ТАҒДЫРДЫҢ ТАЯҒЫ ҚАТТЫ БОЛАДЫ ЕКЕН

ТАҒДЫРДЫҢ ТАЯҒЫ ҚАТТЫ БОЛАДЫ ЕКЕН

ТАҒДЫРДЫҢ ТАЯҒЫ ҚАТТЫ БОЛАДЫ ЕКЕН
ашық дереккөзі

Көлiкте радиодан диктордың жағымды дауысы естiлдi: «Сырлы саз бен әсем әннiң тереңiне бойлағыңыз келсе, ұлттық әуеннiң нәрiмен сусындаған өнерпаздардың шығармашылығынан құлағдар болыңыздар. «Шалқар» ұлттық арнасында «Назқоңыр» сазды-танымдық бағдарламасы!»

Іле-шала «Қазақ халқы дәстүрлі өнермен бірге тұла бойына жыр тұнған дарынды ұл-қызға бай. Солардың бірі Гүлшат Ахатқызы Тәкежанова. Алайда сахнадан көрінбейтін осы бір әншінің айтары да бар сияқты» деді. Таныс есім. Гүлшат Тәкежанова. Тыңдармандардың жан серігіне айнал­ған «Ақ тілек» құттықтау-сазды бағ­дар­ламасының жүргізушісі. «Замандас», «Хат жазып тұр…» секілді автор­лық бағдарламалары көпке таныс. Көп ұзамай дәстүрлі әнші Гүлшат Ахатқызы Тәкежановаға хабарластым. «Мен туралы жазамын дейсіз бе, не деп ағасы-ау?!» – деп бір қойды. Екінші бір хабарласқанымда: «Түркістан» газетіне шығатындай ел танымайды ғой, бұл кім демей ме?!» – деді. Сосын: «Ұят шығар, қаншама мықты журналистер отырып… менікі жөнсіз болар, а-а-а… ел сөз қылар сосын…», – деп тартыншақтады. Ойланып отырдым да, бір ауыз достық әзіл жазып жібердім. Радиодан бүкіл жұртқа бақ тілеп, Ақ жүректен ақтарасың ақ тілек. Қаламаймын, қалса дарын тасада Айыптама, «маған қатты айтты» деп. Зор қасірет – шын дарынды танымау, Алты алашқа жетпей жатқан ән мынау. Өнер саған өгей бала емес қой, Талантыңды тұншықтырма, жаным­-­ау. Тәрбиелеп талайларды сайратқан, Дәріс алдың Байбосынов Қайрат­тан. Ұстаздың да еңбегі еш кетпесін, Босай берме… домбыра тарт, қайрат­тан! Бал тамады сөйлегенде тіліңнен, Құс сайрайды ән салғанда үніңнен. Тілеулестің тілегі деп ұғарсың, Жүздесейік, жұлдызды сәт күнің­мен!.. Арада аз ғана уақыт өткенде: «Аға, өлеңіңізді алдым, оқыдым. Бүгінгі күнге қанат бітіргеніңізге алғыстан басқа айтарым жоқ! Жалпы, өнер адамының бәрі осындай ма, әлде мен бөлектеумін бе, болмаса жетім көңіл әлденені аңсай ма, білмеймін… Осындай елдің сөзімен, өлеңдерімен қанаттанамын. Бұл меңзеу де емес, астарлау да емес, шыным сол!» деген жауап келді. Сөйтіп сұрақ-жауап әңгімеміз бас­та­лып та кеткен. Ақырында: «Сіз жазамын десеңіз өтірік қоспаңыз», – деді әнші. «Сіз өтірік айтпаңыз», – дедім мен. «ДҮНИЕДЕ ТЕҢІЗ ТЕРЕҢ ЕМЕС, АДАМНЫҢ ЖАНЫ ТЕРЕҢ» – Гүлшат Ахатқызы, ашық әңгімеге қалайсыз? – Аллаға тәубе, әңгіменің ашығы жақсы ғой, бірақ өзім сұхбат алғанды жақсы көргеніммен сұхбат беруге жоқ екенмін. Бүгін соны байқадым. Біртүрлі… – Оқасы жоқ. Хабарыңызды сүйіп тыңдайтындарды толған­дыр­ған сауал көп. Дәстүрлі ән өнерінен не себепті алшақтау жүрсіз? – Отбасылық өмірді ерте бас­тадым. 1992 жылы Алматыға арман қуып келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түстім. Оның ішінде халық аспаптар факультетінің халық әні кафедрасында Қайрат Байбосыновтың сыныбына қабылдандым. Арада бір жыл өткенде жолдасым Биғазымен танысып, аз уақытта отбасылық өмірді бас­тап та кеттік. Бір отбасында екі өнер адамы қатар жүру, әсіресе бала-шағаға қиын тиді. Сондықтан Биғазы өнер жолын қуды да, мен тыс қалып қойдым. Ашығын айтқанда, үйдегі тірлік менің мойныма ілінді: шаңырақты ұстап, балаға қарап, оларды оқыту, тәрбие беру менің үлесімде қалды. «Шамалы ес жинап алайық, сосын сахнаға шығармын» деген де мәміле болған… – Шаңырақ көтеруге дайын бол­дың­ыз ба, әлде… – Шынымды айтсам, соны осы күнге дейін өзім де түсінбеймін. Жастық дейміз бе, махаббат дейміз бе, білмеймін… Өткенді ойласам өзегім өртенеді: тағдырдың таяғы да қатты болады екен. Тағы да тиіп кете ме деп қорқамын… «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» дейді ғой, тоғыз жасымда әкем қайтыс болды. Ордабұзар отызында сыңарымнан айрылып қалдым. Ән қайда, мен қайда, сахна қайда… Біраз уақыт қолыма домбыра ұстамай кеттім. Сол үшін кейде өзімді кешірмеймін де. Үйде ара-тұра домбыраны қолға алғанда кешірім сұрап қоямын: «Сені жетімсіретіп қалдырдым-ау!» – деп. – Қазақ радиосындағы қадамы­ң­ыз қалай басталды? – Бір күні үйге әнші құрбым Гүл­бар­шын Тергеубекова көңіл айтуға келіп: «Уақыт – емші, үш жыл шыда­шы, сәл-пәл басыласың», – деді. Оның да жолдасы жол апатынан қай­тыс болған. Сол 2006-2009 жылдар да өтті ғой. Содан Биғазының дос­та­ры мені Қазақ радиосына алып кел­ген. Солардың бірі ақын Ғалым Жай­лыбай ағамыз. «Гүлшат, сені әзірге «Алтын қор» бөліміне фонотекарь қызметкері ретінде қабылдайық, жүйкең орнына келсін. Бұл жердің жұмысы тыныштау, ешкім мазаңды ала бермейді» дегені әлі есімнен кет­пей­ді. Сөйтіп, маған сәл еркіндік берілді. Оның да себебі бар, өйткені сол уақытта жан жарымның қайғылы қазаға ұшырап, қайтыс болғанына 40 күн ғана толған еді. Осындайда айтпағанда қайда айтамын, бауырмал, ұйымшыл, жақсы ортаға түстім. Әсіресе, Клара Артықпаева, Фарихан Атыханова, Шолпан Шоқбасова апайдың қамқорлығы бөлек болды. Қашанда жылы сөздерін аяған емес, жылап жүрсем, «ертең-ақ осының бәрі көрген түстей өте шығады», – деп аналық басуларын айтып отыратын. – Сахнаның адамына фонотека­ның жұмысы қиындық туғызған жоқ па? – Жоқ. Әр істі жылдам қағып алатын мен үшін аса қиын соға қоймады, көшке лезде-ақ ілесіп кеттім. Айгүл Ыдрысова, Фарида Қабжанова, Алтын Бекболатова сынды құрбыларымның жөні бөлек. Олардың көмегін көп көрдім. Жұмыста ғана емес, тұрмыста да қол ұштарын аяған емес. Ол кезде үшінші балам жансақтау бөлімінде жатқан. Бірі сабақтан қызымды алып, бірі «квартплатамды» төлеп, енді бірі кешке үйге алып баратын нан-суыма дейін даярлап қоятын. Ең қиын-қыстау кезде жанымнан табылып, мені бөтенсімей, бөліп-жармай, бауырларына тартқан сол мейір-шапағаты мол ұйымшыл ұжымдағы асыл жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. – Алғаш эфирге шыққан кез есте шығар… – Әрине, оны қалай ұмытарсың. Мен Қазақ радиосына араға үш жыл салып барып эфирге шықтым. «Алтын қордағы» кез мен үшін бір академияны бітіргенмен бірдей болды. Тоқсан жылдық тарихы бар. Қазақ радиосының негізін салып, қабырғасын қалап кеткен небір алыптар мен тау-тұлғалардың дайындаған хабарын тыңдау – өмірлік тәжірибе ғана емес, нағыз дәріс мектебі болды. Қай мәтінді қалай оқу керек? Қай жерге қандай музыка беріледі? Хабар қалай басталып, қалай аяқталады?.. Міне, «Алтын қорда» үш жыл жүріп, осы секілді радио­жур­налистикаға қатысты көптеген сұрақ­тарға жауап таптым. Ал енді «Алтын қордағы» хабарларды тыңдап отырсаңыз, әр жүргізушінің өз әдіс-тәсілдері бар, өзінше бір-бір әлем. Сахнаның адамымын ғой, бірде Сауық Жақанова, Шолпан Байғабылова, Ұлжан Пармашқызы боламын; енді бірде Әнуар Байжанбаев, Мырзабек Қуатбеков, Аманжан Еңсебаев, Нұрлан Өнербаев ағаларымыздың дауысын саламын. Бір күні сырттан құлағы шалып қалған аға-әпкелеріміз «сені эфирге шығару керек екен» деді. Бұл әңгіме басшыларға жетіп, содан алғаш рет «Ақ тілек» құттықтау — сазды бағдарламасына редактор Мұхтар Тұртайұлымен бірге әуе толқынына шыққаным бар. Әлі есімде, микрофонның алдына барғанда қорқыныш пен қуаныш араласып кетті: сан миллион тыңдарманы бар радиодан құттықтау жолдаймын деген қуаныш бір жағынан көкірегімді кернесе, екінші жағынан «Апырмай, досқа күлкі дұшпанға таба болмасам жарар еді» деген үрей мазамды алды. Әсіресе, «Осы қыз сүрініп кетпесе екен, сөзден жаңылып қалмаса екен, өлімнен ұят күшті, өзін де, сеніп тапсырған басшылықты да ұятқа қалдырмаса екен» деген тілеулестерімнің ақ-адал ниеттерін ақтай алмаймын ба деп те қобалжимын. Сөйтіп, алғаш эфирге шыққанда мен ғана емес, бүкіл ұжымның бойын қорқыныш билеп, жаппай қара терге түсіп қиналған жайымыз бар. – Қазір ондай қиналыстар болмай ма? – Қазір Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Жұмысқа асығып тұрамын, сәл ауырып немесе іс-сапармен шалғай бір жерге шыға қалсам, эфирді сағынып қаламын, қошеметшіл, ақжарма, ақ тілек білдірген тыңдармандардың дау­сын сағынамын. Кейде көңіліңді шарықтатып жіберетін «Гүлшатжан, сенің даусың-ай» немесе балаша еркелеткен ата-апаларымыздың «Айналайын, қызым, хал жақсы ма?» деген бір-ақ ауыз сөзімен өмірге деген құштарлығым арта түседі. – Тікелей эфир болған соң оның жауапкершілігі де аз болмайды ғой. – Әрине. Оны да кейін, біртін-біртін түсіне бастадық қой. Тіпті, «мені эфирден неге үзіп жібересің, үс­тіңнен арыз жазамын», – деп бұр­тия өкпелейтін де, өзіңе қарсы сұрақ қойып, «тергеп-тергеп» алатын тыңдармандар да кездеседі. Шынымды айтсам, сол мінезі қызық замандас­тарымды да іздеп отырамын. Бұл саланың қиыншылықтары жоқ деп айта алмаймын. Бірде аса сәтті шығады, бірде сүрініп жатасың. Риза болып, алғыс білдіретінім – қара орман халық, миллиондаған тыңдарман. Олардан артық сыншы жоқ. Жылдар өткен сайын пісіп келе жатқан сияқтымыз. – Базбіреулер эпистолярлық жанр жойылып, құрып барады деп дабыл қағады. Ал сіз қалай ойлайсыз? – Мен оған келіспеймін. Өйткені редакция қоржынына күн сайын қаншама хаттар келіп жатады. Соларды көріп, оқып отырып, әлгіндей сөздерге көңілім сенбейді. Бәлкім, ол айтылып жүрген жайт – белгілі тұлғалардың арасындағы хаттар шығар. Егер олай дейін десең, хат алмасуға бүгінде электронды пошта үлкен мүмкіндік туғызып отырған жоқ па?! Рас, кезінде Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов ағамыздың арасындағы хаттарды қолдан қолға түсірмей оқыдық. Сол кезде: «Айтам деген адамға хат арқылы да көп нәрсе айтуға болады екен ғой», – деп ойлағанымыз рас. «Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең» деген сөз де осындайдан қалса керек. – «Туған жердің түтіні бөлек» дейді… – Семейде тудым. Үйде жалпы жетеу едік, қазір бесеуміз. Кішкентай кезімде өте мазасыз бала болыппын: отқа да, суға да түсіп кететін, қорқуды біле қоймайтын болсам керек. Көңілім зерек, өзім алғыр болғандықтан ба, ата-анам бетімнен қақпаған екен. Шешем жерік болғанда нарзан, шекілдеуік, тас кәмпитпен ғана 9 ай күн көріпті. «Не өте ақылды, не өте көрікті, не ақыл-есі кем бала туады», – деп жорамалдапты үлкендер. Дүниеге келерде 4,5 келі болып, оның үстіне аяғыммен теріс келіппін… Мектепті осыдан жиырма жыл бұрын бітірдім. Атам мен апамның қолында өстім, әжемнің тәрбиесін көп көрдім. Сол Абайдың ауылы –Қарашоқы баурайында біз тұрдық. 1994 жылы Биғазы екеуміз қосылып, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына келін болып түстім. Өкінбеймін. Ел ғой, көп нәрсеге үйретті. Алғашқы кезде туған жерімді аңсап, үнемі жылайтынмын. «Төркіні жақынның төсегі жиналмайды» деген сөз бар ғой қазақта. Туып-өскен жеріме жиі-жиі барғым-ақ келеді. Реті келмейді. Қазір жылына бір мәрте барсам, соған қуанамын. – Бала Гүлшаттың арманы не еді? Бүгінгі Гүлшат нені армандайды?! – Адам баласында арман таусылмайды екен. Ауылда бір дөң болатын. Сол дөңді «Гүлшаттың Алатауы» дейтін. Себебі ылғи сол төбенің басына барып ойнайды екенмін. Мені іздесе сол төбеден тауып алады екен. Төбеге шығып алып, «Алатаудың баурайында» деген өлең айтатын көрінемін. Бұл да періштенің құлағына шалынған шығар. Ол кезде Алматыға бару деген бүгінде Парижге барумен пара-пар еді ғой. Мен үшін Алматы қол жетпес арман қала болатын. Осы Алматыны көру үшін төбеде жатып алып армандайтынмын. Биыл Алматыда жүргеніме жиырма жыл болыпты. Балалық арманым орындалды десе де болады. Тағдырдың таяқ жегізгені болмаса, өнер саласындағы арманым біртін-біртін орындалып келе жатқан сияқты. – Өнер десе ішкен асын жерге қоятын әнші, марқұм Биғазы Тұтқабековтің артында қалған ұрпақтары, бала-шағаңыз жайлы айта отырсаңыз. – Менің екі балам да әкесі секілді өнер жолын қуып келеді. Қызым Қарлығаш Күләш Байсейітова атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектепте фортепиано сыныбында оқиды. Ұлым Алмас биыл республикалық дарынды балаларға арналған мектепті бітірді. Кинорежиссура саласына барсам деген талабы бар. Сол балаларым Биғазының жетпегеніне жетсе, соның жасамаған жасын жасаса, сол екеуі сахнада жарқырап тұрса, менің шерім тарқайды. Менің арманым осы. – Әңгімені дәстүрлі ән өнеріне бұрсақ. Дәстүрлі өнердің насихатталуына көңіліңіз тола ма? – Өзім радиодан хабар жүргізген сайын студия қонақтарына, тыңдар­ман­дарға осы сұрақты жиі қоямын. Бірі олай, бірі былай жауап беріп жа­тады. Ал өзіме келсем, көңілім тол­майды. Олай дейтінім, бағыт-бағ­дар­дың бәрін рэпке ауыстырып жатқан қазіргі кезде домбырамды арқалап барып, домбырамның қабы ашылмай қайтқан күндер аз болмайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл көп жерде домбырамен ән салғанды менсінбейді деген сөз. Қайтесің?! Жүрегің қан жылайды… Тағы бір айта кетері, түрлі сайыс­тар­ға пәтер, көлік тігіліп жатады. Ал біздің дәстүрлі байқаулардың дә­ре­жесі әлдеқайда төмен деңгейде өте­ді. Әрине, Қайрат Байбосынов,­ Жәнібек Кәрменов, Жүсіпбек Елебеков сынды айбозымдардың жөні бөлек қой. Олар қайталанбас тұлғалар. Кейінгі ағаларымыз Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жампейісов, өзіміз қатарлас Сәу­ле Жанпейісова, Айгүл Қосанова. Тізе берсе өте көп. Еліміздің түк­пір­-түкпірінде қаншама курстас­та­рым жүр. Солардың ішінде Ербол Айтбаевтың Павлодарда қалып қойғанына жүрегім сыздап, жаным ауырады. Барлық дәстүрлі әншілерді жақсы көремін. Мұңдаспыз. Көкейімде көп арман жатыр. Ресейліктердің шоу-бағдарламаларын қарап отырамын. Олар бірігіп, командамен жұмыс жасайды. Бізде әркім өз тонын өзіне тартып жатады. – Дәстүрлі әндерге қарағанда эстрада жанры көп әңгіме болады. Осының сыры неде деп ойлайсыз? – Қазіргі күні дәстүрлі әншілердің эстрада жанрында ән салуы сынға алынып жүр. Бір апамызға ұнаса, бір ағамызға ұнамай жатады. Мен де өзімше ойлаймын. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Егер қолынан келіп жатса, айту керек. Мәселен, менің эстрада жанрында сүйіп тыңдайтын әншілерім жетеді: Мақпал Жүнісова, Жеңіс Ысқақова… Жүрекке жақын болса, егер әні жақсы шықса, ол әнді неге тыңдамасқа, неге қабылдамасқа?! Ал енді менің эстрада жанрында орындап жүрген әндеріме келсек, өзім ұяламын. Өнерім де өміріме байланысты өріліп отыр ғой енді. Өзің ана әрі өзің әке болғаннан кейін бала-шағаны асырау үшін қолға түскен әннің бәрін қамти бересің. Өйткені нарық алқымнан алып тұрған бүгінгі күні бір айлықпен бала-шаға асырау оңай емес. Біз кішкентай күнімізден жыр-терме, қисса-дастандарды тыңдап өстік. Әлі есімде, ата-әжем кішкентай кезімде үйге әр түрлі грампластинкаларды әкелетін, соны бүкіл ауыл болып тыңдаушы едік. Қазақ радиосынан да жиі беріліп отыратын, қазіргі сериал сияқты ғой. Мен бес жасымда «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз-Жібек», «Ер-Тарғынды» білдім десем өтірік емес. Сол жырлар өнерге деген құштарлығымды арттырып, құлшынысты оятты. Төрт жаста әріп таныдым. Мектепте Бағила Сайлаубаева, Нұржамал Момынжанова сынды ұстаздарым болды. Жоғарыда айттым ғой, әкем ерте қайтыс болып кетті деп. Жақсы әнші болатын. Апамның да әдемі даусы бар. Бүгінде сексенге таяп қалса да әнді әдемі айтады. – Мектепте жүргенде әнші ғана емес, белсенді қыздардың да бірі болғанға ұқсайсыз… – Мектепті алтын медальға бітірдім. Қоғамдық жұмыстарға да араластым. Мектепте жүргенімде Шәкәрім атындағы университетке арнайы шақыру қағазым болды, бірақ ұстазым Бағила Сайлаубайқызы келіп, апаммен сөйлесті. «Талабы тау­дай, Алматыға барсын. Ертең жолын байлайсыз», – деді. Апам басында көніңкіремеді: «Ол жақта кімі бар? Ертең біреу алып қашып кетсе қайтеміз?», – деп алаңдады. Ана деген сол ғой, өз перзенті үшін отқа да, суға да түсуге дайын. Бірақ ұстазым көндірді. Апам батасын берді. Содан 1992 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Театр және өнер институтына келдім. Ол кезде Есмұқан Обаев ағамыз ректор болатын. Қазір еске алсам бәрі қызық. Бая­ғы бала көңіл ғой, ештеңеден тайсалмаймыз, ештеңеден қорықпаймыз. Шығып алып өлеңімді оқып, әнімді айтып тұрмын. Шашым тізеге түседі. Есмұқан аға қатты қызықты. Сол кездегі тағы бір режиссер, атын білмеймін, сол кісіге өкпем әлі күнге дейін қара қазандай. Бір адамның тағдыры бір адамның қолында болады деген рас екен. Есмұқан аға: «Мүмкін, осы баланы оқуға қабылдармыз, әйгілі Майраны маған көз алдыма елестетіп тұр, жақсы актриса шығады», – деген еді, әлгі режиссер: «Қане, көйлегіңді көтерші!» деді. Тізеден жоғары көтердім, аяқ-қолым балғадай. «Жоқ, бұл қыздың балтыры ақтамайды, басқа жері келіп тұрса да», – деді. Сөйтіп, армандаған Театр және өнер институтына оқуға алмай қойды. Кейде ойлаймын, «менің орныма өзінің бір адамы болды ма екен?!» деп. Біраз уақытқа дейін есеңгіреп қалдым. Құжаттарымды қайтып алып, өзім сияқты алты бала консерваторияға тапсырдық. Бес бала түспей қалды. Менің жолым болды, бір күнде Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті болып шыға келдім. – Тойларға шығып тұрасыз ба? – Атамыз қазақ данышпан ғой. «Шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» дейді. Шақырған жерге барып тұрамын. Әншілердің көбі қазір шоу-бизнес пен той-бизнес арқылы күнін көріп жүр десем асыра айтқандық емес. Жақында ғана Талдықорған жаққа бір тойға барып қайттым. Қатты дауыл соғып, жарық сөніп қалған. Тамада жалғыз өзі ән салып тұр екен. Менің үстімдегі спортивка малмандай су, аяғымда кроссовки, не киім ауыстырып үлгермедім. Сол күйімде қолыма домбыраны ұстадым да, ән сала жөнелдім. Халық жақсы қабылдады. Кейде боямасыз, табиғилықтың өзі аудиторияны өзіне тартып алып жатады. – Егер өнер жолын таңдамағанда сізден қандай маман шығар еді? – Жасыратыны жоқ, кейде осы сұрақты өзіме-өзім қойып, ұзақ ойланамын. Сондағы түйін: менен жақсы заңгер шығар еді, менен жақсы ұйымдастырушы шығар еді, менен жақсы дәрігер шығар еді, менен жақсы ұстаз шығар еді. Бірақ балаларыма нашар заңгерден гөрі жақсы шаштараз болсаң наныңды тауып жейсің деймін. Қолыңнан келмейтін іске әуреленбе! Өнерге бет бұрдың ба, оның құлы болу керек. Ал қолыңнан келмей ме, былғанба!.. Күнделікті дастарқан басында отырғанда айтатын әңгімемнің негізгі түп-төркіні осы тектес. – «Сіз неден қорқасыз?» Бұл өзің­­іздің Қазақ радиосынан хабар­ жүр­гізгенде студия қонақтары мен­ тыңдарманға ең көп қоятын сұ­ра­ғыңыз. Сондықтан бүгін осы сұ­рақ­ты өзіңізге қойғым келіп отыр. – Көп нәрседен қорқамын. Баяғыда мектепте айтатын, «сен өзі қорқасың ба?» деп. Сөйтсем, қорыққан адам аяғын санап басады екен ғой. Мен сөзге қалудан қорқамын, біреудің ала көзінен қорқамын, біреуге ұнамай қалудан қорқамын, сатқындықтан қорқамын, Алладан қорқамын – ең қорқыныштысы осы. – Достарыңыз көп пе? – Қалай айтсам болады?.. Жалпы адам баласы маңайына досты көп жинау керек екен. Күйеуімнің достары көп болған екен де, өзімде саусақпен санарлық қана екен. Биғазының достарының арқасында мен тәлкекке салынбай, әлі күнге дейін соларға арқа сүйеп келемін. – Кеш өткізу ойда жоқ па? – Республика сарайында бір ән салу арман. Ол үшін де көп қаражат керек. Ән жаздыратының бар, киім тіктіретінің бар дегендей. Күрделі жөндеуден кейін Республика сарайының құны тым қымбаттап кеткен. Халық әртісі Мақпал Жүнісоваға жеңілдік жасадық дегеннің өзінде үш жарым миллион теңге сұраған. Масқара ғой… Бір ғажабы, көптеген шетелдің әншілері қырықтан асқанда сахнаға шығып, жұлдыз атанып жатады. Кейде соларға ұқсап, қырықтан асқанда мен де жарқ етермін деп те ойлап қоямын. – Оқырмандарға айтарыңыз бар ма? – Егер хат жазуды сағынып қал­саң­ыз, Қазақ радиосындағы «Ақ тілек» құт­тықтау-сазды бағдарламасына немесе «Хат жазып тұрыңыз!» хабарына хат жазып тұрыңыз. Сауал – Сізден, жауап – Бізден! – дегім келеді. – Әңгімеңізге рахмет!
Базарбек ТҮКІБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі