ШАРУАЛАРДЫҢ ШЫҒЫНЫ АЗАЙМАҚ

ШАРУАЛАРДЫҢ ШЫҒЫНЫ АЗАЙМАҚ

ШАРУАЛАРДЫҢ ШЫҒЫНЫ АЗАЙМАҚ
ашық дереккөзі
266

Жаз мезгiлi бiтуге таяу. Алда – егiн орағы. Жылда қайталанатын «әттеген-айлар жыры» шаруалар қауымын биыл да қинай ма? Министрлер кабинетi ауылдағы ағайынды қалай қорғамақ? Кәсiпкер бiткендi бiр одақтың туы астына жинау туралы бастаманы шаруалар қалай қабылдауда? Осы және басқа да ауыл шаруашылығына қатысты сауалдарға Қазақстан Шаруалар одағының президентi Әуезхан Даринов мырза жауап бередi.

– Өткен аптада вице-премьер Серік Ахметов кеңес өткізген Қостанай облысында болып қайттыңыздар. Ресми деректерге сүйенсек, солтүстік өңірлерді біресе қуаңшылық, біресе жем-шөп тапшылығы қинап жатқан көрінеді. Қиындықтан шығар жол қайсы?

– Қиындықтан шығар басты жол әрі жағымды жаңалығымыз, биыл Үкімет ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды шешуге арналған нақты шешімдер мен қадамдарды дер кезінде жасауда. Бұл шығатын шығын көлемін барынша азайтуға сеп. Өкінішке қарай, бізде «қолды мезгілінен кеш сермейтін» жайттар жиі кездеседі. Алайда билік биыл келеңсіздіктердің алдын алып, фермерлерге ертең емес, бүгін көмек көрсетуге тырысып жатыр. Көңілді қуантатыны да осы. Міндетім – шенеуніктерге арнап мадақ жырын айту емес, бірақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар емес пе? Тағы бір жағымды жайт, еліміздің көптеген аймақтарында жауын-шашын жүріп өтті. Қуаңшылықтың алдын алатын – мол жаңбыр ғой.

– Үкімет қабылдаған шаралар қандай?

– Серік Ахметов түрлі деңгейдегі әкімдерге фермерлердің проблемасына баса назар аударуға нұсқау берді. Негізі фермерлерге ғана емес, ауылдағы ағайынға түгел қамқор болуды тапсырды. Өздеріңіз білесіздер ғой, биыл жемнен тарығып қалдық. Кейбір аймақтарда шөп жоқтың қасы. Вице-премьердің тапсырмасы ауылдағы тұтынушылық сұранысты анықтау болатын: қайда және қай ауданда, қай елді мекенде жағдай анағұрлым ушыққан және қандай көмек қажет? Тым болмаса ақпараттық жұмыс тобын құру. Масақты үгітіп тастайтын алқаптар бар ғой. Бұдан былай оны адамдар үгітіп, ысырап етпей, үйлеріне алып кететін болды. Малға жем-шөп беруде бұл таптырмас амал. Мүйізді ірі қараның басым бөлігі жекеменшіктің үлесінде болғандықтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі жем-шөптің тапшылығы салдарынан малды пышаққа іліндіруге жол бермеуді бұйырды. Өйткені малды осы күзде пышаққа жықса, ертең ауылдың сүт пен еттен тарығып қалатыны анық. Мұны бәрі түсінеді. Қостанайға жасаған іссапар барысында Серік Ахметов жағдайды егжей-тегжейлі зерттеуді бұйырды. Басқаша болса, төккен тер зая кетпек. Сондықтан шенеуніктер де, несиелер беретін қаржылық құрылымдар да, сақтандыру компаниялары да жұмыла кіріспек бұл іске. Тым болмаса, әркім өз міндетін мүлтіксіз атқарса, бюрократиямен айналыспай, бүйректен сирақ шығармаса жақсы.

– Мемлекеттік қорға астық өткізу кезінде де қиындықтар туындайтын көрінеді?

– Иә, бұл Азық-түлік корпорациясына қатысты. Бір кездері шаш ал десе, бас алатын әкімдердің фермерлерге қысым жасағаны соншалық, олар астық өткізу үшін малдарын сатуға мәжбүр болған. Кейде көктемдік тұқымға деп алып қалған дәнді Азық-түлік корпорациясына сататын жайттар кездеседі. Тұқымдыққа алып қалған дән кез келген шаруа үшін қасиетті саналса да, оны қаперіне ілгендер жоқтың қасы. Бақытымызға қарай, мұндай жағдайлар бүгінде кездеспейді. Болса да, мен естіген емеспін.

– Мәжбүрлеуге қатысты бір жайт, «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасы еліміздегі барлық кәсіпкерлердің басын қосып, мүшелік жарналарды төлеуге міндеттеу туралы бастама көтерді. Шаруалар үшін бұл қаржылық тұрғыда қиынға соқпай ма?

– Ұғынықты болу үшін сұрағыңызды бірнеше бөлікке бөлу қажет. Біріншіден, кәсіпкерлер қауымдастығының бірлігі жайлы мәселенің талқыланып жатқаны рас. Ортақ ұйым мүшелікке жарнаны төлеуге міндеттейтіні де жалған емес. Отандық кәсіпкерлер қауымдастығы әзірге бірігудің тетіктері мен тиімді жолдарын қарастыруда. Шаруалар одағының мүшелері «Атамекеннің» қанатының астына бірігуіне қарсы емес. Онда тұрған не бар? «Атамекен» ендігі бизнеске қатысты бірқатар қиындықты жоғары деңгейде – Парламент пен Үкіметте шешіп берді. Шаруалар одағының басшысы ретінде елдегі барлық жайттан құлағдар болу үшін Парламент пен Үкіметке күнде баруға менің уақытым жоқ. Бірақ тырысамын. «Атамекеннің» оған байланысты құрылған арнайы штаты бар, көптеген мәселелерді шешумен айналысатын заңгерлері мен сарапшылары да жеткілікті.

– Сонда сайлау құқығы мен мүмкіндігі қайда қалады? Кәсіпкерлерді бір ұйымға еріксіз мүшелікке өткізіп, жарна төлеуге мәжбүрлеу дұрыс па?

– Сіз маған мынаны айтыңызшы, кәсіпкерлердің бір бөлігі одақ, ассоциациялар шеңберінде бірігу арқылы заңдық құжаттарды қабылдатуға немесе қабылдатпауға күш салады. Бұл еңбектің жемісін ұйымдар немесе одақтарға мүшелікке өтпеген өзге кәсіпкерлер де көреді. Қағаз жүзінде бәрі заңды, бірақ адамгершілік тұрысынан алғанда, бұл әділеттілікке жатпайды. Сондықтан, меніңше, бизнес өзінің мүддесін қорғау үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы тиіс. Кез келген фермер кіммен бірге? Қазақстанның Шаруалар одағымен бе? Ал егер Дариновқа сенбесе ше? Достарымен келіссін де, өздері жеке ассоциация құрып алсын. Бұл әркімнің жеке шаруасы. Ешкім ешкімді нақты бір одаққа мүше болуға мәжбүрлемейді. Бір нәрсе анық, кәсіпкерлер қауымдастығының саны артқан сайын олар күшейе береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары