Қарлыға Мысаева: Журналистика – ғылым, алайда...
Қарлыға Мысаева: Журналистика – ғылым, алайда...
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайынғы дәстүрлі стдуденттер мен жас ғалымдардың «Ғылым әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өткен болатын. Конференцияға универсиет факультеттері мен өзге де еліміздегі ЖОО студенттері қатысты. Рас, барлығы да ғылым саласына бағыт бұрған талантты, талапты, ұлтжанды қазақ жастары. Бірақ, ғылым саласына сырттай жатқызғанымызбен іштей жата қоймайтын бір сала бар бізде. Ол журналистика деп аталады. Күрмеуі толыққанды шешіле қоймаған бұл саланың мамандары да баршылық. Бірақ осы ғылым атауында докторлық диссертациялар қорғауда әлі күнге дейін саяси және филология ғылымдарының атауымен ғана қорғалады. Сонда бұл саланы қалайша ғылымға жатқызамыз? Осындай толғандыратын өзекті сұрақтарды, «Ғылым әлемі» конференциясын журналистика секциясында ұзақ жылдары бойы ұйымдастырып жүрген, журналистика деканының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Қарлыға Мысаеваға қойған едік.
– Қош келдіңіз! Биылғы жылғы «Ғылым әлемі» байқауына қатысушылар көп болды. Мәселе санында емес, сапасында десек, жас ғалымдардың талпынысы мен айтар ойлары, ұсыныстары қалай екен?– Ғылым әлемі студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық конференциясы біздің университетте жыл сайын өткізіледі. Дегенмен, соңғы жылдары әсіресе студенттер арасында белсенділік артуда. Басты себебінің бірі ретінде университеттің ғылыми зерттеу университеті статусына ие болуы десек, екіншіден факультет ғалымдары мен оқытушылардың ғылыми зерттеу жобаларына қатысып, соның аясында студенттерді ғылымға тартуы деп ойлаймын. Нақты мысал, осыдан екі-үш жыл бұрын біздің факультетте конференцияға қатысушы студенттер саны елуден артпаса, былтыр жүз елу, биыл екі жүз қырыққа жетті. Әрине, саннан сапаға көшсек, конференцияға қатысуға ниет білдірген студенттердің барлығының да өзіндік ізденісі, талпынысы бар. Әр түрлі зерттеу әдістері нәтижесінде қол жеткізген ғылыми жұмыстарында айтылар өзіндік ұсыныстары, идеялары бізді қуантты. Cтуденттердің осы ғылыми конференцияға дайындаған зерттеу жұмыстары негізінде студенттік бизнес инкубатор құру идеясы қолдауды қажет ететін жоба. Студенттердің PR орталығын құру немесе республикалық студент жастарға арналған газет шығару секілді ұсыныстар да айтылды.
– Жас журналистер «Ғылым әлемінде» қандай тақырыпты жақсы қорғап шықты? Атап өтсеңіз– Биылғы жылғы студенттердің таңдаған тақырыптарына сәйкес үш секция жұмыс істеді, алғашқысы баспасөз және электронды БАҚ пен Онлайн журналистика саласына қатысты тақырыптар, екіншісі, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс, үшінші бағыт – баспа ісі мен дизайн болды. Атап өтерлігі, қазіргі кезде студенттердің басты ынтығатын тақырыптарының бірі – жаңа медиа немесе интернет журналистика және әлеуметтік желілердің қызметі. Ғылыми жұмыстарының негізгі нәтижесі ретінде студенттердің өз бетінше ашқан интернет сайттарын атауға болады.
Сонымен қатар, қазақ журналистикасы және шетел журналистикасы, қоғаммен байланыстың қалыптасуы мен дамуына қатысты салыстырмалы зерттеуге арналған және елімізде баспа өндірісін дамытуға арналған тақырыптар ерекше атауға тұрарлық.
Қазіргі заман талабына сай ағылшын тілін меңгерген студенттеріміздің халықаралық журналистиканың даму тенденциясына қатысты тақырыптарды арнайы салыстырмалы зерттеулер жүргізіп, ағылшын тілінде қорғады. Ол студенттердің ізденісін ғылыми кеңесші болған шетелдік профессорлар жоғары бағалады. Сондай-ақ биылғы жылғы конференциямызға ҚазҰУ студенттерімен қатар, республикалық жоғары оқу орындарынан, Ресей, Орта Азия елдерінен де қатысты. Мәселен, біздің факультетте келіп білім алып жатқан Ауғаныстандық студенттер де белсенділік танытып, қызықты тақырыптарда баяндама жасады.
– Қатысушыларда қандай кемшіліктер немесе түсініспеушіліктер болды?
– Конференцияға қатысқан екі жүзден асқан студенттердің әрқайсысыларының өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан бұл конференцияның негізгі мақсаты – ғылымға алғаш қадам басқан жастың ізденісінен кемшілік іздеу емес, оларға дұрыс ғылыми бағыт-бағдар беру. Осы тұрғыдан алғанда, айтарлықтай кемшілік немесе түсінбеушілік болды деп айта алмаймын. Жоғарыда айтып кеткендей, ірі үш секция қазақ және орыс тілінде жүргізілді және оған факультеттің кәсіби біліктілігі жоғары оқытушылары әділқазы болды. Менің есіме бір газеттен оқыған мына бір әңгіме түсті: «Хайуанаттар бағының жанынан өтіп бара жатқан бір адам, жіңішке шынжырмен арқандалып тұрған еңгезердей пілдерді көріп таң қалыпты, содан бақтың қожайынына келіп, ана үлкен пілді қаттырақ бір тартса үзіліп кетердей шынжырмен байлағандарыңыз не, ол үзіліп кетсе мына келушілердің өміріне қауіпті емес пе? – деп сұрапты. Сонда пілдің қожайыны «Жоқ» деп жауап берген екен, «қалайша?» деген сауалға ол: бұл пілдерді мен бала кезінен үйреттім, сол алғаш келген кезінде осындай шынжырмен байланды, олар ары тартып көрді, бері тартты, үзілмейтінін білді. Қазір олар есейген, керемет күштің иесі болса да сол баяғы алғашқы үйретілген тәрбиемен шынжырды үзілмейді деп ойлайды» деген екен. Сол айтпақшы біздің кейбір жастарымыз үйде ата-ананың ақыл-кеңесімен, кейіннен ұстаздарының кеңесімен өмір сүруге дағдыланып алады. Өкінішке орай, солайша, қоғамда өзіндік ойы мен идеясынан гөрі өзгеге еліктеуші, өзгенің кеңесіне көп құлақ түретін жастарымыз көптеп кездеседі. Айтпағым, жастар ата-анасының немесе ұстаздың кеңесін тыңдамасын деген ой емес, керісінше, сол ақыл-кеңестерден қорытынды шығарумен қатар, өмірден маған не керек деген сауалды өздеріне қойып, соған іштей болса да жауап тапқандары дұрыс. Сондықтан конференцияны ұйымдастырудағы кемшіліктен гөрі жетістік ретінде айтарымыз – студенттердің Ғылым әлеміне өзі қалаған тақырыбымен келуіне мүмкіндік беру деп ойлаймын.
– «Журналистика ғылымының кандидаты немесе докторы» деген құзыреттілік бізде әлі бола қойған жоқ. Осындай болса, журналистиканы ғылым ретінде қалай қарастырамыз? Ол ғылым ба, әлде жоқ па? Болашақ осы саланың жас мамандары ғылым әлемінде өздерін ғалым ретінде сезінулеріне осындай қарама-қайшылықтар кедергі етпей ме?
– Иә, бізде журналистика ғылымы жеке ғылым саласы ретінде танылмаған. Тіптен шетелдердің өзінде докторлық атақ бұқаралық коммуникация саласына беріледі. Осыған қарап журналистика ғылым емес деп айта алмаймыз. Журналистика ғылымы терең зерттеулерді қажет ететін ғылым саласының бірі. Өткен жылы тамыз айында Америкадағы журналистердің жыл сайынғы өткізілетін ең үлкен халықаралық ғылыми конференциясына (Association for Education in Journalism and Mass Communication) қатысу барысында журналистика ғылымында әлі бізде қозғалмаған тақырыптардың баршылық екеніне көз жеткіздім. Сондықтан ғылымға бейімі бар жастарды ертерек студенттік кездерінен баулысақ, болашақта олар журналистика ғылымының өркендеуіне өз үлестерін қосады деп ойлаймын. Ал, журналистика ғылым ба, әлде деген күмәнді сауал жас мамандардың ғылым әлемінде өздерін ғалым ретінде сезінуіне ешбір кедергі келтірмейді. Ең маңыздысы – ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі ертең қоғамға, елімізге пайда әкелуі қажет екенін түсінулері керек. Сонымен қоса, студенттің атаққа ұмтылуы емес ғылымға мән беруі маңызды.
– Журналистиканы дамыту үшін не қажет?– Журналистиканы дамыту үшін басты шарт – білім беру сапасын арттыру керек. Екіншіден, оқу орындары мен медиа нарығының арасындағы байланысты нығайту керек. Яғни ғаламдастырудың талабына сай нарықтың сұраныс пен ұсыныс сәйкестігі заңына назар аударған жөн. Үшіншіден, ақпарат құралдары редакциялары мен журналистік білім беру орындарының бірлесе конкурстар тағы да сол сияқты үздіктерді анықтауға арналған іс-шаралар өткізгені дұрыс. Іс- шара нәтижесінде анықталған үздік студенттерді оқу бітіре салысымен жұмысқа қабылдауға келісімшарттар жасау керек. Бұл студенттерге серпіліс береді. Мәселен, АҚШ-та бұл тәжірибе кеңінен таралған, жыл сайын ірі медиакорпорациялар, телеарналар конкурстар ұйымдастыру арқылы өздеріне ең үздік жас мамандарды тарта алады.
– Әңгімеңізге рахмет!