«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» немесе Лекеров неден жазықты болды?

«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» немесе Лекеров неден жазықты болды?

«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» немесе  Лекеров неден жазықты болды?
ашық дереккөзі
1818

Филипп Исаевич Голощекин БК(б)П Өлкелік комитетінің бюросына хатқа қол қойған және соған қатысы барларды шақырып, талқыға салды. ҚР Президенті мұрағатында бюроның мәсе­лені қалай қарағаны жөнінде хаттама құжаттар жоқ. Алайда Голощекин бюрода ауылдардағы шаруалардың партия саясатын қызу қолдап, колхоздарға өз еріктерімен кіріп жатқандарын және ұжымдық шаруашылықтар санының уақыт өткен сайын өсу үстінде екенін сандық көрсеткіштермен дәлелдеп, хатқа қол қойғандар Өлкелік партия комитетіне жала жапқандары үшін деген айыппен партия мүшелігінен шығарылып, қатаң жазаға тартылатындарын айтқан қоқан-лоққысын ҚР Президенті мұрағатындағы (фонд №141, опис 1, ед. хр. № 5233) құжатта сақталған хатқа қол қоюшылар мен соған қатысы барлардың Өлкелік комитет атына жазған түсініктемелерінен байқауға болады.

Иә, партиядан шықсаң, қызметтен айырыласың. Қылмысың ауыр болса, істі болуың да ғажап емес. 1927 жылғы партия қатарын тазалауда да көптеген жандар қызметтерімен қош айтысқан. Соны естеріне алды ма, хатқа қол қойған бесеу Голощекиннің айқайынан жасқанып, табандылық таныта алмай бірден сынды. Пәрмен қатты, жан тәтті. Олар бірінен соң бірі Өлкелік комитетке келіп, қателіктерін мойындаған өтініштерін беріп, қорғанысқа көшті. «БК(б)П Өлкелік комитетінеБіздің қатысуымызбен өткен БК(б)П Өлкелік комитетінің белгілі кеңесінде құжаттағы (хатты айтып отыр. К.А.) сауалдарымызға жауаптар мен түсініктемелер алғаннан кейін біздің көзіміз мынаған жетті. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында, ең бастысы мал шаруашылығы қазіргі кезеңде қиын жағдайда дамып отырғанын біржақты талдап және бағалаған тәсілімізден біздің құжатта бірқатар қателіктерге жол берілген. Қазір біздің көңіл-күйімізді жүдетіп, жанымызға батқан осы бір құжаттан үзілді-кесілді бас тарта отырып, БК(б)П Өлкелік комитетіне мына жайларды мәлімдеуді қажет деп санаймыз.Тұғырнама тәріздес бұл құжаттың пайда болу фактісінің өзі біздің қателігіміз. Өйткені біздің Өлкелік партия комитетіне кез келген уақытта келіп, бізді толғандырған мәселелер жөнінде ауызша түрде барлық қажетті түсіндірмелер мен жауаптар алуымызға болатын еді.Көкейде айтылмаған сөз қалмасын деген ниетпен екіұшты ұғымның орын алуына жол бермеу үшін БК(б)П Өлкелік комитетінің алдында шынайы ашық болуды жөн көрдік. Қазақстанның бүгінгі жағдайындағы тек қана олқылықтарына ден қоя отырып, біржақты талдап және баға берген тәсілімізден қателіктерге ұрынған біз кемшіліктерді асыра көрсетудің салдарынан бояуын тіптен қалыңдатып жіберіппіз. Дұрыс емес талдауымыздың нәтижесінде біз Қазақстанда ауыл шаруашылығы төмендеп кеткені соншалық, оны 30-шы жыл деңгейіндегі қалпына келтіру жақын келешекте жүзеге асыру мүмкін емес деген жаңылыс шешімге келген едік. Сонымен бірге біз кемшіліктерді талдауға біржақты келу салдарынан елдегі ерекше жетістіктерді ауызға алып, жеке тоқтала қоймадық. Ағымдағы жылдың аса қиын жағдайында астық егу жоспарын орындап, қазақ еңбекшілері Одақ пролетариатының басшылығымен капиталистік құрылымды айналып өтіп, социализмге біржолата өту кезеңінде жергілікті пролетариаттың қалыптасып, Қазақстанды индустрияландыру саласы зор табыстарға қол жеткізгенін де қаперімізге алмадық.Біз Қазақстандағы осы өзгерістердің қиыншылықтарын терең талдап түсінуіміз керек еді. Әсіресе тап күресі ерекшелігі жағдайына байланысты жақтарын. Оның үстіне бұл қиындықтарды жеңіп шығып, жетістіктерге жетуде кері әсерін тигізген төменгі деңгейлі қызметкер мамандардың біліктіліктерінің жетімсіз жағына жете мән бермедік.Біздің Қазақстандағы нақты жағдайды жан-жақты талдай алмағанымызды былай қойғанда, Өлкелік комитет бұрыннан-ақ біз қозғаған мәселелер бойынша орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді аша отырып, оны большевиктік жолмен түзетуді көрсетіп берген 4-ші Пленумның көптеген арнайы шешімдерімен жеткілікті түрде таныса алмадық. Біз ұсынған мәселелердің көп бөлігі қазіргі уақытта бұрыннан-ақ кең көлемде жүзеге асырылып келеді екен.Осылай біздің Өлкелік комитетке берген жазбамызда жаңадан ештеңе жоғын, БК(б)П Өлкелік комитеттің алдын ала болжаған шешімдерінде бәрі де көрсетіліп қойғанын және оның шынымен де іс-жүзінде жүзеге асыруда екенін білдік. Біздің кемшіліктерді асыра көрсеткеніміз бұрылыс қалтарыстарында партия шанасын аударып тастауға дайын тұрған, ең бас­тысы жергілікті ұлтшылдар мен партия ішіндегі біздің жауларымыздың диірмен тасын айналдыруға су құю болып табылудан басқа ештеңе емес екен.Өлкелік комитеттің большевиктік басшылығына қожановша-сәдуақасовша «қазақ халқы» туралы әнін қайталай беруден жалықпай күресуді дағдыға айналдырған Лекеровтің партияға қарсы ұлтшылдық көзқарасынан үзілді-кесілді түрде іргемізді аулаққа саламыз.Лекеров бізді оңшыл ауытқушылар мен жергілікті ұлтшылдардың талаптарымен мәні қабысып жатқан құжатпен солардың лагеріне қарай тартса да, біз өз үндеуімізден ақи-тақи бас тартамыз. Сөз соңында Қуанышев жолдастың Өлкелік комитет кеңесіндегі сөзімен келіспейтіндігімізді мәлімдеуді қажет деп таптық. Оның сөзі партияға қарсы лекеровтік ұлтшылдық нұсқаумен үндес және біздің құжатта баяндалған мәселелерден тіптен де алшақ жатыр. Сондай-ақ бізге Исаев жолдастың Өлкелік комитет бюросының өзге де мүшелерімен болған өзара түсініспеушіліктері жайлы Гатауллин таратқан алып-қашпа сөздері де мәлім емес. Егер сондай сөздер орын алған болса, (ал ол бізге тіптен беймәлім) онда біз оны қайдан шықса да арандату мақсатында айтылған саяси өсек деп батыл түрде айыптаймыз.Біз төменде қол қоюшылар бірқатар қателіктері бар құжатты ұсынғанымызды мойындай отырып, одан бас тартамыз. Қазіргі уақытта Қазақстандағы қиын жағдайды пайдаланып, бас көтерген солшыл ауытқушылар мен оңшыл оппортунизмге қарсы екі жақты майдан жүргізе отырып, ең басты қауіп ретінде жергілікті ұлтшылдар мен ұлыдержавалық шовинизмге қарсы күрес жүргіземіз. Өлкелік комитеттің басшылығымен қазір де социалистік құрылысты дамытуға бұрынғыдай белсенді еңбек ете отырып, осы қиын жолда Қазақстандағы қиындықтарды жеңіп шығуға бар көмегімізді береміз деп Өлкелік комитетті сендіреміз.Дәулетғалиев, Мүсірепов, Алтынбеков 1. VII. 32 жыл».Өзекті өртейтін ащы шындық. Мұрағаттың сарытап қағаздарынан оқып отырып та, көріп отырып та, елге әйгілі бесеудің бәрінен бас тартқанына сенгің келмейді. Басқаны қойшы, шынымен-ақ «Бейімбет халық жауы болса, мен де жаумын» деп атойлап шыққан Мүсірепов қалай бас тартты? Он емес, жүз емес, тіптен мың да емес, миллиондап аштыққа ұшырап, қазақ қынадай қырылып жатқанда, сол бесеу үшін партбилеттері мен қызмет орындары қымбат болғаны ма деген ой еріксіз алып қашады екен. Оның үстіне Жоспарлау комитетінен құпия мәліметтер алып, хатқа түсірген Әзімбай Лекеров туралы алдын-ала жан адамға тіс жарып, ауыз ашпаймыз деген келісімдерінен тайқып, оны жардың қыл жиегінен терең құзға итеріп жібергендерін қалай түсінуге болады? Бұл 1932 жылдың шілдесі. 1937-нің жаппай қуғын-сүргініне дейін әлі бақандай бес жыл бар. Голощекин ең арысы оларды партиядан шығарып, қызметтен алар еді. Ол алты айдан соң, 1933 жылдың қаңтарында осы аштыққа байланысты орнынан босатылды ғой. Бесеудің Ұлт үшін Голощекиннің ығына жығылмай, хаттағы талаптарына табандап тұрып алуларына болмас па еді. Сол жылдың қыркүйек айында РСФСР Халық шаруашылығы Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов БК(б)П Орталық Комитетінің Бас хатшысы Иосиф Виссарионович Сталиннің атына Қазақстандағы қисапсыз мал шығыны мен алапат аштықты жан-жақты көрсетіп, екінші қайтара жазған хатын көсемге өз қолымен тапсырғанын тарихшылар мен әдебиетшілер жақсы біледі. Сонда Сталин оған сенбегендей оқты көзімен ата қарап: «Рысқұлов жолдас, сен бұл мәліметтерді қайдан алдың?», – деп зіл тастай сөйлеген. Рысқұлов: «Жолдас Сталин, Қазақстанға өзім арнайы ұйымдастырып жіберген комиссия ақпаратынан және осында аштықтан босып келген қазақтардан алдым», – деп табандап тұрды. Ақыры аштарға жедел көмек көрсету жөнінде өкіметке арнайы қаулы қабылдатты. Сонда не үшін? Атақ, даңқ үшін бе? Жоқ! Сонда кім үшін? Ұлт үшін! Ұлттың генофондын сақтап қалу үшін бәріне басын тігіп, Сталиндей арыстанның аузына түсті. Сталин кім?.. Голощекин кім?.. Лекеров демекші, осындайда Алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсыновтың мына өлең жолдары еске оралады.Қинамайды абақтыға жапқаны,Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.Маған ауыр осылардың бәрінен,Өз ауылымның иттері үріп қапқаны.Ұлтын шын сүйіп, алған беттерінен қайтпай өлімге де бастарын тіккен қайран Алаштың арыстары! Егер бесеуі Голощекиннің алдында табандап тұрғанда, жағдай мүлдем басқаша болар ма еді, кім білсін. Қалай айтқанда да қызыл билеттері мен қызметтерін жаппай аштықтан қырылып, ауа көшіп жатқан ұлтынан артық көргендері өкінішті. Осы кезге дейін ел басына күн туған аса қиын кезде ұлтына жанашырлық танытты деп бесеудің жазған хаттарын дәріптеп, аттарын ұлықтап келген қазаққа мұрағатта әлі күнге шірімей жатқан осы бір шындықты жеткізу де ауыр екен. «Айтпасаң сөздің атасы өледі». Қазақстан Республикасы Жоспарлау комитеті төрағасының екінші орынбасары Л.Атаянец.«Өлкелік партия комитетінің бюросына…Маусым айының соңғы демалыс күндерінің бірінде мен отбасыммен Жоспарлау комитетінің саяжайына бардым. Жобамен бірер сағаттан соң сол жерге Андижанов жолдас келді. Біз бұл кездесу жөнінде жуырда ғана келіскен едік. Онымен бірге Мүсірепов, Қуанышев, Гатауллин, Алтынбеков, Дәулетғалиев және мен танымайтын және біреу келді. Оның фамилиясы қазір есімде жоқ. Оларды мен келеді деп күткенім де жоқ еді. Ал Андижанов та маған ескертпеген. Түскі ас мәзірі кезінде әңгіме саясат тақырыбында өрбіді. Негізінен Қазақстандағы мал шаруашылығы туралы баса айтылып жатты. Сөйлеушілер мал шаруашылығы жағдайын өте ауыр деп бағалай отырып, Өлкелік партия комитеті тарапынан нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Бірақ олардың бірде-біреуі шындап қандай шаралар жасау қажеттігін көрсетпеді. Менен мал шаруашылығы жағдайына қалай қарайтынымды сұрады. Мен шаруашылықтың бұл саласында жағдай ауыр деп санайтынымды айта келіп, мал шаруашылығының түйінді жағдайын шешу біздің алдымызда қиындықтар тудырып отырғанын, біздің күш-қайратымыз бен іс-тәжірибемізді және барлық саяси әрі шаруашылық білім-біліктілігімізді барынша жұмылдыру керектігін алға тарттым. Мәселе тап қазір не істеу керектігіне келгенде барлығы Өлкелік партия комитеті бюро мүшелерінің біреуімен мал шаруашылығын көтеретін шараларды ұсына отырып, кеңесу қажеттігін ауызға алғандай болған. Қуанышев жолдастың тарапынан болар мынандай да пікір айтылды. Ол: «Пленумда бұл жөнінде сөйлеу керек шығар» дегендей болып еді, алайда оның бұл ұсынысы басқалардан қолдау таппаған соң, ол да үнсіз қалды. Ақыры Өлкелік партия комитеті қарауына ұсынатын шараларды ойластыра келіп, оны жазба түрінде Өлкелік комитеттің хатшыларының біріне беру керектігіне тоқталды…».Әңгіме желісінен сезіп отырғанымыз олар мал шығынын сөз еткен де аштықты, адам қырғыны туралы айтпаған. «Ата кәсіптен айырылған қазақтар аштықтың азабы мен қасіретін жаппай тартып жатыр» деп біреуі дауыс көтерсейші. Солай десек ұлтшыл атанып кетеміз деп қорықса керек. Ал аштықтан қырылып, бас ауған жағына босып жатқан қазақтар. Орыстар тұрып жатқан елді мекендерде ондай аштық болмаған. ҚР Президенті мұрағатындағы «История Казахстана ХХ века в документах» жинағында Вера Владимировна Рихтер сол бір жылдардан естелік жазған. «…Біз Нұра өзенін бойлай отырып, Қарқаралы қаласындағы темір жолды бетке алдық. Қалың қар басқан қыстың суық күнінде түйемен екі жүз верст шақырым жол жүруіміз керек….Мен қолыма бір үзім нан алып, дәлізге шықтым. Қарсы жақ бөлмеден сүйретіліп әзер шыққан арық қазақ қызға нанымды көрсетіп едім ол маған аса бір жалынышты көзбен қарап, өз тілінде әлденені айтып, әлсіз созды. Ал мен болсам қолымдағы нанымды артыма жасыра қойдым. Сонда мен тіптен одан мерейімнің үстем екенін сезініп, бір сәтке марқайып та қалдым. Менде бар нан, онда жоқ. Ал қыз қолын түсірді де қарсы бөлмеге қайта кіріп кетті. Осы әбестігімді неге істедім? Мен жол бойында талай аштан өлгендердің мәйіттерін көрдім ғой. Әлде мен соларды көрсем де тоқтықтан аштықтың қандай қасірет екенін түсінбедім бе? Әлі күнге сондағы ісімді түсіне алар емеспін. …Күн батпай тұрып, орыстар орналасқан үлкен бір елді мекенге жеттік. Көліктердің аяқтарын суытып, жемдеп, өзіміз де демалып алу үшін сол жерде бір жарым тәуліктей кідіруге тура келді. Біз тоқтаған елді мекендерде тұратын жандар аштыққа ұрынбаған екен. Ұраларындағы тыққан азықтары қанша уақытқа жетерін кім білсін. Әйтеуір қарындары тоқ. Бірақ аштыққа ұшырағандардан қатты қорқып, есіктері мен аула қоршауларының қақпаларын тарс бекітіп тастапты. Бізге аса оң қабақ таныта қойған жоқ. Ел ішіне «Аштар үйлерімізге басып кіріп, барымыздан айырылып қаламыз ба» деген асыра айтылған, күдікті сөздер тараған. …Аш-жалаңаштарға Үкіметтен келер көмек жоқ. Олардың көмек беру пейілдері де жоқ. Оның үстіне осыншалық үлкен көлемде ұйымдастыра алмас та еді. Ал там-тұмдап бергендері кімді жарылқады дейсіз. Кейін мемлекеттік машина аштыққа қарсы тұтастай жұмыс істей бастаған кезде олардың көмегін алар жан болмай да қалды. Үкімет қалайда осы аштықты жасырып, қаңқу сөз жүзінде ғана қалдыруға жанын салды. 1939 жылғы халық санағының қорытынды нәтижесі сол жылдары Қазақстанда аштық­тан болған жан түршігерлік жайды жеткізген­дей әсер берді. Бұл жалпы халыққа жасалған «зиянкестік» деп атап, санақ нәтижесі жарияланған жоқ. Менің жолдасым В.С.Н.-нің әкесі 1930 жылдары Орта Азия елдеріне халық санағын жүргізгендердің бірі екен. Оның әкесінен естігені сол аштық жылдары Қазақстан халқының жалпы санының 75 пайызы қырылған екен. Әрине, негізінен қазақтар». (Аталмыш жинақ 2005 жылы Алматыдан шыққан. 53-56 бет).Енді Л.Атаянцтің үзілген сөзін қайта жалғастырайық.«…Әңгіме ортасында саяжайға Лекеров жолдас келді. Аздап татып алған секілді. Жанымызға отырған бойда сөзге араласты. Ол талқыланып жатқан мәселеге мүлдем қатысы жоқ Қазақстандағы жекелеген басшылардың бітім-болмысын келемеждеп, мінездеме бере бастады. Олардың саяси қайраткерлігіне емес, ақыл-алымдарына, қарым-қабілеттеріне, сыртқы кескін-келбеттеріне және тағы басқа да қасиеттеріне баға берумен болды. Осындай бағытта бірқатар жолдастарды ауызға алды. Әрине оның көп бөлігі қазақ қызметкерлері. Олардың ешқайсысының жағымды жақтарынан тіс жармады. Оның сөзіне ден қойсақ, Исаев жолдасты және сонымен бірге Қожанов пен Сәдуақасовты ғана «ақылды қазақ» деп мойындайды екен. Әсіресе, оның Қахиан (Жоспарлау комитетінің төрағасы. К.А.) жолдастың түрі мен пішінін жұдырыққа теңеп айтқаны жөнсіздік. Ал Голощекин туралы ештеңе де айтқан жоқ.Лекеровтің осы қыжытпа мінездемелері мен теңеулерінің мәні басшылыққа, атап айтқанда Өлкелік комитет бюросына шабуылы болып табылады. Оның бұл ұлтшылдық ескі ауруының жаңа үлгісін көрсетіп отырғаны және одан арыла қоймағаны осы бір тік мінезінен байқалып тұрғандай. Мен үшін бұл тап қазіргідей анық әрі түсінікті. Маған оның бұл өрескел ісі басқа жолдастар үшін де түсінікті секілді көрінеді. Өйткені мен мұны Гатауллин мен Дәулетғалиевтің берген түсініктемелерінен анық көрініп тұрғандай, олардың Лекеровтің енді қайтып соңынан ергісі келмейтіндерінен және онымен мүлдем байланысқылары жоғынан байқадым.Біздің өрескел жіберген қателігіміз сол, Лекеров жолдастың басшылыққа қарсы бағыттап айтқандарымен келіспей, мұндай жағдайда большевиктерше бірден және батыл тойтарыс бермегеніміз. Сол жерде-ақ оның теңеулері мен келемеж мінездемелерін әшкерелемегеніміз, басшылық қызметкерлердің сыртқы пішіндері және жеке мінез-құлықтарының, олардың саяси сипаттамаларымен біртұтас екендігін көрсете алмағанымыз. Лекеров жолдастың көпірме сөзінің тасасында басшылықты келемеждеу әрекеттері арқылы олардың жұрт алдындағы беделдерін түсіру екені бізге түсінікті. Біздің қатеміз мынада, Лекеров жолдасқа саяси әрі ісіне қарай партиялық баға беріп, сөйлеуіне еш мүмкіндік жасамауымыз керек еді.Місірепов жолдас пен басқалардың арыздары бойынша менің айтарым мынау. Оны жазуға мен қатысқаным жоқ және арызды Голощекин жолдаста болған кеңесте алғаш рет көрдім. Менің хатты толық оқып шығуға мүмкіндігім болмады. Тек аздаған беттеріне көз жүгірттім. Алайда Мүсіреповтің, Дәулетғалиевтің және Қуанышевтің сөздерінің мәні маған маман ретінде саяси қате, партияға қарсы, оның үстіне жете ойланып жазылмаған құжат екенін білді­реді. Біздің елдегі социализм құрылысын табыс­ты жүзеге асыру ісінде, Қазақстанның ауыл шаруашылығында негізгі капиталдың ұдайы әрі барлық уақытта көтеріліп отырғанын, ха­лық шаруашылығы мен әлеуметтік-мәдени даму­ының орасан зор жетістіктерінің мәнін түсін­беуі. Бұл құжаттың саяси қатесін, зиянды әрі партияға қарсы екенін айтуға міндетім деп санаймын. Л.Атаянц 11. VII. 32 жыл».Адам кейде ішкі жан күйзелісін басу үшін аздап ащы судан татып алатын жағдай қай кезде де болған. Лекеровтің аштықтан халқы қырылып, аш-жалаңаш бастары ауған жаққа босып жатқан кезде Өлкелік комитеттің басшылары, бюро мүшелеріндегі қазақ қызметкерлерінің еш әрекетсіз бейғам отырғаны жанына батқаны анық. Лекеров келемеждеген жандар кімдер? Атаянц олардың атан атап, түрлерін түстеп айтпаған. Ал Лекеров олардың ұлтынан қызметтерін артық көріп, дәрменсіз отырғандарына ашынғаннан келемеждеген. Иә, Атаянц дұрыс айтады. Үкіметтегі басшылықты келемеждеу арқылы Лекеров әділетсіздікпен күресудің жаңа үлгісін әкеп отыр. Өйткені ол әлемдік әдебиеттің сатира жанрынан да мол хабардар еді. Атаянц қыр қазақтарының аштықтан қырылып жатқанын іштей білсе де, Лекеровтің ұлтына деген жанашырлығын «ұлтшылдық» деп бағалап Голощекинге жек көрінішті етуге тырысқан. Неге? Өйткені Лекеров қызметтен кетсе, өзі Жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып шыға келеді. Оның ішкі ойында қазақтарды аштықтан құтқару жолдарын көрсету емес, қалайда Лекеровті қызметтен ығыстырып, орнына отыру. Отқа май құйғаны да содан болар. Жалпы, мұрағат құжаттарымен танысу барысында және осы бір мәлімдемесіне қарап, хатқа қол қойғандарды және Лекеровті Голощекинге сатқан осы Атаянц секілді деген ойға табан тірейсің.Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің қызметкері М.Андижанов:«Ағымдағы жылы маусым айының демалыс күндерінің бірінде менің тауға барғаным кездейсоқ болды. Біреудің ізіне түсу ниетім болған жоқ. Сол күні хат жазушылар жолға шығар алдында менімен кездесіп, көлікпен ала кетуімді өтінді. Олармен әңгіме барысында ау-жайларын білген соң, қалаға оралған бетте Құрамысов жолдасқа арнайы барып, мән-жәйді хабарладым. Мен мәлімдеменің мағынасымен таныс емеспін. Алайда Өлкелік комитетте болған талдауда, мәлімдемеде ерекше көңіл қоятын жаңадан ештеңенің жоқ екеніне көзім жетті. Мәселе бір жақты қойылған. Олардың пікірінше Қазақстан ұйымдары жұмыстарында тек олқылықтар ғана бар екен. Олар біздің өнеркәсіп саласы бойынша жетістіктерімізді көрмейді. Олар ауыл шаруашылығындағы табыстарды да көрмейді. (МТС, МСС және т.б. ұйымдастырулар). Олар Қазақстанның Кеңестер Одағының бір бөлігі екенін, негізінен Кеңестер Одағында болып жатқан жалпы өзгерістердің бұл жерде де көрініс беріп жатқанын да көрмейді. Олар тек мал шаруашылығындағы бірқатар олқылықтарды өздерінше көріп, мал басының кеміп кеткенін пайымдап көрсеткен. Алайда олар Қазақстанда өткен жылғы астық түсімінің қалай болғанын көрсетпейді. Сондай-ақ олар ауылдарда болып жатқан таптық күресті қаперлерінен шығарған. Осы күрес кезінде байлар мен кулактар малдарды жыртқыштықпен өлтіріп, айдап кетіп, орынсыз шашқан. Бұл мәселе бойынша жаңадан не айтуға болады? Бәрі де БК(б)П Өлкелік комитетінің қаулыларында, нұсқауларында анық әрі нақты айтылған ғой….Ауылдардағы тап жаулары осы жағдайды тағы да өздерінше пайдалануда. Бірқатар аудандардағы жолдастар тап жауларына дер кезінде тойтарыс берудің орнына, дақпырт сөздерге құлақ асып, қол қусырып қарап отырған. Бұл мәселе бойынша Өлкелік комитеттің қатаң шешімі бола тұра, олар ештеңе қолданбай, қиыншылықпен күреспей, бәрін де өз беттеріне жіберген. …Біздің міндетіміз, коммунистердің міндеті Өлкелік комитеттің шешімдерін жүзеге асыру үшін, қиындықтан қорқып, дақпырттың ығында кетпей, жаулармен аянбай күресу. Шарасыздық таныту – жауларымыздың жағдайды өздеріне пайдаланып кету болып табылады. Мен өз басым бұл жолдастардың мәлімдемелерімен келіспеймін. Мәлімдеме берушілер қиыншылық кезеңді пайдаланып қалу мақсатында Өлкелік партия комитетіне қарсы ұлтшылдық топ екенін байқатып отыр. Мәлімдеменің мәні Өлкелік комитет басшыларын, партияның сара жолын сынауға бағытталған. Олар осы ісімен де ұлтшылдардың қол баласына айналуда. Оңшыл оппортунистердің жолымен жүруде. Міне, сондықтан да мәлімдеме жасаушылар сөзсіз айыпталуы тиіс.Лекеров туралы бірер сөз.Лекеровтің ұстанған мақсатымен мен ешқашан да келіспеймін. Өйткені оның ұстанымы Қожанов пен Сәдуақасовтай ұлтшылдардың мақсаты. Лекеров өзінің әлжуаз сынымен біздің қазіргі басшыларымызға шабуыл жасай отырып және ол сонымен бірге «Қазақстанда Қожанов пен Сәдуақасовтан басқа ақылды адам жоқ»,– дейді. Ол бұл сөзімен не айтқысы келді? Өлкелік партия комитетінің алған бағытын, партияның сара жолын сынағаны ма? Ол осы бір әрекетімен-ақ партия жолымен жанаспайтын Сәдуақасовтың ескі жолын сүйреп әкелгісі келеді.Өз басым Лекеровтің ескі ұлтшылдық идеологиясынан қайтпайтынына әбден сенімдімін. Және ол осы бағытын әлі де жалғастыруда. Мен Лекеровтің бұл бағытын қатаң айыптауға жатады деп санаймын.Мен өз жұмысымда Лекеров секілді ұлтшылдармен ешқашан да бір пікірде болған емеспін және бұдан әрі де онымен бірге болмайтынымды мәлімдеймін. БК(б)П Өлкелік комитетінің алған бағыты үшін, партияның сара жолы үшін, партиялық тәртіпті ұстана отырып, ашық күрес жүргіземін. М.Андижанов 13. VII. 32 жыл». Алматы қаласы.Андижановтың бұл мәлімдемесі арқылы не айтуға болады? Голощекинге жағымпазданып, «Бесеудің хатын» жоққа шығарып, Лекеровті ұлтшыл ретінде айыпқа тартуды ұсынған. Қазақ ауылдарында аштықтан адамдардың қырылып жатқанын біле отырып, оны индустриядағы жетістіктермен жауып, жасырғысы келгені көрініп-ақ тұр. Ең сорақысы сол бәріне көзін жұмып тұрып, социалистік құрылыстың ауылдарда да табысқа жетіп жатқанын алға тартады. Голощекиннің: «Қазақстанда коллективтендіруді тамаша жүргізіп жатырмыз», – деп Мәскеуге бірінен соң бірін жіберіп жатқан ақпараттарын құптап, жағымпаздық жымысқы тәсілмен оның алдында біршама беделін көтеріп алуға тырысқаны көрініп тұр. Андижанов секілді шовинистер үшін аштықтан жаппай қынадай қырылып жатқан қазақтар Голощекиннің жалған беделі үшін түкке де тұрмайды екен.
«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ»(қысқартылып жарияланып отыр)

Қазақстанға қайта көшіп келіп жатқан, тірлік етерліктей тігерге тұяқ қалмаған қонысынан ауғандарға және кейбір аудандарда күні бүгінге дейін жаппай қырылып жатқан аш-арықтарға нақты көмек көрсету жөніндегі біздің көзқарасымыз дұрыс па? (Сірә, мыналарды істеу керек болар).

а) оларды өнеркәсіпке, транспортқа, жаңа құрылыстарға, т.б. барынша көптеп орналастырумен қатар, уақытша шара ретінде барлық ұсақ кәсіпшіліктер (көлдерде, өзендерде балық аулау, үй қоянын өсіру, құс өсіру, шағын бау-бақша ұстау, омарта шаруашылығы, ағаш қолөнері және тағы басқалар) түгелдей колхоздардағы (қонысынан ауғандар осы колхоздарға қайта оралып, әлі де аштыққа ұшырап жатыр) тұрғындар мен кедейлерге, жеке меншікші орташаларға берілсін, оларға салық салынбасын, дайындау жоспарлары белгіленбесін, қайта сол кәсіпшіліктердің өнімдері кооперативтер арқылы тұрақты бағалар бойынша емес, колхоз базарындағы рыноктық бағалар бойынша сатуға рұқсат етілсін;ә) қайтып келіп жатқан қонысынан ауғандар мен ашыққандарға ақшалай емес, ұзақ мерзімді несиеге өндіріс құрал-сайманын, жұмыс көлігі мен сауын малын, үй қояндарын, құс және тағы басқа беру арқылы жәрдем көрсетілсін, мұның өзі олардың белгілі дәрежеде коллективтік немесе тіпті жеке меншіктік жолмен мал шаруашылығын не егін шаруашылығын жүргізуін қамтамасыз етер еді;б) қазақ ауылында киім-кешек жағы тапшы, ал оның бер жағында колхоздардың да, колхозшылардың да, жеке меншікші кедейлердің, орташалардың да қолдарында мал, астық, тері, жүн, май және басқа өнімдерді тапсырғаны үшін төленбеген квитанциялар соңғы жылдары көбейіп кетті. Дайындау ұйымдары товарларды көптеп әкелумен қатар, дайындаудың барлық түрлері бойынша еңбекші халыққа берешегін көпшілік тұтынатын товарлармен және азық-түлікпен тез арада өтеуі керек.в) қайтып келіп жатқан қонысынан ауғандар мен ашыққан жұрт орналасқан аудандарда, елді мекендерде, колхоздарда және азық-түлік жағдайы мейлінше қиындап, ашаршылық шегіне жеткен жерлерде астық, мал және мал шаруашылық өнімдерін дайындау орталық (тандырылмасын), олар түгелдей колхоздардың қарамағында қалдырылсын, дайын (даушы) органдар мен кооперативтерге басы артық өнімді колхоз саудасы арқылы сату жөнінде оларға толық право берілсін;г) ақыр аяғында, мал шаруашылықты аудандар жөнінде партияның: «Егер малшы мал шаруашылығын өркендетіп, өнімді молайтсын әрі бізге көбірек тапсырсын десек, оны тек товарлармен ғана емес, астықпен де дұрыс жабдықтау қажет» (Голощекин. VII партия конференциясында жасаған баяндама) деген өте-мөте дұрыс нұсқауы және Өлкелік комитеттің мал шаруашылығы жөніндегі 1930 жылғы 20 ақпандағы «Мал шаруашылықты аудандар астық пен мақта өсіруші аудандармен бірдей негізде жабдықталсын» деген шешімі жүзеге асырылсын;ғ) колхоз құрылысындағы партия саясатының «солшылдардың» бұрмалауы төңірегінде және Орталық Комитеттің колхоздарды ұйымдық шаруашы (лық) жағынан нығайту жөніндегі бірқатар шешімдері төңірегінде түсінік жұмысы жұмысшылар мен колхозшылар (және жеке меншікшілер) арасында кеңінен өрістетілсін.5. Мал басының қисапсыз кеміп кетуі мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екінші жартысынан бастап) жөнінде әлі күнге дейін ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс, мұның өзі сырт қарағанда бұл мәселе жөніндегі большевиктік өзара сыннан тайсақтау сияқты, осы (үндемеу) көптеген адамдардың көңілінде күдік тудырып, бұл олқылықтар «аса маңызды» деген ойға итермелейді (және) іштен тынып, үнсіз бағу ауыл-үй арасы мен от басы ошақ қасында, «ағынан жарылып айтқанда» және басқа жағдайларға неше түрлі алып-қашпа сөздерді қоздыра түседі. Ал оның бер жағында, бұл мәселелерді, ең болмағанда, кеңейтілген партия активінде, (БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің) Бюросында және ең ақыры, Өлкелік комитеттің IV пленумында ашық қойып, большевиктік өзара сын және бүкпесіз ашық айту, сол мәселелерді жалпы жүйедегі олқылық ретінде түсіндіру туып отырған жағдайды толық айқындар еді, төменгі басшы парт (ия), сов (ет) ұйымдарына дұрыс бағдар берер еді, оларды осы олқылықтарды тез жоюға мейлінше жұмылдырар еді.
(Жалғасы бар. Басы №16 санда)

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары