ҚАСИЕТТI РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ҚАСИЕТТI РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ҚАСИЕТТI РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
ашық дереккөзі
446

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы Алла тағалаға, сансыз салауатымыз сүйікті пайғамбарымызға (с.ғ.с.) болсын! Жыл бойы сағына күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Құрметті мұсылман бауырлар мен қымбатты отандастар!

Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы, қасиетті Рамазан – сансыз құлшылық пен дұға-тілекке толы сауабы мол ізгі амалдар үздіксіз жалғасқан, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Кез келген басқа мерзіммен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.

Ораза адам жанын тазартып, жаман іс-қылықтардан сақтайды. Құранда Алла тағала: «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – дейді.

Аятта айтылғандай, оразаның мақсаты – мұсылманды рухани тазартып, тақуалыққа жетелеу. Тақуалық – күнәдан сақтану, Алла тағаладан қорқу, тек соған ғана сыйынып, жалбарыну. Ендеше тақуалық – Алла тағалаға бойұсыну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйғандарынан тыйылып, иманды, көркем мінезді, парасатты жан ретінде, Ұлы Жаратушының сыйлаған сансыз нығметтерінен айырылып қалудан сақтану. Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани тазартып, көркем мінезге тәрбиелеу, нәпсіні тізгіндеу.

Нәпсі – бойдағы пенделікке тән құмарлық сезім. Адам баласының адамгершілік биігіне көтерілуі мен мінез-құлқын көркемдеуі нәпсісіне ие бола алуында. Ал нәпсіні тізгіндеуде ораза зор мәнге ие. Мұның басты шарты ораза тек Алла тағаланың ризашылығы үшін ұсталуы тиіс. Бұл айда мұсылман жүрек түкпіріне түрлі жат ойлардың ұялауына уақытша болса да жол бермей, нәпсімен күресте барынша жігерлілік пен белсенділік танытқаны жөн. Бүкіл дене мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен іс-әрекеттерге кісен салуға тырысады. Тілі бос сөздерге күрмеліп, небір жақұт-маржан насихаттық сөздерге ағытылады. Қолы адал нәрсені ұстап, аяғы сауап іздеп, жақсылыққа қадам басады. Осындай ізгі жандардың жадында Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес», – деген салмақты ескертуі жаңғырып тұрары хақ. Расында да ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Пенде өз білуінше денсаулығын көздеп ашығумен діттеген мақсатына жете алмасы хақ. Себебі ораза – тек Алла тағаланың разылығы үшін жасалатын зор құлшылық мұсылманның парызы. Қасиетті хадисте Алла тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөліркегеннен шыққан ауыз исі мен үшін мисктен де артық», – дейді.

Сонымен қатар бұл қасиетті айда тек қана ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды т.б. да пендеге тән жағымсыз жаман әдет-қылықтардан барынша іргені аулақ салған абзал. Өйткені ораза тек ішіп-жеуден тыйылу үшін ғана емес, сондай-ақ құлақ, көз, тіл күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін құлшылық амалдарымызды арттырып, неғұрлым Алланы көбірек еске алып, қайта-қайта Құран оқумен қатар мешіттердегі әр кешкі тарауих намазына да қатысқан жөн. Рамазанда мың айдан да қайырлы Қадір түнінің қасиеті мен жасалар ғибадат-құлшылықтың сауабын да санап тауысу мүмкін емес. Құран кәрімде: «Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін сен білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түнде Раббысының рұқсатымен періштелер және Рух (Жәбірейіл ғ.с.) әрбір іске (жерге) түседі. Ол түн тыныштыққа толы. Бұл таң атқанша (жалғасады)» («Қадыр» сүресі, 15-аят), – делінген. Ал Алла Елшісі (с.ғ.с.) болса осы рамазан айы туралы: «Рамазан келгенде жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», сондай-ақ, «Шынында жәннатта бір есік бар, ол – «Раййан» деп аталады. Ол есіктен тек ораза ұстаушылар ғана кіреді» – деген.

Құрметті мұсылман бауырлар! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болғай! Алла тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей!

Қасиетті Рамазан құтты болсын!

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI,

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, Бас мүфти

Серіктес жаңалықтары