СҮЙКІМДІ ҚЫЗДЫҢ ҚУАНЫШТЫ КӨЗ ЖАСЫ

СҮЙКІМДІ ҚЫЗДЫҢ ҚУАНЫШТЫ КӨЗ ЖАСЫ

СҮЙКІМДІ ҚЫЗДЫҢ ҚУАНЫШТЫ КӨЗ ЖАСЫ
ашық дереккөзі
196

Төрт дүниенiң назары бүгiнде Тұманды Альбионда. Себебi Лондон Олимпиадасының басталғанына бiр жұма болып қалды. Күн сайын әлем жұртшылығын әрi қуантып, әрi мұңайтып жатқан Олимпиаданы көпшiлiк асыға күткен едi.

Олимпиада басталған алғашқы күн­дер­ден-ақ алаш жұртының көңілі тоқ. Өйткені байрақты жарыс ә деп басталған алғашқы сағаттардан-ақ саңлақтарымыз жерлестерін бір серпілтіп тастаған еді. Жарыс жолына шыққан велошабандозшы шеберіміз Александр Винокуров алғашқы алтынды қоржынымызға салды. Алғашқы алтын, алғашқы күн! Барша алаш жұрты бөркін аспанға атып, қуанған күн! Қазақстан спортының тарихындағы алғашқы күні қол жеткізген алғашқы алтын болған соң, қуанбағанда қайтсін?!

Олимпиаданың екінші күні де қазақ жұртын асқақтатқан тағы бір айтулы оқиға, ол – Зүлфияның жеңісі еді. Он тоғыз жасар қаршадай қыз бұған дейін де еліміздің көк байрағын желбіретіп, әлем чемпионында екі рет дара шыққан болатын. Өткен жылы Парижде өткен әлем чемпионатында әлем рекордын жаңартқан Зүлфиядан Олимпиадада көпшіліктің алтын күткені рас. Көптің көңілін орнықтырып, әлем рекордын тағы бір мәрте жаңартқан Зүлфия қазақтың күткен алтынын көп күттірмей, Олимпиаданың екінші күні-ақ қоржынымызға салды.

Серпе көтеруде 131 келіні ойланбай көтерген батыр қыз Әлем және Олимпиада рекордын жаңартып, төмен түсіп келе жатқанда, Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Нидің жүгіріп шығып, құшақтай алғанын бүкіл қазақ жұртшылығы көгілдір экраннан бірге тамашалады. Бас бапкердің де шат-шадыман келбеті көрерменнің есінен оңайлықпен ұмытыла қоймас.

Алтыннан алқа таққан он тоғыз жасар бойжеткеннің бұл ерлігін қазақ жұр­т­шы­лығы әсте ұмыта қоймас. Мойнына алтын алқасын тағып тұрып, Қазақстанның көк байрағы көкке көтеріліп, қазақтың ән­ұраны шырқалған тұста, Зүлфия ерік­сіз көз жасына ерік берді. Әнұранды қо­сы­ла шырқап тұрған қаршадай қыздың егіле жылаған қуанышты сәтіне қазақ жұр­ты қосыла жылады десек, артық айт­қандық емес. Ұлттық рухтың оянуы деген сол шығар, бәлкім! Қазақтың көк байрағы көкте қалықтап, қазақтың әнұраны шырқалып жатса, қазақтың абыройын асқақтатқан батыр қыз қуа­ныш­тың көз жасына булығып жатса, неге рухтанбасқа?! Тұманды Альбионда қазақ­тың рухы аспандады. Әлем рекордын жаңартқан Зүлфияның жеңісі – барша­ қазақстандықтардың жеңісі еді. Ағыла төгілген қуаныштың көз жасы ғой бұл. Жыла қазақ, шаттан қазақ дестік іштей…

Жеңісті сәттерден кейін Олимпиада­ чемпионы атанған батыр қыз Зүлфия Чиншанло Лондондағы қазақ ауылында арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Аталмыш баспасөз-мәслихатын қазақстандық телеарналардың көбі сан мәрте қайталап көрсеткен шығар. Олимпиада күнделігінде берілген бұл баспасөз-мәслихатындағы Зүл­фия­ның бал-бұл жайнаған жүзін көрудің өзі үлкен бақыт. Аталмыш баспасөз мәслихатына чемпионмен бірге Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының басшысы Қайрат Тұрлыханов және ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни қатысқан еді.

« ҮШ АЛТЫН АЛУҒА

ШАМАМЫЗ ЖЕТЕДІ»

Бұл – бас бапкердің ойы. Әлі рингке шыға қоймаған жерлестерімізден алтын күтетінін жасыра алмаған Алексей Ни бұған сенімді көрінеді. Ал алғашқы алтынның біріне қол жеткізген Зүлфия Чиншанло бұл жеңісті төрт жыл күткенін айтады. Әрі өзінің алғашқы жүлдесін Қазақстанға арнайтынын да жасырмады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Зүлфия Чиншанлоны жеңісімен құттықтап, жеделхатын жолдаған еді. Қуаныштан бал-бұл жайнаған батыр қыз: «Мен үшін зілтемірді көтеру оңай болды. Маған мына мойнымдағы алтын медальды көтеру қиын болып тұр. Бұл жеңіс үшін төрт жыл бойы күттім, дайындалдым. Алтынымды бүкіл Қазақстан еліне арнаймын», – деп қысқа қайырды.

Ал бас бапкеріміз алдағы күндерде жарыс жолына шығатын ауыр атлеттерімізден жеңістер күтетінін айтады.

– Олимпиада алдында екі алтын алуды жоспарлағанбыз. Бірақ біздің енді үш алтын алуға мүмкіндігіміз бар. Алда жарысқа шығатын Светлана Подобедова, Илья Ильиннен алтын күтеміз. Анна Нұрмұхамедова мен Алмас Өтешов те жүлдеге таласады. Біз үшін Қытай және Ресей атлеттері басты қарсылас, – дейді бас бапкер.

Бас бапкердің пікіріне қарағанда, Зүлфия Чиншанло тактикалық тұрғыдан жеңіске жеткен сияқты.

– Жұлқа көтеруде 95 килограмды көтер­ген соң, серпе көтеруде әлем рекордын жаңартамыз деп мақсат койдық. Бірден 125 килограмм салмаққа тапсырыс бердік. Ал 125 килограмды жарысқа келген спортшылардың көбі көтере алмайтынын білдім. Ал Чиншанло үшін бұл салмақты көтеру еш қиындық туғызбайды. Бірінші мүмкіндігін оңай көтеріп, спортшымыз алтынды қиналмай алды. Екінші талпынысында 131 килограмды пайдаланып, әлем рекордын жаңартты. 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатын да орнатқан өз рекордын өзі түзетті, – деді баспасөз-мәслихатында журналистерге берген сұхбатында бас бапкер.

Ауыр атлеттеріміздің атойлап алаңға шығатын сәттері өтуде. Бас бапкердің үміті ақталып, Зүлфияның жеңісті жолын басқа да ауыр атлеттеріміз жалғастырғай деген игі тілек барша алаш жұртының ізгі тілегін бір арнаға тоғыстырған.

ЖЕҢІМПАЗДАР ҚАТАРЫ ЖАҢА ЕСІМДЕРМЕН ТОЛЫҒУДА

Биылғы Лондон Олимпиадасын әлем халқының басым бөлігі тамашалап қана қоймай, Олимпида тарихына жаңа есімдердің қосылғанын жиі айтады. Төрткүл дүниеден келген спорт саңлақтарының көбі өрімдей жастар. Көпшілігінің алғашқы Олимпиадасы. Біздің батыр қызымыз Зүлфияның да алғашқы Олимпиадаға қатысуы. Алғашқы спорттық додада толағай жеңіске қол жеткізуі – Зүлфияның шынында да ерлігі еді.

Алғашқы күннен-ақ жарыс жолына шыққан былғары қолғап шеберлерінің де алғашқы аяқ алысы жаман емес. Қанат Әбуталипов, Ғани Жайлауов, Ілияс Сүлейменов, Данияр Елеусінов сияқты саңлақтарымыз алғашқы қадамдарын жеңіспен аяқтады. Оғландарымызды алда әлі талай сын сағаттары күтіп тұрғаны белгілі.

ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ КЕЛГЕНІНЕ ҚУАНЫШТЫ МАЙЯ

Лондон Олимпиадасына барардың алдында Майя Манеза газетімізге берген сұхбатында (№28-29, 12 шілде, 2012 ж.) «Бас­ты арманым – Олимп шыңын бағындыру» деген еді. Арада көп уақыт өтпей-ақ, Тұманды Альбионда өтіп жатқан дүбірлі додада Майя өзі армандаған биігіне қол жеткізді. Әлем және Олимпиада рекордын жаңартқан батыр қыздың жеңісіне қуанбаған қазақ жоқ шығар. Қазақстанның қоржынына үшінші алтынды салған Майя Манезаның жеңісті сәтін бүкіл қазақ жұрты асыға күткен еді. Әлем чемпионында Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген қаршадай қыздан жұртшылықтың алтын күткені рас еді әрі сенім де болды.

Алтын медаль үшін болатын айқасты көру үшін бүкіл қазақ жұрты көгілдір экранға телмірді десек, артық айтқандық бола қоймас. Ә дегеннен-ақ жарыс сәтті басталды. Майяның басты қарсыласы болып саналатын ресейлік Светлана Цару­каева­ның қанша салмақты көтеретінін күтіп, жұрт демін іштеріне жұтып алған. Алғашқы жұлқа көтеруде Светлана 111 келіні игере алмаған соң ғана, көңіліміз ептеп жайлана бастады. Ал біздің Майя алғашқы кезегінде 106 келіні қиналмастан көтерді. Екінші кезекте де 110 келімен бір-ақ тоқтады. Өз кезегінде Светлана 112 келіні қиналмай-ақ еңсеріп кетті. Ал, біздің Майяға 112 келі бағынбай қойды. Әрине, іште өзімізді өзіміз жұбату бар. Алдағы серпе көтеру кезінде Майяға тең келер қарсыластың жоқ екендігі көңілге демеу. Шын мәнінде, нағыз қызу тайталас серпе көтеру кезінде бас­талды. Жүлдені де айқындайтын қос са-йыс екені белгілі. Жүлдеге таласушылардың да қарасы көбейді. Бірінен-бірі асырып, зіл салмаққа тапсырыс берушілер де көбейді. Ал біздің көз тіккеніміз – Царукаеваның жағдайы. Майя үшін басты қарсыластың Светлана Царукаева екені белгілі. Оны бүкіл қазақстандықтар да жақсы біледі. Светлана соңғы екі ұмтылысында да 130 келіні бағындыра алмады. Басты қарсыластың бұл белесті бағындыра алмағаны жанкүйерлердің көңілін жайландырғандай. Бұған дейін 140 келіден жоғары салмақты еңсеріп жүрген Майяның жетістіктерін білетіндіктен болар, спорт комментаторлары да «алтын біздікі» деген сияқты пікірлерді айтып салды. Бәріміздің де көңілімізде «Майя жеңеді» деген сенім бар. Бірақ жүлделі орын­дарға таласушылардың қарасы азаяр емес. Болгар қызы Милке Манева, түрік Сибель Симсек, канада­лық Кристин Жирардың жүлделі орындарға жансала ұмтылысы байқалады. Ақырында ауыр атлеттердің бірде-бірі 133 келіні көтере алмаған соң, Майя 127 келіні бағындырып, Цару­каева­ның қоссайыста игерген 237 келісіне жетсе, Олимп шыңын бағындыратыны белгілі еді. Бірақ біздің ауыр атлетіміз ондай жеңіл жолға барғысы келген жоқ. Ол ә дегеннен-ақ, 135 келіні еңсеріп кетті. 135 келіні еңсерген сәттен-ақ барша жанкүйер Майяның чемпион болғанына шүбә келтірген жоқ. Майяның алда әлі екі кезегі бар. Бұл жолы 144 келі салмаққа тапсырыс бергенімен, ол биікті бағындыру мүмкін болмады. Бірақ бұл қазақстандық жанкүйерлер үшін аса маңызды болған жоқ. Өйткені Майяның қоссайыста алған қорытындысының өзі олимпиялық рекордқа өзгеріс енгізген болатын. Ал үшінші алтынды қанжығасына байлаған Майя Манезаның қуанышында шек жоқ. Майямен бірге бүкіл қазақ жұрты қуанды.

Газетімізге берген сұхбатында Майя:

«…Қытайда санаулы ғана жарыстарға шығып жүрген едім. Айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі болмады. Бір сөзбен айтқанда, қалың топтың арасында көптің бірі болып жүрдік. Қазір ойланып отырсақ, Зүлфия екеуміз сол кезде қазақ еліне келмегенде, әлі күнге дейін есімдері беймәлім қатардағы қытай спортшысы болып жүрер едік. Қазақ еліне келгеніме және осындай зор жетістіктерге жетуіме жағдай жасаған бапкерлерім мен басшылыққа алғысымыз шексіз» деген болатын ағынан жарылып. Майя өзінің есімін әлемдік деңгейге жеткізгені үшін қазақ елі мен бапкерлеріне риза болса, Қазақстанның атын әлемге паш еткені үшін қазақ жұрты да Майяға дән риза.

Майяның жеңісі – барша қазақстан­дық­тардың жеңісі. Қазақтың көк байрағы көкте желбіреп, әнұраны шырқалған сәтте залдағы жанкүйерлер де Майямен қосыла шырқады. «Менің елім, менің жерім» деп шырқалған дауыстардан зал тұнып кеткендей. Шын мәнінде, бүкіл қазақ қос атлеттің жеңісіне қуанды, шаттанды.

Олимпиаданың алғашқы күндері қор­жынымызға алтын салған саңлақтарымыздың жеңісті жолын жерлестеріміз ары қарай жалғастырады деген сенім мол! Қуанышымыз ұзағынан сүйіндіргей!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары