КӨРБІЛТЕЛЕР СӨЙЛЕЙДІ, КЕРУЕН КӨШЕДІ

КӨРБІЛТЕЛЕР СӨЙЛЕЙДІ, КЕРУЕН КӨШЕДІ

КӨРБІЛТЕЛЕР СӨЙЛЕЙДІ, КЕРУЕН КӨШЕДІ
ашық дереккөзі

Ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелер табандылық танытуды талап етедi. Мысалы тiл, дiл, дiн, мемлекеттiк және ұлттық құндылықтар. Ұлттың жанды жерi – тiлдi саяси мансап пен саяси ұпай жинау құралына айналдырғысы келетiндер қазақ тiлiнiң мәртебесiн жоққа шығаруды көздейдi.

Соңғы кездері қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне күмән келтіріп, ұлттық құндылықтарды қорлауды көздейтін мысықтілеу пікірлер жиі қылаң беріп жүргені бар. Мәселен әлеуметтік желілерден жылт еткізіп, Қазақ қоғамын дүрліктірген Петр Своиктің «қазір Қазақстанда мемлекеттік тіл – орыс тілі» деген сөзі. Осы мәселеге орай газетіміздің өткен санында «Қазақстандағы мемлекеттік тіл қайсы?» деген мақала жариялаған болатынбыз. Ол туралы ғаламтор мен отандық БАҚ-та бірнеше рет мәселе көтеріліп, көптеген пікір білдірілді де. Бірақ бұл Своикті сабасына түсіре алмапты. Өйткені еліміздегі орыстілді бір басылымға берген сұхбатында «Қазақстанда орыс тілі мемлекеттік тіл болып табылады» деген пікірінен танбайтынын ашық мәлімдеген Петр Своик: «Иә, біздің билік формасы жағынан алғанда, заманауи, бірақ мазмұны жағынан, феодалдық. Ол «бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанады. Заңда – басқаша, өмірде – басқа, сонымен қатар тілге қатысты да. Алайда шын мәнісінде қазақтың мемлекеттік тілі – орыс тілі ғой. Оның ішінде қалыптасқан орыстілді қазақ зиялыларының арқасында. Бұл – анық, менің иек артқаным да сол болатын. Ал қазақ тілін шынында да мемлекеттік деңгейге көтеру үшін ол алдымен ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс». («Да, наша власть современна по форме, но феодальна по содержанию, она использует политику «разделяй и властвуй». В законе – одно, в жизни – другое, в том числе и касательно языка. Однако реально-то казахским государственным языком является русский язык. В том числе благодаря состоявшемуся русскоязычию казахских элит – это факт, и я от него оттолкнулся. А поскольку казахский надо действительно поднимать до уровня государственного, он для начала должен стать языком межнационального общения»).

Осылайша ойын күлтебілтелендірмей-ақ, бүкпесіз айтқан ол мектептерде қазақ тілі мен орыс тілін бөлек-бөлек оқытқанды доғарып, ағылшын тілін әсіресе ауылды жерлерде сапалы түрде меңгеруге ден қоюды ұсынады: «Бұл оңай емес, бірақ онсыз Қазақстанда тыныштық болмайды». Петр Владимирұлының қандай тыныштықты меңзеп тұрғанын кім білсін, бірақ отаршыл да ұрдажық саясатты ұстанған кеңестік империяның құрсауынан босанып, тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылда қазақша әліпті таяқ деп білмейтін отандастардың бар екенін, оларды ешкім түртпектеп, не алаламайтынын, әркім өздері қалаған іспен заң шеңберінде еркін шұғылдана алатынын, оған ҚР Конституциясы кепілдік беретінін ескерсек, жиырма жылдан бері саяси, әлеуметтік тұрақтылық пен тыныштықтың мұрты бұзылмағаны анық.

Ұлттық мәселелерде ұтымды әрі өткір ой айтудан танбайтын белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның оны ЖСДП құрамынан шығару туралы ұсынысына да үзілді-кесілді қарсы: «Сарым – мені ЖСДП құрамынан шығарумен ғана әлек болған. Басқалары мені Қазақстаннан көшіріп жіберуді талап етуде. Мені өз-өзіне үкім шығарды дейді». Осылайша қарсыластарының талаптарына наразылық танытқан оппозиционер «Қазақстандағы мемлекеттік тіл – орыс тілі» деген мәлімдемесінен танбайтынын айтады. Журналисттің «Айтқан сөзіңізге өкінбейсіз бе?» деген сұрағына: «Титтей де. Не десек те бұл мәселе пісіп, жетілді. Ол, турасын айтқанда, Қазақстандағы ең басты мәселе. Бұл жерде мәселе тілге мүлде қатысы жоқ, орыс тілі де, қазақ тілі де мүлде бөлек даудың тұтқыны: ұлттық мемлекеттіліктің базасы туралы», – деп жауап берген. «Қазақ тілі мемлекеттік тіл деңгейіне орыс тілімен қатар жүргенде ғана көтеріле алады» деген уәж айтқан ол ЖСДП-дағы жақтастары тіл туралы пікірін қолдаса да, қолдамаса да өз дегенінен қайтпайтын көрінеді: «Бұл пікірді мен біраз уақыттан бері ұстанып келемін. Иә, әзірге партияда жалпы идеяларды бірегейлендіру (кристаллизация) процесі жүруде. Бірақ ойымдағыны бүркемелеуге ешқандай негіз жоқ». Своик сенімді көрінуге тырысса да, оған қарсы уәж айтқан жақтастары бар. Мәселен ЖСДП серкелерінің бірі Әміржан Қосанов әлеуметтік желілерде: «тіліме тіл тигізген кез келген «своик» мен үшін «чужоик», – деп ашық та айқын жауап берген.

Қазақстан егемендігін алғалы бері қа­зақ тілі, ұлттық құндылықтар туралы сыңаржақ пікір айтудан жаңылмай келе жатқан Своиктің кешегі мемлекеттік тілге байланыс­ты жасаған мәлімдемесін отандастардың көпшілігі ЖСДП ұстанатын қағидалардың бірі ретінде қабылдағаны рас. Отандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде пікірталас көрігін қыздырған ағайын ЖСДП басшысы Жармахан Тұяқбайдың ресми түрде мәлімдеме жасамағанын да сынға алған. Ештен кеш жақсы деді ме, арада сәл уақыт өткенде Тұяқбай мырза бұл сауалға жауап беріп, жуық арада ЖСДП президиумының отырысы болатынын жеткізді: «Отырыста біз жақтасымыздың ұстанымын талқыға саламыз. Егер бұл Петр Владимировичтің жеке пікірі болса, әңгіме басқа. Онда қандай да бір тәртіптік шешіммен шектелеміз. Алайда бұл оның партия мүшесі ретіндегі ұстанымы болса, партия бағдарламасымен сәйкес келмейтіндіктен оны партия қатарынан шығаруымыз мүмкін». Тұяқбайдың бұл сөзі «Жапалақты таспен ұрсаң да, жапа­лақ өледі. Тасты жапалаққа ұрсаң да, жапалақ өледі»-нің керін келтіріп отырғандай көрінді. Өйткені кез келген партияның беделді бір өкілі заңға, партияның ұстанымдарына қайшы келетін сөз айтуы – үлкен жаңсақтық. Өйткені әрбір тұлғаның пікірінен кейде қоғамдық пікірді қалыптастыруға болатыны белгілі. Ендеше Қазақ қоғамындағы мемлекеттік тіл мәртебесін қазақ тілінен орыс тіліне тартып алып бергісі келетін Своиктің көздегені не? Бұл айрандай ұйыған елді іркіттей ірітуге ықпал етпей ме? Жиырма жылдан бері ешқандай қыспақсыз-ақ қазақ тілін меңгерсем деген ниеттегі ағайынның көңіліне қаяу салса ше? Жалпы ЖСДП құрамында жүрген Своиктің тілге қатысты айтқан сыңаржақ пікірі мұнымен шектелмейді. Көңілді дүдәмал еткен сауалдарға жауап іздеп, ЖСДП жетекшісі Жармахан Тұяқбайға қоңырау шалдық.

– Жармахан аға, Своиктің мемлекеттік тілге қатысты айтқан сөзіне партия тарапынан «жеке пікірі» немесе «партия мүшесі» ретінде баға берудің астарында саяси ойын жатқан жоқ па?

– Жоқ, ешқандай саяси ойын жоқ. Өйткені ЖСДП бағдарламасында айтылғандай, партияның нақты Қазақ мемлекеттілігінің, қазақ тілінің жаңғыруы мәселесіне байланысты ұстанымы айқын да ашық. Бүгінде азаматтық қоғамды қалыптастыру туралы пікір мен ұсыныс жиі айтылады. Меніңше, ең алдымен Қазақ мемлекеті ұлттық қоғам, ұлттық мемлекет болып қалыптасқанда ғана ілгері жылжу керек деген ұсыныс бар. Екіншіден, қазақ тілін шын мәнісінде мемлекеттік тіл мәртебесіне дейін көтеру бағытында мемлекет тарапынан жүргізілетін іс-әрекеттер мен шаралардағы кемшіліктерді жоюға байланысты да бірқатар нақты ұсыныстар айттық. Бағдарламамызда біз мемлекеттік тіл, ұлт мәселесіне келгенде, қазақтың Қазақстан мемлекетін құраушы негізгі ұлт екендігін мойындап, қолдап, оны ары қарай нығайтуға атсалысатынымызды айқын көрсеткенбіз. Своиктің мемлекеттік тіл туралы көзқарасына келсек, ЖСДП ішінде әртүрлі пікірдегі адамдар бар. Бірақ біз партия бағдарламасында көрсетілген шарттарға бағынуды талап етеміз. Егер бағынбаса, ондайлар партиядан кетуі керек.

– Своик газеттердің біріне берген сұхбатында «Айтқан сөзіме титтей де өкінбеймін» депті. Жеке тұлға ретінде айтса да, партия мүшесі ретінде айтса да, ол ЖСДП беделіне нұқсан келтірмей ме?

– Жаңа айттым ғой, арнайы кеңесте осы мәселені талқыға саламыз. Своик өз қателігін толық мойындап, партиядан кешірім сұрауы керек немесе партиядан кетуі тиіс. Бұл менің өз көзқарасым.

– ЖСДП басшысы ретінде Своиктің сөзіне байланысты сіз халықтан кешірім сұрайсыз ба?

– Жоқ, жоқ, жоқ! Своик айтты деп, мен неге партияның атынан кешірім сұрауым керек? Партия ондай ұстанымда емес.

– Ғаламторға, кейбір БАҚ-қа қара­сақ, «мүдделі топтардың іштен ірі­ту үшін арнайы жасап отырған аран­датушылық әрекеті» деген пікірлер бар. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бұл әбден мүмкін. Өйткені мен еліміздегі халықтың жағдайына алаңдайтын, жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылыққа нұқсан кел­тір­местен, қоғамда өзгерістер жасау, күн тәртібіндегі толғағы жеткен мәселелердің шешімін табу мақсатында ұсыныс жасау, т.б. азаматтардың басын қосып, құрылтай өткізу жайлы бастама көтергенмін. Бұл Қазақстандағы бүкіл азаматтардың ұлтына, ұлысына, әлеуметтік ахуалына қарамастан, елдің, халықтың ахуалына алаңдайтындардың басын қосатын шара болуы тиіс. Осы мәселеге орай жұмыс тобын құрып, арнайы мамандар іске кіріскен. Ұсыныс білдірушілер арасында қазақы құндылықтарды жоғары бағалайтын ұлтшылдар да, өзіндік ой-пікірлері бар өзге ұлт өкілдері де т.б. бар. Мемлекеттік тіл, ұлттық мемлекет құруда олардың пікірлері бір арнаға тоғыспайтыны анық. Бірақ мүдделі тараптардың барлығының талап-тілектерін арнайы құрылған жұмыс тобы ешқандай кедергісіз әрі алаламай қарайды. Меніңше, мемлекеттік тілге байланысты Своик айтқан сөздің партияға ешқандай қатысы жоқ. Тек келешек құрылтай төңірегіндегі арандатушылық сияқты.

– Құрылтайды қашан өткізесіздер?

– Ең алдымен құрылтайдың тұжы­рымдамасын жасауымыз керек. Осы мақсатта құрылған екі жұмыс тобы тұжырымдаманы түзуде. Олар жұмысын аяқтаған бойда құрылтайды өткізуге кірісеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Асқар ОМАРОВ,

журналист, қоғам қайраткері:

– Бір жағынан алғанда, Петр Своиктің Қазақстандағы орыстілді азаматтардың мүддесін айқындаушы тұлға ретінде көрінгісі келуі кекесін тудырады. Меніңше, оның саяси мансап жолында тілді пайдалануы алғаш рет емес. Бұл 90-жылдардан бері жалғасын тауып келе жатқан әрекет. Алайда Своиктің орыс тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеру қажеттілігі туралы жасаған мәлімдемесінің соңы қауіпті үдеріске ұласуы мүмкін. Мысалға Украинадағы жағдайларды алсақ болады. Ресейлік саясаттың сойылын соғушылар тарапынан ұсынылған «Тіл туралы» жаңа заңның арқасында Украинада орыс тілінің мәртебесі күшейгені белгілі. Сонымен қатар Латвиядағы орыс тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеруге ұмтылған талпыныс­тар. Қырғызстанға жасалған қысым т.б.

Орыс тілі бүгінде Ресейдегі отаршыл империяны қалпына келтіруді армандайтын, өшпенділікке құрылған саяси топтардың құралына айналып отыр. Алпауыт елдердің басқалары белгілі бір аймақтарға деген ықпалын экономикалық өсім немесе басқарушы саяси режимнің қолдауы арқылы арттыруды көздесе, ресейлік жақ «орыс тілін қыспаққа алды» деген желеуді, яғни орыстілді азаматтарға қатысы жоқ дүниелерді саудаға салу жолымен жүзеге асырғысы келеді. Шовинистік пиғылдағылардың қолынан келер басқа қайраны жоқ. Демек Своик белгілі бір күштердің алдында өзін «қыспаққа түскен» орыстілділердің құқығын ежелден қорғаушы саясаткер ретінде таныту арқылы қазіргі саяси мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылады.

«Орыстілді» деген категория – негізсіз, ғылыми тұрғыда тұжырымдалмаған және ойдан шығарылған. Маған «отандық саяси топтар Своиктің сөзі сияқты мәлімдемелерге айқын да қатаң жауап беруі тиіс» деген ой келеді. Кедендік одақ немесе Еуразиялық одақ бастамасымен бірге қоғамның белгілі бір бөлігінде бұрынғы КСРО мен баяғы болып кеткен құбылыстарды қайта қалпына келтіру үміті оянуы мүмкін. Орыс тілі арқылы айла-шарғы жасау – бұрынғы КСРО кеңістігінде жиырма жылдан бері пайдаланылып келе жатқан белгілі саяси тәсіл. Орыстілділер қоғамын қорғауға қатысты жасалған мәлімдемелер елдегі қатерлі үдерісті қалыптастыра отырып, көңілдерде жылт еткен үмітті күшейте түседі. Мұндайда кейбір отандас «Қазақстандағы орыс тілі шынымен-ақ қыспаққа түсті» деген әсерде қалуы ғажап емес. Сол үшін қоғамдық пікір қалыптастырылып, жұртшылыққа белсенді түрде хабар таратылады, бағыттар түзіледі. Осылайша қарапайым халық пен зиялы қауым ол ұсыныстарды қалай қабылдады, қоғамдық санаға қалай ықпал етуге болады, адамдар көңілінде жаңсақ пікірді қалай қалыптастыруға болады деген мәселелерді зерттеуге кіріседі.

Жалпы үдерістерді ескерсек, орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру мен «орыстілді» халықтың құқығын қорғау қажеттілігі туралы алыпсатарлық әрекеттер әлі де болса жалғаса береді. Тіпті оның ауқымы әлдеқайда кең болуы да ғажап емес. Жиырма жыл ішінде тамырын тереңге жайып үлгермеген қазақы құндылықтардың бүгінде шатқаяқтай бастағанын байқаймыз. Өйткені оған қатысты пікірлер Своикпен шектелмейді ғой. Ұлттық тұлға – Мұстафа Шоқайға шабуылдар, бала саны жетіспейін орыс мектептерін оңтайландыруға байланысты наразылықтар. Кеңестік кезеңге деген жағымсыз әрекеттерді ресейлік ақпараттық кеңістік орыстар мен аморфты «орыстілділерге» жасалған шабуыл ретінде көрсетуге тырысады. Оғаштығы сол, кезінде коммунистік режимнен құқай көрген Қазақстанда КСРО-ны төбеге хан көтеру, оның абыройын асқақтату әрекеті табысты жүргізілуде. Қоғамдағы осы үдерістердің барлығын Своик тіс қаққан саясаткер ретінде асқан сезімталдықпен түсінеді әрі оңтайлы пайдаланып қалуға ұмтылады. Сондықтан қазір мұндай кісілерге олардың тым қателесіп жүргенін және кез келген режимде, кез келген жағдайда «біртұтас» мемлекетке қайта оралмайтынымызды ұқтыратын кез жетті.

Анаит Григорян,

Қазақстан халқы асамблеясының мүшесі:

– Қазақ тілі – Қазақстандағы мемлекеттік тіл. Біз, Қазақстан азаматтары, Қазақстан патриоттары немерелеріміз бен шөберелерімізге дейін қазақша сөйлетуіміз керек. Қазақ тілі қазаққа ғана емес, Қазақстанда туған ұлт пен ұлыс өкілдеріне де керек. Бүгінде еліміз бүкіл әлем танитын дәрежеге жетті. Сондықтан Қазақстан азаматтарының әрқайсысы мемлекеттік тілді меңгере отырып, Қазақстан беделін көтеруге күш салуға міндетті. Петр Своиктің кім екенін білмеймін, бірақ айтарым, Қазақстандағы мемлекеттік тіл 100 пайызға қазақ тілі болуы тиіс. Орыс тілін ұлтаралық тіл ретінде қолданғанмен, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігіне шүбә келтірмейміз. Ресейде, басқа мемлекеттерде орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы мәселе жиі көтерілетіні жасырын емес. Бірақ бұл жаңсақ пікір. Мемлекеттік тілімізге деген сыйластық сезімі ең алдымен тілге қатысты. Ең бірінші қағида – тіл. Қазақстан азаматтары Қазақ елін сыйлаймыз. Өйткені кез келген дербес елдің құндылықтары – шекарасы, әскері, туы, тілі, мемлекеттік құндылықтары емес пе? Мемлекеттік тілді білмейтін адам қалай өмір сүреді? Мен Арменияда туып, сонда жұмыс істедім. Армениядағы халықтың 99 пайызы армянша біледі. Ол жақта тіл проблемасы ешқашан туындаған емес.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ