ГЕНЕРАЛ ЧЕРНЯЕВТІҢ ҚИТҰРҚЫСЫ

ГЕНЕРАЛ ЧЕРНЯЕВТІҢ ҚИТҰРҚЫСЫ

ГЕНЕРАЛ  ЧЕРНЯЕВТІҢ  ҚИТҰРҚЫСЫ
ашық дереккөзі
1181

ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында қазақ даласы территориялық жағынан бөлшектенiп, үш бөлiкке бөлiнiп кеттi. Ресей отаршылдары Батыс өлкенi бодандыққа көндiрiп, ендiгi саяси орталығы Орынборға айналып, ел билеу жүйесiн өздерiне лайықтап, өзiндiк ерекшелiгi бар сұлтан правительдiк билiктi ендiрдi. Билiкке Әбiлқайыр ұрпақтарын, яғни төрелердi отырғызды. Өйткенi олар отаршылдарға аса сенiмдi сұлтан правительдер болуы себептi де, олардың арасынан бес қазақ генералының шығуы таң құбылыс емес едi. Қашан қазақ даласын бауырына тұтас басып, Түркiстан өлкесiн түгел жаулап алғанша, Кiшi жүз бен Орта жүзде ел билеу тiзгiнiн сұлтан правительдер мен аға сұлтандарға ұстатқанда уақытша «ұзын арқау, кең тұсау» саясатын ұстанды.

Осы құбылысты сезінген жауынгер ақын Мәделіқожа:

Аузымен хан қараны тең қылып тұр,

«Ұзын арқан – тұсауды кең қылып» тұр.

Зұлымның мәртебеге қолы жетіп,

Арада момын жатқан ел құрып тұр, – деп ел билеуге ендірілген отаршылдық мүдденің ашық көрінісінің шындығын дәл аңғартады.

Орта жүзде де ел билеудің аға сұлтандық жүйесі бойынша ол орында әуелі төрелер тізгін ұстаса, Кенесары хандығынан кейін қара халық өкілдерінің билікке қол артуы – отаршылдар төрелерге сенімсіздікпен қараудан еді. Бұл кезде оңтүстік өлкесіндегі билік тізгіні Қоқан хандығы тарапынан қойылған датқалардың қолында болды.

Әскери экспедицияны басқарған генерал Черняев алдымен Әулиеата қаласын күшпен басып алып, артынша Шымкент, Ташкент қалаларына шабуыл жасаған тұста, қазақ датқаларымен тікелей араласа бастады. Оңтүстік Қазақстандағы қазақ датқалары – Байзақ, Батырбек, Шоқай, Сапақ. Төртеуі де беделді, заман ағымын жақсы сезінген ру басылары болатын. Бұл датқалар ішінде Байзақ датқа мен Батырбек датқа өз заманындағы саяси-әлеуметтік мәселелерге қызу араласып, халық тағдырына ара түскен қоғам қайраткері ретінде де ел аузында айтылып жүрген аңыз әңгімелердің желісіне арқау болып өрілген кейіпкерге айналған. Екеуі де сол заман шындығының суреткерлері болған аузы дуалы атақты ақындар жырында көбірек орын алып, сөз болуы жай нәрсе емес. Өйткені генерал Черняевтің «бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт дәстүріне өте берік. Орыстарды жат дінділер дейді. Басқа датқаларға қарағанда, оңтүстік өңірде халық арасында атақ абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды», – деп соғыс министріне мінездеме бере хабарлайтыны бар. Генералдың ресми бағалауы мен сол заманның атақты ақындары Шөже, Сүйінбай, Майлықожа, Мәделіқожа жырларында суреттелген Батырбек датқа бейнесін танып, бағалауы бір жерден шығып жатуында мән бар.

Арқаның атақты айтыс ақыны Шөже оңтүстік аймағын аралап, ел танып, жер танып, ел иесі датқаларды жырға қосқанда, Батырбек датқаға ерекше тоқталған.

Жетісу ақындарының алтын діңгегі деп аталған атақты Сүйінбай ақын датқалар тұлғасын сомдауда айтарлықтай үлес қосқан саңлақ ақын. Ол заман шындығының сыншыл сұрқылтайына айналды. Сүйінбайдың сүйегіне біткен шыншылдық пен сыншылдық өнер датқалар тұлғасын сомдау жолында да өз ой-таңбасын қалдырып отырады. Сүйінбай Батырбек датқаны жақсы білген, сан рет бетпе-бет кездескенде датқаның елге силы, халқының мүддесіне жегіле қызмет еткен әрекетін жырлаумен бірге, кемшілігін де бетіне баса айтқан қайсарлығы да, бұлт ішінде ойнаған найзағайдай шарт ететін тұстары да белгі беріп жатады. Сүйінбайдың «Батырбек датқаға айтқаны» деген өлеңінде:

Бойың биік болғанмен, ойың қысқа,

Дәу Батырбек дейді екен сені босқа.

Жақынын жаттай көріп, айып сұрап,

Қысқалығың көрініп осы тұста, –

деп Сыпатай батырдың асына келгенде Батырбек датқаның пендешілік ісін қатты сынап, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қайсарланатыны бар. Батырбек датқаның портретін сөзбен жасап суреттегенде:

Елімді қорашсынба, дәу Батырбек,

Кеткен едің олардың ақысын жеп.

Дәу кеуде, сом қабырға, қомпылдаған

Жуан кісі екенсің, ақылың жоқ, –

деп датқаның сырт тұлғасын, нақтылы портретін шеберлікпен келешек ұрпақ назарына ұсынуы, біздер үшін аса құнды дерек мағлұматтар бере алған.

Ресей отаршылдарының қазақ елін жаулауда қолданған саясатының негізі елді, ондағы руларды бір-біріне айдап салып, ағайын-туыстарды өзара араздастырып, отаршылдық саясатын бірі мен бірі қырқысқан қазақтардың өз қолымен жүзеге асырып отыратын дәстүрлі жымысқы саясаты болатын-ды. Оңтүстік өлкесін жаулау кезінде де осы саясатты қолданған генерал Черняевтің, яғни отаршыл орыс­тар «Орта Азияның Ермагы» деп мақтан тұтқан қолбасшысы соғыс министріне жазған хатында: «…Солтүстік өңірді мекендеген қырғыз-қайсақтардың көсемдерінің алауыздығын өршітіп, Ресей қарамағына өтулерін қамтамасыз еткен жоқ па? Осы саясатты, әдіс-айланы оңтүстік өңір халқының көсемдерін араздастыру мақсатында сіздердің қамқорлықтарыңызбен тездетіп іске асыру керек», – деп көсемситіні бар.

Черняевтің осы саясатына ілік болған Батырбек датқа мен Байзақ датқа арасындағы жерге байланысты туындағын өзара тартыс­ты пайдаланудан тартынбаған айла-тәсілін өзі айтып, өзін-өзі артын ашатын әрекетін де осы ресми соғыс министріне құпия хатынан танып білеміз.

Екі датқа арасындағы кикілжің жайында ел аузында айтылып жүрген әңгімелерден хабардар да болатынбыз. Бұл әңгіме, әсіресе, Мәделіқожа мен Майлықожа өлеңдерінде ащы шындыққа ара түскен, елге деген жанашыр сөздері де біздерге жетіп отыр. Мысал ретінде атап өтер болсақ, Мәделіқожа «Тастама жұртқа шала көшеріңде» деген ара ағайын ретінде айтылған өлеңінде:

Дұшпандар таңданбай ма шабысыңа,

Тұлпардай әрбір шыққан дабысыңа.

Байзақ, Батырбекпен екі нусың,

От салма өзді-өзіңнің қамысыңа.

…Екеуің орта жасқа келіп қалдың,

Тастама жұртқа шала кетеріңде, –

деп ескертуінде, генерал Черняевтің ішкі арамза саясатын сезгендей тап басып айтатын жанашыр ескерту сөзінде көп сырдың ашылмаған қабаттары жатқандай. Өйткені «бір дұшпан екеуіңді жанып жүр ме» деуі арқылы генерал Черняевтің соғыс министріне: «Байзақтың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады, Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әрекетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан астыртын мәліметтер бойынша, Байзақтың кейбір туыстары басқа датқалардың туыс­тарымен араз болуда», – деп қуана хабарлауында қандыбалақ генералдың бар ішкі дүние сырын, екіжүзділігін ашық тани аламыз. Біздер, яғни Байзақ өліміне Батырбек датқа кінәлі деген өтірік, айлакер сыбысына бір жарым ғасыр бойы нанып келген ұрпақтар, отаршылдар саясатының жауыздық өзек тамырына алданып, Қазақстанның Ресейге қосылуы – прогрессивті құбылыс деп санамызға сіңірген компартияның өтірігіне де нанып келдік емес пе?

Генерал Черняев Байзақ датқаны саналы түрде өзі өлімге айдап, өз кінәсін басқа датқалардың мойнына артқанына елдің есті кісілері нанбағанын және датқалар қанша араздасса да, бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимайтынын мойындайтыны бар.

Генералдың мақсаты – өзіне қол ұшын берген Байзақ, Батырбек, Сапақ, Шоқай датқаның төртеуін де қоқандықтардың қолымен өлтіртіп, жергілікті халықты көсемсіз қалдыру болатын. Осы жауыздық ниетті сезген датқалар генералдың күмәнді шақыруына келмей қалады, тек Байзақ датқа ғана елінің қонысы орыс әскерінің қол астында болуы себепті лажсыз келеді. Черняев Шымкенттегі Қоқан қорғанын бейбіт жолмен, келісіммен алу үшін шарт қойып, Байзақтың жанына татардың екі унтер-офицерін қосып, елші ретінде жібермек болғанда, Байзақ қоқандықтар барысымен мені өлтіреді деп қарсылық білдіреді. Бірақ генерал Черняев: «Сен орыс қолының елшісі ретінде барасың, жаныңа орыс офицерін қосып беремін», – деп бір жағынан сес көрсетіп, бір жағынан сөзбен нандырып, күштеп отырып жібереді. Ол Байзақтың Қоқан қолынан өлетінін біліп отырып, әдейі қазақ рулары арасында от жағып, бір-біріне араздық тудыру мақсатын көздеген арам пиғылын жасырмай соғыс министріне: «…Байзақ датқаның келіссөзден тірі қалмайтынын білдік, сол үшін де орыс офицерлерін қасына қоспадым, татар тілмаш пен екі татар унтер-офицерін қостым, барлығы мұсылмандар ғой (мұғамедтандар)», – деп ішкі сырын ақтара жазатыны бар.

Қоқан билігі дәуіріндегі қазақ әдебиеті тарихының өкілдері Сүйінбай, Мәделі, Майлықожа датқалар тұлғасын заман, уақыт талабына орай суреттеген ақиық өнерпаздар болатын. Майлықожа ел билеген датқалардың замандасы болуы себепті де, «Қараның өтті хандары», «Өлмей тұрып Ырыспек», «Тұрлыбекке», «Қанай датқаға», «Бір бітім сөз», «Аңдығаның болды ма қоян, тышқан», «Құйрығын айдаһардың қайдан бастың» деп аталатын өлеңдерінде ел қамын ойлаған Батырбек, Байзақ сияқты датқаларға іш тарта жырласа, Тұрлыбек т.б датқалар қара басының қамынан аспаған, елге жұт болған қылығын аяу­сыз сынап, сөзбен шағатын жақтары да бар.

Датқалардың ішінде Байзақ пен Батырбекке іштарта жырлағанда:

Батырбек датқа бақ жаққа,

Бәрінен басты оза кеп.

Қарқыны қатты кісі еді, –

деп датқаның еліне қызмет еткен еңбегін көкке көтере мадақтай жырлайтыны бар. Өйткені Батырбек датқаның қалың қазақ жұртына пана болған, еліне жайлы қоныс әперіп, халықтың тұрмыстан қиналмай өсіп-өнуі үшін канал қаздырып, тоған салдырып, отырықшылық өмірге қалыптастыра бастауы – көрегендігі, заман ағысын алдын ала болжауына ризашылық білдірген көңіл күйі жыр болып төгіледі.

Майлықожа ақын Батырбек пен Байзақ датқаға арнаған өлеңдерінде уақытқа ерекше көңіл бөліп, көзбен көріп, оймен білген өмір шындығын қаз-қалпында суреттеуге мән береді. Мысалы: «Елге қоныс әперген» деп аталатын жырында:

Жуалыда Батырбек –

Келмеген жауы қасына,

Арыстан онда жатыр деп.

Арғы атасын сұрасаң,

Ырыспек, Шінет – асылтек.

Сиқымға қоныс әперді,

Аямай күшін әзірлеп.

Соңына ерген халқына,

Не десе соны мақұл деп.

Ақын сол заман тайталасында ең күрделі күрес – жер мәселесі яғни сүбелі қонысты иемдену жолында арғы аталары Ырыспек, Шінет, Сиқым тайпасына қоныс алу күресі оңай болмағанын жақсы түсінді. Батырбек Жуалыда Бөкейтаудың етегінен Күрең белден асыра қоныс алды. Өз ордасын Теріс өзенінің бастау кезіндегі сазға орнатып, осы ордада Кенесары, Құнанбай, Шорманның Мұсасы мен Тезек төре, Шоқан Уәлиханов т.б айтулы тұлғалар қонақта болып, ел тағдыры жайлы сыр шерткен күндер де өткен.

Генерал Черняев экспедициясында болған Ш.Уәлихановты Батырбек датқа ордасында арнайы сыйлы қонақ ретінде қабылдайды. Орыс отаршылдарының саяси-идеологиялық мақсаттары мен келешекте жерге, дінге қол салып, миссионерлік әрекеттердің өріс алып, халықтың рухани қыспаққа түсетінін сезінген датқа Шоқанға көп сырдың астарын ашқан болса керек. Өйткені генерал Черняев «Батырбек датқа жөнінде барлық ақпаратты замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақтардан біліп алған соң екінші рет ол кісіні өзіме тағы да шақыртып сөйлестім. Бірінші кездесуімде әңгімеге ротмистр Шоқан Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізде ротмистр қатысқан жоқ, ол маған ренжіп, экспедициядан кетіп қалған. Ротмистрдің маған ренжіп кетуіне, естуімше Батырбек датқаның тікелей қатысы бар, себебі екеуі оңаша кездескен, ротмистрді жат дінділерге көмектесіп жүрсің деп кінәлаған, өз халқыңа қарсы соғысып жүрсің деп айыптаған көрінеді. Осыларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экспедициядан кетті», – деп жазуы арқылы бізге көп мәселенің астарлы сырын жаңа қырынан қарап ашуға нақтылы ой желілерін беріп отыр. Мысалы Ш.Уәлихановтың экспедициядан кетіп қалуын бұрындары Әулиеата бекінісін алғандағы орыс солдаттарының қаланы тонауға салып, қастандықпен жасаған зорлық-зомбылық істеріне наразы болуы себепті дейтін. Ал генерал Черняевтің хатында Батырбек датқа мен Ш. Уалихановтың арасындағы болған әңгіменің барысында ұлттық, дүниетанымдық түсініктен туындаған себептің нәтижесі екендігіне мән бере баяндауы біздер үшін жаңа танымның саңлауын ашуы – зерттеушіні жаңа тың ойларға, сыншыл көзқарастарға бастайды. Қоқан хандығы билігі кезіндегі қазақ әдебиетінде датқалар образын сомдауға Майлықожа поэзиясының өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар. Байзақ датқаның өмір жолына, оған деген халықтық баға уақыт, заман талабына орай жыр желісіндегі ой оралымдарында анық сыншылдық көріністер жатады.

Мәмбет бидің әулеті –

Бес жүз үйлі ел болып,

Бір кісінің әулеті,

Даланы қаптап сел болып.

Сұрау бермей қазаққа,

Байзақ шықты бел болып.

Қызыл қанды уыстап

Ақмолла шықты ер болып, –

деген жыр жолдары Байзақ датқаның алды мен артынан хабар бере елім деп егіле жырлап, бұл әулеттің билігі мен дәулетін жалғастыра дамытып, дәстүрлі жолдың ту ұстар ұлы Ақмолданың Қоқан хандығына қарсы қол бастаған ерлік жолын мадақтай жырлауының тарихи негіздері бар болатын.

Ата-бабадан қалған ел билеу мен шалқыған дәулетті, елі үшін жасаған ерлікті ата дәстүрін жалғастырып дамыту салты ақын жырында Байзақ, Батырбек ұрпақтарын суреттеу арқылы көз алдымызға әкеліп, олардан тәлім алу ұрпақ парызы екендігін еске салып өтетіні бар. Алдыңғы қатарлы датқалардың ел үшін еткен ерліктерін мадақтай отырып, олардың арасындағы орын алған түсінбестік, көптен бергі ағайын арасындағы кикілжің, талас-тартысқа да Майлықожа өз пікірін жанашырлықпен білдіре отырып, ара ағайындық бітімгершілік ой-пікірін ортаға тастап отырады:

Шінет батыр Ырысбек,

Олар да өткен соғысқан.

Одан бергі Батырбек,

Байзақпенен тоғысқан.

Кесірінен көп Дулат

Қобалжыған қоныстан, –

деген жыр желісінде Сиқым мен Шымыр руының арасындағы қонысқа таласының тарихынан сөз қозғайтыны бар. Өйткені отар­шыл Ресейге қазақ рулары арасындағы араздық, бір-біріне алакөздік, тартысқа түсуі – олар үшін көктен іздегені жерден табылатын ұтыс кілті болып табылады. Генерал Черняевтің Ресей империясының Орта жүзде қазақ ру басыларының алауыздығын өршіту арқылы Ресей қол астына өтуіне қолайлы жағдай жасаған саяси тәжірибеден сабақ алып, осы саясатты оңтүстік қазақтарына да қолданатынын жасырмайды. Осы астарлы саясатты жоспарлы түрде қолдануға құмбыл генерал Черняев: «… Оңтүстік өңір халқының көсемдерін араздастыру мақсатында сіздердің қамқорлықтарыңызбен тездетіп іске асыруым керек», – деп осы қатерлі саясатты жүзеге асыруға қызу араласқан. Қазақ датқаларын бір-біріне араздастырып, өзара талас-тартыстың отын үрлеп қаулатуға орталықтан берілген саяси айла-тәсілдің нұсқауы барлығын да аңғартып өтеді. Мұны С. Торайғыров сөзімен айтар болсақ:

Елдігіне, жеріне һәм дініне,

Құрылды талай тұзақ, талай қақпан.

Ақынның ашына суреттеуінде сол құрылған тұзақ пен қақпандарды жасап, оны жүзеге асыратын соғыс министрлігінде құжат түрінде сақталған саяси айла-амалдардың қайдан келіп жатқанын меңзей сілтейтін генерал Черняевтің пікірінде көп шындықтың астары ашылып, көбесі сөгілуде.

Оның қандықол әрекетін оның әрбір іс-қимылынан көреміз. Қазақтардың датқаларын өзіне тартып, олардың бәріне әскери майор атағын бергенде, бәрі разы болып, тек қана Батырбек датқаның ол атақты алмайтынын, алдын ойлайтын саяси қайраткер екендігін мойындап жазатыны бар.

Генерал Черняев патша ағзамнан Батырбек датқаға полковник шенін беріп, арнайы өз атына қылыш жасатып, сый ретінде ұсыну саясаты да, оны басқа датқалардың араздығын қоздырып, өзара тартысқа түсіру үшін «Жергілікті халықтың көсемдеріне түрлі дәрежедегі атақтар мен сыйлықтар жасау арқылы араздастырып, біртіндеп өзімізге тәуелді етеміз» – деп, өзінің ішкі есепке құрылған қулығын, құрық бойламайтын айласын жасырмайды, қайта мақтаныш көреді. Бұл аса жоғары сыйлықты Батырбек датқа бәрібір алмайтынына айта отырып, мойындайды да. Бірақ осы айла-амалы арқылы датқалар арасында араздық отын жағу үшін осы әрекетке бару мақсатын өзі ашып беретіні бар. Екі датқа арасындағы араздықты пайдаланып әрі қоқандықтарға қарсы жорықта оларға өш қазақ қолын пайдалануды да мақсат етіп қойғанын генерал Черняев жасырмайды. Шымкентті алу. Қорғанды бұзу. Соғыста зеңбіректі пайдаланып, екі мыңдай қазақ сарбазын қорған ішіндегі қанды қасап соғысқа салып жібереді. Қорғанды алуда екі жақтан адам қырғыны көп болып, екі мың қазақ қырылып, үш жүздейі ғана аман қалғанынан хабар бере кетеді. Мұның баяғыдағы қазақ-қалмақ соғысындағы қалмақтарды жақтап, қару-жарақпен жабдықтап, қазақтарды алдап салған яғни «жабайыларды жабайылардың» қолымен қыру саясатын Черняев Шымкентті алу соғысында қолданғанын жасырмайды. Бұл әрекетін соғыс министріне мақтана жазған құпия хатынан толық ұғына аламыз. Тіпті, оңтүстік датқаларын түгелдей қоқандықтар қолымен өлтіруге әрекет етуі де осы қанды қысым саясатының жемісі болып табылады.

Біздер бір жарым ғасыр бойы, яғни алты ұрпақ алмасқанға дейін Байзақ датқаны Батырбек датқа қоқандықтарға ұстап берген деген генерал Черняев таратқан жалған сыбысқа алданып келдік. Бауыржан Момышұлы «Аспанда Құдай, жерде архив бар» деп айтқандай, бұл құпия сырдың шындығын архив сөресінен тарихшы ғалым Д.Даниярбековтің Ташкент архивінен ұшыратқан дерегі баспасөзде жарияланған генерал Черняевтің Ресей империясының соғыс министрі Борисовқа жазған құпия құжатынан танып-біліп отырмыз. Бұл құпия құжат патша үкіметінің Түркістанды отарлау саясатындағы көптеген саяси-әлеуметтік мәселелерді танып-білудің астарлы сырларын ашты. Ойшыл Абайдың:

Билемесе бір кемел,

Көп шуылдақ не табар, –

деп айтқанындай, отаршыл атаулының халықты бодандыққа түсіру жолында алдымен қолданар саяси айла-тәсілдері халықтың көсемі, ойлы, ел билеген қайраткерлерінің көзін жойып, «жабайыларды» көсемсіз қалдыру мақсатын генерал Черняевтің ел билеген қазақ датқаларын қоқандықтардың қолымен жусатпақ айласы айғақтап отыр. Ал, Кеңес үкіметі осы саясаттың мұрагері болуы себепті 1930-1937 жж. қазақтардың зиялы тобының тұтастай көзін жойып, қазақ ұлтының генефондық ұйытқысы болғандарды «халық жауы» деген жаламен жойып жіберді. Бас хатшы И.Сталин «Мы не только уничтожим всех врагов, но и семьи их уничтожим, весь их род до последнего колена» (Леонид Млечин, «КГБ: председатели органов госбезопасности, рассекреченные судьбы». Москва, 2005, стр.152) деген нұсқауы – нені көздеп отырғанын айғақтайды. 1928 ж. Қазақстанда текті әулеттерді жою саясаты қолға алынды. Осы әрекет әртүрлі тәсілдермен жүргізіле берді. Текті әулеттерді отап жою, олардан шыққан ұрпақты жойып отыру – мақсатты саясатқа айналды. Яғни «халық жауы» деген жаламен 1937 жылы көзге ілінген, елін сүйген, сол үшін күйген ұлтшылдар түгел ұсталып атылып кетті. Енді олардың рухани мұрасын келер ұрпақ санасынан қол үздіру мақсатымен мың жылдан астам қолданып келген араб жазуы таңбасын әуелі латыншаға, ал халық жауларын тұтас жойған соң 1940 ж. Ресей патшалығы армандаған крилица таңбасына алмастыру арқылы жаңа буын жас ұрпақты мәңгүрттендіріп жіберді. Міне осы саясаттың бәрі де халықтың текті әулетін, яғни ұлттық генефондын жоюға бағытталды. Мысалы ретінде алар болсақ, Батырбек датқаның әулеті, одан тараған ұрпақтары тұтас қуғындалып, ұл атаулы ұрпақ жоқ боп кетуінің сыры да осы ұстанған саясаттың нәтижесі болатын-ды. Құдайсыздар ұйымы ұйымдастырылған соң, Батырбек датқаның өз кесенесі, салдырған мешіті, медреселері түгел жойылып, талқандалды. Байзақ датқаны ұстап берді деген жаланың жабылуы – Батырбек датқаға деген теріс көзқарасты қалыптастырып, ұрпақ санасынан өшірді.

Енді бүгінде генерал Черняевтің Ресей империясының соғыс министріне жазған құпия хаты тарихи шындықты білу жолында көзімізді ашып, ой танымымызды түбірімен өзгертіп отыр. Бірақ Орта Азияның, яғни Түркістанның Ермагы атанған Черняевтің Байзақ датқаны өз қолымен өлімге айдап салған жаласын Батырбек датқаға жапқан астыртын таратқан сыбысына нанып қалғандар арамызда әлі көп. Енді уақыт келді, ескі наным өзгерді. Осы жағдай Батырбек датқаның тарихи орны мен оны халық санасына жаңа таным тұрғысынан насихаттап, Жуалы, Сайрам ауданы мен Тараз қаласында мектеп, көше аттарын қою, датқаның кесенесі тұрған аймаққа (жерге) Батырбек датқа атын қою, кесенесін бұрынғы қалпына келтіру әрекетін қолға алу – бүгінгі саналы ұрпақ атаулының тарих жүктеп отырған парызына айналуда.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары