КЕРЕКУ КӨШЕЛЕРIНДЕ – ТIЛ САҚШЫЛАРЫ

КЕРЕКУ КӨШЕЛЕРIНДЕ – ТIЛ САҚШЫЛАРЫ

КЕРЕКУ КӨШЕЛЕРIНДЕ – ТIЛ САҚШЫЛАРЫ
ашық дереккөзі

Тәуелсiздiктi ардақ тұтар әр азаматтың мiндетi – мемлекеттiк рәмiздердiң аяқ асты болмауына назар аудару! Сондай-ақ, қабылданғанына биыл жиырма жыл толған мемлекеттiк рәмiздерiмiздiң дұрыс қолданылуына ғана емес, мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясының кеңеюiне де жан-жақты қолдау көрсету азаматтық парызымыз деп ойлаймын. Бұндайда «Ақын болу – өз еркiң, азамат болу – мiндетiң!» дегендей, әр азамат белсендiлiк танытуы тиiс.

Өткен жылы маусым айында «Ертіс дидары», тамызда «Шаһар» газеттерінде қаламыздағы сауатсыз жазылған, әрі заң талабына сәйкеспейтін көрнекі ақпарат сыналған соң да облыстық тілдерді дамыту басқармасының шара қолданбауы тұрғындар тарапынан түсінбеушілік тудырған-тын. Сосын аталған басқарма мен облыс әкіміне хат жазылды. Нәтижесі көп күттірмеді, түзетілді. Биыл да жағдай баяндалып, жаңадан тағайындалған облыс әкімінің назарына тағы да хат ұсынылды. Аймақ басшысы Ерлан Арын мырза мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне қолдау көрсетті. Көтерілген мәселе бойынша құзырлы мемлекеттік мекемелер облыс орталығы көшелеріндегі көрнекі ақпараттардың қолданыстағы заңнама талабына сәйкес болуын, әрі олардың қазақ тіліндегі нұсқасы сауатты жазылуын қолға алды. Бұл жөнінде қалалық тіл және мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман: «Шаһар көшелеріндегі заң талабына сәйкеспейтін ақпараттар мен сауатсыз жазулардың орналасқан мекен-жайларын анықтау үшін әрқайсысы үш адамнан жасақталған он бес топ құрылады. Бұл шараға қазақ тілі мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері және мәдениет саласының қызметшілері тартылады. Заң талаптарына сәйкестендіру, сауатты жазу мәселесімен жыл соңына дейін айналысатын боламыз», – деді. Нәтижесінде қаламыздағы көп жылдар бойы «Турмыс», «Шагала» аталған дүкендер жуырда «Тұрмыс», «Шағала» болып түзетілді. Алдағы уақытта «Айгуль», «Даулет», «Айнур», «Султан», «Каусар», «Джасыбай», «Баянаул», «Куаныш» т.б. атаулар қазақ тілінде дұрыс жазылады деген үміт пайда болды, ендеше тілдер басқармасының осы бағыттағы жұмысы көптің көңілінен шыққан сияқты.

Алайда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарын белшесінен басқан тек көшедегі көрнекі ақпарат емес. Мәселен, телекөрермендер орыс тіліндегі түрлі хабарлар, кинолар, спорт, ән-әуен т.б. көрсетілімдерді аналогты, кабельді және спутниктік телеарналардан тамашаласа, қазақ тіліндегі хабарларды осылай кең көлемде көруге әзірше зәру. Тіпті, қазақша үйренгісі келетін азаматтардың жергілікті телеарналардың жұмысына көңілдері толмайды. Мәселен екі-үш жыл бұрын көрермендердің талабы бойынша ғана «пайда болатын» мемлекеттік тілдегі жарнама ақырын жоғалып кете беретін. Тіл жанашырларының табанды арызы негізінде облыстық прокуратура іске араласып, құқығымызды қорғағанда ғана жергілікті «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы жарнамаларды, жүгіртпе жолдарды еліміздің «Жарнама туралы», «Тіл туралы» Заңдары талаптарына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде бере бастады. Бұл жөнінде тарқатып айтайын.

2010 жылға дейін телефон арқылы айтылған тілек ескерілмеді. Содан соң Павлодардағы жоғары оқу орындарының ректорлары мен теледидар басшылығына «Ты – абитуриент» жарнамасы қазақ тілінде де берілсе…» деген тілегі бар хат жазылды. Онда: «…Тележарнаманың қоғамдағы рөлі жоғары болғандықтан ЖОО-дары ректорлары қазақ тілінің жарнама тілі болуына да назар аударса дейміз. …біздер – ата-аналар, үлкен өмірге аяқ басқан қазіргі мектеп түлектеріне, яғни тәуелсіз еліміздің ұрпағына мемлекетіміздің болашағын қазақ тілінсіз елес­тету мүмкін еместей жағдайды тудыра беру ұстаздар тарапынан жасалуы қажет іс деп ойлаймыз…», – деген ой айтылды. Сондай-ақ, білім басқармасының назары да осы мәселеге аударылды. Нәтижесінде «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы арқылы «Ты – абитуриент», «Талапкер» бейнежазбалары қатар шығады.

Содан бері «Ты – абитуриент», «Жарнамалар­ әле­мінде» және «Удачный выбор» жарнамалық бей­не­көрсетілімдері мен жүгіртпе жол хабарландырулары екі тілде берілетін. Дегенмен уақыт өте келе жарнамалардың қазақша нұсқасы бірте-бірте азайып, кей кездері эфирде көрсетілмей қалатын болды. Біз өз тарапымыздан Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы», «Тіл туралы» Заңдарына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде көрсетілуі, таратылуы тиіс!» деп, бірде хат жазып, бірде телефон шалып наразылығымызды білдіріп, құқымыздың бұзылып жүргенін тілге тиек етеміз. Жарнамалардың барлығы емес, бірнешеуі қазақшаға аударылса да, бір-екі апта өткен соң «таз» қалпына үседі. Себебі апта сайын жаңарған жарнама, хабарландыруларды қазақ тіліне аудару мәселесі туындайды екен. Телеарнада аудармашы лауазымы қарастырылмағандықтан бұл істі өзге мамандар атқаратын көрінеді. Дегенмен бұл мәселені түпкілікті шешу қажет болды.

«Заң талаптарына сәйкес, жарнамалық ақпарат мем­лекеттік тілде және орыс тілінде берілуі тиіс! Сондықтан көрермендер өз тілдік құқын қорғап, сотқа шағымдануы керек пе?» деген сұраққа «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының басшылығы: «Бізде заң бұзушылық жоқ. Бәрі заң аясында!», – деді. Біз телеарна басшылығының сөзін естігенде, қол қусырып отыра алмадық:

«Заң орындалуы тиіс емес пе?!» деп, алған бетімізден қайтпай, Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы», «Тіл туралы» Заңдары талаптарының мүлтіксіз орындалуына назар аударуды сұрап, облыс басшысы, облыстық прокуратура, ішкі саясат департаменті, тілдерді дамыту басқармасы, «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы назарына хат ұсындық. Аталмыш телеарна жарнамадағы мемлекеттік тіл қолданысына дұрыс көңіл бөлмейтіні баяндалды. Бұған уәж ретінде аталмыш телеарна директорының орынбасары Ақмарал Сағымбекова: «Бізді бұрын тексерген, бірақ тексерген құжаттардың барлығында заңды бұрмалаушылық фактілері кездескен емес», – десе, ішкі саясат департаменті мен тілдерді дамыту басқармасының берген жауаптары осыны қайталау болды. Осылайша көрермен құқына да, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне де немқұрайдылық танытты. Біздің арызымызды негізге алып, телеарна жұмысына бір күн шолу жасамағаны жанымызға батты.

Дегенмен бұл мәселеге облыстық прокуратура атүсті қараған жоқ. Мән-жайды білу үшін ішкі саясат департаменті мен тілдер басқармасына хатта көрсетілген деректерді тексеруді тапсырды.

Кейінірек, облыстық прокуратурадан келген хатта (№1-7/103-12, 06.06.12ж.) «арызды қарау барысында, облыстық ішкі саясат және тілдерді дамыту басқармаларына тиісті тексеру жүргізу туралы тапсырмалар жолданды. Тексеру нәтижесінде үстіміздегі жылдың 29 мамырында «Қазақстан-Павлодар» телеарнасындағы «Удачный выбор» жарнамасы 100 пайыз орыс тілінде ғана көрсетілетіндігі анықталды. Тексерістен кейін, яғни 30 мамырда «Удачный выбор» жарнамасы мемлекеттік тілге аударылып, мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілетін болды. Сондай-ақ, «Жарнамалар әлемінде» жарнамалары Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының» 21-бап талаптарына сай орындалмаған. …жарнамаларда Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының 21-бабының талаптары сақталмаған. …Телеарна басшылығына 10 күн ішінде заң бұзушылықтарды жою, Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» және Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарын сақтау туралы нұсқама берілді. Осы дерек облыстық прокуратура және өкілетті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды», – деп жазылған. Хатта «жүгіртпе жол» хабарландыруларының қазақша нұсқасының анағұрлым аз екені анықталғаны айтылған.

Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Қазір «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы облыстық прокуратура нұсқамасын орындап, Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» және Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарын сақтап, жарнамалар мен жүгіртпе жолдарды көрермендер назарына заңдардың талабына сәйкес ұсынып жүр.

Бүгінде «Қазақстан-Павлодар» телеарнасында Қазақстан Республикасы Заңнамасының қолданылуы салтанат құрды, бұған көрермендер дән риза және Павлодар облысының прокуратурасына (облыс прокуроры Д.Ш.Сартаев) алғыс айтуда. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы тасқа таңба басылғандай көрсетілген Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» және «Тіл туралы» Заңдарының үстемдік құруына прокуратура атсалысып, жұртшылықтың ризашылығына бөленді. Заң құрметтелген елде тәртіп болатыны белгілі.

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ

Павлодар қаласы