ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН
ашық дереккөзі

Қадiрлi мұсылман бауырлар, құрметтi отандастар!

Мейiрiмдi, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Мiне, айлардың төресi, күллi мұсылман баласы үшiн қасиеттi Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де таяп қалдық. Елiмiздегi барша мұсылмандар күннiң аптапты ыстығына қарамастан, шiлде мен тамыз айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткiздi. Кездескен қиындықтарға сабыр етiп, Жаратушы Иемiздiң разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан, өмiрдiң басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсiз.

Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бiрлiк, мейiрiм мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңiлiне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды Ислам үмбетiнiң ең қасиеттi де ұлық мерекесi – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкейген кәрiге дейiн барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетiн бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсiн!

Айт мерекесi адамның рухани өмiрiне сәулесiн төгiп, жанға жылу берiп, жүректерге қуаныш сыйлайды. Сондықтан жыл сайын бұл мейрамды барша мұсылман сағына күтедi, ерекше қастерлейдi.

Жалпы мұсылман жұртшылығы жыл сайын екi рет зор шаттыққа бөленедi. Бiрi осы ораза айтында, екiншiсi – құрбан айты кезiнде. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшiп келгенде, жергiлiктi халықтың мейрамдап, көңiл көтерiп жатқанын көрiп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл бiздiң Исламға дейiн тойлап келе жатқан мерекелерiмiз», – деген жауап естiдi. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): «Алла сiздерге бұдан да ұлық екi мейрам бердi. Олар Рамазан және Құрбан айттары», – деп осы ислами мейрамдардың мәртебелi екендiгiн бiлдiрген.

Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кiшiпейiлдiлiкке, кешiрiмдiлiк пен сүйiспеншiлiкке шақырады.

Ислам шариғатында пiтiр садақасының осы айт қарсаңында берiлуi де жайдан-жай емес. Ораза айттың хадистерде «Ғид-у-лфитр», яғни «Пiтiр мейрамы» деп аталуы да сондықтан. Пiтiр садақалар жағдайы нашар, мүмкiндiгi шектеулi отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастарқан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады. Сонымен қатар бұл күнi мұсылмандар марқұмдарын да еске алып, Алладан оларға шапағат тiлеп, дұға етедi.

Айт күнiнiң өзiне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Айт күнi оқылған намаз да, жасалған дұға да, Алла тағаланы пәктеулер де өзгеше. Өйткенi бұл күндерi адам жүрегi айрықша тебiренiстер мен сырлы толқуларды терең сезiнедi. Бұл күнi ғұсыл құйынып, үстiне жұпар иiс сеуiп, айт намазына қатысу – сүннет. Әр үйде сәнi мен салтанаты ерекше мерекелiк дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көршi-қолаңды аралап, бiр-бiрiнiң үйiнен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады.

Ренжiсiп қалған кiсiлермен татуласу, қандай да бiр келiспеушiлiктiң салдарынан қатынас үзiлген туыстардың үйлерiн арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткенi Алла Тағала: «Сен кешiрiм жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресi, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешiрiмдi бола түсуге шақырған.

Күндегi оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйiнен шыққанды ұнататын.

Сондай-ақ айт құрметiне жайылған ақ дастарқан басындағы имани әңгiмелер, дiни сұхбаттар, «Айт құтты болсын!» деген ақжарды тiлектер мереке күнiнiң нағыз көркi, сәнi мен салтанаты.

Сан ғасырлардан берi ата-әжелерiмiз бiр-бiрiнiң үйiн аралап, айттық жеп, Құран оқып, бата қайырысқан. Бұл – бүгiнде жалғасып келе жатқан, әлi де сақтала беретiн игi үрдiс.

Дәл осы күнi балаларды жаңа киiм, тәттiлер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, ораза айтты олар да асыға күтетiн болады.

Жалпы, Ораза айты қасиеттi Рамазан айы аяқталғанының белгiсi ғана емес, ол – бiр айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемiсi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бiр хадисiнде: «Ораза тұтқан адам екi рет қуанады: бiрi – ауызашарда, екiншiсi – ақыретте ұстаған оразасының сауабын алғанда», – деген екен.

Алла тағала бiр ай бойы ұстаған оразамызды қабыл етiп, баршамызға екi дүние бақытын нәсiп еткей! Жаратушы Иемiздiң шексiз мейiрiмiне бөленiп, әрбiр қайырлы iсiмiз Алланың құзырында қабыл болғай! Раббымыздың ризалығына бөленетiн салиқалы амалдарды жасауға асығайық, бауырлар!

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI,

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы

мен Орта Азия мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, бас мүфти