«ҚАЗАҒЫМ БАРДА МЕН БАРМЫН»

«ҚАЗАҒЫМ БАРДА МЕН БАРМЫН»

«ҚАЗАҒЫМ БАРДА МЕН БАРМЫН»
ашық дереккөзі
209

Ол кiсiнi қазақ емес деуге тiлiмiз келмейдi. Үнемi Тiл деп, Ұлт деп шырылдап жүретiн Ол кiсiнiң кең жүрегi Қазақ деп соғады. Қоғам қайраткерi, Астана қаласының әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов ол кiсi туралы жүрекжарды лебiзiнде: « …ұлты бөлек болса да, тiлегi бiр, қазақ халқымен бiте қайнасқан жүрегi бiр Асылы апамыздың тұлғасы мен болмысы ұлттық тарихымыздың парақтарына алтын әрiптермен жазылатын есiм болары анық» деген екен. Расында, қарағайға қарсы бiткен бұтақпын деп жүретiн Асылы Әлиқызы Османның бүкiл ғұмыры қазақ халқымен бiте қайнасып, жүрегi қазақпен бiрге соғып келедi.

Титтейінен қазақтың ортасында өсті. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бойға сіңірді. Қазақ жеріне қоныс аударған кезде Асылы апай бар болғаны үш жаста екен. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына әке-шешесі, апа-сіңлісімен бірге қоныстанады.

Көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Менің әлі есімде, 1944 жылы қыста Шақпақтың азынаған боранды күндерінде бұрын көріп білмеген шешен, түрік, ингуш, қарашайларды ауылға әкеліп, үй-үйге тарата бастады. Қазақтар қоржын тамның бір жағын босатып, әр үй жер аударылғандардың бір-бір отбасын орналастыра бастады. Өздері ас-судан нашар тұрса да, қолда барын жатырқамай бөлісті. Өйткені ол кезде қазақтар ақ сатуды (айран, сүт) айып көретін. Біздің үйге орналасқан шағын шешен отбасымен тілін білмей ымдасып сөйлестік. Артынан олар жаңа жағдайға бейімделіп, қазақ тілін тез үйреніп кетті. Асылы Османның бір қора отбасы да Түлкібас ауданындағы таулы өзенді «Талапты» колхозына орналасқанын кейін өзімен араласа бастағанда бір-ақ біліп, шұрқырай табысқан болатынбыз», – деп жазады.

Ел көшіп-қонып, зұлматты жылдарды бас­тан кешірген уақытта қазақ ауылдарына жан-жақтан өзге ұлт өкілдері зорлықпен депортацияланып, көшіп келе бастағаны белгілі. Түрік, шешен, ингуш, әзірбайжан ұлтының өкілдері де қазақ ауылдарына келіп қоныстанып, қазақ отбасыларымен бір үзім нанды бөлісіп жеді. Ас-суы ортақ болды, ауылы аралас, қойы қоралас болды. Ортақ тіл тапты. Соның бәрі қазақ жұртының өзге ұлттарға деген қонақжай, мейірбан ыстық пейілі еді.

Көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов Асылы апаның балалық шағы туралы былай тебіренген екен: «Бойы өсіп, тілі шығыңқырағаннан кейін ауыл балаларымен асыр сала ойнап жүріп, әзірбайжан тілі мен қазақ тілін қатар үйренеді. Ойы мен сөзі қос тілді болып, қатар қалыптасады. Тілін білгеннен кейін өсе келе қазақ дәстүріне қанығады. Қазақ ойын-тойларын жиі қызықтайды. Тіпті ол орталау мектепті қазақ тілінде бітіреді. Қазақ педучилищесін тауысып, қазақтың өлеңін, салт-санасын, шешендік сөздерін бойына судай сіңіреді. Қазақ ақын, жазушыларының кітаптарын бас алмастан оқиды. Мектепте де, училищеде де үлгерімі жағынан көптеген қазақ қыздарынан озық болып шығады», – дейді.

Асылы апа қазақ училищесін бітірген соң, ауылда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ауылда жүрген қарапайым әзірбайжан қызы училищемен шектеліп қалмай, жоғары оқу орынында білім алуды көздейді. Асылы апа армандаған мақсатына қол жеткізу үшін Алматыға сапар шегеді. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, институтты үздік тәмамдайды. Үздік бітірген студент оқуды ары қарай жалғастырып, Қазақстан ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасында білімін жалғастырады. Ғалымның алғашқы ғылымдағы баспалдақтары осылай басталған еді.

Асылы апай да қазақ елінің Кавказдан жер аударылып келген әзірбайжан халқына деген қонақжайлық қызметін есінен бір сәт шығарған емес. Әрдайым ол кісі: «Сонау Кавказдан жер аударылып келгенімізде туған анамыздай қарсы алған қазақ халқының ұрпағына ұлы қазына болатын 10 томдық кітапты шығаруға қатысқанымды өзіме тиген өзгеше бақыт деп санаймын. Бұл томдарға 300-ге жуық ғылыми мақалалар жаздым», – деп ағынан жарылады.

Асылы апа бүгінде жетпістің биігіне шықты. Қазаққа бергісіз әзірбайжан қызының жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазағым барда мен бармын» атты түрлі-түсті суреттермен көмкерілген кітап-альбомы жарық көрді. Асылы апа ғұмыр бойы «Қазағым барда мен бармын» деген ұстанымнан қайтқан емес.

«Бүгінде қазақ тілінің тағдырына ерекше алаңдайтын, шын жанашыр тұлғалар онша көп еместігі ақиқат. Болған күнде де бәрі бірдей шешен емес. Солардың ішінен мен әпкем Асылыны айрықша атар едім. Кейбіреулердің жасанды екендігі білініп тұрады. Білінбесе де, жалған белсеніп, қазақ тілін қалқан ретінде өз өңмендігіне пайдаланғысы келетін пенделігі сезіледі. Ал Асылы әпкем – қазағының тіліне қалтқысыз берілген жан. Сол асыл қасиетінен титтей де айнымай келеді. Қазақ тілінің қара жұмысынан шаршамайтын әпкем бүкіл қазақ елінің мақтанышы. Баяғы Бүйрекбастау ауылының күміс қырларындағы қасиетті топырақтан дарыған тектілік, ол кісіні бүгінде биіктерге самғатып келеді. Мыңдаған қазақтардың менің Асылы әпкемнің атқарып жүрген қыруар істерінің бірін де істей алмай келе жатқанын көргенде күрсінесің де күлесің», – деп ағынан жарылады белгілі жазушы Мархабат Байғұт Асылы апасы туралы толғағанда.

Асылы апа үнемі қазақтың жанашыры. Ол қазақтың мүддесі үшін жанын береді. Қандай қиын уақыт болса да, өзі жақсылық көрген ұлтынан бір сәт айныған емес. Тіл жанашыры дейтініміз, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы құрылған сәтте Асылы апа сол қоғамдық қозғалыстың жанынан табыла білді.

Қоғам қайраткерінің: «Кейде түрлі желеулерді айтып, мемлекет құрушы ұлтты ұлықтаудың орнына көлеңкеде қалдырып, Қазақстандағы көп этнос өкілдерінің қатарына қосамыз. Алайда қазақ Қазақстандағы көп этностың бірі емес. Оның аты мемлекетке берілген мемлекет құрушы – ұлт. Мемлекеттің алтын тұғыры, мықты діңгегі, үзілмес алтын арқауы, ел ұйтқысы» деуі де содан болар.

Асылы апайдың мемлекеттік тіл туралы айтқан әрбір пікірі адамды еріксіз ойға жетелейді. Ойландырып қана қоймайды, толғандырады да. Шешен тілмен жеткізе білген озық ойы әрбір адамның жүрегіне қадалады. Әрбір ұлттың тілін қадірлеуі – басты парыз екенін ұғындырады. Ұлттың бастауы да, негізгі мәйегі – ұлттың тілі. Ұлттың тілі – ұлттың жаны екенін ұқтырады.

Асылы апа «атақ іздеп жүрген жоқ, даңқ қуып жүрген жоқ. Тек дәм-тұзын татып өскен Отанына деген ыстық ықыласын осындай сын сағатта көрсетпегенде, қай кезде көрсетем деген перзенттік парыз ғана оған тыным бермейді»…

«Ғұмыр бойы кемсітіп, қағажу қалған қазақ тілінің бүгінгі тәй-тәйін көре алмаушылық дегеніміз – бейкүнә сәбиді тұншықтырумен бірдей. Жоқ! Қазақтың бай тілі де, атам заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа ұласып, халықтың тағдыры мен тарихының куәсі, тұтастығының кепілі, ұлттығының ұйытқысы: исі түріктің қарашаңырағы болған, сұңқар ұшса қанаты, тұлпар шапса тұяғы талатын байтақ жер де – қазақтікі. Байқайық, бай – бір жұттық, батыр – бір оқтық, жер мен тіл – мәңгілік», – дейді Асылы Әлиқызы.

Ұлттың мәңгілігі саналатын тілін ардақтаған қазақтың қайсар перзенті, әзірбайжан қызының Тілге деген ерекше жанашырлығы – Ұлтқа деген жанашырлығы!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары