АЙБЫН МЕН АРДЫҢ ДІҢГЕГІ

АЙБЫН МЕН АРДЫҢ ДІҢГЕГІ

АЙБЫН МЕН АРДЫҢ ДІҢГЕГІ
ашық дереккөзі
221

Көп ұлтты Қазақстанның iшкi құқығы мен тәртiбiн қалыптастырып, жүгенсiздiк пен жөнсiздiкке жол бермей, тәртiпсiздiктi тiзгiндеп отыратын мамандық иелерi бар. Олар тәуелсiз елдiң сақшылары – Қазақстан полициясы.

Елiмiз егемендiгiн алғалы өзге са­ла­лармен қатар құрылған iшкi iстер органдарының министрлiгiне де жиырма жыл толды. Тарих үшiн аз уақыт бол­­ғанымен, қабырғасы еркiндiкпен қатар қатайып, дамып келе жатқан сала иелерiнiң өзiндiк жетiстiктерi мен жемiстерi де жетерлiк. Оқиға орнына елден бұрын жетiп, қауып пен қатерге басын қатар тiгетiн құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң өмiрi де кейде қыл үстiнде болады. Өзi сүйiп таңдаған мамандығының қиындығына мойымаған қазақ полициясының офицерлерi қашан да Отанына, отбасына, әрiптестерi мен елiне қызмет етуден танбаған. Жылдың мезгiлi мен тәулiктiң ауысымына тәуелсiз полиция қызметi алдымен арды, айбынды, өжеттiлiктi талап етедi. Кәсiби бiлiм мен үздiк тәжiрибе жылдап жиналады десек те, шалт қимыл мен ұшқыр ойды талап ете­тiн оқиға кездерiнде шешушi сәтте ер жүректiлiк пен өжеттiлiк басты орынға шығады.

Кейiнгi кезде ел арасында полицияға деген көзқарас пен құрмет төмендеп, құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң iсiне деген күмән көбейген кезде Елбасы құқық қорғау органдары қызметкерлерiн қайта аттестаттау туралы мәселе көтердi. Орнымен көтерiлген игi iстiң дер уағында қолға алынғаны өз жемiсiн бере бастады. Алғашқы сыннан мүдiрмей өтiп келген басшы құрам өз қарамағындағы қыз­мет­кер­лердiң дене тәрбиесi мен қару-жарақты қол­дану, саяси сауаттылығы сынды кәсiби дай­ындықтарын тексерiп, күн сайын жаңа мiндеттер жүктеп отыр. Мұндай шараны жиi өткiзу өз кезегiнде сапалы кадр, сауатты маман қалыптастырады.

Қазақ даласында ежелден дуалы ауыз би­лер мен ел ағалары ел арасында iшкi тәр­тiптi реттеп, тентегiн тыйып, тексiзiн тi­з­гiндеп отырған. Тәртiпке көнбегенiн ауыл со­тында жазалап, құн артатын. Тиiстi шек­теу­лер қоятын.

Қазақ ұлтының мiнезiне қайсарлық пен момындық қатар жаратылған. Дархан елдiң даласын, бейбiт халқын, баласы мен данасын төнген қатерден аман арашалап, бұзақысын тiзгiндеп жүрген ұлт полициясына жиырма жылды еншiлеттiк. Полиция иығындағы иықбелгi жауапкершiлiгiнiң салмағын осы салада жүрген жан мен оның отбасы, түн ұйқысын төрт бөлiп жұбайының жолына қарап отыратын жарлары жақсы бiледi. Жұмысқа кеткен жұбайының жанұясына аман-есен оралып, отбасылық дастарқанда төрт көзi түгел отырғанын армандайтын келiншектердiң жүрегi тыныш болса екен. Былтырғы жылы бүкiл елiмiздi дүр­лiктiрген сақалды содырлардың iсiнен қан­­шама отбасы қара жамылды. Ислам атын жамылған шаладүмшелердiң дiни сауатсыздығы салдарынан Ақтөбе, Тараз, Алматы халқы үрей құшағына ендi. Елдiң үш қаласындағы оқиға өзгелердi де бей-жай қалдырмады.Мамыражай күндерi қазақ баласы бiрiнiң қолын бiрi қанға бояды. Тәртiпке көнбей, бейбiт тұрғындарға қауiп төндiрдi, жазықсыз қан төгiлдi. Терiс пиғылдағы лаңкестердiң осы әрекетiнен соң әлемдегi ең ұлы дiн деп саналған ислам нанымына селкеу мен сенiмсiздiк туындады. Әлемде ислам мемлекеттерiн жеккөрушiлер көбейдi. Санасын жетiлмеген нанымның үгiтiмен улаған жас жiгiттер өздерiн шейiт санағанымен, шынайы дiнде олар нағыз күнәһар болып табылды. Тiзгiнiн үзiп, түзу сөзге көнбеген тентектердi өз денесiмен жапқан полиция қызметкерiнiң батылдығы елдiң қабырғасын қайыстырды. Жапырағы жайылмай жатып морт құлаған бәйтеректерiмiзге тиiстi құрметтi Отаны көрсеттi. Қазақстанның өзге құқық қорғау салаларының iшiнде мемлекеттiң жоғарғы наградасы «Халық қаһарманы» алғаш рет полиция қызметкерiне берiлдi. Қаһарман боп көз жұмған ұлы мен оның әрiптестерiнiң отбасына тиiстi көмектi де мемлекет пен өзге ұйымдар аямады. Бейбiт күндегi боздақтарды еске алу тақталары орнатылды. Осындай ұлдарды үлгi тұтқан талай жас өркен болашағын полиция қызметiмен бай­ланыстырғысы келiп, мемлекетiмiздегi жоғарғы Заң институты болып табылатын Қазақстан Республикасы IIМ Алматы академиясына келiп оқуға тапсырып, тыңдаушы атанды. Айбын мен ардың дiңгегi атанған бiлiм ордасы биылғы жылы 300 талапкердi қабылдауға даяр.

Қазақстан полициясының 20 жылдығына орай екi жүзден аса тыңдаушыны бауырынан түлетiп ұшырған академияда бүгiнгi таңда бiлiмi мен тәжiрибесi iрiктелiп алынған оқытушы-профессорлық құрам мен жеке құрам жұмыс iстейдi. Буыны қатпаған бiлiмгерлерге ғылымды үйретiп, жақсы маман болып қалыптасуына қамқор болып жүрген академияның 674 қызметкерi төл мерекелерiнде ҚР IIМ арнайы бұйрығымен және Қазақстан Республикасы IIМ Алматы академиясы бастығы полиция генерал-майоры Талғат Кулибаевтың бұйрығымен арнайы марапатталды. Мерзiмiнен бұрын шен алып, 470 офицер «Қазақстан полициясына 20 жыл» төсбелгiсiнiң, арнайы грамота мен алғысхаттар, бағалы сыйлықтар мен ақшалай марапаттардың иегерi атанса, мұндай құрметке сержант пен қатардағы құрам қызметкерлерiнiң 32-сi ие болып, ерiктi жалданушылардың 172 қызметкерлерiне атқарған қызметтерi үшiн ауызша алғыс жарияланды. Мереке соңы қонақтар мен тыңдаушылардың ұйымдастырған арнайы концертiне ұласты.

Сандуғаш Мүслiмова,

ҚР IIМ Алматы академиясы

қызметкерi

Серіктес жаңалықтары