РАУШАН ГҮЛІ ЖАЙҚАЛҒАН «ТАУСАМАЛЫ»

РАУШАН ГҮЛІ ЖАЙҚАЛҒАН «ТАУСАМАЛЫ»

РАУШАН ГҮЛІ ЖАЙҚАЛҒАН «ТАУСАМАЛЫ»
ашық дереккөзі
373

Еліміздегі туризм саласы біртіндеп алға­ басып келеді. Азаматтардың жағдайы тү­зелген сайын демалуға да көңіл бөле бас­тай­ды. Оларға соған сай толымды жағдай жасай алсақ, кәнеки! Тек мұндай ұстанымды мүд­делі тараптар басшылыққа алса құба-құп. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте бер­меген де абзал. Жақында Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының Төле би ауданында сон­дай жағдай жасауға бел шеше кіріскен құ­рылымдардың бірі – «Тау самалы» атты сау­ық­тыру кешені ашылған болатын. Ол кешен табиғаты тамаша тау бөктеріне орын теуіпті. Құрылысы 2009 жылдың күзінде басталған орында төрт қабатты қонақүй мен 35 коттедж бар. Сауықтыру кешені бір мезгілде 250 адамды қабылдай алады. Сауықтыру кешені облыс орталығы Шымкент қаласынан 44-48 шақырым қашықтықта орналасқан, яғни қала тұрғындары мен қонақтар үшін де қатынау қиын емес. Жұрт құмартқан кешеннің иесі, жеке кәсіпкер Әлішер Толыбаевпен дидарласқан едік. Жаңа іске дем берген алымды жан іс барысы хақында ағынан жарылып қоя берді. Оның айтуынша, негізі шетелге демалуға құмар болмау керек. Өзге емес, ең әуелі өзіміз үшін осындай қиғаш психологиядан тезірек арылған ләзім. Өйткені өзімізде де тамаша демалыс орындары жетеді. Бұл ретте кәсіпкер аталмыш сөзіне бұлтартпас үш дәлел келтіреді. «Шетелге барғанда, біріншіден, діттеген жеріңе жеткенше жол ұрып тастайды», – дейді ол. – Онда барып демаласың да, қайтар жолда тағы шаршап ораласың. Сонда демалғанымыз қайда қалады? Ал өзіміздегі демалыс орындарына келуден жолда жүріп шаршамайсың әрі сол шетелдегі жағдайдан ешқандай кем емес. Екіншіден, өзіміздегі демалыс орындарының демалу ақысы шетелдікінен әлдеқайда төмен. Үшіншіден, жұмсаған ақшаң өз елімізде қалады, жергілікті бюджетке де үлес қосасың.

Кешен жұмысы, ең алдымен, жол салудан басталғанын құп көрдік. Үлкен қырды екі­ге бөліп тұрған жол мұнда келушілер үшін алғашқы қолайлылықтың белгісі іс­пет­ті. Автотұрақ үшін де арнайы жер қа­рас­ты­рылды. Жалпы аумағы 15 гектарды алып жатқан кешенге алғаш келген адамның ең бі­рінші байқайтыны әсемдік пен тазалық екені сөзсіз. Төрт қабатты, 60 орындық қонақүйдің ауласын әсем безендірдік. Ортада су бұрқақ, оның айналасы әдемі гүлдермен, сәнді ағаштармен көмкерілген. Қонақүйге қарама-қарсы бетте қаздай тізілген, судың екі тамшысындай бір-бірінен айнымайтын ұқсас коттедждер сап түзеді. Сыртқы көрінісі қандай әсем болса, іші де сондай көрікті әрі демалушылар үшін өте ыңғайлы жағдай жасадық. Екі қабатты коттеджді бір отбасы немесе екі отбасы бірігіп жалдаса да болады. Жылы суы, әжетханасы, душы ішінде орналасқан. Жатын бөлмелері де жанға рахат сезім сыйлайтындай жақсы жасақталған. Мұнда қақаған қыста да келіп демалуға болады. Жылу жүйесі толық жүргізілген…

Әрине, ас мәзіріне ерекше көңіл бөліп отырмыз, – деп одан әрі бұл саланың жаңа қырын аша түсті кәсіпкер. – Бәрі де экологиялық таза өнімдер. Таңертеңгі ас мәзірінде сүт тағамдары ғана, яғни сүт, айран, қаймақ, қымыз, құрт, сары май, тағы да басқа тағамдар ұсынылады. Бұлардың денсаулық үшін пайдасы өте зор. Мұның барлығы да – өзіміз өсіріп отырған мал шаруашылығының өнімдері. Нан да өзімізде пісіріледі. Алдағы уақытта бал арасын асырап, одан алынған бал дастарқан мәзірін байытпақ. Төрт гектар жерге жылыжай шаруашылығын дамытып, ондағы өнімдер де дастарқан төріне қойылады. Ол жылыжайларға бірінші кезекте мандарин мен апельсин өсіріп көрсек деген жоспар бар. Коттедждер де Ресейден әкелінген таза ағаштан жасалған. Оның да денсаулыққа пайдасы бар, демалушыларға да әдемі әсер сыйлай алады. Ал тағы бір ерекше атап өткім келгені биылғы жылы өзінің алғашқы төлін берген маралдар еді. Былтырғы жылы Алтайдан өңірімізді жерсінеді ме деген күмәнді оймен алып келген бұғы-маралдарымыз өзінің алғашқы төлін берді. Негізінде еліміздің солтүстік пен шығыс өңірін мекендейтін бұл жануарлардың біздің жылы өңірімізге жерсінуі неғайбыл дүние еді. Алғашында 25 бас бұғы-маралды әкелсек, қазіргі таңда бұл жануарлар көбеюде. Қуанышыма орай, мамыр-маусым айларында маралдар бұзаулады. Бұл деген сөз оңтүстікке бұғы-маралдың да жат құбылыс емес екендігін, яғни жануардың жерсінгенін көрсетсе керек. Қазіргі таңда ел ішінде бұғы мүйізінен жасалған дәрі-дәрмекке деген сұраныс өте жоғары. Осы арқылы өзімнің негізгі жоспарымды іске асыруға кірістім. Келген демалушыларға тек жанға рахат сый­лап қана қоймай, денсаулықтарының тү­зелуіне де ерекше жағдай жасау. Яғни қо­лымызда өсіріп, көбейтіп отырған бұғы мүй­ізінің емдік қасиетін пайдалануды көз­деп отырмыз. Мысалы Кореяда бұғы мүйізінен жасалған өнімдерді қолдану адам басына жылына 70 граммды құраса, ал бізде бұл көрсеткіш бар болғаны 0,3 грамм деңгейінде екен. Біздің өңіріміз үшін таңсық ас болып саналатын бұғы етінің өнімдерін де ас мәзіріне қосу жоспарымызда бар. Ең бастысы – емдік қасиеті мол бұғы етінен жасалған тағамдардың адам денсаулығына пайдалы екенін ескердік. Өйткені бұғы еті көптеген ауруларға ем, ағзаны холестериннен тазартатын қасиетке ие. Адамның күш-қуатын көтереді. Әсіресе, ер-азаматтарға тигізер пайдасы өте көп. Бұғы мүйізінен жасалатын дәрі-дәрмектерге қай жерде де сұраныс өте жоғары. Сол себепті өңірімізде тұңғыш рет бұғы мүйізімен емдейтін еуростандартқа сай сауықтыру кешенін бастап жібердік. Алдағы уақытта құрылыс жұмысы аяқталуға да жақын. Көп ұзамай бұғы мүйізімен емдейтін сауықтыру кешені халыққа есігін айқара ашпақ.

Тағы бір айтарым, шетелдік туристер қонақүйлерге көбірек көңіл бөледі. Сондықтан да бір сәтке мұндағы жатын орынның жайына шетелдіктердің көзімен де қарап көрдік. Жалпы, мұндағы қонақүй мықты дейтін шетелдік қонақүйлерден кем түспейтіні күмәнсіз. Қарапайым бөлмелерден бастап VIP, яғни люкс бөлмелерге дейін қамтылған. 50 орындық баспасөз мәслихатын өткізетін арнайы залы бар. Демалушыларға бильярд ойнап, туған күн секілді кішігірім той-томалақтарды да өткізе берулеріне болады. Сондай-ақ атпен серуендеп, қайықпен қыдырып, төрт доңғалақты квадроциклмен жүйіткуге болады. Балаларға да жалықпайтындай түрлі жағдайлар жасалған. Екі жерден үлкен бассейн орын тепкен. Оның суы табиғи түрде тазаланып, жаңарып отырады. Қонақүйден ылдилай төмен түссеңіз, алдыңыздан 165 метрлік жаяу өтетін көпір шығады. Екі қырдың ортасын жалғап тұрған ол көпір арқылы арғы қырға шығып, арнайы жасалған жолдар арқылы тауды бетке алуға болады. Жол-жөнекей әр жерде демалатын орындар. Көпірдің астынан өзен ағып жатыр.

Осынау өзеннің жағасынан аумағы 100х50­ метр болатын жасанды көл жасалып, қазір онда балық шаруашылығын дамытып жатырмыз. Балық аулаудың өзі бір демалыс емес пе?! Арнайы Алматыдан алып келген балық түрлерін көбейтіп, балық шаруа­шылығын да жолға қойып келеміз. Балықтың уылдырық шашатын мезгілінен бастап, ерекше ден қойып, балық басын көбейтудеміз. Уылдырықты арнайы цехта өндіріп, кіші бассейндерде көбейтіп аламыз. Оны әбден жетілген тұста арнайы жасалған үлкен көлге жібереміз. Келген демалушыларға аулаған балығын қуырып беріп, шат-шадыман күйге бөлейміз. Көпірдің жарты беліне барған тұста жазғы, яғни көлемі 8х18 метр болатын көл үстіндегі мейрамхана салынуда. Одан бөлек коттедждер жағы тұсында сегіз бұрышты, екі қабатты мейрамхананың құрылысы бітуге жақын. Оның бір қабатының өзіне 100 адам еркін сыйып кетеді. Пирамида үлгісіндегі мейрамхана мен бес қабатты қонақүйдің де іргесі қалануда. Болашақта жабық үлгідегі стадион салу да жоспарда бар. Әр жерге қойылған мүсіндер, яғни су перісі, лағын ерткен елік секілді мүсіндер келушілерді қуантар дейміз. Бұл да жүйкені демалдыруға деген таптырмас тәсіл», – дейді кәсіпкер алдағы жоспарларын ортаға салып.

Негізінен, мұның бәрі шетел тәжірибелерін кеңінен тұтынғандық екен. Кәсіпкердің өз сөзімен айтқанда, алыс-жақын елдерге жасаған сапарлары осындай бастамаға итермелепті.

«Мен Еуропа елдеріне іссапармен сая­хаттап жиі барып тұрамын. Біздегі қонақ­үй­дің жағдайы сол елдердегі 4-5 жұлдызды қо­нақ­үйлерден бірде кем емес. Қайта Еуропа қонақүйлерінде толықтай жиынтық жоқ. Ал Қытайда, керісінше, бәрі бар. Шетелге демалуға шыққанда қолыңызда құжатыңыз мен банктік картаңыз ғана болуы керек. Өзге қажетті заттардың барлығы да, аяққа киетін тәпішкеңізден бастап, тіс жуатын щеткаңызға, қырынатын-себінетін иіссуыңызға, ең ақыры ине-жібіңізге дейін қонақүйден табылуы тиіс. Біз де демалушыларға осындай жағдай жасайтын боламыз. Күнделікті пайдалануға не керек, барлығы болады. Бөлмедегі жиһаздар жиынтығы бес жұлдызды қонақүйлерге арналған…

Туризмді дамыту оңай жұмыс емес. Оны жан-жақты әрі кеңінен қарастыру керек. Мен сауықтыру кешенінің жасыл желекке бөленіп тұрғанын қалаймын. Мәселен,көгілдір шыршаның бір көшетінің өзі 25 мың теңге тұрады. Ал сәндік гүлдердің нешемесін ектік. Раушан гүлдердің 5-6 мың түбін қондырдық. Менің «хоббиім» – раушан гүлін өсіру. Оны баптаудың сырын әбден меңгеріп алдым. Гүлдің осы түріне қатты қызығатыным соншалықты, үлкен қызымның есімін де осы гүлмен байланыстырып Роза деп қойдым. Қай жерден раушан гүлінің өзгеше түрін көріп қаламын, міндетті түрде оны өз ауламда өсіруге тырысамын…

Кешен жұмысын бастамас бұрын ауылдың екі көшесін жарықтандырып, тағы екі-үш көшеге тас төсеп бердік. Жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында аудандағы ақсақалдардың басын бір дастарқан басына қосып, сый-сияпат жасаймыз. Оған аудан басшылары да арнайы қатысады. Елдің әлеуметтік мәселелеріне көмектесуден қашпаймын. Қолдан келгенше суы жоқ жерге су апарамыз, телефоны жоқ жерге телефон кіргізіп береміз. Жұмыс істеймін деген ауыл жастарына жұмыс жетеді. Қазірдің өзінде жергілікті 45-50 адам жұмыс істеп жүр. Жалақылары жаман емес. Ең бастысы, жалақы бір күнге де кешіктірілмейді».

Иә, оңтүстіктің демалыс орындары тағы біреуге толықты. Өңірлерде туристік кластерді дамытамыз деп жатырмыз. «Тау самалы» келушілерге жоғары сапалы қызмет көрсетуге сақадай-сай. Мұндай сауықтыру кешендері еліміздің әр өңірінде болса, туризм саласы таяу уақыттарда-ақ елеулі табыс көзіне айналар еді.

Жанар Пірмаханқызы

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары