ХАС ӨНЕРДІҢ ҚАМҚОРШЫСЫ ЕДІ

ХАС ӨНЕРДІҢ ҚАМҚОРШЫСЫ ЕДІ

ХАС ӨНЕРДІҢ ҚАМҚОРШЫСЫ ЕДІ
ашық дереккөзі
413

Шілденің 1-інде Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, дауылпаз күйші, музыка зерттеушісі Қабыкей Ахмерұлы ақсақал Алматы облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында дүние салды.

Қабыкей Ахмерұлы 1927 жылы Моңғолияның Бай-Өлке аймағы, Бұлғын сұмынында дүние есігін ашқан. Алты жасынан домбыра ұстайды, 10 жасынан күйші бала атанады. 1958-1959 жылдары Алматыда Ұлт аспаптары оркестрінде білімін жетілдірген ол Бай-Өлке аймағында жаңадан құрылып жатқан ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі болады. Әрі сол оркестрдің директоры және дирижері қызметтерін атқарады.

Осы бір абыройлы қызметті атқара жүріп, Қабыкей Ахмерұлы ел арасында жатқан небір жауһар туындыларды, халық әндері мен күйлерін, халық композиторларының әндерін жинауды мақсат етеді. «Осы мақсатпен ел ішін көп араладық. Көптеген ән, күйлерді таптық. Жазып алуға тырыстық. Ол кезде жоғары сапалы жазып алу құрылғылары болмағандықтан, көбін өзіміз үйреніп алып, қайтадан орындаушы едік» дейтін марқұм.

…Сөйтіп 1984 жылы Бай-Өлке баспасынан “Моңғолия қазақтарының халық әндері” атты сүбелі еңбек жарық көрді. Әрине, бұл кітапқа қатысты сын айтушылар арамыздан әлі табылып қалады. Біріншіден, халық әндерінің нотасын жазуда қателіктер кеткен екен деген ойларды естіп жүрміз. Қазақ “біткен іске сыншы көп” деп жатады. Жұрт осы кітаптағы олқылықтарды сынағанымен, бір өкініштісі, соны Қазақстан тарапынан қайта басып шығаруға ешкім құлықтылық танытпады. Бірақ осы кітапта топтастырылған әндердің біразын Қазақстанның өнер жұлдыздары орындап жүр. Атап айтар болсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дауылпаз әнші Бекболат Тілеухан “Жорғатай” әнін, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева “Керім-ау, айдай” әнін, Жанар Айжанова “Әсем әнім сырнайдай” әнін орындаса, Ұлту Қабаеваның репертуарында “Балапан қаз” әні берік орын алған. Кейін қазақстандық блогбастер “Көшпенділер” фильмінде осы ән орындалды.

Жалпы, бұл кітапты құрастыру­шы­лардың негізгі мақсаты халық арасындағы жауһарларды жинау және оны халық игілігіне жұмсау болғанын екінің бірі біле бермейді. Бүгін сол рухани қазынаны бүгінгі заманның игілігіне жарату, жаңа технологияларға көшіру әзірге ешкімнің ойына келмей отыр.

Қабыкей Ахмерұлы – халық ара­сын­дағы 120 күй, 365 әнді жинап, нота­сымен кітап етіп бастырған, музыка зерт­теушісі. Ол 30-дан астам күйдің авторы, күйші. Ол саналы ғұмырының 30-дан астам жылын Бай-Өлке аймақтық ұлт-аспаптар оркестріне басшылық етуге және дирижерлікке арнаған көшелі басшы. Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін, 2000 жылы ол кісінің “Ақ тілек” атты концерті ұйымдастырылды. 2006 жылы “Алтын қобыз” байқауына қатысып, “Алтын қобыз” иегері атанды. 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мұрындық болуымен “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Қазір Қазақ радиосының алтын қорында ол кісінің орындауындағы және өз күйлерінен 30-ға жуық күйі бар. “Қазақтың мың әні”, “Телқоңыр” дискілерінде Қабыкей Ахмерұлының шығармалары енді. Қабыкей Ахмерұлының қайтыс болуына орай, қайғысына ортақтаса отырып, туған-туысқандарына, жақындарына көңіл айтамыз. Алла халқы үшін істеген еңбектерін сауабына жазғай! Аумин!

«

Түркістандықтар

»

Серіктес жаңалықтары