«ӘУЕДЕ БОЛҒАН ӘҢГІМЕ»

«ӘУЕДЕ БОЛҒАН ӘҢГІМЕ»

«ӘУЕДЕ БОЛҒАН ӘҢГІМЕ»
ашық дереккөзі
294

Қарапайым азаматтарға әуеде қалықтаған алып лайнерлер мен күніне мың-сан адам кіріп-шығатын әуежайлардың тыныс-тіршілігі құпия көрінетіні рас. Тіпті, күнделікті күйбің тіршілікпен жүрген жолаушылар өздерін тасымалдайтын ұшақтардың жұмысын кімдердің басқарып, әуежайлардағы қыруар шаруаларды кімдердің реттеп тұрғаны жөнінде көбіне бас қатыра бермейді. Әйтсе де, әрбір жолаушының діттеген жеріне дер уақытында аман-есен жетуіне, саясатқа билет рәсімдеуден бастап, ұшақ салонына жайғасқанға дейінгі, жолаушылардың аспан төрінде қалықтаған әуе лайнерлерінде жақсы тынығып, жанға жайлы саяхат жасауы үшін көптеген қызметтерді мүлтіксіз атқарып жүрген адамдар бар. Олардың әрбір минут-секундына дейін есептелген жұмыс кестесі мен жұмыс істеу тәртібі жайлы, кәсіби міндеттері мен қызметтік құпиялары жайлы сыр шертетін деректі-ойнақы фильм «Әуеде болған әңгіме» деп аталады.

Төрт сериядан тұратын фильмнің әрқайсысы «Неге?» деген сұрақтарға жауап береді. Фильмнің авторы Данияр Батырбаевтың айтуынша, ол қарапайым жолаушы ретінде саясат кезінде туындайтын көптеген «Неге?» деген сұрақтарға жауап іздеген. Ұшақты рейске дайындау, бортта тамақ әзірлеу, ұшқыштарды оқыту, жолаушыларға қызмет көрсету – бұл сұрақтардың бір ғана парасы. Кейде бұл сұрақтар жолаушы мен әуе компаниясы қызметкері арасындағы аздаған түсінспеушікке қатысты, ал кейде кішкентай қыздың «Мама, мынандай үлкен лайнер әуеде құлап қалмай қалай ұшады?» деген сәбилік әуестігінен туындаған.

Фильмде қамтылған барлық оқиғалар да, олардың кейіпкерлері де өмірден алынған. Сондықтан да мамандар бұл туындыға «реалити-шоу» жанрында түсірілген дүние деп баға берді. «Эйр Астана» әуе компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі вице-президенті Белла Тормашева ханымның айтуынша, болашақта бұл сериал республикалық телеарналардың бірінен көрсетілуі мүмкін. Бәлкім, сол кезде қарапайым көрермен, яғни жолаушы көкейдегі «Неге?» деген сұрақтардың көбіне жауап табар.

Дана БЕКТАСОВА

Шұбалшын — табиғи тыңайтқыш

Ағзамыз дәрумен қажет етсе, алдымен көкөніс пен жеміс-жидекті іздейміз. Ал технологияның дамыған заманында табиғаттың осынау сыйы да өз құндылығын жоғалтып алғандай. Қоршаған ортаның ластануы, судың сапасыздығы дейміз, егін топырағының эрозияға ұшырауы, химиялық тыңайтқыштар, осының бәрі сайып келгенде жерден сапалы өсімдік алуға кері әсерін тигізеді. Ауаның ластануы мен судың сапасыздығымен күресу бір ғана шаруаның қолынан келетін іс емес екенін білеміз. Үлесіндегі жерді тыңайту тәсілін шаруа өзі таңдайды.

Көкорай көктемнің жайма-шуақ күндерінде тіршілік атаулымен таласа шұбалшындар да жер бетіне шыға бастайды. Осы бір ирелеңдеген жәндік балық аулағанда жемтік ретінде пайдаланып, одан қалса, балалардың тек сырттай қарап тамашалауынан басқа неге жарайды екен деп ойлайтынымыз анық. Бірақ осынау жұмбақ жәндіктің сырына әбден қаныққан Ниятбек Жұмановтың пікірі бөлек. Сайрам ауданындағы Көмешбұлақ ауылының тұрғыны Ниятбек аға құрметті демалысқа шыққан соң, өз ауласына шұбалшынның «Қызыл калифорниялық құрт» деп аталатын түрін асырайды. Оның биологиялық қалдығынан экологиялық таза тыңайтқыш өндіріп алады. Бұл жәндіктер әр 19 күн сайын ұрық шашып отырады. Ұрық үш айда жетіліп, олар да аналық қызмет атқарады. Қызыл калифорниялық құрт өзге шұбалшындарға қарағанда 150 есе тез көбейеді. Ал өмір сүру ұзақтығы – 16 жыл. Жергілікті шұбалшындар әлсіз келеді екен. Ары кеткенде төрт-ақ жыл өмір сүреді. Ниятбек аға сол үшін жәндіктеріне өте қамқор. Жазда ыстық, қыста суық болмас үшін шұңқырлардың үстін сабанмен жауып тастайды.

Шұ­бал­шындардың «баспанасы» да басқаша. Тереңдеп қазылған шұңқыр екі «бөлмеге» бөлініп, арасына дәліз жүргізіледі. Дәліз не үшін дейсіз ғой. Себебі азық бір «бөлмедегі» шұбалшындарға ғана салынады да, екінші «бөлмедегілер» қорегі бар «бөлмеге» осы дәліз арқылы ауысады. Орнына қалдықтарын қалдырып кетеді. Ниятбек аға осы тезекті жинап алып, күнге кептіріп, електен өткізеді де, одан құмға айналған қоңыр малақты бөліп алады, құнарлы тыңайтқыш деп отырғанымыз осы.

Азық салу үшін енді шұңқырдың келесі бөлігі таңдалады. Шұбалшындар азығы бар «бөлмеге» ауысқанда қалдығын тағы қалдырып кетеді. Тезекті жинау осылайша жалғаса береді. Шұбалшындарға арнайы жем іздеудің де қажеті жоқ, олар малдың қиын, шөп-шаламды, ағаш жапырақтарын қорек ете береді. Бұл мақұлықтар кейде тіпті өздеріне қорған болып тұрған сабандарды жеп қояды екен. Жалпы, шұбалшынның осы түрінен экологиялық таза тыңайтқыш өндіру Еуропа мен АҚШ-та осыдан 50-60 жыл бұрын пайда болса керек. Жерді тыңайтудың бірнеше түрін сынаққа алған ғалымдар осы тәсілге тоқтайды. Бірақ кейін бұл тәсілді жаңа заманның жемісімен келген тыңайтқыштар алмастырып алады. Тек сапаға аса мән беретін немістер ғана әлі күнге дейін шұбалшынның малағынан немесе басқа жолмен алынған экологиялық таза биогумусты қолданып келеді. Бізде қалай? Бізде тіпті жер тыңайтылып жатыр ма, жоқ па, ешкімнің шаруасы жоқ. Бұл мақсатқа селитраның кеңінен пайдаланып отырғанын жақсы білсек те, содан өндірілген өнімді жеп тып-тыныш отыра береміз. Біз үшін бұл қалыпты жағдай болып кеткен. Көктем келіп, шаруа алқапқа аяңдағаннан жанармай бағасы шарықтап, тірлік дегеніңіз тұйыққа тіреледі де қалады. Құдды бір дүние осы зиянды затқа байланып қалғандай.

Қазір табиғи тыңайтқыштарды жекелеген шаруалар ғана құнттап отыр. Ірі шаруашылықтар «қатаң қағидамен» қатып қалған. Ниятбек аға олардан сұраныс түсіп жатса, келісім-шарт түзуге болатынын айтады. Оның айтуына қарағанда, шұбалшынның малағын жерге жылда беру қажет те емес. Бір жыл осылай тыңайтсаңыз, жеріңіздің құнарлылығы бірнеше жылға жетеді. Тіпті бұл тыңайтқышты жүйек-жүйекке сеуіп шығып, суға аралас­тырса болады. Алған тыңайтқышыңыз артылып қалса да, оны қанша жыл сақтасаңыз да құрамы бұзылмайды. Шұбалшынның малағы кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтып жібереді екен. Әсіресе, жылыжай егіндері мен гүлге өте пайдалы.

Ниятбек аға үйінің алдындағы бау-бақшасын осылай тыңайтады. Алғаш рет бұл тыңайтқышты үш арыққа ғана сеуіп, оған қызанақ егеді. Үш жүйек өнімді еселеп береді сол жылы. Қып-қызыл қызанақтардың реңі де бөлек еді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары