ҚЫРҒЫЗ ӘСКЕРIНIҢ ӘЛЕУЕТI ҚАНДАЙ?

ҚЫРҒЫЗ ӘСКЕРIНIҢ ӘЛЕУЕТI ҚАНДАЙ?

ҚЫРҒЫЗ ӘСКЕРIНIҢ ӘЛЕУЕТI ҚАНДАЙ?
ашық дереккөзі
197

Қырғыз Республикасының қорғаныс министрi Таалайбек Өмiрәлиев жақында журналистермен кездесiп, өз мекемесiнiң қазiргi хал-жағдайы жөнiнде сұхбат берген болатын. Ресейдiң «РИА Новости» агенттiгi «Қырғызстан 2014 жылдан бастап өз территориясын ресейлiк әскер базалары пайдаланғаны үшiн жал ақысын көбейткелi отыр. Бұл кездейсоқ емес, өйткенi жалға беру мерзiмi 2014 жылы аяқталады», – деп министрдiң сөзiне сiлтеме жасаған мәлiметтi жариялап жiберген.

Көп өтпей Қырғызстан Президенті аппаратының сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Сапар Исақов Ресейдің кейбір ақпарат агенттіктері министрді тура түсінбей қалған деген мәлімдеме таратты. «Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы ресейлік әскер базаның Қырғыз­станның территориясындағы мәртебесі және жайғасу шарттары жөніндегі 2003 жылдың 22 қыркүйегінде жасалған келісімнің мерзімі 2020 жылға дейін күшінде, ал енді Ресейдің әскер нысандарын Қырғызстанның пайдалануы 2017 жылға дейін ұзартылған болатын. Жал ақысының өлшемін көбейту мәселесі соншалықты маңызды емес», – деп айтылған мәлімдемеде.

Президент аппаратының жауапты қызмет­керінің ресейлік ақпаратты дереу жоққа шығаруы Қырғызстанның ресми билігі Ресей әскер базаларының өлкеде тұрғанына өте үлкен мән беретінін тағы бір рет айғақтады. Солайы – солай. Өйткені үш жағдайға байланысты бұл Қырғызстанның жақын жылдардағы қауіпсіздігін шешетін көкейкесті мәселе болып отыр. Біріншіден, 2014 жылы АҚШ-тың Бішкектегі «Манас» транзиттік жүк тасу орталығы жабылады. Екіншіден, АҚШ Ауғанстаннан өз әскерлерін шығара бастайды. Екі жағдай бір-бірімен тығыз байланысты. Үшіншіден , біз сұрастырған қырғыз азаматтарының көпшілігі қырғыз армиясының қуаттылығына сене бермейтін болып шықты.

1999 жылдың тамызында Қырғызстанның оңтүстік шекарасын сыртқы экстремистік күштер бұзып кіріп, республика терри­ториясының тұтастығына қатер төндірген. АҚШ-тың әскері кіргізілгеннен бергі он шақты жылда мұндай оқиға қайталанған емес.

«Коалициялық күштердің Ауғанстаннан шығарыла бастауы Қырғызстанның шекара аймақтарына қауіп келтіруі мүмкін», – деп мәлімдеді Қырғызстанның шекара әскерлерінің қолбасшысы Зәкір Тіленов шекара қызметтерінің мекемелер аралық комиссияның отырысында. «Оңтүстік аймақта жақын арада жаңадан төрт шекара заставасын ашуымыз, бақылау – өткеру бекеттерін нығайтуымыз керек. Бұларды іске асыруға шамамен 7 миллион доллар көлемінде қаржы керек», – деді бас шекарашы. ТМД-дағы әріптестер бұл іске көмектесетін болды.

2014 жылы коалициялық күштердің Ауғанстаннан шығарыла бастауынан, әсіресе, Тәжікстан қауіптеніп отырған сыңайлы. Өткен аптада тоғыз депутаты бастап АҚШ Конгресінің Европа және Еуразия бойынша комитетінің төрағасы Дэн Бертон Қырғызстанға келіп, Президент Алмазбек Атамбаевпен жолықты. «Егер «Манас» жүк тасу орталығы жабылса, оны Тәжікстаннан ашамыз. Біз АҚШ Үкіметінің атынан сөйлей алмаймыз, бірақ бұл әбден мүмкін», – деді конгрессмен. Америкалық делегация одан арғы сапарын Тәжікстанда жалғастырып, тәжік билігімен кездесулер өткізді. АҚШ әскер арсеналының Тәжікстаннан гөрі, Ауғанстаннан сәл болса да шалғайырақ Қырғызстанда тұрғаны тиімді екендігінде дау жоқ. Сондықтан, америкалық депутаттар қырғыз билігінің райын тағы бір байқап көрейік десе керек.

Қырғызстан АҚШ-тың жүк тасу орталығын жауып, АҚШ-тың және оның жақтастарының алдындағы беделінен де, жалдан алынатын қомақты қаражаттан да айрылғалы отыр. Бірақ Қырғызстанға Ресеймен қарым-қатынасты нығайту одан да маңызды. Мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев осындай ойда. Оның үстіне, бұл мәселе бүкілхалықтық референдум арқылы шешіліп қалар болса, көпшіліктің ауаны Ресей жаққа аууы мүмкін. Осы тұста мемлекет басшысының рөлі туралы мәселені қосымшалай кеткеніміз жөн. Екі жыл бұрын қабылданған Қырғызстанның жаңа Конституциясында мемлекеттің сыртқы саясатын кім жүргізетіні айқын көрсетілмеген болатын. Жақында, Жоғарғы Кеңештің депутаттары жазғы демалысқа шығар алдында «Сыртқы саясат туралы» Заң қабылдап, бұл құзыретті Президенттің еншісіне берді.

Қырғызстанда Ресейдің төрт әскерлік нысаны бар. Олар: Ыстықкөлдің жағалауында сүңгуір қайықтарды сынайтын база, Қарабалтада әскерлік байланыс орталығы, Майлы-Су қалашығындағы сейсмикалық лаборатория және «Қант» әуе базасы. Алдыңғы үшеуінің әлеуеті аталуынан-ақ байқалып тұр. «Қант» әуежайында Ресейдің әскери-әуе және әуе соққысынан қорғану күштерінің 5-армиясының құрамына кірген 999-шы әуе базасы бар. Мұнда Ресейдің 250-офицері, 150 сарбазы қызмет етеді. Әуежай Су-27 истребительдерімен, Су-25 штурмовиктерімен, Ил-76 жүк таситын ұшақтарымен, Ми-8 тікұшақтарымен, Л-39 оқыту ұшақтарымен жабдықталған. «Қант» әуежайы Ұжымдық қауіпсіздік келісімі жөніндегі ұйымның базасы болғандықтан, Ресей ол үшін Қырғызстанға ақша төлемейді. Қалған нысандар үшін жалпысын алғанда жылына 15 миллион рубль төлейді.

Енді қырғыз армиясының әлуетіне келсек, «Армияның материалдық-техникалық әлеуетіне бес балдық өлшеммен алғанда қандай баға берер едіңіз?» деген журналистердің сұрауына қорғаныс министрі: «Үш пен төрттің арасын», – деп жауап берді. Дегенмен «Біз қарулану арқылы соғысқа дайындалып жатқан жоқпыз. Ірі лаңкестік топтармен қақтығыс болып қалуы мүмкін. Құдай сақтасын, егер ондай соғыс болып қалса, біз оған толық әзірміз», – деді министр.

Армиядағы «дедовщина» мәселесі қоз­ғалғанда, министр: «болашақ жауынгерлерді әскерге бір жылда бір жолы, бір мезгілде шақырып, бір мезгілде босатсақ, бұл құ­былыстан арылатын шығармыз», – деп тың пікірді айтты. Негізі, бұлай етуге Қырғызстанда мүмкіндік бар, әскерде қызмет ету мерзімі – бір жыл. Қазір қызмет өтеуге жылына екі рет көктемде және күзде шақыру жариялануда.

Министрдің айтуынша, қырғыз армиясы офицерлерін және жауынгерлерін қосқанда 10 мың адамнан тұрады (Бұл – әлбетте, Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің құзырындағы шекара және ішкі істер министрлігі әскерлерін есептемегенде). Екеуі генерал – министр және оның орынбасары. Жауынгерлік және сержанттық құрамның үштен екісі келісімдік негізде қызмет етуде.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары