СЕНІМ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

«Бауыржан» қайырымдылық қоры мен «Нұр Отан» ХДП, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің өкілдері еліміздегі барлық жетім балаларға арналған «Арманыңа қадам бас» атты футболдан республикалық турнирді бастады. «Бауыржан» қайырымдылық қорының жетекшісі Жұлдыз Омарбекова доп додасына Алматы, Астана, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жетімдер үйінен 18 команданың 11-16 жас аралығындағы тәрбиеленушілері қатысатынын айтқан болатын. Жуырда Алматы қаласындағы «Olzha Sport» футбол алаңында республикалық «Арманыңа қадам бас» турнирінің алғашқы ойыны өтті. Қаладағы №1 және №2 балалар үйінің тәрбиеленушілерінің «Тарлан» және «Парасат» командалары бақ сынасқан бұл додада «тарландықтардың» бабы мен бағы басым түсті.

Ұйымдастырушылар қауымы турнирде Бас жүлдені қанжығаға байлаған команданың Италияға он күнге демалысқа саяхаттайтынын айтып отыр. Балалар «барселоналық» ойыншылармен, атап айтқанда, кез келген қарадомалақтың арманына айналған Мессимен кездесуге мүмкіндік барын айтады. Ең бастысы, футболға қабілеті бар қазақстандық тума таланттардың «Барселона» бапкерлерінің көзіне түсіп, әлемге аты шыққан ең мықты команда құрамына қабылдануына мүмкіндігі бар.

Алғашқы ойын өте тартымды өтті. 3:0 есебімен қарсыластарынан басым түскен «Тарлан» командасы жеңіске бір қадам жақындады. Бірінші голды пенальтиден команда капитаны Руслан Метельников салды. Осы голымен және көтеріңкі ынта-жігерімен ол командасын жеңіске жетелей білді. Дегенмен, бұл күні ешкімнің де қаймықпағанын атап өткен жөн: «Парасат» командасы 13 мамыр күніне жоспарланған жауапты матчта жеңіске жететініне сенімді, сондықтан балалардың күлкісі алаңда ұзақ уақыт естілді, олар матчты бірлесе талқылап, болашаққа болжам жасап, жоспар құра бастады. Ойын туралы өз пікірімен бөліскен жобаның үйлестірушісі Сәуле Құлтаева: «Жетім балалардың өмірінде шат күлкіге себеп көп емес. Біз олардың өміріне аз да болсын қуаныш пен мереке сыйлауға ниеттіміз. Бүгін көріп отырмыз, балалар жігерлене ойнауда, көздері жайнап тұр. Мұның өзі көпке тұрарлық. Біз балалар армандай бастайды, салауатты өмір салтын ұстануды жалғастырып, ең дарындылары болашақта спорт жұлдызы атанады деп үміттенеміз»», – деді.

Юлия Анищук,

№40 мектептің 11-сынып оқушысы,

№1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі

Алматы

«Ғылым қоры» құттықтады

Жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында, «Ғылым қоры» қызметкерлері және «Нұр Отан» ХДП «Бірлік» филиалы «Ғылым» бастауыш партия ұйымының өкілдері Ұлы Отан соғысының жауынгер лейтенанты Кашфулла Зигангировты келе жатқан мерекесімен құттықтады.

Кашфулла Зигангиров 1923 жылдың 25 желтоқсанында Башқұрт АСКР Буздякский ауданының Каран ауылында дүниеге келген. 1937 жылы оның ата-анасы Қазақстанға көшіп келеді. 19 жастағы жас лейтенантқа соғыс мамыр айында басталып, 1945 жылғы жеңіске жеткенге дейін жалғасты.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту» және «Отан соғысы» атты үш жауынгерлік орденімен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін, Кашфулла Зигангиров КСРО мемлекеттік банкінде қызмет атқарған. Отты майданнан кейін әлсіреген экономиканы қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

Сонымен қатар, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында, соғыс ардагері Анна Савицкаяны құттықтады. Сұрапыл соғыс заманында Анна Савицкая аспазшы, телефонист, немістердің еңбек лагерінде тазалықшы болып еңбек атқарған. 1942 жылы Анна Ивановнаны оккупацияланған Украинадан Германияның еңбек лагеріне алып кеткен. 1945 жылдың басында лагерьден босатылған соң, Қызыл әскер қатарына өз еркімен алынады. Сол кезде 18 жастағы қыз, өз қызметін әскери емханада тазалықшы болудан бастайды, одан кейін телефонист қызметін атқарады. Соғыс аяқталған соң, Праганы азат еткен әскерден аспазшы ретінде жұмыс жасап жүрген қызметінен елге оралды.

Ұлы Жеңіске қол жеткен соң, өзінің туған еліне оралып, сол жерде отбасын құрады. 1954 жылы Тыңды игеруге Қазақстанға жолдама арқылы келіп, әрі қарай жұмыс істеп Қазақстанда қалған.

Анна Ивановна «Ғылым қоры» қызметкерлерінің келгеніне шын жүректен қуанып қалды, себебі жұбайы қайтыс болғаннан бері жалғыз өмір сүріп келеді. Ұлы отбасымен Көкшетау қаласында тұрады, бірақ бос уақытында келіп, жағдайын біліп тұратынын айтты. «Ғылым қоры» қызметкерлері Анна Ивановнамен Жеңіс күнін бірге мерекелі үстел басында атап өтуді және мерекелік күндерде Астана қаласы бойынша экскурсия ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Ғылым қоры» қызметкерлері ардагерге азық-түлік жиынтығын сыйлайды және ардагердің сұрауы бойынша материалдық көмек көрсетеді.

Ардагерлеріміздің бейбіт өмір сүру үшін өмірлерін қиғандарын бағалай білуіміз қажет. Келер ұрпаққа батырларымыздың көрсеткен ерліктерін жеткізу – біздің қастерлі борышымыз.

Ақерке МҰсабекова

Back to top button