ҚАТЕ ЖАЗЫЛҒАН «ҚАЗАҚСТАН»

ҚАТЕ ЖАЗЫЛҒАН «ҚАЗАҚСТАН»

ҚАТЕ ЖАЗЫЛҒАН «ҚАЗАҚСТАН»
ашық дереккөзі

Қазақ елiнiң қасиеттi ұлттық рәмiздерiне салғырт қарау – Лондонда өтiп жатқан ХХХ жазғы Олимпиада қарсаңында тағы етек алды. Халықаралық Олимпиада комитетi Қазақтың көк байрағын желбiретер алдында, Лондон орталығындағы Парламент алаңында тесiк ту iлiнген едi. Нұр шапағын бүкiл әлемге паш етiп, қазақтың шығып келе жатқан күнiнiң символындай сәулелi күннiң орнында әшейiн тесiк тұрды.

Ал қазақ спортшыларының киіміндегі «Қазақстан» деген айпарадай жазуда өрескел қате кеткен. Елдің беделін қалыптастырар осындай сүбелі додаларда, байрақты бәсекелерде елдің ұлттық рәміздерінің аяқасты болуы кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Халықаралық атауда «Kazakhstan» деп жазылуға тиіс ел атауы «Kzakhstan» деп жазылып кеткен. «Ақ жол» партиясының жетекшісі, Қазақстан Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев бұл істе кінәлілерді анықтап, жазалауын сұрап, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атына хат жазды.

«Ауыр атлетикада Қазақстан құрамасының жеткен жетістіктері (Қазақстан атынан қатысқан Зүлфия Чиншанло Олимпиада ойындарының чемпионы атанып Олимпиада және әлемдік рекордты жаңартты) жайында телерепортажды көріп отырып, Олимпиадаға қатысушылардың киіміндегі «Kazakhstan» жазуының «Kzakhstan» деп қате жазылғанын телеоператорлар бірнеше рет көрсетті» делінген хатта.

Перуашев Лондондағы олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың көрсетіп жатқан табыстары бүкіл қазақстандықтарды мақтанышқа бөлегеніне маңыз бере отырып:

«Александр Винокуров пен Зульфия Чиншанлоның жарқын жеңістері олимпиаданың алғашқы күнінде-ақ Қазақстанды бүкіл әлемге паш етті. Сонымен бірге отандық жанкүйерлердің ұлттық намысын жанитын біраз сәттердің орын алуы түсініксіз болып отыр», – дейді.

Перуашев бұндай қателіктерге бой алдырған біздің ұйымдастырушылар мен лауазымды тұлғалар деген пікірде. «Біздің спортшыларымыздың ерекше жеңістерімен бірге «Қазақстан» атауының қате жазылуы қынжылтады. Миллиондаған қазақ жанкүйерлерінің ұлттық намысына кір келтіреді», – деген ол Мемлекеттік хатшыдан бұл жазудың қате жазылуына кім кінәлі екендігін анықтауды және халықаралық Олимпиада комитетіндегі ұйымдастырушыларға мемлекеттік рәміздеріміздің бірі – Тудың тесік боп ілінгеніне орай мемлекеттік рәмізді қорлағаны үшін нота жіберуін сұрайды.

А.Перуашев мемлекеттік рәміздер қатарына мемлекеттің атауын да қосуды, оның халықаралық және отандық транскрипциясын бекітуді өтінеді.

Сонымен қатар, Лондон Олим­пиа­­дасының ресми сайтында кейбір спортшылардың туған жерін көрсетуде «Ресей Федерациясының Қазақстан аймағы» деген қателіктер кеткен екен. Бұндай қателіктер тек қана Қазақстанға қатысты ғана емес, Украина, Грузия, Беларусь, Армения спортшыларының өмірбаянына қатысты да орын алған. Грузия бұған қатысты арнайы нота жіберіп, спортшыларының өмірбаянындағы «Ресейде туылды» деген ақпаратқа қарсылық нотасын жіберсе, Украина да әжептәуір тулаған. Ал біздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі бұл қателікке орай Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитеті мен Лондондағы елшілікті хабардар еткен.

«Біз осынау қынжылыс туғызатын қателік жайлы Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті мен Лондондағы елшілікті хабардар еттік», – деген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров бұл жөнінде.

Екі Кореяның туларының ауысып кетуі де Олимпиада барысында үлкен дау өршітті. Солтүстік Корея өз туының астына «Оңтүстік Корея» деп жазғаны үшін Халықаралық олимпиада комитетінен арнайы кешірім сұрауды талап еткен. ХХХ олимпиада жарқын жеңісімен ғана емес, елдің ұлттық намысын аяққа таптар келеңсіздіктерімен де есте қалатын түрі бар.

Есенгүл Кәпқызы