ҚАЗАҚТЫҢ АСТАНАСЫ ОН ТӨРТКЕ ТОЛДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ АСТАНАСЫ ОН ТӨРТКЕ ТОЛДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ АСТАНАСЫ ОН ТӨРТКЕ ТОЛДЫ
ашық дереккөзі
253

Қазақ халқының Астанасы өн бойына халықтың күшi мен қайратын жинап, тәуелсiз Қазақстанның мақтанышына айналған Елордасы болып саналады. Ел астанасының экономикалық-әлеуметтiк әлеуетi әрбiр мемлекеттiң тұтас әлеуетiнiң көрсеткiшi болып табылатыны аян. Бұл тұрғыдан Астана қазақ халқының мақтанышына айналғаны сөзсiз. Алғаш рет 1997 жылдың 10 желтоқсанында Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен Қазақстанның астанасы Алматыдан Астанаға (ол кезде Ақмола) көштi. Астананың Ақмолаға ауысуына түрлi себептердiң болғаны рас. Оның iшiнде экономикалық және геосаяси мүдделер де бар. Бүгiнде қазақтың Елордасы елiмiздiң кiндiгiнде орын теуiп, Еуропа мен Азияға алтын көпiр болып тұр.

Еліміздің астанасы күннен күнге дамып келеді. Астана қаласын Есіл өзені бөліп жатыр. Есілдің екі жағында орналасқан Астананың бүгінгі ерекше келбетін кешегімен салыстыруға келмейді. Осыдан біраз жылдар бұрын мұнда саусақпен санарлықтай ғана көп қабатты үйлер болса, қазір олардың орнын аспанмен тірескен зәулім үйлер басқан.

Жылдар жылжыған сайын Астана қызмет көрсету саласы дамыған ірі мегаполиске айналып келеді. Мұнда жүздеген кафелер мен мейрамханалар, ірі сауда желілері, көңіл көтеру ошақтары мен дүкендер көптеп ашылуда.

Бүгінгі Елорда – жедел қарқынмен дамып жатқан заманауи қала. Қаланың сәулет өнерінде де ерекшелік бар. Бұл жерден еуропалық және шығыстық үлгідегі салынған ғимараттарды кездестіресің. Айналдырған он шақты жылдың ішінде қала халқының саны да 700 мыңнан асты. Осыншама уақыт ішінде қаланың бет-бейнесі де өзгерген. Жаңарған, түрленген… Жеделдетілген құрылыс қарқыны он төрт жылдың шамасында Қазақстанның даласынан заманауи модернизацияланған, қайталанбас бейнесі бар Астана тұрғызуға мүмкіндік берген еді.

МЫҢЖЫЛДЫҚТАРДЫ ТОҒЫСТЫРҒАН АСТАНА

Биыл да жылдағы дәстүр бойынша «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалі өтпек. Биылғы фестивальде түркі әлемінің мәдениетіне ерекше көңіл бөлінбек.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада «Хан Шатыр» СОО жанындағы «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалінің алаңын арнайы аралап көрді.

Фестивальдің ашылуы қарсаңында оның бірегей экспозицияларымен Халықаралық Көрмелер Бюросының (ХКБ) делегаттары танысты. Олар Қазақстанның EXPO 2017 өткізу құқығы үшін сайлауалды күресі шеңберінде Тәуелсіздік Сарайында өткен «Болашақ энергиясы. Планетаның орнықты дамуы» тақырыбы бойынша халықаралық симпозиумға қатысу үшін Астанаға арнайы келген екен.

«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалі тұңғыш рет 2008 жылы өткізілген болатын. Содан бері аталмыш фестиваль көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Мереке күндері бұл жерге мыңдаған көрермен жиналып, фестивальді тамашалайды.

Бүгінде «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» – фестиваль түрінде өткізілетін көшпелілер өркениетіне арналған бірден-бір шара. Фестивальдің көшпелілер өркениетінің ерекшеліктерін, қала мен дала мәдениетін, кешегі мен бүгінгіні үйлестіре білетін артықшылығы бар. Ол көшпелілер өркениетінің тарихи құндылығын көрсетіп қана қоймай, заманауи Қазақстанның, әсіресе оның жас елордасы – Астананың өмір салтына, сән үрдістеріне, сәулет өнеріне ерекше әсер етеді.

Көшпелілер өркениеті – көшпелі және отырықшы мәдениеттердің үйлесімі. Биылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі – биылғы жылы Астана түркі әлемінің елордасы мәртебесіне ие. Сонымен бірге, аталмыш фестивальдің бес жылдығы биыл аталып өтілмек.

Фестиваль өткізілетін орында қазір шатырлы дала қалашығы бой көтерген. Бұрынғы фестивальдермен салыстырғанда мұнда қала мәдениетіне тән белгілер аздау. Оның орнына көшпелілер қаласының ерекшеліктерін көбірек алуға тырысқан. Негізгі алаң жабық, ол 2 бөлікке бөлінген күмбез тәрізденген. Оның бір бөлігі сахнаның үстін, екінші бір бөлігі көрермен залын жауып тұр.

Биылғы мерекеде көшпелілер өркениеті фестивалінде көрермендер назарына алғаш рет «Көшпелі-жылқы өркениеті» ландшафты көрінісі ұсынылмақ. Экспозицияда Қазақстандағы жылқы шаруашылығының дамуынан мәлімет беретін мұражайлардан алынған үзеңгі, тебінгі және т.б. ат-әбзелдері даяр тұр. Сондай-ақ фестиваль аясында «Тас адамының жымиюы» балбал тастар аллеясы да көрермен назарында болады. Әрбір балбал тас – Ұлы даланың жәдігерлері табылған әр аймақтардан алынған түпнұсқаның негізгі көшірмесі болып саналады.

Фестивальдің тағы бір дәстүрге айналып үлгерген жобаларының бірі – «Астана-арқау» жобасы. Мереке күндері «Астана-арқау» жобасының қатысушылары Көшпелілер өркениеті фестивалінің сахнасында өнер көрсетеді. Ал көшпелі қаланың көшелерінде қатысушы елдердің мәдениетінің әр алуандығын байқай алады. Соның ішінде мылтықшы, тоқымашы, аңшы, зергерлердің киіз үйлері орнатылады. Осы жерде қымыз өндірушілердің байқауын өткізу де жоспарда тұр. Олар қымызды баптаудың тәсілдерімен бөлісіп қана қоймай, қонақтарға сусыннан дәм татқызады.

Фестивальде түркі әлемінің музыкасына ерекше орын берілген. Жоба аясында қазақтың дәстүрлі әндері, түркі халықтарының дәстүрлі әуендері (сыбызғы, дабыл, домбыра және т.б.) орындалатын болады. Сондай-ақ фестиваль барысында жұмбақ айтыс, қайым-айтыс және басқа да айтыс өнерінің түрлерінен сайыстар бар. Жылқының құлағында ойнайтын серілердің «Ат жалында» шоуы болады. Фестивальдің ең қызығы да осында.

МЕРЕКЕЛІК ОТШАШУМЕН АЯҚТАЛАТЫН ФЕСТИВАЛЬ

Жылдағы дәстүрмен Тимур Бекмамбетов және ІІІ Халықаралық «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалі басталып-ақ кетті. Астананың барлық тұрғындары 29 маусым күні«ART FEST» Халықаралық жастар фестивалі шеңберінде өткізіліп жатқан «Астана супербатыры» флэш-мобын тамашалады. Ол «Бәйтеректің» артында, «Нұрсая 1» және «Нұрсая 2» ТК арасындағы «ән салатын» субұрқақтар алаңында өткен еді.

Бұл формальды акция емес, мұндағы флэш-моб қатысушыларының арасында Астанаға Қазақстан, Корея, Жапония, Қытайдан келген декораторлар, аниматорлар, костюмерлер мен суретшілер бар. Көрермендермен бірге олар Астананың супербатырларын жасайды.

Қазақстандықтар үшін де, шетелдіктер үшін де «ART FEST» – алғашқы сын. Аталмыш шара жыл сайын өткізілетін болады. Бұл кәсіпқой мамандар мен қарапайым тұрғындардың бірлескен шығармашылығы болып саналады. Олардың арқасында қазақтың елордасы – Астанада жаңа бейнелер мен кейіпкерлер дүниеге келмек.

«МУЗАРТТЫҢ» ӘН ШАШУЫ

Астана күнінде, яғни 6 шілдеде «Қазақстан» Орталық концерт залында «МузАрт» тобының шығармашылық кеші өтеді. Бұл «Музарттықтардың» елорданың тойына арнаған арнайы ән-шашуы болмақ.

Қазақтың белді әншілері Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев және Кенжебек Жанабіловтен құралған «МузАРТ» тобы қазір елдің сүйіктілеріне айналған.

МузАРТ шығармашылығының басты бағыты – эстрада және қазақтың халық әндері. Трио қазақ ән өнерінің төрінен мықтап орын алған.

Әдемі әрі әуезді әндерінің арқасында «МузАрт» дүйім көпшіліктің көңілінен шыға білді. «МузАРТ» шырқаған әрбір ән тыңдарманның жүрегінен орын тапқан. Олардың репертуарындағы әндердің көбін көпшілік жатқа біледі әрі сүйіп тыңдайды. «МузАРТ» тобының репертуарында кездесетін «Үш қоңыр» әні де тыңдарманның сүйікті әндерінің бірі болып саналады.

«МузАРТ» тобының «Өз елім» атты ең алғашқы үлкен концерті 2003 жылы өтті. Ол еліміздің Тәуелсіздік күнінде – 16 желтоқсанда ұйымдастырылған еді.

2008 жыл МузАРТ үшін ең сәтті жыл болды. Мамыр айында аталмыш топтың Алматыда үш күндік жеке концерті болып өтті. Үш күн бойы залда ине шаншар орын болған жоқ. Бұл да көпшіліктің «МузАРТ» тобына деген ыстық ықыластары болса керек.

Бүгінгі күні «МузАРТ» тобы жеке концерттерімен Англия, Ресей, Моңғолия және Қытай елдерінде гастрольдік сапармен жүр.

АСТАНАНЫҢ ТАҢДАУЛЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов өткен аптада «Астана таңдауы» байқауының жеңімпаздарын анықтап, оларға естелік сыйлықтарын табыс етті.

«Әкімдік бастамасымен Елорда күні қарсаңында өткізіліп отырған бұл жобаның мақсаты – елорда тұрғындарының ішінен өз ісіне адал, еңбегімен халыққа жаққан жандарды таңдап, оларды елімізге таныту. Сондықтан, менің ойымша, конкурс өз еңбегімен елорда тұрғындарының құрметіне ие болған қоғамдық мамандық иелерін марапаттауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті қала әкімі.

Әкімнің пікіріне сүйенсек, аталмыш байқаудың қатысушылар үшін де, олардың әріптестері үшін де үлкен тәрбиелік мәні бар. «90 мың адам интернетте сіздерге дауыс берді, ойланып көріңіз! Сіздің жұмысқа берілген осындай бағадан артық қуаныш болуы мүмкін емес, – дейді Иманғали Нұрғалиұлы. – Менің ойымша, сіздермен бірге сіздің ұжымдарыңыз да өседі, өз мамандығы бойынша үздік, нағыз кәсіпқой тұлға олармен бірге жұмыс жасайтындығы әріптестеріңізді де мақтаныш сезіміне бөлейді».

«Астана таңдауы» алғаш рет өткізілге­німен, бұл жыл сайынғы өтетін дәстүрлі шаралардың біріне айналмақ. «Мен осындай жобаны бастағанымызға шын жүректен қуаныштымын. Біз оны жыл сайын Елорда күні қарсаңында өткізетін боламыз. Мен бұл жоба әрі қарай да өз жалғасын табады деп ойлаймын. Өйткені қаланың, мемлекеттің басты байлығы – адамдар», – деді салтанатты шара барысында Иманғали Тасмағамбетов.

Сонымен бірге, байқауға қатысушыларды 6 шілде күні өтетін мерекелік шараларға шақырды әкім. Әрі «Астана таңдауының» жеңімпаздарының суреттері бейнеленген билбордтар да қала төрінен орын теппек.

Сонымен, «Астана таңдауының» жеңімпаздары кімдер?

Олардың арасында №10 мектеп-гим­на­зиясының бастауыш сыныптар мұғалімі Шо­қы­басова Мария Амангелдіқызы, гинеколог дәрігер Калашников Владимир Владимирович, №24 полиция учаскесінің учаскелік инспекторы Фляг Петр Андреевич, «№1 автобус паркі» АҚ автобус жүргізушісі Ахметов Дулат Теміржанұлы, «Астанақұрылыссервис» ЖШС-дегі ғылыми-техникалық құрылыс сапасын қамтамасыз ету бөлімінің инженері Құсайынов Майдан Камекұлы, «Астана – Аймақтық Электр желілік Компаниясы» АҚ-ның релелік қорғау және автоматика қызметінің бастығы Алексеев Сергей Алексеевич бар.

Астана өз таңдауын жасады. Астананың таңдаулыларын тұрғындардың өздері ғаламтор арқылы анықтап, дауыс берді. Астана тұрғындарының көңілінен шыққан үздіктер де осал жандар емес. Бірі – дәрігер, бірі – мұғалім, енді – автобус жүргізушісі. Демек, қарапайым жандардың арасында да ел көңілінен шығатын асыл азаматтар жетерлік. Елі сүйсінген жанның ісі де сүйсінерлік болары сөзсіз.

«ТІЛЕП ҚОБЫЗ САРАЙЫ»

Астана күніне орай, елордада тағы бір сарай ашылмақ. Бұл сарайдың кереметі көрермен залы қазақы киіз үй түрінде жасалған. Ал залдың іші қазақтың ұлттық нақыштарымен безендірілетін болады. «Тілеп қобыз сарайының» акустикасы жапониялық мамандардың көмегімен жүзеге асып отыр.

Қалалық мәдениет басқармасы маманда­ры­ның пікірінше, жаңа сарайдың жобасы ерекше болғалы тұр. Аталмыш сарайдың 340 орынға есептелген арнайы залы бар. Ал сарайдың биіктігі 5 қабаттық ғимараттай болады.

Сарайдың атауы – «Тілеп қобыз сарайы» деп аталады. Бұлай деп атаудың да өзіндік сыры бар. Аталмыш ғимараттың құрылтайшысы әрі тапсырыс берушісі Сапар Ысқақов мырза сарайға өзінің арғы атасы, атақты сазгер әрі қобызшы болған Тілеп Аспантайұлының есімін беріп отыр. Қорқыт қобызының сарынын мирас етіп алған оның шәкірті Қойлыбай бақсы болса, оның өнерін 13 жасар Тілеп Аспантайұлына табыстап, өзінің батасын берген екен.

Ғимараттың 125 орынға есептелген 79 қонақүй нөмірі, 170 орынға арналған мейрамханасы, 80 орындық кафе-бар, фитнес-орталық, 300 шаршы метрді қамтитын кеңсе-сауда орындары және сауда нысандары бар.

АСТАНАДА ӨТКЕН АСПАЗДЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ

Астанада өткен Fashion Food аспаздық өнер фестивалінде астаналық үздік мейрамханалар екі мыңға жуық қала тұрғынын тегін тамақтандырды. Байқауға қатысушылардың арасында «Жібек Жолы» мейрамханасы ерекше көзге түсті. Оның аспазшылары қойдың қабырғаларынан «Бәйтеректің» тура көшірмесін әзірлепті.

«Аспаздық фестивальге 17 мейрамхана қатысты. Мексика дәмін Vaquero мейрамханасы, Индонезия асын Eаst – West, Корея тағамын «Эмир», жапондық тағамды «Ассорти», неміс асханасын «Мюллер», орыс тағамдарын «Егоркино» мейрамханалары ұсынды. Әр мейрамхана көшедегілерді өз астарымен тегін тамақтандырды. Ертеден кешке дейін келушілер санында шек болған жоқ. Біз көшеде «Мега» сауда орнының алдында тұрып-ақ шамамен екі мыңға жуық адамды тамақтандырдық», – деді демеуші компанияның өкілі Кәмила Андаспаева.

Көшеде өтіп бара жатқандар жеміс-жи­дек­тер мен еттен жасалған мүсіндерге, шоколад пен кисельдің мол түріне қызықпай өте алмады. Фестиваль барысында ешкім де аш қайтпаған. Қой қабырғаларынан қуырылып жасалған «Бәйтерек» асын шара қонақтары санаулы минуттарда-ақ жеп қойыпты. Айта кетейік, Астана күніне арналған аспаздық фестиваль Қазақстанның сегіз қаласында өтеді.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары