НАМЫС ТҰЛҒА

НАМЫС ТҰЛҒА

НАМЫС ТҰЛҒА
ашық дереккөзі
310

Ұлттық сана мен ұлттық идеяны ұлттық намысқа ұластырған, сол намысты ұлттық азаттық нысанасына ұштастырған тұлғалар әр нәсілде, әр халықта, әр ұлтта бар.

Олар өзінің өмірлік іс-әрекетімен, тұлғалық қайраткерлігімен сол мақсат жолындағы күрес жауынгеріне айналады. Қазақ үшін, жалпы түркі дүниесі үшін сондай тұлғаның бірі – Хасен Өралтай (Оралтай). Кеңес тұсында сонау Мюнхендегі «Азаттық» радиосы арқылы «алаш», «азаттық», «ұлт бостандығы», «кеңестік қысым» деген ұғымдарды зиялы қауымға әуе толқындары арқылы жеткізіп, сол арқылы санамыздағы бостандыққа деген ұмтылысты оятқан намысты қаламгердің туғанына 80 жыл толуына орай Халықаралық «Түріксой» қауымдастығы мен Анкарадағы Ұлттық Ғази (Ататүрік) университетінің бірігіп ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми конференция өтті. Бұл ғылыми шараның барша түркі текті қауымның ту ұстары, түрік ұлтының ұлы қайраткері Ататүрік атындағы патроиттық тәрбие мен білім ордасында өтуінің өзіндік рухани-саяси мағынасы бар. Өйткені, түрік елі Хасен Өралтайды (Оралтайды) мұқым түрік жұртының ұлттық намысын бір арнаға тоғыстырған, аса бір қиын саяси кезеңдерде олардың арасына «көңіл жібін» (Абай) жалғастырған қормал тұлға ретінде қарайды.

Конференция төрағасы, Ғази университетінің профессоры Ахмет Бижан Ержуласунның:

– Мен Хасен досыммен 18-19 жасымда Ізмірде таныстым. Мен қазақтың жүзін, қандай тұлғалы ел екенін осы Хасеннің бейнесі арқылы тұңғыш рет көрдім. Хасенмен бірге Қалибек хакімнің Салихлыдағы үйіне барып тұңғыш рет қымыздың дәмін таттым. Содан бері оның жазғанын оқып келемін. Біз осы Хасеннің ықпалымен бірте-бірте түрік дүниесінің ішіне кірдік. Сол үшін де осында отырған түрік ғалымдарының бәрі оған қарыздар. Германияның Мюнхен қаласындағы оның үйіне «түрікпін» деп келген адамдардың барлығы, соның ішінде осында отырған және белгілі себептермен қатыса алмаған түрік, қазақ, әзірбайжан, өзбек, түркімен, татар, ұйғыр, ноғай, башқұрт, қырымшақ сияқты тағы да басқа барша ұлттың өкілдері қонбай кеткені, Қадишаның қолынан дәм татпағаны кем де кем. Тіпті, кейде меймандардың көптігі сондай жерге төсек салып, қатар-қатар жатып, бітпеген жалпы түрік жұртының кешегі, бүгінгі, ертеңгі ахуалы туралы пікірімізді жалғастыратынбыз. Ол өте батыл, шешен, тапқыр және намысшыл, сезгір еді. Өзіне, өз ұлтына, түрік жұртына қаратылған сәл шытыңқы қабақты көрсе, не сезсе болды, табан астында сондай бір өжеттікпен, тапқырлықпен жауап беретін. Бірде-бір топ түрік ғалымдары Германияның шекарасынан өтіп жатқанымызда бір шекарашы: «Сендер кімсіңдер?», – деді. Сонда Хасен әлгі шекарашыны мысымен баса, көзін қысыңқырап: «Біз қытаймыз», – деді. Әбес қылығына қысылған шекарашы қысылғанынан бәрімізді тексермей өткізіп жіберді. Сол бір қырғиқабақ кезеңде Хасен барлық түрік тектес елдердің ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлерін бір-біріне таныстырып, олардың арасында тұрақты түсіністік байланыс орнатып, түрік мемлекетінің қайраткерлерімен кездестіріп, тәуелсіздік алмастан бұрын олардың өзара қарым-қатынас жасап, ынтымақтастық орнатып, сол арқылы олардың мемлекеттік тұлға ретінде тез табысуына септесті. Кеңес қысымындағы түрік республикаларының тәуелсіздік алуынан бес-он жыл бұрын өзара мәдени байланыс жасауына көп ықпал жасады. Сондықтан да, Хасен Өралтай (Оралтай) барша түрік қауымдастығына ортақ қайраткер ретінде «Түріксойдың» бұл конференцияны ұйымдастырып отыруы өте орынды. Біз Хасен Өралтайдың өмірі мен қайраткерлігін пікір білдіру арқылы бәріміздің ұлтымыздың даму жолындағы мәселелерді қозғаймыз», – деген кіріспе сөзі бүкіл ғылыми мәжілістің мақсаты мен міндетін анықтап берді.

Конференцияның беташарында Қазақстан Республикасының Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, «Түріксойдың» Бас директоры Дүйсен Қасейінов өз сөздерінде жалпы түркі әлеміндегі ынтымақтастық, сол саладағы өрелі бағыттар мен нәтижелер, Хасен Өралтайдың қаламгерлік, саяси қызметінің түрікаралық қатынастағы орыны туралы келелі пікірлер білдірді. Ал конференцияда баянадама жасаған ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, профессор М.Қойгелдиев, Кония университетінің профессоры Мариям Қырымлы, Мәрмәр университетінің профессоры Әбуақап Қара, тарих ғылымының докторы, Ұлттық университеттің профессоры Набижан Мұхаметқан, Түрік академиясының жетекші ғылыми қызметкері, ғылым кандидаты Жарылқап Бейсенбайұлы, Түрік академиясының мемлекетаралық үйлестіру орталығының орынбасары Дархан Қыдырәлі, «Болашақ» бағдарламасының Кония университетіндегі докторанты Асқар Құмаров және осы жолдардың авторы Хасен Өралтайдың өмірі мен қайраткерлік қызметінің жалпы түркі бірлігі мен Алаш идеясын халықаралық деңгейде дамытуға қосқан үлесі, ол туралы жазылған зерттеу еңбектері мен саяси, ғылыми зерттеу мақалалары, ондағы көтерілген мәселелердің өзектілігі, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы мен сая­си тұжырымдары, кезінде Гималай мен Бұланайға бағыт алып, азаттық іздеген көшке ілескен 30 мың адамнан тірі қалған 3 мың адамның тағдыры, жалпы саяси босқындардың тарихтағы орны, олардың бүгінгі тағдыры, Хасен Өралтайдың өзін қазақ ұлтының өкілі ретінде қорламақ болған америка журналисіне шапалақпен жауап беріп, халықаралық сот арқылы кешірім сұратуы, оның қазақ зиялыларының көзқарасына ықпалы және аса бай әрі мақсатты түрде жиналған қолжазбалары мен кітап мұралары жөнінде келелі пікірлер айтылды. Қайраткердің жары Хадиша Өралтайдың алғыс сөзінде асыл азаматтың тарихи Отанына деген ұлы сағынышы мен құрметі, өзінің барлық кітапхана мұраларын Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорына академик Рымғали Нұрғали арқылы ресми түрде тапсырғаны айтылды. Ғылыми конференция марқұмға қатым түсірумен аяқталды. Қазақстандық ғалымдар ертесінде Ғази, Кония университеттерінде оқып жүрген өренжілермен, магистранттармен, докторанттармен кездесіп, олардан ұлтымыздың күтіп отырған биік үмітін ақтау барысындағы ізденістерінде қандай көкейкесті мәселелерді назарда ұстап, қандай бағытта ғылыми зерттеу­лер жүргізіп, деректер жинау керек екендігі жөнінде ұсыныс, пікірлер ортаға салынды.

Айта кететін бір сүйінішті жай, Ұлттық академиялық кітапхана 480 томнан асатын Хасен Өралтайдың кітап қорының көрмесін ұйымдастырды. Мақсатты түрде жинақталған ұлт-азаттық рухын қамтитын бұл тағдырлы кітаптар қазақ руханиятының олжалы бір құндылығы болып табылады.

Т. ҚҰДАГЕЛДІҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары