«ХАЛЫҚТЫҚ ІРО»-НЫҢ ҚЫР-СЫРЫ КӨП

«ХАЛЫҚТЫҚ ІРО»-НЫҢ ҚЫР-СЫРЫ КӨП

«ХАЛЫҚТЫҚ ІРО»-НЫҢ ҚЫР-СЫРЫ КӨП
ашық дереккөзі

Астанадағы «Қазақстан» бас­па­сөз клубында «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асыру жөнінде журналистерге арналған ақпараттық-білім беру семинары өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асыру жөнінде негізгі мәселелерді түсіндіруге арналған жиынға республиканың әр түкпірінен бұқаралық ақпарат құ­рал­да­рының өкілдері шақырылды.

Елдегі көшбасшы компа­ния­лардың жеткен жетістігіне ха­лық­ты да жеткізуді мақсат тұтқан бағ­дарлама туралы «Самұрық-Қа­зы­на» Ұлттық Әл-ауқат қоры», «КазТранс­Ойл», «Қазақстан биржа қоры», «Казкоммерц Секьюритиз» АҚ­ өкілдері кеңінен әңгімеледі. Қа­зақстан баспасөз клубының пре­­зиденті Әсел Қарауылова мен­ Қаржылық коммуникациялар тәжірибесінің жетекшісі Әсел Нұрғазина еліміздегі баспасөздің ахуалына тоқтала келіп, «Халықтық ІРО» тақырыбын ұсынудың қыр-сыры мен компаниялар жөнінде материалдарды дайындаудың ерекшеліктеріне назар аударды. Әсіресе қазақтілді спикерлердің жоқтығы, ақпараттың оқыр­манға бұрыс таратылып, кейде мүлдем жетпей жататыны сөз болды. Сонымен қатар аталмыш бағдарламаны іске асырудың басымдықтары мен негізгі міндеттері жайлы көбірек айтылды. Экономикалық журналистика бойынша жаттықтырушы, сарапшы Төлеген Асқаровтың «әр спикер ең алдымен акционер ретінде сөйлеу керек. Себебі ол өз мүддесін қорғай жүріп, басқа да қажетті мәліметтер мен ақпаратты иемдене алады» дегені көңілге қонды.

Сондай-ақ семинарға қатысу­шы­­лардың назарын бағалы қағаздар нарығының қызмет ету қағидасы, акцияларға инвестиция құюдың пайдасы мен тәуекелге бару туралы ақпараттың атқаратын рөлі де аудармай қалған жоқ. Бизнесте «не үйесің, не күйесің» деген сөз бар. Осыны өзімізге қарай сәл икемдесек, бүгінгі семинарға қатысушылар үйлеріне үйіп те қайтқан жоқ, күйіп те қайтқан жоқ, қолдарына сертификат алып, білімдерін жетілдіріп, көкейлеріне көп нәрсені түйіп қайтты. Ендеше ел журналистері «Халықтық ІРО» бағдарламасын сәтті іске асыруда айрықша мәнге ие болып, елге барғанда ерекше белсенділік танытады деген сенімдеміз.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана