ХАДИСТЕН ХАБАРЫНЫЗ БАР МА?

ХАДИСТЕН ХАБАРЫНЫЗ БАР МА?

ХАДИСТЕН ХАБАРЫНЫЗ БАР МА?
ашық дереккөзі
727

ХАДИСТЕРДІҢ ЖҮЙЕГЕ КЕЛТІРІЛУІ. (ТАСНИФ)

Хижраның екінші ғасырының алғашқы жартысынан кейін негізгі хадис туындылары жарық көрді. Осы уақытқа дейінгі хадистанушылар көптеген хадистер мен сахабалардың сөздерін бір кітапқа жинақтаған. Бұндай жинақтан қажетті хадисті табу оңай соқпасы анық. Сол себепті жинақталған хадистерді белгілі тараулар мен бөлімдерге реттеп, жүйелі бір кітап түріне келтіру, пайдалану үшін жеңілдету әрекеттері осы кезеңде қолға алынды. Яғни Хадистер тақырыптар бойынша тарауларға бөлініп, әрбір хадис мазмұнына қарай сол тарауларда топтастырылды. Мысалы намазға қатысты хадис­тер намаз тарауында, зекетке қатысты хадистер зекет тарауында жинақталды. Бұл еңбектер «мұсаннаф» деп аталды. Көп уақыт өтпей хадистер сахабалардың есімдеріне сай жіктеліп, ретке келтірілді. Бұл еңбектер «Муснәд» деп аталды.

Демек, Тәдуин – хадистердің жинақталуы болса, Тасниф – жинақталған хадистерді белгілі тараулар мен бөлімдерге реттеп, жүйелі бір кітап түріне келтіру.

Ибн Хажар: «… Бірақ табиғин дәуірінің соңдарына қарай ғұламалардың түрлі қалаларға тарауы, харижилер, рафидилер мен тағдырды жоққа шығарушылар секілді бидғатшыл топтардың көбеюі салдарынан әсәрлар (хадистер) жинақталып, тарауларға бөлініп, ретке келтіріле бастады. Бұл іске алғаш кіріскендер әр – Рабиғ ибн Субейх (Хижраның 160 ж.д.с.) пен Сағид ибн Әбу Аруба (Хижраның 156 ж.д.с.) және т.б. еді. Олар үшінші буын өкілдерінің алғашқылары келгенге дейін әр тарауды бөлек-бөлек жүйеге келтірді. Имам Малик: «Әл — Муатта» атты еңбегін тасниф (хадистің жүйеге келуі) етті. Онда Хижаздықтардың хадистерін, оған сахабалардың сөздерін және табиғиндер мен олардан кейін келгендердің пәтуаларын қосып жинақтаған», – деп өрбітеді. (Ибн Хажар, Һәдиу әс – сәри мукаллимату фатхи әл – бари, І, 8 – б.) Ибн Хажардың хадистердің жүйеге келуіне (тасниф)қатысты айтқан сөздерінен бұл істің хадистердің жинақталуынан (тәдуин) кейін жарыққа шыққандығын түсінеміз.

Екінші ғасырда ретке келтіріліп, жарық көрген хадис туындыларын бес топқа бөліп қарастыруға болады. Олар: 1) Сиәр және Мағази кітаптары; 2) Әс-Сунән кітаптары; 3) Әл-Жамиғ кітаптары; 4) Мусаннафтар; 5) Белгілі бір тақырыптарға арналған кітаптар.

І. Сиәр және Мағази кітаптары (Пайғамбар өмірбаяны мен жорықтары)

Хадистерді жинақтау дәуірі бас­тал­ған кезде кейбір хадистанушылар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дінге байланыс­ты хадистерін жинақтаса, кейбірі Мекке мен Мадинадағы өмірі, мінез-құлқы, қыс­қаша өмірбаяны мен басынан өткерген со­ғыстарына қатысты деректерді топтастырды. Бұл деректер белгілі тізбектермен риуаят етіліп, сенімді сүннет санатынан саналды.

ІІ. «Әс-Сунән» кітаптары

Фиқһ мәселелеріне қатысты үкімі бар хадистерді қамтыған кітаптарға әс-сунән аты берілген. Бұл кітаптарда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзі, іс-әрекеті мен құптауынан тұратын Марфуғ (тізбегі Пайғамбарға (с.а.с.) жеткен) хадистер қамтылады. Демек, әс-Сунан кітаптарында мауқуф (тізбегі сахабаға тоқтаған, яғни сахабаның сөздері мен істері) және Мақтуғ (тізбегі табиғинде тоқтаған, яғни табиғиндердің сөздері мен істері) болған хабарлар, кездеспейді.

абында орын алған хадистерді, ғибадат, сауда-саттық (муамалат), және жаза түрлеріне (укубат) қатысты деп үш топқа бөлуге болады. Осылайша бір әс-Сунән кітабының мазмұнына қарайтын болсақ, хадистердің жалпылама: Тазалық, намаз, зекет, қажылық, ораза, неке, талақ, жиһад, өсиет, мирас, жаназа, ант, нәзір, сауда, киім, тағамдар, сусындар, емшілік, фитналар, худуд (жазалар), құн төлеу, әдеп, т.б. тақырыптарға сай реттелгенін көреміз. Бұл тақырыптардың әрқайсысына «кітап» атауы беріледі (тазалық кітабы, намаз кітабы, зекет кітабы.). Әрбір кітап, тақырыбының ауқымдылығына қарай түрлі тарауларға бөлінеді.

ІІІ. «Әл-Жәмиғ» кітаптары

Екінші ғасырда жүйеге келтіріліп жинақталған хадис кітаптары әл-Жамиғ деп аталған. Әл-Жамиғ кітаптарында да Әс-Сунән секілді ғибадат, сауда-саттық (муамалат) және жаза түрлеріне (укубат) қатысты тарауларға бөлініп, ретке келтірілген хадистер бар. Бірақ әл-Жамиғ жинақтарындағы хадистер аталған тақырыптарды ғана емес, басқа да көптеген түрлі тақырыптарды қамтиды. Мысалы онда орын алған Құран Кәрімнің артықшылықтары, тәпсірі, жаратылыстың бас­талуы, өткен Пайғамбарлар, мақтауға лайық қасиеттер (манақиб), Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жиһад және жорықтары, халифалары мен сахабаларының қадір-қасиеттері, иман, таухид секілді тақырыптарды әс-Сунән кітаптарынан көре алмаймыз.

Осы тұрғыдан әл-Жамиғ (Жамиғ сөзі араб тіліндегі мағынасы: көп нәрсені қамтушы деген мағына береді) жинақтары – аты айтып тұрғандай, кез келген тақырыпқа қатысты хадистерді қамтыған ең ауқымды хадис кітаптары.

Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, қандай да бір хадис жинағын әл-Жамиғ деп айту үшін ол: 1. Иман кітабы; 2. Әс-Сунән кітабы; 3. Зуһд (тақуалық) кітабы; 4. Әдеп кітабы; 5. Тәпсір кітабы; 6. Жиһад және жорықтар кітабы; 7. Мақтауға лайық қасиеттер (манақиб) кітабы; 8. Фитән (бүліктер) кітабы сияқты сегіз тарауды міндетті түрде қамтуы керек. Егер басқа бөлімдер болып, осы аталған тараулардың бірі болмаса, әл-Жамиғ болып табылмайтындығын айтады.

ІV. Мусаннафтар (жүйеге келтірілген кітаптар)

Екінші ғасырда жарық көрген кейбір хадис кітаптары «Мусаннаф» деп аталды. Бұлардың әс-Сунән кітаптарынан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Өйткені мусаннафтарда да Фиқһ үкімдеріне қатысты хадистер ретке келтіріліп, жинақталған (тасниф етілген). Сондықтан мусаннаф деп аталған. Алайда бұл жинақтарда әл-Жамиғ кітаптарындағы секілді әрқилы тақырыптарға қатысты хадистерге орын берілмесе де, сунән кітаптарынан ерекшеленіп, жамиғтерде келген кейбір тақырыптарға байланысты хадис­тер қамтылады.

Осы тұрғыдан Мусаннаф кітаптарын, қамтыған тақырыптары жағынан әс-Сунән мен әл-Жамиғ кітаптарының арасындағы бір жинақ деп қарауға болады.

Сонымен қатар, қорыта алғанда «Мусаннаф» атауы алты кітап (кутубу әс-ситтә) жарық көргенге дейінгі кезеңдердегі ауқымды хадис кітаптарына қолданылған.

V. Белгілі бір тақырыптарға арналған кітаптар

Әл-Жамиғ секілді хадис жинақтарында қамтылған түрлі тақырыптардың біріне арналған хадистер жинағы екінші ғасырда жазылған хадис кітаптарының бірі болып табылады. Әл-Жамиғ, әс-Сунән жинақтарында тақырыптарға бөлінген тарауларға «Кітап» атауы қойылғандығы сияқты белгілі бір тақырыпқа арналып, жеке жазылған хадистер жинағына да «кітап» аты берілді. Мысалы: «Китабу әт-Тәфсир», «Китабу әл Жиһад», «Китабу әс — Салаһ».

Осы тұста екінші ғасырдың ортасында ретке келтіріліп, жинақталған хадис кітаптарының бірі, әс-Сунән және әл-Жамиғ кітаптарынан ерекшеленген тамаша туынды «әл — Муатта» кітабы мен оның авторы Мәшһүр имам Малик ибн Әнәс турасында ерекше атап өтуге болады.

Муснәд – үшінші ғасырда алғаш жарық көрген хадис жинағы. Ол өзге хадис кітаптарына қарағанда, хадистердің жүйеге келтірілу жағымен ерекшеленеді. «Әс — Сунән», «Мусаннаф», «Әл — Жамиғ» секілді жинақтарда хадистер тақырыптарға сай жүйеленсе, «Муснәд» жинағында хадистер сахабаның немесе одан кейін келген рауидің есіміне сай жіктеліп жүйеге келтіріледі. Мысалы: Әбу Һурайраның Пайғамбарымыздан жеткізген хадистері тақырыптары әр түрлі болса да бір жерге, сол секілді Ибн Аббастан жеткен хадистер бір жерге жинақталған.

Сондай-ақ сахабалардан кейін келген рауилердің атымен топталуы да мүмкін. Мысалы, Әбу Ханифаның жеткізген хадистері бір жерде, имам Әш – Шафиғи жеткізген хадистер бір жерде қарастырылған. Бұндай жинақ «Муснәд» деп аталады.

Үшінші ғасырда Муснәд кітаптарымен танымал болған хадис ғалымдары көптеп саналады. Олардың ішінде хадис ілімінде ерекше орын алған қазіргі кезге дейін жеткен танымал муснәд иесі – Ахмад ибн Ханбал.

Бірінші ғасырдың аяғына қарай хадистердің жазылып, жүйеге келуі нәтижесінде екінші ғасырда ретке келтіріліп, сияр мен мағази, әс-Сунән, әл-Жамиғ, Мусаннаф сияқты хадис жинақтары және белгілі тақырыптарда жазылған кітіптар жарық көрді. Үшінші ғасырда бұл дәстүр одан әрі қарқын алып, жарық көрген жинақтардың саны артты. Бұл кезең хадис тарихында алтын ғасыр саналады. Жоғарыда аталған бес топ хадис жинақтарына сай жаңа еңбектер мен хадис ілімінің түрлі тақырыптарына, әсіресе хадис ілімінің негіздеріне қатысты кітаптар жазыла бастады.

Әл-Бұхари, Муслим, ән-Нәсәи. Әбу Дәуіт, әт-Термези және Ибн Мәжә сынды имамдар Құран Кәрімнен кейін исламның маңызды қайнар көзі болып есептелетін танымал алты хадис кітабын (кутубу әс-ситтә) жарыққа шығарды.

Еркін КҮЗЕМБАЕВ,

«Бақалы» мешітінің имамы

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Бақалы ауылы

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Серіктес жаңалықтары