ҚАЗАҚ НАМЫСЫН ЛОНДОНДА ҚОРҒАЙТЫНДАР

ҚАЗАҚ НАМЫСЫН ЛОНДОНДА ҚОРҒАЙТЫНДАР

ҚАЗАҚ НАМЫСЫН ЛОНДОНДА ҚОРҒАЙТЫНДАР
ашық дереккөзі
216

Биыл қазақ спортшылары үшiн айтулы жыл. Төрт жылда бiр рет болатын дүбiрлi додаға да санаулы күндер қалды. Лондон олимпиадасында ел намысын қорғайтын қазақ спортшылары Олимпиадаға сақадай сай десек те болады. Осы орайда, 4 шiлде күнi олимпиадашыларды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, спорт шеберлерiне ақ жол тiледi.

Елбасы өз сөзінде: «Мен қазір сіздерге біздің туымызды тапсырамын. Оны сіздер елге зор мәртебемен алып келесіздер», – деген сенімін білдірді. Мемлекет басшысы көк байрақты грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиевке ұстатты. Ел абыро-йын асқақтатын байрақты бәсекеде еліміздің спорт шеберлеріне де артылатын үміт мол.

Көк байрақты қолына алып тұрып, грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев өз кезегінде: «Алтын күн астындағы алғыр қыран бейнеленген қазақтың көк туы – біздің ең қасиетті рәмізіміз. Сіздің қолыңыздан еліміздің ең қастерлі символын алу – мен үшін өте үлкен абырой. Сіз қазақтың көк туын әлемнің ең ұлы мемлекеттерінің төрінде желбіреттіңіз. Енді біз оны әлем спортшыларының ең басты додасы Олимпиада төрінде көтеретін боламыз. Сіздің бүгінгі тілегіңіз – бүкіл елдің тілегі. Біз оны абыроймен орындаймыз. Біз көк туымызды Лондонға желбіретіп алып барып, Астанаға өзіміз жеңіп алған алтын медальдармен жарқыратып алып қайтамыз», – деген жүрекжарды сөзін жеткізді. Бұл спортшының жүрекжарды сөзі ғана емес, спорт шеберлерінің еліне берген уәдесі деп қабылдауымызға да болады.

Биылғы жыл – әрине, Олимпиада жылы десек те болады. Әрі бұл төрт жылда бір келетін спорттық жарыстардың тө­­ресі. Олимпиада Ұлыбританияның Лондон қаласы мен оның маңындағы бірнеше қа­лада өтетіні белгілі. Лондон қазіргі кезде Британия Корольдігінің астанасы ға­на емес, ол соңғы рейтинг бойынша әлемдегі Нью-Йорктен кейінгі екінші қала болып саналады. Өткен жылы Knight Frank компаниясы қалыптасқан дәстүр бойынша 2011 жылдың ең жақсы, үздік 40 қаланың тізімін жасағанда, Лондонды саяси ықпалы, эко­номикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы, білім мен ғылым және мәдени маңыздылығы бо­йынша әлемдегі екінші қала деп таныған болатын. Сондықтан дүние жүзіндегі ең ықпалды екінші қалада биылғы жазда Олимпия ойындарының жалауы көтерілетіні, оған қазақ елінен 115 спортшының қатысып, мемлекеттің көк байрағын көтеретіні де үлкен тарихи оқиға.

Соңғы жолдаманы садақ ату спортының шеберлері мен жеңіл атлеттеріміз ұтып алды. Садақ ату бойынша АҚШ-тың Огден қаласында өткен әлем кубогынан жерлестеріміз Денис Ганькин мен Анастасия Баннова алғашқы ондыққа еніп, Лондонның жолдамасын жеңіп алған еді.

Лондондағы спорттық жарыстардың кей­бір сәттерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалайтын болады. Мемлекет басшысын Олимпиада ойындарына Ұлыбритания басшылығы арнайы шақырып отыр. «Ол жерге баруға ниеттеніп отырмын. Мүмкін қандай да бір жарыстарға қатысуға мүмкіндік болар, көреміз. Мен сіздердің дайын екендіктеріңізді сезіп отырмын. Сіздердің барлықтарыңызда тартысты додаға деген құлшыныс зор және мемлекет те оған барлық жағдай жасауда», – деді Елбасы спортшылармен кездесу кезінде.

Мемлекет басшысы тамашалайтын айтулы додада ел үмітін арқалаған спортшыларымыз көздеген межеден шыға білгені жөн. Дүбірлі спорт мерекесінде боксерлеріміз бен күрескерлерімізге де артылатын сенім қомақты. Оның сыртында, Пекин олимпиадасында ел абыройын асырып, алтын мен күмістен алқа таққан зілтеміршілеріміз де бар. Жерлестеріміз спорттың 25 түрінен жолдаманы жеңіп алған еді. Айтулы спорт жарысында 115 спортшы 25 спорт түрі бойынша жарыс жолына шығады. Ел үмітін арқалаған спорт шеберлерінен жұрты да жеңіс күтетіні белгілі.

Сонымен, Лондонға баратын саңлақ­та­ры­мыз кімдер?

Грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Ті­нәлиевтей балуан ұлға еліміздің көк бай­рағы табыс етілгені белгілі. Балуан ұл көк байрақты желбіретіп, Лондон Олим­пиадасында атой салуға дайын. Батыр ұлдың ел мәртебесін асырып, абыроймен оралуына барша жұрты тілекші. Басы­лым беттеріне берген сұхбатында батыр ұл: «Қатты толқып жүрмін. Жауапкершілік үлкен. Онсыз да жеңсем деп барасың. Ту көтерген спортшының жүгі екі еселенеді. Халқымыз сенгеннен кейін барымызды саламыз» деп ағынан жарылған екен. Лайым, Нұрмаханның айы оңынан туып, жұлдызы жар­қырасын деп тілейік. Одан бөлек, бұл жолғы дүбірлі додада Дархан Баяхметов, Алмас Кебісбаев, Әсет Мәмбетов сияқты балуандарымыз Лондонда бақ сынайтын болады.

Қазақ спортшыларының ішінде, бок­сер­леріміздің орны бөлек. Қазақ боксын ас­қақ­татып жүрген оғландарымыз аз емес. Әсі­ресе, Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов сын­ды боксерлерімізді жүлделі орындардан көр­гіміз келетіні жасырын емес.

Пекинде қазақ елінің абыройын асқақ­тат­қан зілтемірші жерлестерімізден де үмітіміз мол. Бұған дейін әлем біріншіліктерінде абыройлы орындардан көрініп жүрген Мая Манеза, Зулфия Чиншанло, Илья Ильин, Светлана Подобедова сияқты жүйріктеріміз бәсекеден озық шығып, биіктерден көрінулеріне мүмкіндік мол, дарындары да жетерлік.

Лондон Олимпиадасында алтыннан алқа тақ­пасақ, өз қызметінен кетуге әзір екендігін айтады Спорт және дене шынықтыру агенттігінің басшысы Талғат Ермегияев мырза. Байрақты бәсекеде қазақ спортшылары ал­дыңғы орындардан көрінсе деген спорт бас­шысының тілегі орындалғай..

Агенттік басшысы «Лондонда Қазақстан сен­сация жасауға мүмкіндігі мол» дегенді айтады. Талғат Ермегияев мырза Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин, Галина Воскобоева, Ярослава Шведова, Михаил Кукушкин, бокстан Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов сияқты дүлдүл спортшыларымыздан жүлде дәмететінін де жасырмады.

Сонымен бірге, журналистермен өткізген бас­пасөз-мәслихатында агенттік басшысы егер Қазақстан Олимпиада ойындарында үш алтын алмаса, отставкаға кететінін және жауаптыларды да жазалайтынын да жеткізді. «Алға қойған мақсат орындалмаса, қызметімнен кетуге дайынмын. Орынбасарларым да жауап береді», – дейді Талғат Ермегияев.

Сонымен, 30-шы жазғы Олимпиада ойындары басталатын күн жақындап қалды. Биылғы Олимпиаданың тағы бір ерекшелігі – ел саңлақтары тұңғыш рет семсерлесу мен әйелдер боксынан бақтарын сынайтын болады. Естеріңізге салсақ, әйелдер боксы бірінші рет Олимпиада бағдарламасына еніп отыр. Нәзік жанды былғары қолғап иелері үш салмақта жұдырықтасады. Лондонда алтынға қол жеткізген спортшылар мемлекет тарапынан 250 мың АҚШ долларына ие болмақ. Ал күміс жүлдегерлер 150 мың АҚШ долларын иемденсе, қола жүлдегер 75 мың АҚШ долларын қалтасына басады. Сондай-ақ, 4 орын – 30 мың, 5 орын – 10 мың және 6 орын үшін 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындалып отыр.

Лондонға баратын қазақ спортшылары 18 шілде күні жолға шығады. Тіпті, қазақ спортшылары үшін қазақтың ұлттық тағамдарын да Лондонға апару жоспарлануда. Оның ішінде, боксшыларға жылқы еті қажет-ақ. Кейбір деректерге сенсек, Лондон Олимпиадасына қазы-қарта апаруға тыйым салынған. Соған қарамастан, спорт агенттігі жылқы етін апарамыз деп отыр.

27 шілде күні шымылдығын түретін Лондон олимпиадасына санаулы күндер ғана қалды. Ойынның салтанатты ашылу рәсімі 27 шілдеде өтіп, ресми жабылуы 12 тамызға бекітілген. Бұған дейін тұманды Альбионда Олимпиада ойындарының жалауы екі рет желбіреген болатын. Ол – 1908 және 1948 жылдары. Төрт жылда бір рет өтетін жарыстан қазақ жұртшылығы да ұмытылмас жеңістер күтетіні белгілі. Спортшыларымыз қазақтың намысын жан сала қорғап, абыроймен оралсын деп тілейік!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары