«ЖАРНАМАҒА» – ЖАРНАМА

«ЖАРНАМАҒА» – ЖАРНАМА

«ЖАРНАМАҒА» – ЖАРНАМА
ашық дереккөзі
633

Ауруханада емделіп жатқан Сұлтанәлі аға­ма бардым. Соңғы кездері жазған-сыз­ға­нымды тізбелеп айтып, мақтанып-ақ жатырмын.

– Сенің жарнамаң аз, – деді Сұлтекең. – Қазіргі адамдар жазғаныңа емес, жарнамаңа сенеді… Мынау мен күтпеген сөз еді. Өйткені басқа – басқа, жарнаманың жайын бір кі­­сідей білемін деп ойлайтынмын. «Өмірде ең алдымен өзіңді-өзің сыйлауың керегі» секілді, өнерде де ең алдымен өзіңді-өзің жар­намалауың қажет екенін білемін, әрине. Сон­дықтан Шығыстан Алматыға оралған соң, жар­нама мәселесін шындап, жоспарлы түрде қолға алғанмын. Бір жылдың ішінде мен жарияланбаған баспасөз жоқ десем, артық айтқаным емес. Басқаны былай қойғанда, суретімнің өзі тоғыз рет басылған екен. Сурет болғанда анау-мынау емес, жастау, беттің ажары таймаған кезде түскен суреттер шетінен… Мен ойланып қалдым. Ал ойланатын нәр­се баршылық еді… Жер бетінде қоғамдық даму сатыларынан адам­ның басы айналардай жылдамдықпен өтіп келе жатқан бір ел болса, ол өзіміздің Қазақстан шығар-ау деп ойлаймын ғой баяғы. Алғашқы қауымдық құрылысыңды қайдам, рулық қарым-қатынастарды іштен біліп туған қазекем тайпалық құрылыстан феодалдық қоғамға, одан социалистік қоғамға бір-ақ секіріпті. Ғылыми коммунизм теория­сына пысқырып та қарамаған, арада ары-берісі жетпіс жыл өтпей жатып, коммунизмге қарай жылжудың орнына кейінге сырғып, капиталистік қоғамның шыңырауынан бір-ақ шыққан халықта қайбір ес қалсын-ай… Капиталистік қоғамның көсегесін көгер­те­тін – нарықтық қарым-қатынастар, ал на­рық­тың көсегесін көгертетін – бәсеке деседі ғой. Ал бәсекенің қазаны кәдімгі жарнамасыз өмірі қайнамайтынын білеміз. Сол жарнама өмір сүру стиліне айналып, тіптен өнердің де темірқазығына айналған кезде онсыз да мақтану жағынан алдына жан салмайтын елдің бақыттан басы айналмағанда қайтсін… Алдымен қолдағы бары мен жоғын жарнамалауға кіріскен. Жарнамалағанда қандай… Бізде не көп – мұнай көп, бізде не көп – бай көп, оны азсынсаңыз, жеріміздің асты мен үсті толы қазына-байлық деп әлем­ге жар салады ғой баяғы. Жарнамаға сенген көрші елдер, көрші елдер ғана емес, мұ­хит­тың арғы-бергі бетіндегі елдерге дейін осында қарай шұбырмай ма. Ал енді қазақ жарнамасының тарихына көз жіберсеңіз, өз бастауын тіптен терең­нен тартатынын көрер едіңіз. Өз кезінде әруа­ғыңнан айналайын Жамбыл атамыз Сарыбай мен Сүйінбай көкесін, Сара апамыз найманның алты арысын жарнамалапты. Ол кезде де жарнаманың өз тарифы­ бол­ған секілді. Қазіргідей АҚШ доллары­ болмағанмен, қазекеңнің ат-шапаны да кә­де­лі дүние. Сондықтан ол кездері әр ауылда бір-бір ақын. Әр руда бір-бір ақын. «Қазаққа қара сөзден өлең оңай» болмай қайтсін. Ру басын жарнамалаған аталарының үлгісін көрген кейбір жас ұрпақ Жүрсіннің айтысы кезінде әкім-қараларды жарнамалап жүруші еді, соңғы кезде сөздің басын тікелей пайғамбарымыздан тартып, Алла Тағаладан қайыра бастағанын да көріп жүрміз. Ат-шапан алмаса да, жұмақтың есігінен сығалаудың амалы деп айтуға Алладан қорқамыз. Ал енді одан берірекке келсек, өзіміздің Мұхаң, Мұхтар Әуезов салған сара жол бар. «Абай жолын» жазған Мұхаң жайлы Кәмен Оразалин көкем «Абайдан соңды», Дүкенбай Досжан ағам «Мұхтар жолын» жазды. Ал менің болашақта біздің ауыл жақтан шыққан мықты ағамыз жайлы «Дүкең жолын» жазбақ ойым бар. Жазам, жаза берем. Інілерімнің бірі «Серік жолын» жазғанға дейін тоқтамаймын. Өнердегі жарнаманың өз шарты бар, әри­не. Бірінші шарты – «жығылсаң – нардан жығыл» деген ұстанымға негізделген – нартәуекел жарнама. Қытайдың Ли Бао ақыны – өзіміздің Елубай, Қытай мен Моңғолдың Темучині – өзіміздің Темүжін. Ендеше көрші елмен түп-тамырымыз бір, атам заманнан бері бір тарыны бөліп жеген туыспыз. Демек болашақта да сол тарыны бөліп жеуіміз әбден мүмкін. Шатақ осыдан шығады. Жарнаманың мына шартын білетін қос Мұхтар – Мағауин мен Шаханов ағамыз Темү­жіннің тарысына… жо-жоқ… тари­хы­на таласып кеп берсін. Ал, басқа – басқа, Темүжіннің төңірегіндегі алыпқашты әң­гі­менің дүмпуі қашан да күшті. Сол сол-ақ екен, кітаптың бетін ашпаса да даңғаза-дақ­пыртқа келгенде алдына жан салмайтын ұрпақ жарнамасы күшті Шыңғысханды қақпақыл етіп ойнайтын екі мықтының өмірбаянына үңіліп, шығармаларын іздеп жүріп оқитын болған. Бұлардан қос ақсақал, қос классигіміз Қабекең мен Әбекең қалыссын ба, жасырын жарнаманың жамбысын көздеп тұрып… Сол сол-ақ екен, жазғыш ағаларының көптомдығын оқып тауысу үшін біржола пенсияға шығу қажет екенін білетін кейінгі жастар интернет арқылы Жұмаділов пен Нұрпейісов есіміне қанығып та үлгерген. Қабдеш ағамның жетпіс бес жасқа толған тойында: «Мен достарыма ғана алғыс айтпаймын, мен үшін аяқтан шалғандар да алғысқа лайық. Өйткені соларға ерегісіп жүріп осы дәрежеге жеттім» дейтіні сондықтан. Өйткені «жарнаманың арқасында осы дәрежеге жеттім» деп айта алмайды ғой… Жарнаманың нағыз көкесі соттасу екенін ағаларынан үйренген Бейбіт Қойшыбай мен Байбота Қошым Ноғай, одан ары жас дарын Дидар Амантайлар қарап жатсын ба. Құдайға шүкір, бүгінде Бейімбет Майлин мен Ақан Нұрмановты оқымаған, Ізтай Мәмбетов пен Тұрсынзада Есімжановтың атын естімеген жас ұрпақ оларды біледі. Білген соң шығармаларын іздеп жүріп оқиды. Өйткені «жарнаманың жаманы жоқ», орысша айтқанда, «жаман жарнама да – жарнама». Жарнаманың екінші шарты – «керекті сәт­те – керекті жерде болу» деп аталады. Қамшының сабындай қысқа өмірде бір сәтте барлық жерде бірдей болып үлгере алмайсың ғой. Ал теледидар мен радионың жөні басқа. Жарасқан ағам айтпақшы, теледидарды ашып қалсаң – Дулат ағам, радио нүктені басып қалсаң – Дулат ағам. Өйткені жастар театрдың есігін ашпайды, аша қалса, Дәкеңнің терең ойлы драмасының тереңіне бойлай алмайды. Сондықтан: «өзге емес, өз жайын өзі айтқысы» келген ағалардың жағдайын түсінуіміз керек, әрине. Ендеше жарнама керек. Жарнама болғанда – нартәуекел жарнама керек. «Жығылсаң нардан жығыл» шарты бойынша Шыңғысхан мен Абылайханға жармаса алмасаңыз, ең болмағанда Әбіш көкем мен Шыңғыс Айтматовтың, жоғарыда айтқан Қабекең мен Әбекеңнің маңайынан табылыңыз. Олар тым биікте ғой деп күдік келтірер болсаңыз, өз қатарыңыз Нұрлан Оразалиннің (169) жарнамасы да сорлы емес. Олардың қызметі мен беделінен қорықсаңыз, тағы да өзіміздің Дулат Исабеков ағамыз бар. Менің алғашқы хикаятымды, Тұрысбектің алғашқы әңгімесін жарыққа шығарған, Елбасымен арадағы әңгімесін тым жақсы жарнамалаған Дулат ағамның да жарнамасы жаман емес. Ендеше сөздің біссімілләсін арқа-басы кең Дәкеңнен бастап жібермейміз бе. Бұл енді жарнаманың: «жарнамаға – жарнама» деп аталатын үшінші түрі. Дулат ағам мені түсінеді ғой деп ойлаймын. Жеме-жемге келгенде менің осы жазып отырғаным да жарнама, яғни Дулат ағамның жарнамасы. Түптің түбінде жаман жарнама да – жарнама. Жарнама… Біз білетін жарнаманың теориясы осыны айтады. Менің мына шатпақтарымды оқыса, аға­ларым немесе олардың ұрпақтары рен­жи­тінін білем, әрине. Сондықтан да осы жазулардың соңына «Жарнама үшін» деген арнайы таңба қоюым керек шығар деп те ойлап қоям. Менің Кеңшілік Мырзабек ағамның да жар­намасы қызық еді. «Кісімен бірінші рет таныс­қанда, жаман жағыңнан көрінуге тиіс, бала…» деп отыратын Кеңкең. «Егер жақсы жа­ғыңнан көрінсең, келесі көргенде көз алдын­да төмендеп бара жатқаныңды сезіп қоя­ды. Ал келесі жолы алғашқы көргенде арқы­рап тұрған ақымақтың бойынан титімдей жақ­сылық көрсе, мойындатып алдым деп есеп­тейді. Көз алдында өсіп, өскен үстіне өсіп сала бересің. Бірі – құлдырау, бірі – өсу. Қайсысы тиімді?..» Кеңкеңнің сөзінің жаны бар, оны күндіз «Қалам­герде» бас жазатын, ал түнге қарай көз ілмей өлең жазатын ағаларымыздан көргенбіз. Одан беріге келсек, Мұқағали көкемнен үйренгеніміз де аз емес. Мен білетін қазақ пен орыс өнер адамының аздап әлсіздеу, өмірге бейімсіздеу болғанын ұнатады. Қарағайға қарсы біткен Мұқаңның бойындағы біз білетін әлсіздіктердің түп-тамыры осы жарнамада жатпағанын қайдан білесіз. Мұқаңнан үлгі алған он жеті жасар Есенғали ақын Алматының көшесін бір ай тоздырып, жұрттың жүйкесін қоздырып жүрді де, Жетісай жаққа тартып тұрды емес пе? Есесіне жұрт «жап-жас, арқалы ақын» барын есінде сақтап қалды. Енді бүгін сол Есағаңды көше түгілі жұмыс орнынан табар ма екенсіз. Таудағы саяжайына тығылып алып, «Құстар – біздің досымыз» атты қолдан қолға тимейтін танымдық кітаптың үшінші немесе төртінші томын аяқтау үшін жанталасып жатқан болар. Ана өзіміздің Маралтай бауырымыз ше? Жастау күнінде жарты Алматыны шулатқан Маралтай ақынның жыл аралатып шығып жатқан өлеңдерін былай қойғанда, қазақ радиосынан беріліп жатқан өлеңге бергісіз радиочерктерін тыңдаған боларсыз. Өлең оқымақ түгілі, қағаздың бетін ашуға ерінетін «крутой «інілерінің» «крутой» машинада келе жатып, радио тыңдайтынын біледі біздің бала. Менің мына жазуларымды оқи қалса, Есен­ғали мен Маралтайдың ренжуі де мүмкін-ау. Егер бұл жазулардың өздеріне жасалған жарнама екенін білсе, ренжімес бәлкім. Мен өзі теңіздің арғы бетіндегі Оклахома штатында білім жетілдірген қазақ ретінде, жарнаманың қыры-сырына қанық шал­дардың қатарына қосыламын. «Ақпарат құ­рал­дарындағы маркетинг пен менеджмент» курсы бойынша табақтай дипломым да бар. Сондықтан көркем шығарма жазып, көзімнің майын тауысып жатқанша, таралымы молдау, интернетте сайты бар ақпарат құралдарының бетінде сұхбат бере салғанды ұнатамын. Сұхбат болғанда жастау кезде түскен түрлі-түс­ті суретімді қоса ұсынуды ешқашан ұмыт­паймын. Ал суретімді басылымның бірінші бетіне беріп жатса, нұр үстіне нұр. Нақтысын айтқанда, жарнаманың «нұр-жарнама» деп аталатын жаңа түрі. Қазір жазған-сызғаныңа қаламақы төле­мей­тін заман ғой. Жазғандарына ақша дә­ме­тетін аға-інілерімді түсінбеймін. Ал ма­ған қаламақы емес, жарнама керек. Жур­на­лыңыздың таралымы қанша?.. Үш мың ба?.. Менің үлкен атамның атын үш мың рет атағаныңыз үшін үш мың теңге жарнамапұл беремін деп ескертіп, жарнама беріп те қойғанмын. Үш мың теңге… Атамның атын әр атағаныңыз – бір теңгеден. Осыдан кейін менің жазуларыма сұраныс жоқ деп айтып көріңіз… АҒАЛАРДЫҢ «ҚАРЫЗЫ» «Ойындағысын істеді» дейді қазақ… «Білгенін істеді ғой» деп жатады… Ашынып, ашуланып айтады. Кек алу, қарымта қайтаруға шақырып атойлап тұрған сөз. Сондай-ақ атам қазақта «көргенін істеді» деген сөз бар. «Көргенін істеді»… «Көрмәдік» деген қарғыс секілді сирек айтылатын сөздің антонимі. «Көргенсіз» деген сөзді естіген сәтте сөз сүйегін түсінетін қазақ баласының көз алдына атасы мен әжесі, әкесі мен шешесі… сосын өскен ортасы мен ұстаздары келіп тұра қалатыны анық. Сондықтан мына өмірден бір «көргенімді» айтып бергім келіп отыр. … Сексенінші жылдың жазы. «Қазақ­фильм» киностудиясында редактор болып қыз­мет істеймін. Сценарлық коллегиядағы то­ғыз адамның – төртеуі маған бастық. Со­лардың ішіндегі тікелей бастығым – Сайлау­бай Жұбатыров, арқа-басы кең, кеңқолтық жігіт. Бір басына жомарттығы да жетіп-артылады. Жомарттығы емей немене, сол жылы шыққан «Отты өткел» атты кітабына алған төрт мың сомдай (менің жадым жақсы дедім ғой), қаламақысын екі-үш айда тауысқанбыз. «Отты өткелдің» ақшасының арты сұйылып бара жатқан соң, Сәкеңнен қарыз ақша сұрадым. Екі жүз елу сом ақшаны ойланбай суырып беріп, жарылқады да тастады. Ол жаңа екі жүз елу сом дегенің менің екі айлығыма жетеғабыл ақша. Жалпы, Сайлаудың қиналған кездері ма­ған қолұшын беруі бір бұл емес-тін. Екінші курс оқып жүрген кезімде үйленіп алып, ішіп-жем мен пәтерақыдан қиналып жүр­ген кезімде де көмектескен. Ол кезде алдында ғана оқуын бітірген, «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс істейді. Ақшадан тарықсам болды, «Жалын» журналының жабық бәйгесінде жүлде алған «Алыстағы аралдарды» жазып тастап, атағы дүрілдеп тұрған ағама барамын. Қолыма бір құшақ оқушы хаттарын ұстата береді. Түнімен оқып, шетінен сұрыптаймын да, жауап хат жазамын. Кезінде ондай хаттардың талайын өзім де алғанмын, сондықтан ар жағы оңай. Әдетте жауап хаттардың мәтіні бірнешеу. «Қадірлі… Жазуға бейімің бар екен. … себеппен жариялай алмадық. Бізге хат жазып тұрыңыз». Арасында бір құшақ хаттың ішінен кәдеге жарайтын он шақты хатты іріктеп алып, редакциялап, яғни қайта жазып шығамын. Айдың соңында кейде он, кейде он бес сом қаламақы қалтада. Сайлаудың мына жомарттығы мені ойланды­рып тастаған. «Дәніккеннен – құныққан жаман» дейді қазекем. Менің де баспаның тақырыптық жоспарында кітабым тұр. Алдын-ала келісім-шарт жасасып қойған кітап­тың тиражы да жаман емес. Түптің-түбінде арамыздағы жазуы өтімді, сондықтан қалтасы қалың ағаларымның қатарына қосылатыныма сеніп жүрген кезім; ойыма адамның мыйына кірмес ақыл келді. «Жазушылар одағына өтіп алған соң, ақша пішен болады, ендеше сол пішен ақшаны қазірден бастап жарата бермеймін бе?..» Мен өзі ойына келген ісін жүзеге асыр­ған­ша тыным таппайтын адамдардың санатына жатамын. Ой келген күні түнімен «ақшасы пішен» ағаларымды ойша тізіп шықтым. Ертеңіне салып ұрып Жазушылар одағына ке­ліп, алдымен Дулат ағама соқтым. Әңгімені алыстан бастап, қолымдағы бүгін-ертең алатын төрт мың сомның келісім-шартын көрсетіп жатырмын. Студент кезімде менің қолжазбаларымды өз ақшасына бастырып беретін Дәкең қуанып қалды. Қуанып қалды да, екі жүз сомды қолыма ұстата берді. Салып-ұрып екінші қабатқа көтерілдім. Жақында ғана Жазушылар одағына өтуге кепілдік берген Орекем, Оралхан ағам келісім-шартқа көз қиығын да салған жоқ. «Жақсы жүр… Қаңғыра берме…» деп, қолыма жүз сом салды. Дәнігіп емес, құнығып кетсем керек, сол күні ақшасы бар-ау деген деген ағаларымды тү­гел адақтап шығыппын. Ауылдасым Сұлтанәлі Балғабаевтан алған екі жүз сомды қал­т­аға басқан соң, Сейтқазы Досымов жездеме тарттым. Зағиптардың «Еңбек туы» деп ата­латын «бай» журналында жұмыс істейтін жездемнің қолы ашық екенін бұрыннан білем. «Алмақтың да – салмағы бар», «Береген қолым – алаған» деген мақалдардың мағынасына бойлайтын күн де келіп жетті. Бар-жоғы төрт мың теңге… Қуғаны мен жу­ғанын, үй-ішінің қарыз-қауғасын алып тас­тағанда… ішім удай ашиды. Алдымен жерлес ағам Сұлтекеңнің үйіне келемін ғой. Түнделетіп келгеніме қарамай, жеңешем қазанға ет салды, қайнысына арнап ашқан бір бөтелке коньяктың басына су құйып, түн ортасы ауа үйге де жеткенмін. Бірер күннен соң «қолы ашық» жездемнің жұмысына келемін ғой. Өзі де «қашайын деп тұрған киік», Сейтқазы жездем екеуміз екі күн тойлаттық. «Қайтқан қарыздың» жартысы болмағанмен, ширегін тауысып барып тоқтағанбыз. Сол үйде қонып қалыппын. Ертеңіне жездеміз екеуміз бастың жағдайын түзету үшін «Алматы» қонақүйіне жақындап қалған едік, Дулат ағамды көре қалдым. Жанында сол кездері телеэкран мен радиоэфирді бермей тұрған әнші Татьяна Полтавская бар, аяқтарын алшаң-алшаң басады. Мен де қумын, жандарына жүгіре басып барып, қарызға алған ақшаны ұсына бердім. – Бұл қайдан жүр-ей… – деді Дәкем ақшаға немқұрайды қарап қойып. – Өткендегі… қарыз ғой.. – Қарызы несі?.. Ә… өткендегі ақша ма?.. Таня екеуміздің мейрамханаға төлейтін ақшамыз аздау болып келе жатыр еді, жақсы болды ғой… Ұсынған ақшаны санап, ішінен жүз сомды бөліп алды да, қалғанын өзіме қайтарды. Енді Орекең, өзімнің Оралхан ағам қалған. Ағамның Алматы мен Мәскеуден бұрқырап шығып жатқан кітаптарын былай қойғанда, пьесалары сахна төрін бермей тұрған кез, бұл жолғы дәмем тіптен зор, арсалаңдап жетіп бардым. … Орекең ақшаның бетіне де қараған жоқ, столының суырмасын ашып тастай салды. Дулат ағадан кейін дәнігіп қалсам керек, қарызды өзім беріп тұрғандай іштен ренжіп шықтым. Ертеңіне жұмыстан кейін менің кіта­бым­ның қаламақысын жууға Сайлаубай бастаған бір топ жігіт «Алматы» қонақүйінің буфетіне барғанбыз. Отырыстың қызып тұрған сәтінде бүкіл әріптестердің алдында қалтамнан екі жүз елу сомды шығарып Сәкеңнің қолына ұстата бердім. Ағамыз күлгенде кішірейіп кететін ұялы көздерімен ақшаға аялай қараған. – Ба-ла-а… мынауың жақсылық қой… Бұл ненің ақысы?.. – Өткен жолы гонорар алғанда берген қарызыңыз ғой… – Ә, солай ма еді?.. Қап десейш… сенің қарыз қайтаратыныңды білгенде, сол қаламақының тең жартысын бере салатын едім ғой… Әттеген-ай!.. – деп, Сәкең кеңкілдей күлді. Сол сәтінде қолындағы ақшаның бетіне қайта-қайта сүйсіне қарап отырып: – Официант! – деп айқай салған. – Официант біздің столдан заказ алыңыз. Міне, менің қарыз мәселесінен көрген-білгенім осы. Көрген-білгенім деп, мұндай жағдайдың басымнан талай рет өткенін айтып отырмын. Осы күні қарны ашқан жазушылар қалталы ағаларының жомарттығы жайлы айтып та, жазып та жүр. «Әуезов атамыз аздау сараңдау болған ба, қалай?», «Сәбең ақсақалдың қолы ашық кісі болыпты», «Ғабаң болса берген қарызын қайтып сұрамайды екен» деген секілді. Қарны ашқан соң айтып, қарны ашқан соң жазады да… Уақыт деген өз дегенін жасамай қоя ма, біз де аға болдық, біз де жасамыс тарттық. Енді ел ағасы жасына келген кезімде ағаларымды көре қалсам, қарыз сұрағым келіп, қолым қышып тұрады. Ал бір кездегі өзім секілді інілердің алдындағы қарызым мен парызымның мәселесін өздері айта жатар…
Серік БАЙХОНОВ

Серіктес жаңалықтары