ЕЛОРДАҒА КӨРІК БЕРЕТІН ЖЕТІ НЫСАН
ЕЛОРДАҒА КӨРІК БЕРЕТІН ЖЕТІ НЫСАН
Жуырда ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Елордадағы салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, қаланың даму мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.
Елордадағы құрылыс қарқыны көңіл көншітерлік. Үкімет басшысы еліміздің бас шаһары саналатын Астанадағы бой көтеріп жатқан бірқатар нысандарды аралап шықты. Серік Ахметов қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен бірге Астанадағы әлеуметтік және өндірістік саладағы жеті бірдей нысанда болды.
Атшаптырым аумақты алып жатқан бұл нысанның бірі – Классикалық опера және балет театры. Үкімет басшысы өзінің іссапарын дәл осы грек-рим және қазақ сәулетінің үйлесімінде салынған өнер ордасынан бастады. Одан кейінгі, Үкімет басшысының бас сұққан орны – «Талдыкөл сарқынды су жинақтау қоймасы». Бұл жерде құны 62 млрд. теңгелік екі кезеңнен тұратын жоба жүзеге асуда. Тазартылған ағын суларды шаруашылық мақсаттағы нормаларға дейін жеткізіп, Талдыкөлді сарқынды су жинақтау қоймалары жүйесінен алып тастауға бағытталған бұл бағдарлама 2015 жылы өз жұмысын аяқтайды.
«Астана су арнасы» МКК Бас директоры Уәлихан Досаев: «Қазіргі уақыт кәріз тазалау құрылғыларын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тазалауға дейінгі блоктың құрылысы басталады. Ал келесі жылы Талдыкөлге ағын суларды айдауды тоқтату жұмыстары қолға алынады», – дейді.
Одан соң, 400 мұражай қызметкері мен Қазақстан тарихы ғылыми зерттеу институтының 500 маманы қызмет атқаратын Қазақстан тарихы мұражайына бас сұқты үкімет басшысы. Бұл нысанның құрылысы өткен жылдың қаңтар айында басталған еді. Ал ғимараттың монтаждау жұмыстары 2013 жылы өз жұмысын аяқтамақ. Ел премьері стратегиялық маңызын ерекше атаған «Мыңжылдық» аллеясы болса, жалпықалалық батыс-шығыс осінің жалғасы болады. Бұл жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 119 млрд, сондай-ақ тағы 939 млрд. теңге жеке инвесторлардан тартылмақ. Нәтижесінде, 805 гектар аумақта 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Премьер-министр аралаған нысандар тізбегін «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарын жасау зауыты қорытындылады. Өткен жылы ғана қолданысқа берілген бұл зауыттың қуаттылығы – жылына 150 вагон. Бұл зауыт республиканың теміржолдарын заманауи жолаушылар вагондарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған нысандарды аралап шыққаннан кейін Үкімет басшысы қала әкімдігінде елорданы дамытуға арналған арнайы кеңес өткізді.
Кеңесте ҚР Премьер-министр Серік Ахметов: «Бүгін біз Астананың бірқатар әлеуметтік және өндірістік құрылыс объектілерін аралап шықтық. Құрылыс қарқыны жаман емес. Өздеріңізге мәлім, Астананың әрбір ғимаратының құрылысы мен сапасы Мемлекет басшысының ерекше назарында. Ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Елбасы Астананың дамуы бойынша Үкіметке, қала әкіміне нақты тапсырмалар берді. Енді тапсырмалар қалай орындалып жатыр? Өткен 9 айда қала бойынша қандай құрылыстар атқарылды? Қала бойынша нақты қандай проблемалар бар? Біз сіздермен осы мәселелерді талқылауға жиналып отырмыз», – деді.
Кеңесте қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорданы дамытуға байланысты Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы жайлы баяндап өтті. Астана әкімі 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 триллион 86 миллиард теңгені құрап, 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артқан екен. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция биылдың үш тоқсаны ішінде 396 млрд. теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өз кезегінде өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 6,8 пайызға артық екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Астана әкімі елордадағы тұрғын үй құрылысы саласының да қарқынды жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Биылғы жылдың қазан-қыркүйек айларында пайдалануға берілген баспананың көлемі қала бойынша 1 млн. шаршы метрге жуық болып отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 5,3 пайызға жоғары екендігін де айта кетті қала әкімі.
Сонымен қатар, келелі кеңесте Премьер-министр көші-қон мәселесіне де назар аударды. Өз сөзінде Үкімет басшысы қаланың қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, осыған орай көші-қон мәселесіне көңіл бөлу керектігін атап өтті. Сондай-ақ бұл мәселе қала маңындағы аумақтарға да қатысты екені белгілі. Үкімет басшысы: «Бұл мәселелердің барлығы, оның ішінде, қала маңындағы аумақтардың қалаға, атап айтқанда, Алматы қаласының маңындағы аумақтардың қосылу тәжірибесі есепке алына отырып, кешенді түрде қаралуы тиіс «Өсу нүктелерін» дамытуға қатысты Елбасы тапсырмаларын іске асыру аясында біз шоғырландыруға қатысты үлкен бағдарлама дайындап жатырмыз. Бұл «бес өсу нүктесі», оның ішінде Астана мен Алматы да бар», – деді.
Жиында Үкімет басшысы Астананың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына да тоқталды. «Дағдарыстың қаупіне қарамастан қол жеткізілген деңгейді нығайта түсуіміз керек. Астанада бұл орайда мүмкіндіктер де, әлеует те жеткілікті. Біздің алдымызда қаланың дамуына қатысты Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын түгел орындау міндеті тұр. Астанада ұсақ-түйек болмауы тиіс», – дейді Премьер-министр.
Кеңестің қорытындысында Серік Ахметов өз тарапынан қала билігіне шаһардың көші-қон мәселесіне қатысты, сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды салу ісіне мемлекеттік-жеке әріптестік институтын тарту мәселелеріне және қала төңірегіндегі азық-түлік белдеуіне қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Гүлзина Бектасова