МЕЙРАМХАНАЛАРМЕН ЕМЕС, МЕШІТТЕРМЕН МАҚТАНАТЫН КЕЗ КЕЛЕР
МЕЙРАМХАНАЛАРМЕН ЕМЕС, МЕШІТТЕРМЕН МАҚТАНАТЫН КЕЗ КЕЛЕР
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI,
Қазақстан мұсылмандары және Орта Азия
мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, Бас мүфти:
Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi хазрет Ислам насихатына сүбелi үлес қосып, халықты бiрлiк пен берекеге, имандылық пен ибалылыққа, iзеттiлiк пен iзгiлiкке үндеп келе жатқан «Асыл арна» телеарнасында тiкелей эфирде өткен «Иман нұры» бағдарламасына қатысты. Бiр сағатқа созылған салихалы сұхбатта Дiнбасы Астанада өткен әлемдiк және дәстүрлi дiн басшыларының құрылтайлары жайлы, бiлiм-ғылым, дiни басқарма жұмысы туралы һәм тiлшi мен көрермендердiң сұрақтарына жауап бердi. Журналист Нұрболат Жантелиев жүргiзген әңгiменi аздаған қысқартулармен оқырмандарымыздың назарына ұсынуды хош көрiп отырмыз.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Былтыр тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өттік. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, аталмыш мерзім ішінде еліміз үлкен белестерден, асқаралы асулардан өтті. Айтулы беделге ие болды. Осы ретте бір жайт есіме түсіп отыр.
Кеңестік дәуірде мен бірқатар шет елдердің университеттерінде оқыдым. Сонда олар бізді Кеңес Одағындағы орыс мұсылмандары деп санайтын. Оларға Қазақстан жайлы қанша айтқаныңмен, онша мән бере бермейтін.
Қазақстан қазір әлемдік қауымдастықтан ойып орын алды. Әлемде Отанымызды білмейтін ел жоқ. Оның ішінде, әсіресе мұсылман елдері біздің жұртқа көз тігіп отыр. 2006 жылы Астанаға Катар мемлекетінің әмірі Хаммад бин Халиф әл Тәни келді. Кезінде оның «Нұр-Астана» мешітін салуға 7 миллион АҚШ долларын бөліп демеушілік жасағанын білетінмін. Бірақ ол 2005 жылы сол мешіт ашылғанда келе алмай, елімізге бір жылдан кейін жолы түсті. Елбасы Нұрағаң бастап үшеуіміз мешітке бардық. Сонда ол таң қалып: «Менің жеті миллион қаражатыма осындай мешіт салынды ма? Мынау керемет қой!» – деп қатты риза болды. Сөйтіп, әңгіме арасында: «Қазақстан – мұсылман елдерінің жарық жұлдызы» деп қалды. Құдайға шүкір, қазір еліміздің беделі өте биік.
Н.Жантелиев: Өзіңіз айтқандай, көптеген шетелдік қауымдастық өкілдері мен басшылары тарапынан айтылатын жақсы, жағымды пікірлер Қазақстанның мерейін үстем етуде. Расында да, көптеген мемлекеттер елімізбен санаса бастады. «Қазақстан – бірлік пен берекенің мекені», «Қазақстан – тұрақтылық ордасы» деген түсінік қалыптасты. Сондай-ақ, соңғы уақытта «Қазақстан – діндераралық келісім алаңы» деген де ұғым орын алды. Бұған да пікіріңізді қоса отырсаңыз…
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: 2002 жылы болса керек, Америкадағы 2001 жылғы атышулы жарылыстардан кейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Лари Неппер діни басқармаға келіп, мені еліне шақырды. Өйткені баспасөз беттерінде АҚШ мұсылмандарға қысым көрсетіп жатыр деген ақпарат тараған болатын. Елші соны жоққа шығарғысы және Қазақстанның Бас мүфтиі өз жұрты мұсылмандарының өмірін өз көзімен көрсін деген болу керек.
Вашингтонға барғаннан кейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлдің Орта Азия бойынша жауапты орынбасары қабылдады. Қасында отырған діни мәселелер бойынша сарапшыларына біраз әңгімеден кейін: «Сіздер, Орта Азиядағы елдер атауының соңында келетін «стан» деген сөзге қарап, Қазақстанды басқа да «стан»-мен аяқталатын жұрттармен шатастырасыздар. Орта Азиядағы бес мемлекеттер ішінде Қазақстанның орны бөлек. Ол білімділер елі. Кеңес дәуірінде де осылай болған», – деп мерейімізді өсіріп тастады.
Шынында да еліміз үлкен белестерге көтерілді. Соның бір айғағы: 2003 жылы Президентіміздің ұсынысымен бірінші рет Астанада әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы өтті. Берекелі басқосуға келген Американың Вашингтондағы діндераралық достықты, діндераралық қатынасты зерттейтін институттың президенті Джон Грибоски әңгіме арасында: «Құрылтай өте жақсы өтіп жатыр. Бірақ біз бұдан да жақсы ұйымдастыра аламыз», – деп қалды. Мен: «Бұдан да жақсы» дегенді қандай мағынада айтып тұрсыз?» – дедім. Ол: «Біз бұдан да жақсы ұйымдастырамыз, жақсы өткіземіз, бірақ бұлар бізге келмейді. Мына делегаттардың ешқайсысы бізге аяқ баспайды. Бірақ сіздерге келіп отыр», – деді. «Неге?» деймін ғой. Сөйтсем ол: «Қазақстанда жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады, бірнеше тілді, бірнеше дінді ұлыстар мекен етеді. Бұлар қалай ауызбіршілікпен, ынтымақпен өмір сүріп жатыр?» деп, соның сырын білгісі келеді. Соны көргісі келеді. Үлгісін өздеріне пайдаланғысы келеді», – дейді.
Елімізде өткізіліп жүрген діни съездердің «Қазақстан – діндераралық келісім алаңы» деулерінің мәнісі осындай деп ойлаймын.
Н.Жантелиев: 2003 жылы өткен екінші құрылтайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Жалпы халықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше маңызға ие», – деген еді. Ол қазір де маңызын жойған жоқ. Бүгінде әлемде кейбір діндер арасында келіспеушіліктер бар. Яғни мұндай құрылтайларды өткізуге әлемдік қауымдастық та мұқтаж болып отырған сияқты.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Еуропа да, АҚШ та, Азия елдерінің де осындай діндераралық үнқатысуға, діндераралық ынтымаққа, бірлікке, татулыққа мұқтаж екені даусыз. Естеріңізде ме, 2011 жылы Норвегияда Андрей Брейвик деген біреу ешқандай кінәсі жоқ 76 адамды қырып салды.
Оны бүкіл әлем айыптады. Осындай келеңсіз жәйттер болмас үшін діндераралық ұнқатысу, ынтымақ, бірлік туралы жаһан жұрты жиі айтулары керек. 2012 жылдың сәуірінде Қазақстанға Аустралия парламентінің төрағасы Питер Нил Слиппер келді. Әдетте шетелдік қонақтар Астанаға келіп, жұмысы біткен соң қайтадан ұшып кетіп жатады. Бірақ ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына келіп, менімен сұхбаттасуды өтінген екен. Қабылдадым. Қасында дін қайраткерлері де болды. Сонда ол сөз арасында: «Сіз қалай ойлайсыз, әлемде қазір ислам лаңкестігі деген сөз бар», – деп қалды. Мен: «Лаңкестікте ұлт, нәсіл, Отан болмайды», – дедім. «Солтүстік Ирландияда католиктер мен протестанттар арасында қақтығыстар болды, қанша бейкүнә жандар опат болды. Соған қарап енді христиан лаңкестігі деуіміз керек пе? – деп өзіне сауал тастадым. – Әрине, бұл дұрыс емес. Кез-келген лаңкестікті дінмен байланыстыру қате. Токио метросында Аум Сенрико деген секта газды у шашып, қаншама адамдардың өмірін қиды. Бұған қарап «Будда лаңкестігі» деу қажет пе? Жоқ, әрине! Испанияда да осындай жағдайлар болды. Бұдан шығатын қорытынды: лаңкестікті дінмен байланыстыру әбестік», – дедім. Ол кісі: «Дұрыс айтасыз, жалпы мен де солай ойлаймын», – деді.
Иә, осындай қасіретті жәйттер болмас үшін саясаткерлер ғана емес, әсіресе дінбасыларының өзара жиі-жиі бас қосып тұрғаны ләзім. Біздер халықты ынтымаққа, бірлікке шақырып тұрсақ, нұр үстіне нұр емес пе?
Көрермен сауалы: Құрметті Бас мүфти, Сізді біз көрнекті ғалым, үлкен білім иесі деп білеміз. Қазір діни істерден басқа қандай ғылыми зерттеумен айналысып жатырсыз?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Уақыт шіркін бұрындары да аз болушы еді. Қазір де солай. Бірақ мен сенбі, жексенбі күндері сегіз-тоғыз сағаттан артық уақытымды ғылымға арнаймын. Діни қызметке келгелі 12 жыл болды. Осы мерзім ішінде онға жуық үлкенді-кішілі кітаптар жазыппын. Барлығы Исламның адамгершілік, ынтымақ пен бірлік діні екендігі, ислам өркениеті, ислам мәдениеті, ислам ғылымы, елімізден шыққан ғұлама ғалымдар жайына арналған. Соңғы жылдары бір қызметкеріміз: «Сіздің тек орыс тілінде жазған мақалаларыңыз, сұхбаттарыңыз бен зерттеулеріңіз, баяндамаларыңыздың өзі бір кітап болып қалыпты. Соны жинақтап кітап етіп шығарсаңыз қайтеді», – деген ұсыныс айтты. Оларды жинақтап едім, 600 беттен асты.
Сөйтіп орыс тілінде жазған дүниелерімді жинап «Ислам – религия мира и созидания» («Ислам – бейбітшілік пен жасампаздық діні») деген атпен 2010 жылы шығардым. Содан Үндістанға барған бір сапарымда Қазақстанның осы жұрттағы елшісі Қайрат Омаров (қазір Сыртқы істер министрінің орынбасары): «Мүфти хазрет! Сіздің орыс тіліндегі дүниелеріңізді де оқып тұрамыз. Егер ондай еңбектеріңізді тек қазақ тілінде жазсаңыз, Қазақстаннан шықпай қаласыз. Тек орыс тілінде ғана жазсаңыз, ТМД елдері шеңберінде қалып қоясыз. Сол себепті «Ислам – религия мира и созиданияны» неге ағылшын тіліне аудартпайсыз? Әлемде қазақ деген елдің барлығы, олардың мұсылман екендігін, қазақ жерінен көптеген ғалымдар шыққандығын, Отанымыздың діндераралық та достық мекені екенін одан бетер біле түсер еді», – деді. Содан аталмыш кітабымды ағылшын тіліне аударттым. Бұған Сыртқы істер министрлігінің көмегі болды. Ол 2012 жылы наурызда Лондонда басылып шықты. Кітаптың бір ерекшелігі – онда қазақ жеріне ислам діні келгенінен бастап, оның күні бүгінге дейін жұртты ынтымаққа, бірлікке шақырып келе жатқаны һәм ғылым-білім, бірлік діні, үлкен өркениет екендігі, қазақ жерінен орта ғасырларда шыққан әл-Фарабилер, Таразилер, Түркістани, Сығанақилер де сөз болған. Кітаптың тұсаукесері сөйтіп Лондонда өтті. Оксфорд пен Кембридж университеттерінің профессорлары мен бұрын аса мән бермеген бір жайтты айтты. «Біз Қазақстанды білеміз, кейбіріміз онда болдық та. Қазақстан өсіп-өркендеп келеді. Қазақ халқының ынтымақта, бірлікте ғұмыр кешіп жатқаны да қаперімізде. Оның дәлелі: Қазақстанда әр үш жыл сайын өтетін әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің құрылтайы. Әйтседе бір нәрсені білмейді екенбіз – Қазақстаннан ислам өркениетіне үлес қосқан қаншама ғалымдар шыққан! Кітабыңызды оқи отырып, соған куә болдық», – деді. Кембридж университетінің профессоры Саксона: «Өзім үнді тектімін. Ата-бабам да үндістандық. Кітабыңызда Кашмирдің патшасы болған Мұхаммед Хайдар Дулати туралы бай мағлұмат бар екен. Мен оның қазақ халқына қатысты екенін білмейді екенмін. Кітабыңыз осындай деректерімен де құнды», – деді.
Н.Жантелиев: Еңбектеріңізбен біз де ертеректен таныспыз. Ал енді шетелдіктердің де біліп жатқанына қуаныштымыз.
Жоғарыда Мұхаммед Хайдар Дулатиді айтып қалдыңыз, «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының түсіру тобы да өзіңіздің басшылығыңызбен Үндістанға барып, оның өмірі мен еңбектеріне арналған фильм түсіріп қайтты. Сауалым – сол асыл бабалар сияқты тағы да басқа тұлғаларды жарыққа шығару, шығармаларын ғылыми айналымға енгізу, көпшілікпен табыстыру, бейнебаян жасау алдағы жоспарыңызда бар ма?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Уағыздарым мен мақалаларымда, сұхбаттарымда, зерттеулерімде үнемі: «Қазақ халқы ислам дінін тек қабылдаушы болып қалған жоқ. Ол – ислам өркениетін, мәдениетін байытуға үлкен үлес қосқан халық» деймін. Университетте қызмет етіп жүрген жылдары халқымыздың ежелгі әдебиеті тарихынан дәріс оқыдым. Соңыра соның материалдарын жинап, «Қазақ даласының жұлдыздары» деген атпен 1995 жылы шығардым. Ол 70-80 жылдарда табылған деректерге құрылған еді. Ол кезде шет елге көп шыға беруге мүмкіндігіміз болмайтын. Сол себепті ол жылдары қолыма көп жазба мағлұматтар түсе қоймады. Соның өзінде Отырардан шыққан 11 ғалымды, Мұхаммед Хайдар Дулати және басқа да жұрт түгілі ғалымдар да біле бермейтін ортағасырлық бірқатар ғұламаларды таптым. Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Өзбекәлі Жәнібеков деген ағамызды жақсы білесіздер. Үлкен мемлекет қайраткері еді. Сол кісі қолжазбаның «Рауан» баспасында жатқанын естіп, «оқып шығайыншы» деп өтініш жасады. Соңында «Қатты ұнады, кітапқа алғысөз жазсам қайтеді?!» деген тілек білдірді. Сөйтіп «Қазақ даласының жұлдыздары» Өзекеңнің алғысөзімен шықты. Тұсаукесерін де өзі басқарып, өткізді. Одан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті. Қазір, Құдайға шүкір, Қазақстан тәуелсіз. Президентіміздің бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде шетелден, мысалы, Қытай, Таяу және Орта Шығыс һәм басқа да мемлекеттерден қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне қатысты көптеген деректер жиналуда. Мен Египет, Сирия, Иран, Үндістан, Пәкiстан және т.б. елдерге барған сайын құр қол қайтпаймын. Еліміздің рухани өмірі мен жазба мұрасына байланысты ғасырлар парағының арасында қалып қойған дала даналарының өмірі мен еңбектері туралы деректерді жинай жүрем.
1995 жылы шыққан кітапта Отырардан шыққан әл-Фарабилер 11 ғана болса, қазір олардың саны отызға жетті. Соның ішінде Әбу Насыр әл-Фарабиден кейін тұрған үлкен бір тұлға бар. Ол Қауам әд-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани. Итқан Оңтүстік Қазақстандағы Иқан қыстағының арабша аты. Ол Түркістанға кіреберісте 20 шақырым жерде. Сол кентте туылып, сонда біраз жыл ғұмыр кешкен Қауам ад-дин баба 31 жасқа дейін Отырарда бас имам болған. Кейін Дамаскіге кетіп, соңыра Бағдатта 25 жыл қазы болыпты. Египеттегі медреседе де директор қызметін атқарған. Кувейттіктер сол ғұламамыздың «ат-Табиин» атты 2 томдық еңбегін 1999 жылы шығарды. Оны да зерделеу үстіндемін. Қауам ад-диннің Түркияның қолжазбаларынан басқа да шығармалары табылды. «Қазақ даласының жұлдыздарын» сөйтіп байытудамын.
Египетке барған бір сапарымда сондағы елшіміз Асқар Мусинов: «Мүфти хазрет, Қазақстан Дінбасының Египетке келген сапарын пайдаланып, құрметіңізге қабылдау өткізейін. Сізге сонда бір сыйлық жасағым келеді», – деді. Содан күн байлана елшілікке көптеген қонақтармен бірге ұзын бойлы, атжақты, денелі бір кісі келді. Сәлемдестік. Аты Насрулла ат-Тарази екен. Қазақша, өзбекше, шағатай, араб тілінде еркін сөйлейді. 1922 жылы Тараз қаласында туылыпты. Әкесі Мүбашшир Кеңес өкіметінің салқын саясатына байланысты 30-шы жылдары Тараздан баласын ертіп көшіп кеткен. Қысқасы, олар содан Ауғанстан, Пәкістанда тұрып, соңыра Мысырға қоныс аударған. Насрулла докторлық диссертация қорғаған. Египеттегі қолжазбалар осы кісінің қолынан өтеді екен. Насрулла ағамыз: «Қарағым, Египетке қош келдің! Каирде Сұлтан Бейбарыс салдырған медресе бар. Соны бір кездері Тараз қаласынан шыққан Һибатулла ат-Тарази (1271-1333) деген үлкен ғалым басқарған. Оның бірқатар еңбектерінің қолжазбалары біздің заманымызға жетті. Соны тауып зерттеші», – деді.
Каирдегі Бейбарыс медресесін таптым, арнайы барып көрдім. Бірде Һибатулла бабаның АҚШ-тың Пристон университетінің қолжазба қорынан бір трактаты табылды. Ол ханафи мазһабы бойынша жазылған дүние екен. Содан екі жыл шұқшия отырып, оны орыс тіліне аудардым.
Н.Жантелиев: Неге орыс тілінде?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Һибатулланың еңбегі ханафи мәзһабына арналған. Оны тек қазақ тіліне ғана тәржімаласам, өзге ханафит бауырларымыз, яғни тәжіктер, өзбектер, түркiмендер, башқұрттар, татарлар түсінбей қалмай ма? Орыс тіліне аудару себебім сондықтан. Шығармаға қырық беттей алғысөз жаздым. Ол «Һибатулла ат-Тарази и его духовное наследие» деген атпен 2012 жылдың басында жарыққа шықты. Менің: «Қазақ – исламды қабылдап қана қойған жоқ, ислам өркениетін байытуға үлес қосқан халық» деуімнің сыры мен себебі осы. Әрине олар туралы деректі фильмдер жасасақ оңды іс болар еді.
Көрермен сауалы: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын Құран оқу жарысы өтеді. Қатысушыларға қойылатын талаптар туралы айтсаңыз?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Астана қаласынан 20 шақырым жерде Қосшы дейтін қыстақ бар. Сол жерден жоғарыда айтылған Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани атындағы қарилер дайындайтын орталық аштық. Қари деген кім? Қари Қасиетті Құранды жатқа біліп, жатқа оқитын адам. Осы оқу орнын бітіргендер республикамызда ғана емес, Египетте, Иранда, Үндістанда өтетін түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ондай жарыстар Алматы қаласындағы Орталық мешітте өтеді. Біз қарилердің озықтарын жаңағыдай халықаралық жарыстарға жіберіп тұрамыз.
Қари дегеннен шығады, осыдан бірнеше жыл бұрын мені Үндістанға Құран жарысына шақырды. Алматы қаласының Бас имамы Құлмұхаммед Маханбет екеуіміз елімізде жүлделі орындарға ие болып жүрген екі қариды таңдап алдық. Сөйтіп, Үндістанға бардық. Үндістандағы жарысқа 25 елден қарилер келіпті. Олардың барлығы «сен тұр, мен атайындар». Өйткені олар біздің еліміз көрген атеизмді, аштық пен саяси қудалауды, Сталиндік террорды көрген жоқ.
Содан қарилеріміздің жағдайы қалай болар екен дегендей пұшайман ойда болғанымызды жасырмаймын. Аллаға шексіз шүкір, қариларымыз төртінші орын алды. Сол жолы Алла тағала Үндістанның президенті Абдул Кәләммен ұшырасуды нәсіп етті. Ол профессор екен. Жыл сайын Үндістанға келген қарилар басшыларының бірін қабылдап, құрмет көрсетеді екен.
Әуелгіде бізді шақырады-ау деген ой қаперімізге де кірген жоқ. Содан кенет елшіміз Асқар Шәкіров келіп: «Сіздерді Абдул Кәләм қабылдайтын болды», – деді. Бардық. Бізге хаттама қызметкері: «Сіздерге 9 минут бөлінді. Ол кісінің уақыты аз. Ол ядролық физика маманы, ғылым докторы, профессор. Уақытын алмаңыздар. Сұхбат тоғыз минуттан аспасын», – деді. Біз тоғыз минут емес, бақандай қырық бес минут отырдық. Президент Абдул Кәләмнің өзі жібермеді. Айтайын дегенім, ол: «Бабаларыңыз Мұхаммед Хайдар Дулатиді іздеп жүр екенсіздер. Оны Кашмирдан тауыпсыздар. Міне, қариларыңыз төртінші орын алыпты. Осының барлығы тәуелсіздіктеріңіздің арқасы. Қариларды бастап келетін министрлердің кейбірін мен жылда қабылдаймын. Бұл жолы оларды емес, сізді таңдадым. Сіз де ғалым екенсіз. Ғалым мен ғалымның әңгімесі қызық әрі ғибратты болар деп ойладым», – деді.
Көрдіңіздер ме, сырт көз халқымыздың ынтымағы мен бірлігіне қызыға қарайды екен. Сол себепті татулығымызды, ынтымағымыз бен бірлігімізді насихаттай беруіміз керек екен деген ой мені одан сайын баурап алды.
Н.Жантелиев: Ибн Сина – кезінде медицинаның, әл-Хорезми математиканың негізін қалаған. Оларды бір сұхбатта айтып, тауыса алмаймыз. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев бір сөзінде: «Неге қазір мұсылман елдерінен Нобель сыйлығына лайықты ғалымдар шықпай жатыр», – деді. Ресей нанотехнология, биотехнологияға көңіл бөлуде. Сөзіңізден ұққаным – егер халықтың жүрегіне алдымен иман мен тәрбие ұялап, одан кейін білім қонатын болса, онда әлем мойындайтын, әлемдік ғылым, білімге, мәдениетке үлес қосатын ғалымдардың шығатыны анық. Бұған не айтасыз?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Иә, дұрыс. Дегенмен әуелі ынтымақ, бірлік, ауызбіршілік болса ғана даму болады. Білім, ғылым өркендейді. Сол себепті жұртымыз ынтымақ, бірліктен соң ғылым, білімге көңіл бөлуді көздеген. Ал ислам үлкен ғылым-білім, өркениетке де негізделген.
Қолыма жуырда бір дерек түсті: Отырардан шыққан үлкен бір ғалым Х ғасырда ұшу аппаратын жасауға талпыныпты. Көрдіңіз бе? Ислам өркениеті сонау орта ғасырлардың өзінде-ақ техника саласында да жетістіктерге жеткен. Қасиетті Құранның 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылады. Яғни, ислам діні жай қарапайым дін ғана емес, үлкен өркениет, ғылым мен білімге, мәдениетке негізделген дін. Олай болса, исламның шығар асуы, биік белесі әлі алда. Алла қаласа, болашақта біздің елден де Нобель сыйлығын алатын азаматтар шығар. Оған күмәнім жоқ. Қазақстан – болашағы зор мемлекет. Осыны жиі айтам. Құдай қаласа, біз болашақта Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерге ғылым және білім арқылы көмектесетін де боламыз. Ол үшін әрине, ынтымақ пен ауызбіршілік, имандылық және білім керек. Неге Ислам өркениеті орта ғасырларда шарықтап дамыды. Өйткені олар Ислам құндылықтарынан сусындап, оны меңгерді. Көп үйренді, оқыды, тоқыды. Осыны ұмытпау керек.
Н.Жантелиев: Әлгінде мешіттеріміздің саны өсті дедіңіз. Егер де ғибадатханалар көп болғанымен, олар жамағатқа толмай жатса, әрине қынжылтар еді. Бірақ, қуанышқа орай, Алланың қалауымен, мешіттердің іші ғана емес, аулалары да халыққа, әсіресе жастарға толы екендігін көріп жүрміз.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: 2000 жылы дін қызметіне келіп, алғашқы жұма намазына шыққан кезде, Алматы мешіті жарым-жартылай ғана толатын. Қазір жұма күндері мешіттердің ауласына дейін жұрт сыймай кететінін өзіңіз де айтып отырсыз. Бесін түгілі тіпті таң намазына да халық көп келеді. Алла тағала үйлері халыққа толы болғаны жақсы. Мен үнемі: «Қазақ халқы болашақта мейрамханалар мен казинолардың көптігімен емес, мешіттеріміз бен медреселеріміз, иманды қоғамымызбен мақтанатын кез келеді», – деймін.
Н.Жантелиев: Мешіт тақырыбын ары қарай жалғай түссек. Дағдарыс уақытының өзінде де әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылуды жоспарлаған Қазақстан халықтың ішкі бірлігінің, ынтымағының арқасында, әрине Алланың қалауымен дағдарыстан аман-есен шықты. Бүкіл Еуропаны қиыншылық дендеп тұрған тұста Астанада Орта Азиядағы үлкен ғибадатханалардың бірі «Хазрет Сұлтан» мешіті ашылды. Осы жөнінде ой өрбіте отырсаңыз?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Хазреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде «Иннама-л ағмалу бинниат» делінген. Мұны қазақ тіліне аударсақ, Алла тағала: «Не берсем де ниетіңе қарап берем» дейді. Жаратушы иеміз байлық пен ғылым-білімді, яғни не берсе де ниетімізге қарап береді. Ал қазақ – ниеті жақсы, сабырлы халық. Сондықтан да халқымыздың ынтымағына, ниетіне Алла тағала көп нәрсе беріп отыр.
Жаңа мешіттеріміз 2300-ден асты дедім. Соның бірі әрі бірегейі Әзірет Сұлтан ғибадатханасы. Оның іргетасын 2009 жылы әлемдік және дәстүрлі 3-съезіне бір күн қалғанда Нұрағаңның өзі келіп, Тәуелсіздік сарайының қасынан жеті гектар жер бөлдіріп, қалап едік. Міне, әл-хамдулилла, енді 4-съез біте салысымен сол мешіт ашылғалы тұр. Ол Орталық Азиядағы үлкен Алла тағаланың жердегі үйлерінің бірі. Кейбір елдер мешіт салмақ түгілі күнін де көре алмай отыр. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару, экономикамыздың көтерілуі мен ынтымақ, бірліктің арқасында осындай үлкен рухани ғимараттарды халқымызға сыйлап жатырмыз.
Көрермен сауалы: Қасиетті Рамазан айының басталуына шамалы қалды. Хадистерді оқысақ, сахабалар оған алты ай бұрын дайындалған екен. Оған Діни басқарма қалай әзірленуде?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: 2012 жылғы Рамазан айы шілденің жиырмасына дөп келіп отыр. Оған да шамалы уақыт қалды. Бауырларымның есінде болар: жыл сайын қасиетті Рамазан айының қарсаңында үлкен бір ұсыныс жасап жүрмін. Биыл, Алла қаласа, сол бастаманы тағы да жалғастырамын. Қасиетті Рамазан айында және одан кейін де еліміздің дүкендерінде, мейрамханаларында және тағы да басқа жерлерде арақ-шарап сатылмаса. Адамды аздыратын, иманнан бездіретін әзәзіл арақ ішілмесе, дастарханға қойылмаса.
Сондай-ақ, осы қасиетті Рамазан айында киім-кешек, азық түлік бағасы ең болмаса 10 пайызға төмендетілсе. Бұған қосымша биыл тағы да пойыз, ұшақ бағалары да 10 пайызға дейін арзандатылса деген бастамам БАҚ-та жарияланады. Былтыр осындай үндеу жасаған кезімде кейбір азаматтарымыз, телефон шалып «10 пайыз деген не, неге 30 пайыз демейсіз» дегені бар. Кейбірі тіпті «одан көбірек пайызға төмендете аламыз» деді. Елімізде иманды азаматтар көп қой. Сөйтіп үндеуімді қолдаушылар көп болды.
Н.Жантелиев: Тәуелсіздік алған жылдардың бастапқы кезеңінде исламның бес парызының барлығын орындау мүмкін болмағаны белгілі. Өйткені экономикалық жағдай әлсіз еді, ал қазір керісінше. Меккеге қажылық сапарды өтеуді Алла тағала көптеген азаматтарға нәсіп етті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Биыл 2012 жылы сәуір мен 1 мамыр арасында Меккеде болдым. Сауд Арабиясының қажылық істер министрі Бандар бин Мұхаммед мені арнайы шақырды. Онда өткен жылғы қажылықты талқыладық. Үстіміздегі жылға 5000 орын сұрадық. Квота тегін беріледі дегенді білдірмейді. Квота Сауд Арабиясының Қазақстаннан бес мың қажы қабылдайды дегенді білдіретін сөз. Меккеде «Әл-Харам» мешітінде Қарағанды облысынан келген бір топ апаларымызбен ұшырастым. Алматыда, Астанада кездескен секілді қуанып, мәре-сәре болып қалдық.
1994 жылы университетте істейтін кезім. Сол кезде Діни басқарманың өтініші бойынша Қазақстан қажыларын бастап қасиетті жерлерге бардым. Қажылар 174-тен аспады. Солардың ішінде ұлтымыздан 2-3-ақ кісі болды. Ол шынында да экономикалық қиын кез еді. Қазір үлкен қажылық емес, умраға да апаларымыз, аталарымыз, бауырларымыз, інілеріміз, қарындастарымыз барып жатыр. Тек шариғат шарттарын дұрыс ұстаса деген тілек бар.
Біз ұзақ жылдар атеизмді бастан кештік. Сондықтан да имандылық, тақуалық бірер жыл ішінде бола салмайды. Бәріне уақыт керек. Әйтсе де қажыларымыз көбейіп, имандылығы артқан сайын, инша Алла, еліміз болашақта имандылар еліне айналуы бек мүмкін.
Хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Дін – насихат» деген даналық сөзі бар. Шынында да дін насихатпен көгереді, дін насихатпен өрбиді. Сол себепті 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық тойы қарсаңында тәжірибе ретінде алғаш рет «Ислам және өркениет» деген газет аштық. Алғашқыда ол мың данамен ғана шықты. Қазір тиражы 53 мыңға жетті. Таралымы бойынша ол еліміздегі үнжариялар арасында 3-4-ші орынға шықты. Оқырмандары көп. Газет исламның бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарын насихаттауда. Сондай-ақ «Иман» деген де журнал шығарып жатырмыз. Оның таралымы он үш мың. Осындай үлкен игі де ізгі жұмыстар атқарылуда.
Н.Жантелиев: 2012 жылы мамырда Астанада үлкен абыроймен өткен әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының IV құрылтайында «Ислам және жастар» деген тақырыпта баяндама жасадыңыз. Осы құрылтайдың алдыңғы алқалы жиындардан өзгешелігі неде деп ойлайсыз?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Иә, бұл құрылтай өзге құрылтайдан өзгеше болды. 2003, 2006, 2009 жылдардағы құрылтайлар делегаттары шектеулі болып еді, бұл жолы қатысушылар екі-үш еседей көп болды. Құрылтайдың пленарлық мәжілісінен кейін делегаттар төрт секцияға бөлініп, жаһанға ортақ мәселелерді талқылады. Мәселен дін және әйелдер, дін және жастар, т.б.
Бүгінгі күні қоршаған ортаның ластануы, таза судың тапшылығы, ауаның бұзылуы салдарынан жұрттың, оның ішінде жастардың да денсаулығы нашарлап кеткені рас. Бұл бізді де алаңдатады. Сондай-ақ күні бойы жұмыста компьютер алдында тапжылмай отыру, қозғалыстың аздығы да денсаулықтың ерте сыр беруіне соқтыруда. Бұдан шығатын жол бар ма? Ең тиімдісі – спорт.
Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде жастарды суға жүзу, жүгіру, күрес, садақ ату сынды спорт түрлеріне баулу керектігі айтылса да, Ислам әлемі бүгін спортта өз биігінен көріне алмай отыр. Ендеше, өзара бәсекелестікке негізделген әлемдік спорт додаларында да мұсылман жастары қатарынан қалмай намысқа тырысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығуға талпынуы керек. Бұған қоса, спортты жарыспен ғана шектемей, халықтың саулығы тұрғысынан қалыпты ұстаным, жалпылама өміршең дәстүрге айналдыра білсек дегім келеді.
Қазақ халқында «Тәні саудың жаны сау» деген мағыналы сөз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тәннің саулығын қамтамасыз етуде қоғамда алкогольді өнімдер мен есірткі, темекінің жарнамасы жасалмауына көңіл бөліп келеді. Салауатты өмір салтын ұстану тұрғысынан көтерген бұл бастамамыз билік және халық тарапынан да қолдау тауып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Н.Жантелиев: Халық сізден бата сұрайды. Сұхбат соңында соның сәті келіп тұрғандай…
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Иә, Раббәна, Алла, карим! Елімізге амандық, Отанымызға тыныштық, халқымызға береке-бірлік, ынтымақ бере гөр! Алла тағала сүйікті Отанымыз Қазақстанды әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналдырып, бірлігі жарасқан иманды елге айналдыра гөр! Алла тағала, елім, жерім, отаным, халқым, дінім деп жүрген Елбасымызға, елдің, Отанның қамында жүрген асыл азаматтарымызға тауфиқ пен һидәятты нәсіп ете гөр. Аумин. Аллаһу әкбар!!!