ОРЫСТАР ЕРМАКТЫ НЕГЕ ТЫҚПАЛАЙДЫ?
ОРЫСТАР ЕРМАКТЫ НЕГЕ ТЫҚПАЛАЙДЫ?
Орыс билігі Түркі қауымының шамына тиетін тағы бір бастама көтергелі жатыр. Ресей көлік өндірушілері «Ермак» деп аталатын машина шығаруды жоспарлауда. Бұған намыстанған түркі халықтарының бүкіл әлемдік ассамблеясы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге арнайы хат жолдап, орыс үкіметін шовинизмге жол беріп отыр деп айыптады. Акдемик Ерментай Сұлтанмұраттың айтуынша, Ресей үкіметіндегі шовинистер бұған дейін де түркі халықтарының арын аяққа таптайтын оқулықтар шығарып, ел арасына іріткі салған. Сахалардың «SakhaLife» басылымы Сұлтанмұраттың орыс билігіне арнаған үндеуінде «Тарихи деректерге жүгінсек, Ермак түркі халықтарына, әсіресе Қазақ халқына көп жаулық жасаған қандықол қарақшының бірі болып табылады.Қатыгездігімен бүкіл әлемге әйгілі болған Иван Грозныйдың өзі Ермактың Дон, Қазақстан мен Сібірдегі халықтарға жасаған жауыздығын естігенде жағасын ұстаған екен» деп баяндағанын хабарлап отыр. Түркі халықтары ассамблеясының президенті бұдан арғы сөзінде: «Ермак адам кейпіндегі құбыжық болатын. Біз мұндай құбыжықтың дамудың демократиялық жолын таңдап алған әрі әділдігімен танылған орыс халқының мақтанышы бола алмайтынына кәміл сенімдіміз. Қазір байсалды пікірлерімен танылып жүрген кейбір тарихшылар, орыс мемлекеті Алтын Орданың саясатының арқасында қалыптасқанын, ал «моңғол-татар езгісі» деген қауесеттің өтірік екенін, «Куликово шайқасының» тарихта мүлде болмағанын жазып жүр. Шыңғыс ханның мұрагерлерінің басым бөлігі де түркі халықтарының өкілдері болатын», – деп атап өткен. Алайда академик орыс мемлекетінің қалыптасуына бір кісідей еңбек сіңірген осы «моңғол-татарлардың» Ресейдегі қазіргі оқулықтарда құбыжық етіп көрсетілгеніне реніш білдіреді. «Еуразияның интеграциялық мәселелерімен айналысып жүрген Ресей үкіметінің мұндай жәйтқа бей-жай қарауы біздің көңілімізге кірбің түсіріп, қоғамдағы наразылықтың артуына себепші болады» делінген шағымда. «Егер немістер «Гитлер» деп аталатын көлік шығарса, бұны көпшілік қалай қабылдар еді. Бұл бастама да жұрт арасында тура сондай дүрбелең туғызып отыр», – дейді орыс билігіне көлденең сұрақ қойған Ерментай Сұлтанмұрат мырза. Ресейдің президентіне арнаған Үндеуінің соңын академик былай деп аяқтапты: «Құрметті Владимир Владимирович! Сіз біз көтеріп отырған проблемаға түсіністікпен қарап, орыс халқы мен түркі халықтарының, оның ішінде орыс халқы мен қазақ халқының арасындағы өзара татулықты одан ары арттыра түсетін тиісті шаралар қабылдар деп үміттенеміз».