ЖОЛАҚЫ ӨСТІ. ҚЫЗМЕТІ ҚАЛАЙ?

ЖОЛАҚЫ ӨСТІ. ҚЫЗМЕТІ ҚАЛАЙ?

ЖОЛАҚЫ ӨСТІ. ҚЫЗМЕТІ ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі

«Алматы қаласында жолақы қымбаттайды» деген әңгiме бұған дейiн де бiр көтерiлiп, басылған едi. Сол кезде қарапайым халықтың тамырын басып көргiсi келген жолаушы тасымалдары кәсiпорындары мұны жанармайдың қымбаттауымен сабақтастырған болатын. Алайда жанармай бағасы арзандаса да, керiсiнше 50 теңгелiк жолақы бiрден 80 теңгеге өсiп кеттi.

Осылайша алматылық тұрғындар Рамазан айын жолақының қымбаттауымен қарсы алды. Жолақыны көтеруді қасиетті айдың бірінші күнінен бастағысы келгендердің бұл әрекетіне Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы үн қоспағанда не болар еді?! Діни басқарма жыл сайын кәсіпкерлер мен базар иелеріне арнайы үндеу жариялап, азық-түлік бағасын 10 пайызға дейін төмендетуді сұрайтын. Бұған бәзбіреулер құлақ асып, «сатылымдағы тауарын едәуір арзандатып жатыр екен» дегенді де аракідік естідік. Ал бұл жолы Діни басқарма жолақының өсуіне тоқтау сала алмаса да, қымбатшылықты дәп Рамазанның бірінші күнінен бастауға қарсылығын білдірді.

Не десек те, жолақы өсті. Бірақ қара халық жолақының 60 не 70 емес, ә дегеннен 80 теңгеге қарғып кетуіне наразы. Әсіресе, бұл ауыртпалық зейнеткерлер мен студент жастардың қалтасына түсуде. Ал күнделікті жұмысына екі немесе үш ауысыммен қатынайтын тұрғындар да 80 теңгенің көптігін айтып, еңбекақының тең жартысы жолақыға кететіндігін айтса да, бұқараның талап-тілегін ешкім ескеріп жатқан жоқ. Олар бұдан жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктің уақытылы қатынап, халықтың көңілінен шығатындығына сенбейді. «Кейбір автобустар құдды отын таситын көлік сияқты жүреді. Бізге өміріміз қымбат. Жүргізуші жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап беруі керек. Сондықтан да жол жүру ережелерін сақтауды талап етеміз. Міне, енді жолақыны 80 теңгеге көтерді. Бұдан соң қоғамдық көлік мәдениеті өсе ме, жоқ па, бұған жа жауап беру қиын. Біздегі кейбір жүргізушілерге мәдениеттен гөрі, уақыт пен ақша маңыздырақ сияқты», – дейді біз тілдескен Алматы қаласының тұрғыны.

Шынында да, басқа қаланы қайдам, Алматы қаласының қоғамдық көліктерін сырттан келген тәжірибесі аз жүргізушілер қаптап алды. Бір-бірін басып озғысы келетін олар жолаушысын аялдамадан емес, айдаладан түсіріп кетуден тайынбайды. Оған ыза болған жолаушы бірдеңе десе, аузына келген былапыт сөздерді айтып салады. Мұндай оқиғаны күн сайын көріп те, естіп те жүрміз. Бірақ та әкімшілік тарапынан ешқандай шара қолданбайтындығын әлгіндей жүргізушілердің көбейіп кеткендігінен байқауға болады. Жолақы қымбаттаса да, қоғамдық көлік мәдениеті өсе ме, жоқ па, қала тұрғындарын осы мәселе мазалайды. Жолаушы тасымалдары кәсіпорындары қарапайым халықтың қалтасын қағуды ғана білмей, сапалы қызмет көрсету жағын да ескерсе екен деген тілек бар.

Динара ДҮРМӘН