ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫ ЖАҢА ҚАРҚЫНДА

ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫ ЖАҢА ҚАРҚЫНДА

ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫ ЖАҢА ҚАРҚЫНДА
ашық дереккөзі
375

Еліміздің көптеген аймақтарында қанат жайған құрылыстың қарқыны қазір Сыр елінде де ерекше сипатқа ие. Әсіресе, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен маңызды орталықтар салуда бұрын-соңды болмаған серпіліс бар. Дегенмен бұл жүйенің дамуы ең алдымен құрылыс индус­триясын қалыптастыруға тікелей тәуелді. Бұл тұрғыда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бір бөлігі осы құрылыс шикізатын өндіруге бағытталған. Бағдарлама аясында соңғы жылдары бірнеше кірпіш және темір-бетон зауыттары, қиыршық тас пен асфальт өндіретін кәсіпорындар іске қосылды.

Соңғы уақытта жергілікті кәсіпкерлер бірқатар инновациялық жобаларға да мықтап тұрып ден қоя бастады. Мәселен «Фабрика красок» ЖШС Қызылорда қаласында синтетикалық латекс шығару зауытының құрылыс жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жоба бойынша, синтетикалық латекс, суэмульсиялық сырлар мен лак сырлы материалдардың маңызды құрамы болып табылатын өнім шығарылады. Бүгінгі күні бұл өнім республика бойынша түгелдей сырттан әкелінуде және ол еліміздегі осындай алғашқы зауыт болмақ. Синтетикалық сырдың қолдану аясы өте кең, яғни барлық сыр, бояу түрлері эмальдар, шпатлевкалар, полировкалар машина жасауда, тоқыма өнеркәсібінде, шаруашылық заттарында қолданылады. Жобаның құны 100 млн. теңгеден астам және 42 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жаңа кәсіпорын жылына 6 мың тонна өнім шығарады және алдағы екі жылда жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, «Геофарм» серіктестігі де құрылыс саласына қажетті 2 жобаны қолға алды. Серіктестік металл черепицасы мен профнастил шығаратын цех салмақшы. Құны 30 млн. теңге тұратын кәсіпорын өнімдері қала құрылысшыларына таптырмайтын шикізат. Өйткені ол көбіне сырттан әкелінеді. Ал құрылыс блоктары мен брусчатка өндірісін ұйымдастыру жобасы да қызғылықты. Қазір қытайлық компаниямен құрал-жабдықтарды орнату бойынша келіссөздер жүргізілуде. Мекеме іске қосылғанда 20 адам еңбекпен қамтылатын болады.

Шиелі ауданында құрылыстың даму көрсеткіші жақсы. Мысалы жеке кәсіпкер Асқарова күйдірілген кірпіш шығаратын зауытты іске қоспақ. Жобаның құны 60 млн. теңгеге жуықтайды, мұнда 60 жаңа жұмыс орны болады. Өндіріс жергілікті құрылыс нысандарын қажетті материалдармен қамтамасыз етпек.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы автожол өндірісінің дамуына жаңа қырынан екпін беріп отыр. Бір ғана күрежолдың бойында облыс көлемінде 20-ға тарта асфальт-бетон зауыттары жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қаратаудың төңірегіндегі қиыршық тас зауыттары қажетті өніммен жолды түгелге жуық қамтамасыз етуде. Жол құрылысы аяқталысымен шетелдік компаниялар өз зауыттарын алып кететіні ақиқат. Міне, осы мәселені ескерген «Техностар КЗ» компаниясы қалада асфальт-бетон зауытын салуға бекінді. Жобаның құны 100 млн. теңгеден асады және ондаған жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жылына 120 мың тонна өнім шығаруға негізделген. Алдағы уақытта мұндай зауыттар жол құрылысы өндірісін дамытумен қатар, өнімнің бағасын арзандатуға, бәсекелестікті арттыруға қызмет ететін болады.

Серіктес жаңалықтары