«АЛАТАУДАҒЫ» ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

«АЛАТАУДАҒЫ» ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

«АЛАТАУДАҒЫ» ҚҰРЫЛЫС  НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
ашық дереккөзі
346

Жақында «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Кенжехан Матыжанов Алатау ауданындағы құрылысы жаңадан салынып жатқан бірқатар нысандарды аралап, арнайы құрылған он бір партиялық бақылау постыларының жұмысымен етене танысты.

Алматы қаласының аумағына жетінші аудан ретінде енген Алатау ауданының құрылғанына көп болған жоқ. Аудан басшылығы үш жыл ішінде қала іргесіне қоныс тепкен бірнеше елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, білім ұялары мен балабақшалардың салынуына мұрындық жасады. Бұрын-соңды ой-шұңқыр болып жататын көшелері тегістеліп, оларға жаңа атаулар берілді. Айнала көгалдандырылып, жергілікті тұрғындарға көгілдір отын желісі тартылды. Әрине, жас ауданның тіршілігі мұнымен бітпек емес. Ауданда өмір есігін ашып жатқан сәбилердің көптігінен де, балабақша, мектеп пен емхананың жетіспеушілігі күн тәртібіндегі мәселе. Бүгiнде Алатау ауданында 170,1 мың халық тұрады. Биылдың өзiнде Алатауда 5 мектеп, 1 балабақша, 3 емхана салынуда. Олардың өз уақытында пайдалануға берілуі мен бөлінген қаржының діттеген жеріне жетуін қадағалау «Нұр Отан» ХДП-ның құзыретіндегі басты шаруа.

Болашақта халық игілігіне айнала­тын нысандардың бүгінгі жәй-жапсарын жіті бақылауда ұстаған «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов бастаған топ «Әйгерім-1» ықшамауданындағы №14 емханаға атбасын тіреді. Емхана бүгiнде 37687 мың тұрғынға қызмет көрсетедi. Оның 12 349-ы 14 жасқа дейiнгi балалар болса, 1502-сi жасөспiрiмдер. Одан бөлек 9 мыңы туу жасындағы әйелдер. Бұл, әрине емхананың жергілікті халыққа таршылық ететіндігін дәлелдейді. Сәті түскенде емхана дәрігерлері мен тұрғындардың өздері де келешекте қосымша ғимарат салу керектігі туралы құлаққағыс етіп еді, «Нұр Отан» ХДП Алатау аудандық филиа­лы төрағасының орынбасары С.Кәрiбозов емханаға қосымша ғимарат салу тек 2014 жылға жоспарланып отырғанын, ал келер 2013 жылы күрделi жөндеу жүргiзiлетiнiн тілге тиек етті.

Сондай-ақ партия өкілдері Елбасының қолжетiмдi баспана бағдарламасы бойынша салынып жатқан коттедж үйлер қалашығындағы құрылыстың жұмыстары көптiң көңiлiнен шықты. Канадалық жоба бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер архитектуралық құрылымы жағынан да, қолжетiмдi бағасы жөнiнен де қарапайым халықтың қалтасына сай келетiн көрінеді. Қазiргi таңда бiрiншi кезекте пайдаланылуға берiлу жоспарланып отырған 162 үйдiң құрылысы қарқынды жүргiзiлуде. Қолжетiмдi баспана тұрғын үй кешенiнiң құрылысына жауапты «Дос­тупное жилье» акционерлiк қоғамының Алматы филиалының директоры Сергей Шегайдың айтуынша, құрылыстың 75-80 пайызы Қазақстанда өндiрiлiп жатқан құрылыс материалдарымен салынып жатыр.

«Нұр Отан» ХДП Алатау ауданы филиалы төрағасының орынбасары Сағымбек Кәрiбозов «Қарасуда» салынып жатқан тұрғын үй құрылысы мен желтоқсан айында пайдалануға берiледi деп жоспарланған мектеп құрылысының жұмысына оң баға берді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары