ТIЛ – МЕМЛЕКЕТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ КЕПIЛI

ТIЛ – МЕМЛЕКЕТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ КЕПIЛI

ТIЛ – МЕМЛЕКЕТ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ КЕПIЛI
ашық дереккөзі

Кез келген мемлекет, ұлт үшiн толастамайтын күрес бар. Ол – тiл, дiл, саяси, экономикалық және рухани құндылықтар. Жиырма жылдың iшiнде «жыры» бiтпеген қазақ тiлiнiң тұғыры қайтсе, биiктейдi? Билiк оны ұлықтауға шынымен мүдделi ме? Ел арасында «Жетеудiң хаты» аталып кеткен құжаттың көтерген мәселесi қандай? Қазақстан Үкiметiне, Парламентiне, жалпы Қазақ қоғамына ашық хат жолдаған азаматтардың дiттегенi не? «Түркiстан» шаңырағына келiп, бiзбен дөңгелек үстел басында ой бөлiскен саясаттанушылар Расул Жұмалы мен Мұхтар Тайжанның айтары аз емес.

«Түркістан»: Алғашқы ашық хаттарыңызда бірінші сұрақты мемлекеттік тілдің өсіп-өркендей алмай отырғанына байланысты қойған екенсіздер. Сол сауалды өздеріңізге қайта қойсақ. Қазақстанда мемлекеттік тілдің дамуына не кедергі?

Расул Жұмалы: Қазақ қоғамында шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселе көп. Демек біздің тарапымыздан рухани, саяси, экономикалық және әлеуметтік сарындағы ашық хаттар жалғасын таба беретіні сөзсіз. Тіл мен діл, Атажұртты аңсап жеткен қандастардың қазіргі ахуалы, еліміздегі көшелерге ұлт көсемдерінің аты берілмеуі секілді өзге де проблемаларды қаузайтын алғашқы ашық хатқа жетеуміз қол қойғанмен, бұл – мыңдаған, миллиондаған адамның көкейінде жүрген өзекті мәселе. Әрі біз азаматтық тұғырды ұстандық. Мемлекеттің келешегіне бей-жай қарай алмағандықтан, Қазақ қоғамының ең осал тұсы – мемлекеттік тіл мәселесіне баса назар аудардық. Екіншіден, ашық хатқа қол қойғандардың әрқайсысы әр саланың маманы. Елдің мүддесіне негізделген саясат, экономика салаларын қамтитын сараптамаларымыз бен қалыптасқан ой-пікіріміз бар. Біздіңше, соңғы жылдары қазақ тіліне деген сұранысқа, қазақ тіліне деген көзқарасқа келгенде сең қозғалған сияқты. Осының арқасында қалыптасқан ұстанымдарды шешім қабылдайтын тараптарға жеткізуді мақсат еттік. Ал Қазақ қоғамында ресми тіл – орыс тілінің үстемдік құруына біріншіден, ұлт тағдырына, ең бастысы, мемлекеттік тілге қатысты ұстанатын саясатқа келгенде биліктiң қауқарсыз әрі жалтақтығы себеп. Билік әлі күнге отаршыл заманнан қалған нәубеттен арыла алмай отыр. Екіншіден, билік мемлекеттік тіл мәселесі көтерілгенде ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа иек артуға құмар. Қасиетті ұғым – Тәуелсіздік, егемендіктен кейінгі тұрған – ішкі саяси тұрақтылық, ұлттар арасындағы татулық. Бірақ осы екі мәселе (ұлтаралық татулық пен ішкі саяси тұрақтылық) үнемі әділдіктің алғышарттарын талап етеді. Онсыз қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мүмкін емес. Тіл, діл секілді аса маңызды мәселелер шешімін таппаса, ертеңгі күні қауіпсіздік пен тұрақтылық сөз жүзінде қалады да, қоғамның сыртын – бүтін, ішін түтін қылады. Өкінішке қарай, билік мұндай маңызды мәселенің байыбына бара алмағандықтан, мемлекеттік тілге қатысты сөз қозғалғанда «орыстілді отандастар қарсы шығады», «ұлтаралық татулыққа қатер төнеді», «ішкі тұрақтылыққа нұқсан келеді» деген желеуді көлденең тартуға құмар. Екіншіден, көп нәрсе менталитетімізге байланысты. Биліктің айтқанына қалтқысыз ұйып, айтқанынан шықпауға тырысатын халықтың басым бөлігі – көнбіс. Бұл жақсы ма, жаман ба, білмедім.

«Түркістан»: Сонда қоғам билікке ықпал етуге қауқарсыз ба?

Расул Жұмалы: Қоғам ықпал етуге тырысады, бірақ билік бар мәселені өзінен бастауы тиіс. Ашық хаттағы 10 сауалдың билікке жолдануы да осы себепті. Шенеуніктерге «Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген заңдарын сақтауды өздеріңізден бастаңыздар» деген талаптың қойылуы – заңдылық. Бұл жерде билікте орыс тілінің ауқымы кең, ықпалы зор екенін мойындауымыз керек. Биліктегі орыстілді қазақ азаматтар – күшті әрі ықпалды. Осыған қарап, қоғамдағы мемлекеттік тілге деген көзқарасты айқын байқайсыз. Үшіншіден, қоғамда қазақтілділер арасында сең қозғалғанмен, олардың бойындағы рух, ерік-жігер, табандылық жеткіліксіз. Халық биліктен Атазаңдағы баптарды орындауды талап етуде осалдық танытады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 20 жыл өтті. Мемлекеттік тілді күшейтуді соза берудің қажеті жоқ.

Мұхтар Тайжан: Мемлекеттік тілді мемлекеттік тұғырына қондыра алмауымыздың басты себебі, меніңше, терең де жан-жақты жүргізіліп жатқан саясаттың жоқтығынан. Мысалы өткенде футболдан Испания мен Португалия арасындағы ойынды «Қазақстан» арнасы арқылы миллиондаған отандас тамашалады. «Қазақстан» – таза қазақ тілінде хабар тарататын ұлттық арна. Бірақ футбол ойыны қазақ және орыс тілінде жүргізілді. Яғни қаласақ та, қаламасақ та, бәрімізді орыс тілін тұтынуға мәжбүрлеп отыр. Тағы бір мысал, Ресей ақпарат кеңістігі арқылы сананы жау­лауда. Байқасаңыз, кейінгі кездері Ресейдің актерлері, әнші-бишілері гастрольдік сапармен Қазақстанға жиі келгіштеп жүр. Неге? Өйткені Ресей біздегі мәдени экспансияны қарқынды жүргізуге көшкен. Еуразиялық одаққа мүшелікке өту үшін алдымен тіл, мәдениет сияқты рухани саланы жаулап алып, отарлау саясатын оңай жүргізуді көздейді. Біздің билік күні бүгінге дейін мемлекеттік тілде сөйлеуге мүдделі емес. Ресми сапармен шет мемлекеттерде жүргенде, Парламентте, еліміздегі түрлі ресми отырыстарда қазақша сөз саптайтын мемлекеттік қызметкерлер жоқтың қасы. Осы көрініс біздің әлі күнге отар ел қатарында қалып қойғанымызды дәлелдейді. Тіл дегеніміз – дербес сана, ұлттық намыс саясаты. Ұлт бойында намыс болмаса, ұлттық байлығымызды мүдделілер оп-оңай талан-таражға салады. Сондықтан тіл мәселесі – егемендіктің кепілі.

«Түркістан»: Қазір билікте қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, мемлекеттік тілдің келешегіне алаңдайтын азаматтар баршылық. Бұл атқарушы билікке, заң шығарушы билікке, құқық қорғау т.б. салаларға тән. Соған қарамастан қазақ тілінің проблемасын шешу кешеуілдей береді. Неге?

Расул Жұмалы: Биліктің өзіне тән иерархиясы бар. Белгілі бір мемлекеттік қызметкерден жоғары тұрған бастық болады, ол бастықтың үстінен қарайтын тағы бір бастық бар. Осылайша жалғаса береді. Яғни бір-бірінің аузын бағып қалған сала. Билікте де мемлекеттік тілдің күшеюін қалайтын шенеуніктер болуы ықтимал. Бірақ биліктің «негізгі жолы» («генеральная линия») салып берген сара жолдан ауытқуға екінің бірі бата алмайды. Кейде отаршыл елді құрсауында ұстайтын құлдық психологияның салдарынан ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелерді көтеруге сескенеді. Олар «егер мемлекеттік тіл мәселесін көтерсем, мені ұлтшыл деп айыптауы мүмкін», «осы ұстанымымды өзіме қарсы пайдалануы мүмкін» деп ойлайды. Әрі «негізгі жолдың» бүйрегі орыс тіліне көбірек бұрады. Қит етсе, «ұлтаралық татулық, ішкі тұрақтылық орыс тілінің арқасында қамтамасыз етіледі» деп аттандайтындар – солар. Шын мәнісінде елдегі тұрақтылық Конституциядағы заңдарды бұлжытпай орындау, мемлекеттік тілге құрметпен қарау – тәуелсіздікті сақтаудың басты көрсеткіші. Бүгінде адамдардың Ана тілге деген құрмет сезімі, оны үйренуге, өзгелерден талап етуге деген құлшынысы артып келе жатқанын айттым. Олар «ауыл, қалалардағы қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар санын көбейтіңіздер» деп талап етуде. Егер билік осы талаптарды ескермесе, шарттарға немқұрайды қараса, халықтың уақыт өткен сайын күшейіп келе жатқан пікірімен, мұңымен, ұмтылысымен санаспағаны. Бұл қоғамдағы тұрақсыздыққа себеп болуы әбден мүмкін.

«Түркістан»: Хаттарыңызда ономастика мәселесін көтеріпсіздер. Қазір бұл да үлкен проблемаға айналған. Мәселен Балқаш қаласында ең үлкен, орталық көше Ленин атында екен, тіпті Ильичтің ескерткіші орталықта келген-кеткендерді қасқайып қарсы алып тұр. Өткенде Павлодардағы бір топ қандас көше аттарын өз беттерінше қазақшалауға көшкені тағы бар…

Расул Жұмалы: Бұл қазақ мәселесіне қатысты проблемалардың билік тарапынан өркениетті түрде шешілмеуінен. Жас­тарды алдарқататын кез әлдеқашан өтті. Олардың бойына отаршылдықтан пайда болатын құлдық психологияны да күштеп таңа алмайды. Биліктің «тұрақтылық» ұғымын жаңсақ түсінуі, осының салдарынан елдегі тұрақтылыққа қауіп төндіруі, құлдық психологиядан арыла алмауы, Қазақстан халқының мүддесіне (халық болғанда, тек қазақтар емес, басқа да ұлт пен ұлысқа) қайшы келуі Қазақстандағы мемлекеттік тілдің өрістеуіне, күшеюіне кедергі. Кез келген мемлекет келешегінің кепілі, оның тәуелсіздігінің алғышарттарының бірі – мемлекеттік тілі. Басқа шарттарына келсек, мемлекеттілік, шекара, ту, ортақ құндылықтар және заң.

Мұхтар Тайжан: Ономастика саясаты – ұлттық идеологияның ең маңызды бөлігі. Бірақ билік мұны қаперге ілмей отыр. Мысалы Керекудегі ең үлкен көше Кутузовтың атында. Ол жақтан Н.Крупская көшесін де табасыз. Өскеменде Красногвардейская, Красно­знаменная т.б. көшелердің аттары күні бүгінге дейін ауыстырылмаған. Қазаққа, Қазақстанға еңбегі әбден сіңген Дінмұхамед Қонаевтың атына көше бұйырмаған, есесіне, Колбин көшесі бар… Өкінішке қарай, біз рухани тұрғыда егемен, дербес елге айналған жоқпыз. Меніңше, бүгінде билікте отырған элитамыз – компрадорлық элита сияқты. Оларды қанша жерден «асфальтта өскендер» деп қорғаштасақ та, бәрібір қаны қазақ ғой. Ана тілін үйренудің уақыты әлдеқашан жетсе де, бірқатары қазақша сөйлемейді, сөйлегісі де келмейді. Тіпті кейбірі балаларына қазақша үйретуге құлықсыз. Есесіне, ағылшынша сайрап тұр. Шет мемлекеттерде білім алуға құмартады. Шекара сыртынан баспана сатып алады. Біразы жат елдің төлқұжатын иемденіп, сол елдің азаматына айналады. Болашағын Қазақ елімен байланыстыруға мүдделі емес. Егер кез келген адам мемлекеттік тілді білмесе, оны үйренгісі келмесе, келешекте Қазақстанда тұра ма, әлде шет елге кете ме?

Расул Жұмалы: Тәуелсіз елдің алғы­шарт­тары – мемлекеттің өзін тәуелсіз ел ретінде жариялауы; оны Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми түрде мойындауы; елдің шекаралық тұтастығы, ұлттық валютасы, басқару органдары мен Парламенті, ең бастысы – мемлекеттік тілі. Қазақстанның Конституция­сында мемлекеттік тілдің қазақ тілі екендігі айқын көрсетілген. Яғни мемлекеттік тілді әрбір азамат шама-шарқы жеткенше оқып-білуі шарт. Егер білмесе, білгісі келмесе, оларды Қазақстанның егемендігін мойындамайтын, Қазақстанның тәуелсіздігімен санаспайтын, баяғы кертартпа кеңестік заманды, мәңгүрттікті аңсайтындар деп тану қажет.

«Түркістан»: Расул, сіз айтқан ұлттық құндылықтарды Қазақ қоғамына насихаттайтын – бұқаралық ақпарат құралдары. Өкінішке қарай, БАҚ та Қазақ қоғамы секілді «қазақтілді» және «орыстілді» деп екіге жарылған. Бұл мүдделер қақтығысына жиі себеп болатыны жасырын емес. Соңғы кездері орыстілді БАҚ-та «өз қағынан өзі жеріген» қандастардың қазақ ұлтына күйе жағатын, тарихи деректерді жоққа шығара отырып, ұлттың намысына тиетін мақалалары жиі қылаң бере бастады. Себебі не?

Расул Жұмалы: Қазаққа, оның ті­ліне, ұлттық құндылықтарына қарсы шы­ға­тын­дардың саны күн өткен сайын азайып келеді. Ал БАҚ-тағы керітартпа мақалалар – түрлері қазақ, іштері «қуыс» мәңгүрттердің соңғы жанайқайлары. Қазақ тілі Қазақстанда үстемдік құрса, өздерінің ешкімге, ештеңеге керегі жоқ боп қалатынын олар жақсы біледі. Бұл басқаларға да аян. Меніңше, орыстілді қандастардың Ана тілін білмеуіне кезіндегі олардың тәрбиесі, араласатын ортасы ықпал етуі мүмкін. Бірақ қазақы болмысқа ие болу үшін сана-сезімі қазақы болуы тиіс. Ұлтына қарсы сөз айтатын, топырақ шашатындардың соңғы жиырма жылдың ішінде қазақылыққа бет бұрмауы – бойларындағы қазақы сезімнен айырылып қалғандығының көрінісі. Қазір елімізде шет мемлекеттерден қаржыландырылатын және сол елдердің сойылын соғатын бұқаралық ақпарат құралдары бар. Олар ұлттық құндылықтарын мойындағысы келмейтін мәңгүрт қазақтарды пайдалана отырып, Қазақ қоғамын іштен ірітуді, қазақ тілінің дамуына кедергі жасауды мақсат тұтады. Бірақ бізді алаңдататыны – мәңгүрттердің кесірлігі емес. Өйткені ерте ме, кеш пе өмір ондай кертартпаларды сабасына түсіреді. Алаңдайтынымыз, отандық ақпарат кеңістігіндегі ахуал. Әрине барлық орыстілді БАҚ-ты кінәлап, көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ ресми тілде хабар тарататын ақпарат құралдарының басым бөлігі Қазақ елінің мүддесіне қайшы келетін ақпарат беруге құмар. Бұл жерде биліктің де кінәсі бар. Себебі Атазаңға қарсы шығатын, ұлтаралық татулыққа нұқсан келтіретін, әлеуметтік араздықты тудыруға тырысатын БАҚ өкілдерін, әсіресе басшыларын заңды түрде жауапқа тарту арқылы тәубесіне келтіруге билік аса құлшынбайды. Кейде тіпті мүдделі де емес. Қазақстандық БАҚ-тың сіз айтқандай екіге бөлінуі ұлт мәселесін көтеретіндерге күйе жағып, арандатуға күш салатындардың әрекетінен айқын көрінеді.

Мұхтар Тайжан: Еліміздегі қазақтың тіл, діл секілді ұлттық мәселелеріне қайшы пікір айтуға құмар Нұрлан Ерімбетов, Данияр Әшімбаев, Қанат Қабдырахманов, Марат Асипов сияқты кісілердің саны енді кемімесе, өспейтіні айқын. Ұлттық мәселеде қазіргі ұстанатын қағидаларының, көзқарастарының келешегі бұлыңғыр екенін түсіне тұра, өз халқына, өз ұлтына жат болуы – олардың жеке бастарының трагедиясы. Әрі осы азаматтар – Қазақстандағы қазақ ұлтына қарсы әрекет етуге тырысқандардың құралдары ғана. Өкінішке қарай, бүгінде қазақтың мүддесіне жат пікірлер айтатындардың көпшілігі – біздің зиялыларымыздың балалары. Ұлтқа танымал тұлғалардың ұрпағы. Жаңаөзен оқиғасына байланысты Нұрлан Ерімбетов «Жаңаөзенге қатысты сот әділ де ашық өтті» деп мәлімдеме жасады. Бұл барып тұрған сорақылық қой!

«Түркістан»: Еліміз дербестік алғалы 20 жыл өтті. Осы 20 жылдың ішінде ақыл-есі түзу азаматтың бір емес, бірнеше шет тілін меңгеріп алуға мүмкіндігі болды. Бірақ әлі күнге серпіліс не ұмтылыс әлсіз. Неліктен?

Расул Жұмалы: Мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныс болса, аса қиын емес. Қазіргі кезде қазақ тіліне қарсы шығатындар мүмкін бала күндерінде қазақша араласатын орта таба алмаған шығар, білімді мәжбүрлі түрде орыс тілінде алған шығар. Кеңестік империяның үстемдік құрған кезінде «Қазақ тілінің енді болшағаны жоқ. Міндетті түрде орысша білу керек» деп балаларын орыс мектептеріне бергендер көп. Тіпті сол кездегі зиялы қауымның өзі…

«Түркістан»: Негізі балаларын орысша тәрбиелеген зиялылардың мемлекеттік тіл туралы, ұлттық құндылықтар мен ұлттың келешегі туралы айтуға, жалпы ұлт атынан сөйлеуге моральдық тұрғыда құқығы бар ма?

Расул Жұмалы: КСРО кезінде ұлт зиялыларының көпшілігінің болашақты көре білмеуінің салдарынан осындай олқылықтарға тап болдық. Меніңше, 30-жылдардағы нәубеттегідей «баласы әкесі үшін жауап беруге міндетті» емес. Балаларына ұлттық тәрбие беруге әке міндетті. Демек ұядан ұшқаннан кейінгі ұлттық мәселеге, тіл мен ділге қатысты ой айтуда баланың іс-әрекетіне әкесі жауап беруі тиіс. Бір кездері бүкіл Алматы бойынша 4-ақ қазақ мектебі бар еді. Оның екеуі – ауылдағы шопандардың балаларына арналған мектеп-интернат. Мені қазақ мектебіне бергісі келгенде әкем қанша қиындыққа тап болыпты. «Қазақ мектебіне берме, болашағы жоқ. Балаң білімсіз болады», – деп жан-жақтан қысым да жасалған. Бірақ табандылық танытқан әкем мені шопандардың балаларына арналған мектеп-интернатқа әрең орналастырды. Мектептің аздығынан орысша оқуға мәжбүр болғандардың бойында ұлттық болмыс, ұлттық сана-сезім қалыптасса, ұлтқа қарсы сөз айпас еді. Қазақтілді ақын-жазушыларымыздың балаларын орыс мектебіне неге бергенін түсіне алмаймын. Олардың балалары енді әкелерінің шығармаларын түпнұсқадан емес, аударма арқылы оқуға мәжбүр. Өте ұят нәрсе. Меніңше, мәңгүртке айналған қандастарымыздың бүгінгі жағдайына әке-шешелері кінәлі. Келешекте осындай келеңсіздік қайталанбас үшін қоғамдық пікірді күшейту қажет. Өйткені орыстілді қазақтардың екінші-үшінші буыны қалыптасқан қазір.

Мұхтар Тайжан: Біздің қоғамымызда қазақтілді журналистер, саясаткерлер, сая­саттанушылар қазақ және орыс тілдерін қатар біледі. Ал орыстілді журналистер, сая­саттанушылар мен саясаткерлер қазақ тілін білмейді. Меніңше, олардың Қазақ қоғамында БАҚ немесе саясат саласында жұмыс істеуге құқығы жоқ. Елдегі қазақтілді азаматтардың ой-пікірінен құлағдар болмаса, басылымдарды оқымаса, салиқалы сараптаманы қалай түзе алады? Бұл әсте мүмкін емес. Қазақстандағы қазақтардың саны 70 пайызға жуық. Сол 70 пайыз азаматтың пікірін білмесе, онымен санаспаса, қалайша саясаткер, саясаттанушы не журналист болады?

«Түркістан»: Негізі қазақша сөйлеуге қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс. Қазақша сөйлеймін дегендерге ешкім тыйым салған емес, билік тарапынан шектеу жоқ. Бірақ ауылдан қалаға келеміз де, тілімізді бұрап орысша сөйлейміз. Көшелерге ілген қазақша жарнаманың біразы қате, есесіне, ағылшынша не орысша жазылған сөзден бірде-бір қате таба алмайсыз. Бірақ бұған ренжіп не ашуланып жатқандар кем де кем. Қазіргі қоғамның қазақ тіліне, ұлт мәселесіне деген көзқарасын осыдан байқауға болатын сияқты…

Расул Жұмалы: Қоғамның талап етпейтін себебі, тағы да биліктің қателігі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздегі украин, орыс сияқты басқа да ұлты бөлек ағайын жанығып қазақша мектеп, қазақша балабақша іздей бастаған. Яғни ешқандай қысымсыз, мәжбүрлеусіз-ақ құлшыныс үлкен болатын. Мемлекеттік тіл мәселесі қоғамда ерсі пікір, қарсы әрекет тудырған жоқ. Бірақ арада 2-3 жыл өтсе де ешқандай өзгеріс болған жоқ, заңдық құжаттар орыс тілінде қабылдана берді. Керісінше, Конституцияға «қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми мәртебеге ие болатыны туралы» толықтыру енгізілді. Осымен іс бітті. Бастапқы қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс саябырсыды да, жоқ болды… Егер билік егемендіктің алғашқы күнінен бастап-ақ мемлекеттік тілдің тұғырын биіктетуге күш салғанда жағдай басқаша бағытта өрбитін еді. Биліктің бойында белгісіз бір үрей бар. Өз-өзінен қуыстанып, «ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіреді» деген жаңсақ үрейден қорқа береді.

Мұхтар Тайжан: Соңғы кездері Қазақ қоғамында «Қазақстанға қазақ тілінің енді керегі жоқ. Себебі Кедендік одаққа мүше ретінде орыс тілі үстемдік құрады» деген пікірмен жиі кездесіп жүрміз. «Мемлекеттік тілдің пұшайман халге түсуіне билік кінәлі» деген сөзбен келісемін. Себебі билік «Мемлекеттегі ең негізгі тіл – қазақ тілі. Оны Қазақстан азаматтарының барлығы білуі шарт» деп кесіп айтуы тиіс. Ресейде орыс тілінің мәртебесі, оны күшейту және насихаттауға байланысты арнайы бағдарлама бар. Тілге жұмсалатын қаражатты да аяп жатқан жоқ. Қит етсе, Ресейді көлденең тартатын билік тіл мәселесінде де неге Ресейден үлгі алмайды? Жуырда Путин РФ азаматтарымен бірге сол елге келетін бүкіл шетелдікке, тіпті мигранттарға орыс тілін білуді, арнайы сынақтан өтуді міндеттейтін заң қабылдады. Ал Қазақстанда қарапайым азаматтар мен шетелдіктер тұрмақ, тіпті шенеуніктерден мемлекеттік тілді білуді талап етпейміз. Неге?

«Түркістан»: Қазақстанға Ресейдің ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы Кедендік одақ тұрғысынан алғанда да, Қазақстан мен Беларуське қарағанда, Ресейдің салмағы басым екені белгілі. Кезінде КСРО құрамында болған Балтық жағалауы елдері тіл, діл мәселесіне келгенде Ресейдің отаршылдық саясатына төтеп беріп, табандылық танытуда. Тіпті Өзбекстанның өзі ұлттық және мемлекеттік мүддеге келгенде қазақтардан әлдеқайда адуынды. 2005 жылы Әндіжандағы оқиғадан кейін Каримов Ресейдің, анығында Путиннің қолтығына тығылды. Бірақ ұлт және мемлекет мәселесіне келгенде, Ресейге есе жіберген емес. Бізде бәрі керісінше…

Мұхтар Тайжан: Ресей Қазақстан үшін бірігуге лайықты, алпауыт ел емес. Халқының саны 140 миллион болғанмен, оның басым бөлігін өзге ұлттар құрайды. Оның үстіне, халықтың саны жағынан да Ресейді ұлы империя, қуатты ел дей алмайсыз. Кіп-кішкентай Бангладештің өзінде 140 млн. адам тұрады ғой. Сондықтан Ресейдің айтқанына көніп, айдағанына жүруге, «ләббай, тақсырлыққа» ұрынуға, қорқуға негіз жоқ. Біздегі құлдық сана Ресейді көз алдымызға алпауыт ел етіп көрсетуге тырысады. Ресейлік ғалымдардың өзі бүгінде «РФ-ға тиесілі ұлан-ғайыр жерді сақтап қала аламыз ба?» деген сауал төңірегінде бас қатыруда. Ресейдің қазіргі экономикалық ахуалы да өте нашар.

Расул Жұмалы: Ресей туралы сөз қозғалғанда, бірнеше мәселенің басын ашып алған абзал. Біріншіден, Ресей – Қазақстанның сан ғасырлардан бері ауылы аралас, қойы қоралас отырған ежелгі көршісі. Даму тарихы санқилы. Бірақ басқалармен (Қытаймен, оңтүстіктегі елдермен) салыстырғанда, Ресеймен байланысымыз берік әрі жан-жақты. Көп ұғым сол баяғы құлдық заманнан қалып қойған. «Үлкен аға», «кіші іні», «бірі нұсқау береді, бірі орындайды» деген секілді т.б. Әлбетте Ресейдің алдында ешқандай қорқыныш не үрей, төменшіктеу сезімі болмауы тиіс. Екіншіден, көрші мемлекет ретінде дипломатиялық байланыс, экономикалық ынтымақтастықтан қашпау керек. Бірақ кез келген байланыс тең дәрежеде, ұлттық және мемлекеттік мүдделерге сай өрбуі қажет. Үшіншіден, әр елдің дербес тұрғыда шешетін ішкі саяси құрылымы, тіл т.б. мәселелері бар. Оларға араласуға ешбір мемлекеттің құқығы жоқ! Төртіншіден, қазіргі ресейлік билік, мейлі Путин болсын, мейлі Медведев болсын, бұл – тұтас бір Ресей емес. Бүгінде Ресейдегі болып жатқан ереуілдер, билікке наразылық шаралары – осының айғағы. Соңғы өзгерістердің бірі, ресейлік саяси элитаның Қазақстанды танып-білуге қызығушылық танытуы. Мәселен Мәскеудегі Абай ескерткішінің жанына жиналып алып, Абайдың өлеңдерін оқу арқылы Путиннің билігіне наразылық білдіру, ресейлік БАҚ-та Абай туралы деректер жинауға ұмтылу, оның шығармашылығымен танысу т.б.

«Түркістан»: Ресейдің посткеңестік елдерге деген империялық амбициясы әлі басылған жоқ. Кейбіреулердің Абайға қызығушылық танытуын өздеріне жарнама жасау, пайда табу жолы ретінде ұстанғаны да жасырын емес. Сондықтан саяси элитаның болмашы бір бөлігінің Абай ескерткішінің түбіне жиналып алып, Путинге қарсылық білдіруін өркениеттің белгісі ретінде қарастыруға бола ма?

Расул Жұмалы: Рас, бұл да саяси ұпай жинаудың бір жолы. Бірақ мемлекетаралық байланыстардың барлығы да өркениетке негізделуі тиіс. Барлығы өзімізге байланысты. Егер өзімізді «кіші іні» ретінде ұстап, өзімізден өзіміз төменшіктей берсек, баяғы отаршыл саясаттың қамытын қайта киеміз. Керісінше, өзімізді өзгемен тең дәрежеде ұстайтын болсақ, олардың бізге деген көзқарасы да басқаша қалыптаспақ. Қазір Ресей Грузиядан көп үлгі алып отыр. Балтық жағалауы елдерін ол сырттай жамандағанмен, іштей қызғанышы басым. Өйткені Латвия, Литва, Эстония аз ғана уақыттың ішінде әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайларын түзеп алды, еуропалық құндылықтарды ұлықтады. Рухани-мәдени мәселелерін шешті. Есесіне, Ресей сол баяғы кеңестік кезеңдегі деңгеймен шектеліп қалды.

«Түркістан»: Еуразиялық одақ, Кедендік одаққа қатысты пікір қазір Қазақ қоғамында екіге жарылған. Бірі Одақтарды пайдалы десе, енді бір топ керісінше, пайдасыз екендігін айтады. Сіздер екінші ашық хаттарыңызды осы мәселеге арнап, Еуразиялық одақты сынаған екенсіздер. Шынымен-ақ Кедендік одақ пайдасыз ба? Қанат Берентаев сияқты танымал экономистеріміз Кедендік одақ экономикалық интеграцияда таптырмас құрал деп отыр…

Мұхтар Тайжан: Кез келген сала сияқты экономика саласы да бірнеше мамандыққа бөлінеді. Макроэкономист, қаржыгер т.б. жалпы саны – 14. Қанат Берентаев модельдеу мамандығын меңгерген. Ал менің мамандығым – халықаралық экономика. Яғни Кедендік одақ, Еуразиялық одақ сияқты халықаралық, мемлекетаралық интеграциялар. Ал мен Кедендік одақтың Қазақстанға пайдасынан зияны көп екенін екі-үш жылдан бері айтып келемін. Кедендік Одақ құрылғалы бері ішкі нарықтағы тауар сапасы төмендеді, тауарлар бағасы күрт өсті, тұтынушылық таңдау құқығы шектелді. Негізі Ресей мен Беларусь нарығы Қазақстан үшін бұрын да ашық болатын. Яғни Кедендік одақ құрылғанға дейін де нөлдік кедендік ставка қолданылды, елдер арасындағы сауда айналымына ештеңе кедергі келтірмеді. Бірақ Ресей мен Беларуське тек шикізатты ғана тасымалдаймыз. Ресейге бағыттайтын экспорт көлемінің 75 пайызы тек екі тауарға тиесілі: оның 56 пайызы – минералды шикізат. Бұл мұнай мен Жамбыл облысының минералды тыңайтқыштары, қалған 19 пайыз – металдар мен одан жасалатын өнімдер. Демек, осы тауарлар арқылы Кедендік одақсыз-ақ қажетті сертификатқа қол жеткізіп, емін-еркін сауда жасайтынбыз. Сондай-ақ Ресейден келетін импортқа да кедергі болған жоқ. Қазақстанға келетін ресейлік минералды өнімдер – 37%, машина, құрал-жабдық пен көлік құрылғылары – 21%, бұдан басқа азық-түлік тауарлары мен ауылшаруашылық шикізаты тағы бар. Есесіне, Ресей ешкімге ешқашан есе жіберген емес. КО құрылған бір жарым жылдың ішінде ол қолдан жасалған жасанды кедергілер арқылы ресейлік нарыққа экспортталатын қазақстандық алкоголь мен ет өнімдерін шектеді. Санитарлық талапқа сай емес ет тек Павлодар облысынан анықталса да, Қазақстанның он бір облысынан Ресейге экспортталатын етке тыйым салынды. Ал біздің алькогольдік өнім ресейлік нарыққа жету үшін Ресей тұтынушылық бақылауының арнайы тізіміне ену керек. Әрі ол арнайы көлікте тасымалдануды қажет етеді. Яғни оны шекарада қайта алып тиеу керек. Негізі мұндай кедергілер Кедендік одақта болмауы тиіс еді. Қазақстан бәсекеге түсе алатын азғантай саланың өзінен Ресей әйтеуір бір сылтау тауып, қазақстандық тауардың экспортын тұсаулап отыр. Алдағы уақытта да үнемі осылай бола беретіні сөзсіз. Себебі кез келген алпауыт ел ең алдымен өзінің мемлекеттік мүддесін қорғайды. Біз екінші ашық хатымызда «Еуразиялық одақ деген не? Егер бұл федерация болатын болса, онда Қазақстан халықаралық қарым-қатынас пен құқықтың дербес субъектісі ретінде өмір сүруін тоқтатады. Әзірге оның жоғары ұлттық органдары болатыны анық айтылды. Бірақ осының өзі егемендікке нұқсан келтіру, тәуелсіздікті тәрк ету. Еуроодақтағыдай ортақ президент, парламент және Еуразиялық одақтың валютасы пайда болуын да жоққа шығаруға болмайды. Себебі осы күнге дейін интеграцияның соңғы аялдамасы жария болмады. Мұның қашан тоқтайтынын және немен тынатынын ашып айтқан ешкім жоқ. Біз қазақ тілінің тағдыры мен ұлттық мемлекеттің болашағын талқылап жүргенде Ресейге қосылып кетіп, бүкіл тірлігіміздің сонымен бітуі ғажап емес» деп жаздық. Шынында да, Кедендік одаққа мүше болғаннан бастап өз бетімізше жүргізетін дербес сыртқы сауда саясатынан қол үздік. Бүгінде оны Мәскеуде орналасқан Кедендік одақтың комиссиясы қалыптастырып жатыр. Ол аз болса, Бірыңғай экономикалық кеңістік біздің ішкі экономикалық саясатты реттемек. Біз Еуразиялық одақ Қазақстанды саяси тәуелсіздіктен айыра ма деп алаңдаймыз. Ең бастысы, біздің Ресейге бірнеше ғасыр бойы отар болғанымызды естен шығармаған жөн. Қазір Ресейдегі демократ деген А.Чубайстың өзі «Біз жаңа өркениетті империяны құруымыз керек» деп бопсалауда… Бородин, Матвиенко сияқты басқаларын айтпағанда. Путин кезінде КСРО-ның ыдырауын ХХ ғасырдың ұлы қасіреті ретінде бағалағаны белгілі.

Расул Жұмалы: Кедендік одақ кез келген салада Қазақстанға пайдалы емес. Егер тиімділік тұрғысынан қарастырсақ, бұл халықтың 1-1,5 пайызына ғана жағымды шығар. Яғни еліміздегі ірі бизнесмендер, байлар яғни олигархтарға. Қалған 98-99 пайызына одақтан пайда жоқ. Елдегі шағын және орта кәсіпкерліктің жағдайы нашар, инфляция деңгейі өсті, тауар сапасы нашарлады т.б. Қазақстан үшін Кедендік одақ әу баста-ақ тек экономикалық жоба болса, Ресей үшін ең алдымен саяси жоба болатын. Өйткені алғашқыда «Еуразиялық экономикалық одақ» аталған жобаны Ресей қазір «Еуразиялық одақ» деп танып, оны өзгелерге күштеп таңуға тырысуда. Одақтың ортақ тілі орыс тілі болады, ортақ валютасы рубль болады, ортақ үкіметі, ортақ парламенті… Бұл Ресейдің әлсіздігін көрсетеді, өзіне тиімді талаптарды қысым жасау арқылы орындатуға тырысуы – соның айғағы. Кремль Қазақстан мен Беларусьтегі ғана емес, сондай-ақ Ресейдің өзінде де Еуразиялық одаққа деген қоғамдық пікірдің әлсіреп бара жатқанын, керісінше қарсылардың қатары өсіп келе жатқанын байқап отыр. Ресейдің саяси ықпалы мен экономикасы нашарлап барады, Батыстың дамыған елдерімен теңесуге мүмкіндігі шектеулі. Бірақ империялық ел болуға деген амбициясы күшті. Сондықтан да Кедендік одақ пен Еуразиялық одақ құру бастамасы – Кремльдің саяси жобасы.

«Түркістан»: Әрбір тұлғаның ұлтқа сіңірген еңбегі мен тигізген зиянына қарай көпшілік көзқарас пен қоғамдық пікір қалыптастыруда «әттеген-айларымыз» көп. Мысалы кезінде коммунистердің қолшоқпарына айналғандарды, Желтоқсан оқиғасынан кейін ұлты үшін алаңға шыққан жазықсыз қазақ жастарының соңына шам алып түскендерді Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлттың ұлдарымен бірге ұлықтап, жақсылық жасаймыз, төбемізге хан көтеріп, көше аттарын береміз, оларды еске мақтанышпен жиі аламыз. Бұл – үлкен әділетсіздік. Қоғамда әділ көзқарасты қалыптастыру үшін не істеу керек?

Расул Жұмалы: Ең алдымен ащы да болса, тарихи шындықты ашық айтудан бастау қажет. ХІХ-ХХ ғасырдағы елдегі ашаршылық, қазақты қазақ сатқан сталиндік репрессия, 86-жылғы Желтоқсан оқиғасы т.б. тарихи шындықтарды қаншалықты ащы да болса, ашық айту қажет. Кемшілік жойылмайынша, түйткіл шешілмейінше, келеңсіздік қайталана береді. Бұл – табиғи заңдылық. 30-жылдары осындай мәселе көтерілді. Бірақ ұлтын сатқандар, үзеңгілес достары мен қандастарына қиянат жасағандар мақтап-мадақталды, кеуделеріне орден тағылды. Олар тиісті жазасын алмағандықтан, бұл бассыздық 50-жылдары қайталанды. «Жасы үлкен ақсақал ғой», «заман солай болған шығар, қазір айыптауға обал ғой», «елден ұят қой» т.б. желеумен өзімізді-өзіміз басып, қолымызда олардың кінәсін дәлелдейтін құжаттар бола тұра, көзжұмбайлыққа басуымыз 86-жылғы қанды оқиғаға әкеп соқты. Әлгі «ақсақалдарымыз» тағы да еш шімірікпестен Желтоқсан оқиғасынан кейін жастарға қиянат жасады, оларды айыптап «жоғарыға» арыз жазды, билікке жарамсақтанды. Есесіне, өздерінің балаларын Ана тілінде бірауыз сөз білмейтін, ұлттық құндылықтарды қастерлемейтін, «өз қағынан өзі жеріген» мәңгүрт ұрпақ етіп қалыптастырды. Бірақ соңғы кездері қоғамда кімнің кім екенін білетіндер саны көбейіп келеді. Меніңше, БАҚ-та немесе әлеуметтік желілерде осы мәселені жан-жақты талқылайтын арнайы орта болуы тиіс. Ұлтқа қарсы әрекет еткендер заңды түрде жазаға тартылмаса да, оларға деген қоғамдық пікірді қалыптастыру арқылы жаман әдеттен арылуға күш салған абзал.

Мұхтар Тайжан: Ол үшін қоғам ашық болуы керек. Пікірімізді қорықпай, іркілмей айтуымыз керек. Бұл билікті не оппозицияны сынау­мен шектелмеуі тиіс. Өйткені өткір де ашық ой тек билікке бағытталса, халық «кемшілік тек билікке не оппозицияға тән, бұған менің қатысым жоқ, жауапкершілік менің мойнымда емес. Мен ештеңе шеше алмаймын» деп қабылдауы мүмкін. Бұл әрине жаңсақтық. Егер халық оянбаса, саяси тұрғыда белсенділік танытпаса, пікірлерін ашық айтпаса, іс өнбейді. Яғни ұлт мүддесі үшін күресетін тұлғалар қауқарсыз, «жаяудың шаңы шықпастың» кері келері анық.

«Түркістан»: Шама-шарқымыз жеткенше Қазақ қоғамындағы бірнеше өзек­ті мәселені көтеруге тырыстық. «Түркіс­тан­ның» шаңырағына келіп, ашық пікір білдіргендеріңізге рахмет. Еңбектеріңізге табыс тілейміз!

Дөңгелек үстелді ұйымдастырған

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ