ҚОШЫНАНЫ * «КӨЗІРІНЕН» ТАНЫ...

ҚОШЫНАНЫ * «КӨЗІРІНЕН» ТАНЫ...

ҚОШЫНАНЫ *  «КӨЗІРІНЕН» ТАНЫ...
ашық дереккөзі
142

Қазақстан басшысының Қырғыз еліне сапарынан кейін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада Қырғыз елінде мемлекеттік сапарда болды. Осы сапардың қорытындысы ретінде қол қойылған сегіз құжаттың ішіндегі ең маңыздысы – Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20-жылдығына орай қабылданған мерекелік декларация. Себебі «мемлекеттік» деген жоғары дәреже берілген іссапар бұдан кейін бауырлас екі ел арасындағы дипломатиялық қана емес, барлық сала бойынша тығыз қарым-қатынасты дамытуға мүдделілік бар екенін айғақтайды.

Екі ел басшыларынң бір-біріне деген ықыласы осы жолы анық байқалды. Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері басшыларының ішінде 2010 жылдың сәуір айындағы саяси дағдарыстан кейін бұл елге ресми іссапармен келген бірінші президент болса, Алмазбек Атамбаев протоколдан тыс қазақ елінің басшысын «Манас» әуежайынан күтіп алды.

Оның үстіне, Қырғызстанның прези­денті Қазақстанға былтырғы жылдың өзінде үш рет ресми іссапармен келіп-кеткені белгілі.

Екі елдің арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 470 млн.доллардан асқан.

ҚЫРҒЫЗ МҮДДЕСІ

Тату көршілік қарым-қатынастан қырғыз елінің ұтары көп. Мысалы, осы жолы қол қойылған сегіз құжаттың ішінде Қырғызстан мемлекетінің экономикасын дамытуға қатысты, азық-түлік беру жайында келісімдер бар.

Нақтырақ айтқанда, Астана Бішкекке:

Қырғыз экономикасына миллиондаған инвестиция құюға уәде берді.

Қырғыз жастарын Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында оқыту үшін арнайы оқу гранттарын бермекші;

өз қаржысына екі мектеп (Қырғыз­станның оңтүстігі мен солтүс­тігінде) салатын болды;

қазақ-қырғыз құқық қорғаушылары есірткіге қарсы күресті тізе біріктіре отырып жүргізбек;

Астана Бішкекке азық-түлікпен көмектесуін жалғастырады;

Қазақстан-Қырғыз инвестициялық қоры құрылып, Астана оған мемлекеттің ақшасынан 100 миллион бөлетін болды. Бұл қор Қырғыз елінде өнеркәсіпті жандандыруға ықпал етпек.

Бүгінгі таңға дейін Қазақстан көрші елге 1 млрд. доллардан астам тікелей инвестиция салған екен. Қырғыз ЖІӨ Қазақстандағы көрсеткіштен 5 есе кем. Қырғыз баспасөзіндегі мәліметтерге қарағанда, көрші елде 300-ден астам қазақ кәсіпорындары бар. Несие нарығындағы қазақ банктерінің үлесі 60 пайыздан асады.

Осы жолы «Қазақмыс» ұлттық компаниясы Жалалабад ауданындағы жергілікті кеніш жобасына 350 миллион долларды құятыны белгілі болды.

Қырғызстан президенті Алмазбк Атамбаевтың өз сөзімен айтқанда, Бішкек 100 мың тонна бидай сұраған, ал Астана 200 мың тонна бидай беруге шешім қабылдаған. Қырғызстан оның ақшасын төлеу мерзімін жарты жылға дейін кешіктіре алады. Бұған қоса биыл қырғыз еліне қосымша 100 миллион текше метр газ жөнелтілетін болды.

Бұған дейінгі саяси дағдарыс кезінде Қазақстан қоңсысына 40 млн. доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен еді. Бұған қоса азық-түлік пен құрылыс материалдарын берді.

Екі президенттің кездесуінде Қазақстан Президенті Бішкектегі әріптесіне ел экономикасын жүргізуге қатысты бірталай ақыл-кеңес айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев:

– Мемлекет өз күшіне сүйене өмір сүруі тиіс. Өзгелердің көмегімен немесе несие арқылы мемлекетті көтеру мүмкін емес. Еңбексіз ешнәрсе болмайтындығын халық түсінуі тиіс, ал оларға жұмыс істету үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек.

ҚАЗАҚ МҮДДЕСІ

Ал қоңсымен тату тірлігінен Қазақ­станның ұтары не? Ең әуелі, Қазақстанның трансшекаралық өзендерді пайдалануда көршімен тиімді әріптестікке мүдделі екені жасырын емес. Бішкек гидроэнергетиканы экспортқа шығаруға, Қазақстан ауылша­руашылығына пайдаланатын мол су көзіне зәру. «Осы өзара тәуелділікті достық пен жылы қарым-қатынасқа ұластыру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан соң келіссөздер ортақ ГЭС салу мәселесіне ойысты. «Алматы-Кемин» электр қуатын тасымалдау желісін салуға екі мемлкет бірлесе кірісуге келісті. Сондай-ақ Мемлекетаралық комиссияға Шымкенттен Қырғызстанға мұнай құбырын салу мәселесін талқылау тапсырылды.

Бұл сөздерді айтқанда, Елбасы «Мен үлкен ретінде айтып отырмын» деп қалды. Алмазбек Атамбаев риза­шылығын жасырып қалмады. «Біз Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қандай жетістікке жеткенін көріп отырмыз» деді ол. «Жалпыкомандалық есепте 12-орынға ие болған (Лондон олимпидасында – Г.О.) Қазақстан дұрыс жолда екенін дәлелдеді, біздің сіздерден үйренеріміз бар», – деді ол.

ҚЫРҒЫЗ «КӨЗІРІ»

Бірақ Қырғызстанда осы артық­шылықты геосаясаттағы «көзір» ретінде пайдалануға ниетті пікірлер де ара-тұра айтылып қалады. Қазақстан басшысы сапарының алдында ғана қырғыздың «Gezitter.org» интернет-порталында «Қырғызстан – Орталық Азияның болашақ қожайыны» атты мақала жария­ланды. Мақала қырғыздың «Елдің басы болма, судың басы бол» деген мәтелінің желісінде жазылған. Яғни Сырдария өзенінің су бассейнін «қолдағы алтын» деп баға берген автор осы тетікті геосаяси қару ретінде қолдануды ұсынады. Бірақ Қырғызстанды Орталық Азияның болашақ қожайыны деп атаған журналист емес, Қырғызстанның экономика және монополияға қарсы саясат министрі Темір Сариев көрінеді. Мақалада оның мынандай мәлімдемесі келтірілген: «Егер «Қамбар-Ата-1» құрылысы аяқталса, біз болашақта бүкіл Орталық Азияның қожайыны атанамыз. Біздің аймақта ең ірі су қоры орналасқан. Жыл сайын біздің территориямыз арқылы 50 млрд. текше метр су ағып жатыр. Олардың 20 млрд.-ын біз жинап, қор құра аламыз». «Қамбар-Ата-1» ГЭС-ін салуға байланысты келісім-шарттар Қырғызстан мен Ресей арасында келесі айда қол қойылуы мүмкін.

Қазақстан Президентінің осы жолғы іссапары кезінде де екі елдің ортақ ГЭС салу мәселесі талқыланғаны белгілі. Қалай болғанда да, жоғарыдағы ақпарат қырғыз бауырлардың су көзін «валютаға» айналдыру бағытында әрекет етіп жатқанын аңғартады. Көршіңмен тату бол, бірақ өз мүддеңді ұмытпа деген осы да…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары