БҰЛ – СПОРТ ЕМЕС, СӨЗ САЙЫСЫ

БҰЛ – СПОРТ ЕМЕС, СӨЗ САЙЫСЫ

БҰЛ – СПОРТ ЕМЕС, СӨЗ САЙЫСЫ
ашық дереккөзі
233

Лондонның стадиондары мен спорт алаңқайларында түрлi ел командалары арасындағы сайыстың дүмпуi бiр бөлек те, интернетте, жалпы баспасөз бетiнде жүрiп жатқан «идеологиялық» майдан бiр бөлек. Ресейлiктер мен америкалықтар арасындағы «астыртын олимпиадалық соғыстың» күштiлiгi америкалық Майкл Фелпс 19-шы алтынын алып, ресейлiк Лариса Латынинаның алдына шыққанда аңғарылды. АҚШ президентi Барак Обама сол заматта өзiнiң «Твиттердегi» парақшасына құттықтау жазып, үшбу сәлем жолдады. Америкалықтар ресейлiктердi ақыры басып озды! АҚШ президентi Обаманың Фелпске жазған құттықтауының мәнiсi сонда.

Сайыс алаңына шыққан спортшылар үшiн «тақым қысқан» бiр Обама ғана емес едi.

Біз Олимпиада күндері шетелдік бас­пасөздің қазақ спортшылары туралы­ не жазғанына шолу жасадық. Обалы нешік, Лондон Олимпиадасының арқасында Қазақстанның интернеттегі танымалдығы артып, жеңімпаз спортшылары атақты бола түсті.

«ВИНО – … ӘЛДЕКІМ ЕМЕС»

Қазақ елінің атынан жарысқа шыққан Александр Винокуровтың бірінші жарыс күні-ақ талассыз жеңіске жетіп, алтын медаль алғаны беделді батыс басылымдарының шолушыларын бей-жай қалдырған жоқ. The «Daily Mail» газетінің Винокуровқа тіс қайрағаны соншалықты, ол «Ұлбыритания командасының сүйіктісі Марк Кавендиш Қазақстаннан шыққан әлдекімге жеңісті қолдан берді» деп жазды. («Team GB’s red-hot favourite Mark Cavendish loses out to the nobody from Kazakhstan»).

Оған қоса сол мақаласында қазақстандық велошабандозды «өзі белгісіз бұрынғы допингтік алаяқ» деп атаған. Ағылшыншасы – «an unpopular former blood doping cheat».

Абырой болғанда, ағылшынның беделді «The Guardian» газеті бұл көпе-көрнеу қаралауға қарсы шықты. Кавендиштің мәреге 29-шы болып келгенін жазған басылым Винокуровты «әлдекім» деп атауға үзілді-кесілді наразы. «Қазақстандық велошабандозды допингтік алаяқ ретінде емес, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жақсы жарыс өнерін көрсеткен өте шебер спортшы ретінде есте сақтау керек» деп жазды «гардиандық» шолушы.

Сөзбе-сөз келтірсек: «But Vinokourov is no nobody. He took the win with an imperious sprint away from his remaining breakaway companion in the final few hundred metres. He had managed the perfect race up until that point and finished it off in the same fashion, leaving nothing to chance».

Бір қызығы, бұл мақала «The Guardian» газетінің сайтында қызу пікірталас тудырған. 31 шілде мен 1 тамыз аралығында аттай 103 пікір жазылыпты. Оның бірқатарын мысалға келтірсек, «skipperD» деген бүркеншік атты оқырман: «Иә! Ол бұрын допинг қабылдаса, қазір де допинг пайдаланады деген сөз емес қой! Алайда допинг қолданушыларға спорттық жарыстарға қатысуға өмірлік тыйым салу керек, егер кінәсіз екенін дәлелдей алмаса. Спорттың барлық түрінен тыйым салу керек».

Басқа бір оқырман: «.. Кінәсін мойындаса да, мойындамаса да, Вино ғажап спортшы, ол сенбі күні алдындағы велоспортшының алдын орап, тамсанарлық өнер көрсетті. Оның жеңісі шын жеңіс. Қалпағымды шештім, Вино» деп құрмет білдіріпті.

Ал «davidar23» бүркеншік атпен бір оқырман: «Айтуды ұмытып кетіппін ғой – Вино сенбі күні шабуыл жасаудың ескі мектебінің арқасында жеңіске жетті. Ол шындығында да үлкен шеберлік көрсетті» дейді.

«mervanator» деген оқырманның жазғаны шындыққа сай: «Біз қаласақ та, қаламасақ та, ол алтын медальды үйіне алып кетті. Әңгіме Вино туралы емес, әңгіме велоспорт туралы, «Тур де Франстағы» сәтсіздіктерден кейін Олимпиада жарысында допингсіз өз еңбегімен жеңіске жетті».

«OldTom» болса былай деп жазды: «Daily Mail-дың «әлдебіреу» деп жазуы – олардың өздерінің әлдебіреу екенін көрсетеді».

Ал итальяндық журналистер Қазақ­стан­ның ауыр атлетші қыздарының шыққан тегін анықтай алмай әуре-сарсаңға түсті.

«ҚАЗАҚСТАН ОЛАРДЫ

ТАУЫП… ТӘРБИЕЛЕДІ»

Италияның «La Stampa» басылымы 6 тамызда «Лондон-2012: қазақ спортшы қыздары алтын жеңіп алды, бірақ олар – қытай ма?» деген тақырыппен мақала жариялаған.

Журналист Қытайдың Синьхуа агент­ті­гі­нің Зульфия Чиншанло Юнчжоу, Хунань аймағында дүниеге келгенін айтып, «оның тегі – қытай» деген мәлімдемесіне орай өз пікірін былайша өрбітіпті: «Мен бұл айыптауларға сыни тұрғыда қарайтынымды айтуға тиіспін. Қытай жүзімге қызыққан түлкінің кебін киіп отыр. Дегенмен де мен Чишанлоның дұнған ұлтына жататынын аңғардым, ал бұл этникалық топ Орта Азияда қытай мұсылмандары – хуэйцзумен тікелей тамырлы байланыста. Ендеше, дұнған ұлтының өкілі, әрі туған тілі қытай диалектісі болған адамды қытай азаматы екен деп айтуға болады» дей келе, одан әрі:

«…Мен Олимпиадалық ойындар рег­ла­мен­тінің маманы емеспін, бірақ спортшы өзі байрағын көтерген елдің азаматы болуға міндетті емес пе? Ал Чиншанло мен Манеза қазақ азаматтығын алған, ендеше бұл не дабыра, не шу?» дейді.

«Әрине, егер Қазақстан өз ауыр атлет­те­рінің өмірбаянын қолдан жазып шықса, онда бұл әділдік емес. Бірақ бұдан олардың жеңісі ортайып қалмақ емес. Чишанло мен Манеза Қытайдың чемпиондары болған емес. Шамасы, Қазақстан оларды тауып, өсіріп, тәрбиеледі. Иә, оларды ауыр атлетшілерден әйелдер командасын жасақтау үшін басқа елден алып келді. Бірақ бұл дерек оларды чемпион атандырмайды. Оларға алтын әперген өздерінің және жаттықтырушыларының қажырлы еңбегі. Ал бұл Олимпиада рухына сай емес пе?» деп сөзін тұжырымдайды автор.

Қаз қалпында: «Martedì il Kazakistan ha vinto un’altra medaglia d’oro e ha segnato un altro record nel sollevamento pesi donne quando Maiya Maneza, altra giovane di etnia Dungan, ha sollevato 245 kg nelle specialità combinate di “strappo” e “slancio”. Di nuovo per curiosità, ho cercato un video di Maneza che parla russo, ma mentre navigavo su YouTube, sono incappato in quella che penso sia la prova inconfutabile che sia Chinshanlo che Maneza provengono davvero dalla Cina e che questo non è un gran segreto nemmeno in Kazakistan».

Бұл мақалаға да интернетте пікір сан алуан. Солардың бірқатарында былай делініпті:

«Зульфия мен Майя – дұнғандар, Қырғызстанда туған. Алматыдан 250 шақырым жерде дұнғандардың ауылы бар. 90-шы жылдары олардың ата-анасы Қытайға көшкен, бірақ 2007 жылы біздің спорт жаттықтырушылар оларды тауып, кері алып келді. Зульфия ол кезде 13-14-те болатын. Мұндай жаста оның бойынан талантты кім көре алды?

Ал Подобедованы біздің жаттықты­рушылар 2006 жылы Қазақстан атынан­ шығуға көндірді. Ал Илья, Винокуров пен Рыпакова өзіміздің туған орыстар. Қазақстанда туған, КСРО тарағанда олар 3-4 жаста, бәлкім Вино одан үлкенірек бол­ған шығар. Халық оларды жақсы көреді. Енді, билік өзі үшін жақсы пиар жасады. Ал қазақтардың өздері әдетте бокс пен күрестен жүлдегерлер мен чемпиондар. Басқа Олимпиада статистикасын қараңыздар».

Тағы бір оқырман: «..Қазақстан оларға жақсы жаттықтырушылар берді, олар қы­тайлықтарға қарағанда шебер болып шықты. Қытайда дәл осы спортшылардың чемпион болу-болмауы екіталай еді.

Ал ол жақтан кетіп қалғанына келсек – Қытайда құрамаға талапкерлер ондап емес, мыңдап саналады. Олардың ішінен «жүзден жүйрікті» мықты болсаң, тауып көр. Гимнастиканың өзінен олар тең күштегі 5-6 құрама дайындап шығарып бере алады!» деп түйіндейді сөзін.

«…БОРАТТЫҢ МЕНТАЛИТЕТІ ҮСТЕМ ЕЛДЕ»

Ал Чехияның шолушысы әйелдердің ауыр атлетикамен әуестенуі мен елдің саяси дамуынан параллель іздеп, қамығыпты. «Әйелдер ауыр атлетикасының қажетсіздігі туралы» деп аталатын мақала iHNed.cz атты чех сайтында 13 тамызда жарияланды. «Әйелдер еркектердің әлеміне ену үшін барын салуда, тіпті әйелдіктен бас тартуда» деген ойды айта келіп, автор: «Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Бәлкім, бұл әйелдердің қоғамда өздеріне сенімді болуына көмектесетін шығар. Олай емес пе деп те қорқамын. Әйелдер арасындағы ауыр атлетикада алтын медальдарды әзірге Қытай мен Қазақстан өзара бөлісіп алды, яғни Бораттың менталитеті үстем болып тұрған қоғамы бар елдер. Мен Қытай мен Қазақстанның жеңімпаз өкілдері – жергілікті оншалықты демократияшыл емес жүйелердің өзін-өзі жарнамалаудың дәлелі деп білемін, бірақ планеталық масштабтағы эмансипацияны жеңудің дәлелі емес», – дейді.

Сөзбе-сөз келтірсек: «Není to ale přece jen k něčemu dobré? Nepomáhá to ženám k většímu sebevědomí, lepšímu postavení ve společnosti? Obávám se, že ne. V ženském vzpírání si zatím rozdělily zlaté medaile Čína a Kazachstán, tedy země, kde ve společnosti vládne boratovská mentalita. Mám všechny důvody se domnívat, že osvalené reprezentantky Číny a Kazachstánu jsou více dokladem úspěšné sebepropagace tamních ne zrovna demokratických režimů než vítězného planetárního tažení emancipace».

…Осылайша жалғаса береді. Лондон-2012 Олимпиадасы аяқталды. Енді оның дақпырты күн санап алыстай береді.

Тек Отанына олжамен оралған жеңімпаздардың ел абыройын асқақтатқан еңбегі ғана есте қалмақ…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары