«100 АУЛА» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

«100 АУЛА» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

«100 АУЛА» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА
ашық дереккөзі
222

Таяуда «Нұр Отан» партиясы, «Жас Отан» жастар қанаты, Қазақстанның Жас депутаттар қауымдастығы мен «Нақты істер бағдарламасы» қоғамдық еңбек қозғалысының бастамасымен «100 аула» акциясы басталған болатын. Бұл шара аясында қала аулаларын тазалау, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Республиканың өңірлерінде тегіс ұйымдастырылған осынау шара барысында қала тұрғындары мен мектеп оқушылары игілікті істен тыс қалмай, өз аулаларын жаңартуға атсалысуда. «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов акцияның мақсаты мен атқаратын шаруасын түсіндіріп өткен болатын. «Біз еліміздің жастарына үндеу тастағымыз келіп отыр. Елімізге, Отанымызға пайдамызды тигізгіміз келсе, өзіміздің ауламыздан бастайық. Ауламызды көгалдандырайық, гүлдендірейік. Демалуға, кішкентай балалардың уақытты жақсы өткізуіне, ойнауына барлық жағдайды жасауға мүмкіндік болады», – деді ол.

Бүгінде бұл акция облыс қалаларын толық қамтып келеді. Қалалы жерде жылдам тозып, ары-бері өткеннің аялдамасына айналған кейбір аулалардың келбеті көріксіздене бастаған. Әсіресе балалар алаңы тозып, отырғыштар мен сырғанақтар майысып қалған. Сондықтан осы акция барысында дәп сол ауланың тұрғындарын жұмылдырудың маңызы зор. Әрине, 100 ғана аула емес, қаладағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін аулалардың барлығы назардан тыс қалмайды. Бұл ретте бірлестік жетекшілерінің де пікірі осы орайлас. «100 аула» – шараның шартты түрдегі атауы ғана. Мүмкін болса, одан да көп аула мен алаңқайларды көркейтуге күш саламыз», – дейді жасотандықтар.

– Акция барысында біз жүз ауламен шектелмейміз. Абаттандырылған аулалардың саны мыңға дейін жетеді деп үміттенеміз. Жастар тарапынан әсіре белсенділік болады деп сенеміз. Жастардың күшін мүмкіндігінше тартуымыз қажет. Қазір қалалық жерлерде турниктерді, отыратын орындықтарды жастар керісінше сындырып жататыны жиі байқалады. Сол аулаларға жастардың өздері орындық, турник, балалар ойын алаңдарын өз қолдарымен жасайтын болса, ертеңгі күні сындырмақ түгілі басқа біреуге қол тигіздірмей, алдын алуға септігін тигізеді», – дейді бірлестік жетекшілері. Қазір Ақмола облысындағы жөнделетін алаңдардың тізімі жасалып жатыр, шамамен бір-екі айдың ішінде жұмыс басталады. Ал, тамыз айында жобаны өзге аймақтарда кеңінен жүзеге асыру көзделуде.

Өткен аптада Көкшетауда «Нақты істер бағдарламасы» қоғамдық-еңбек қозғалысы шеңберінде «Біздің аула» акциясы жалғасын тапты. Атап айтсақ, «Нұр Отан» ХДП Көкшетау қалалық филиалының қолдауымен Красный Яр ауылында, «Сұңқар» ықшам ауданында «Жас Отан» ЖҚ бастамасы бойынша «Біздің аула» акциясына көпшілік жұмылдырылды. Сонымен қатар облыс орталығында жасотандықтар спорт және балалар ойнайтын алаңдарды сырлап, құмсалғыш пен орындықтарды жасады.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, облыс орталығын көркейту жөніндегі бюджеттік жобаларын жүзеге асыру аясында қалалық әкімдікпен бірлесе жасалған іс-шараларға қосымша «Біздің аула» акциясы зор септігін тигізді. «Жас Отан» ЖҚ белсенділері өз ауласын әрбір қала тұрғыны қалпына келтіріп, аббаттандыру мен көркейту жұмыстарына қол ұшын тигізе алатынына сенімді.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары