемдік әдістерді қолданады. Ақын шығармаларында өмірге деген көзқарас бейнелі сөздермен суреттелген. Ел үшін жасалған игі істердің халық жадында мәңгі сақталатынын айтып, ізгілікке үндейді. Құлыншақтың толғауларынан ақынның өз кезіндегі әлеуметтік мәселелерге үн қосқан ақын болғандығы да танылады.

Құлыншақ Кемелұлының шешендігі мен шыншылдығына ел риза болып, ақынды ардақ тұтқан. Әсіресе, заманында қолдарында билік бар шенді-шекпенділерді өлтіре әжуалап, олардың қарапейілін ашық айтып отырған. Бар өмірі мен өнерін халқына арнаған ақынның тіршілік қамын ойлап, ел-жұртына өнерден шашу шашуды мақсат етуі – оның азаматтық мұраты болды.

Ерте кезде ел аралап, қазақ тойларында ән салып, өлең айтқан ақындардың жыр-дастандары қағаз бетіне түсірілмей, ұмыт қалған. Құлыншақ Кемелұлының асыл мұрасы да осылайша бізге беймәлім. Бүгінде біздің қолымызға жеткен туындылар – оның шығармаларының біршамасы ғана болуы әбден мүмкін. Филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібай: «Атап өтерлік бір мәселе – дер кезінде хатқа түспей, кейінірек ел аузынан жиналғандықтан, ақындардың бірінің өлеңі кейде екіншісінікіне телініп кете береді. Құлыншақтың кейбір өлеңі осылайша басқалардың қорына «қосылып» жүруі де мүмкін. Әсіресе, мұндай ауыс-күйіс жері, елі, өлкесі жақын, замандас ақындар мұрасында кездесуі ғажап емес. Мәселен, «Көлбайға» деген бір ауыз өлең бірде Молда Мұсаға, бірде Майлықожаға телініп келеді» дейді.

«Ақын Құлыншақ Кемелұлының жазба мұрасы өзі өмірден өткен соң балаларының қолында сақталып келеді де, Кеңес үкіметі кезеңіндегі қиын-қыстау заманда ұшты-күйлі жоғалады. Ел ішінде балалары әр жерге тығып жүріп, соңында айырылып тынған деген де дерек бар. Ақын мұрасының сақталмауына өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Созақ көтерілісі де салқынын тигізген болуы мүмкін. Сонымен бірге көп өлеңдерінің айтылмай, жарияланбай жоғалып кетуіне оның Меккеге қажылыққа баруының өзі себеп болды. Кешегі дінді уағыздаушыларды отап тұрған заманда қажының өлеңін айту да, жазып-жинақтау да қауіпті» деп көрсетілген қолымыздағы жинақта.

Ақын туралы барлық деректерді топтас­тырып, арнайы кітап етіп шығарған ақын мұрасының жанашырлары оқырманға біршама деректер ұсынған. Бұл жинақ – Құлыншақ ақын туралы ел азаматтары еңбектерінің басын құраған тұтас дүние. Құлыншақ Кемелұлының әр кезеңдегі туындыларының басын біріктірген сүбелі еңбек.

Әсел ӘНУАРБЕК

Back to top button