ҚАЛЫҢ ОРМАНДА ҚАЗА ТАПҚАНДАР

ҚАЛЫҢ ОРМАНДА ҚАЗА ТАПҚАНДАР

ҚАЛЫҢ ОРМАНДА ҚАЗА ТАПҚАНДАР
ашық дереккөзі

Iле-Алатау ұлттық саябағының орман шаруашылығы маңайынан 11 адамның мәйiтi табылған. Алдын-ала алынған мәлiметтер бойынша, оларды пышақтап өлтiрген. Және 6-уы бiр орманнан, 5-уi екiншi орманнан табылған. Алматы облыстық Iшкi iстер департаментiнiң өкiлi 13 тамызда әуелi 7 адамның, кейiн 8 адамның, сосын 11 адамның мәйiтi табылғаны туралы мәлiмдеме жасаған. Бiразы пышақталған болса, бiразы өртенiп кеткен. Мәйiттер табылған орман шаруашылығында өрт болған екен.

Мәселенің анық-қанығына бойлар болсақ, 13 тамыз, дүйсенбі күні №4 кардон аумағында орманшының үйінен бірнеше мәйіт табылады. Оны орман шаруашылығының бір қызметкері тауып алған. Оқиға орнына суыт жеткен жедел іздестіру тобы бұл арадан 6 адамның мәйітіне тап болады. Полицияның мәліметіне қарағанда, үйдегі заттардың ешқайсысына қол сұғылмаған, барлығы өз орнында болған. Ресми мәліметке қарағанда, бұдан кейін көрші орман шаруашылығында өрт шыққаны жайлы дабыл келеді. Бұл шаруашылық алдыңғысынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда №3 кардон аумағында өртеніп кеткен екі мәйіт табылған. Кейін үйінділер арасынан полиция тағы үш мәйітті тауып алыпты. Бірінші кардондағы мәйіттердің кімдікі екендігі анықталған. Бұл – орманшы Панайот Захаропуло, оның азаматтық некедегі әйелі және екі жұмысшы. Әрі орманшының үйіне қонаққа келген 1969 жылы туған Андрей Гузев пен 1938 жылы туған Антонина Карпызина. «Время» газетінің ақпаратына сүйенсек, ол екеуі де Алматы қаласының тұрғындары. КТК телеарнасының мәліметі бойынша, орманшы үйінің жанынан орманшының ұлына тиесілі автокөліктің табылғандығы мәлім болып отыр. Автокөліктің салонында қанның іздері табылған. Ол бұған дейін әкесімен бірге жұмыс істеген. Қазір оның қайда екені белгісіз, іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстандық ақпарат құралдары қаза болған Панайот Захаропулоның браконьерлермен бітіспес соғыс жүргізіп келгендігін жазады. Соның ішінде «Мегаполис» газетінің ақпараттарына сүйенсек, бұл орманшы мен оның ұлы орманды заңсыз кесуге бөгет болғаны үшін екі рет жұмысынан қуылған екен. Алайда олар сот арқылы бұл орынға қайта жайғасқан.

Болған оқиғаға орай, қылмыстық іс қозғалған. Әзірге бұл іске қатысы бар күдіктілер анықталған жоқ. Қазақстанның ІІМ-нің алдын-ала жасаған мәлімдемесі: «Әзіргі болжамымыз бойынша бұл тұрмыстық кикілжіңнің салдары» болып отыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлім еткен. Қазір бұл аумақта іздестіру шаралары жүргізілуде. Ол үшін тік ұшақтар мен ішкі әскердің жүздеген әскери қызметкері жұмылдырылған.

Есенгүл Кәпқызы