МЕДВЕДЕВТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН СОҢ ...

МЕДВЕДЕВТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН СОҢ ...

МЕДВЕДЕВТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН СОҢ ...
ашық дереккөзі
386

Ресей премьері Дмитрий Медведев Санкт-Петерборда өткен бизнес-форумда 2015 жылдың қаңтарынан бастап құрылатын Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта енгізу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Ол Кедендік үштік одаққа енген мемлекеттердің премьерлері алдында: «Еуразиялық Одақ мүше елдеріне ортақ валюта керек, қазір енгізуге болмаса да, бұл туралы ойланып, белсенді түрде кірісе бастау керек», – дегені сол-ақ еді, Медведевтің бұл мәлімдемесін Ресей Федерация кеңесінің жетекшісі Валентина Матвиенко да іліп әкетіп, «Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы ресейлік рубль болуы керек. Себебі рубль дүниежүзілік деңгейде мойындалған. Ортақ валютадан бөлек, ортақ тіл, ортақ шекара да керек» деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Тіпті Валентина Матвиенко болашақта орталық банк, ортақ қаржылық қызметтер болуы керектігін айта келе: «Егер біз толыққанды, интеграциялық ұйым құратын болсақ, онда ол толыққанды жан-жақты жұмыс істеуі қажет. Бұл жерде басшылардың саяси ерік-жігері мықты болса, бірте-бірте орталық банктер, қаржылық қызметтер құрылады», – дейді. Бір қарағанда, Ресей президенті Путиннің бұл мәлімдемені Медведевтің аузына салып, оны Матвиенконың қағып алып, қолдай кетуі бекер емес. Яғни бұл алдын-ала келісіліп, пішілген мәлімдеме екені анық.

Сорақысы сол, дәл осы саясатты жақтай­тын­дар еліміздің ішінен де табыла кетті. Бұған дейін өзін президенттік тақтан көруді армандап, түптің-түбінде Парламент депутаты атанған Қазақстан халықтық коммунистік партиясы фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбеков белді басылымға берген пікірінде ортақ валютаның қажеттігін айтып, «Ортақ тіл – орыс тілі болса, құба-құп» дегенді жеткізіпті. «Біздің мемлекетте ресми тіл – орыс тілі. Егер басқа да мемлекеттерде халық қай тілде көбірек сөйлесе, ортақ тіл орыс тілі болса да, ештеңе етпейді. Өйткені бізде ортақ тіл, ресми тіл – орыс тілі. Басқа мемлекеттер де орыс тілін ресми тіл ретінде қабылдаса, бұл империяның көрінісі болып саналмайды. Бұл қайта ортақ мәселелерімізді шешуге, қарым-қатынасымызды нығайтуға көп әсер етеді. Егер ортақ тіл ретінде қазақ немесе беларусь тілін алайық десек, бәрі жапатармағай оларды үйрене бастауы деген мәселе емес қой?! Өзімізде дайын тұрған жағдайды құртпай, соған ақырындап, жайлап, баппен келіп, қолданса, алға жылжуы тиіс. Жеке жүрсек, дағдарыс жеп қоюы мүмкін, ал өзара байланысты бұзу қиын болмақ», – деп салыпты.

Біз бұдан соң Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековпен тілдесіп, «Мұныңыз қалай?» деген сауал қойған едік. Сондағы білдірген пікірі төмендегідей өрбіді.

– Еуразиялық одақ құрылса, ортақ тіл орыс тілі болуы әбден мүмкін. «Қазақ тілі» деп қанша жерден айтсақ та, оны дамытуға үлесіңді қоспаған соң, басқаны жазғырып далбасалау «лже-патриоттардан» ғана шығады. Мұны мұрнының астындағыдан басқаны көрмейтіндер, өмірдің қайда кетіп бара жатқанын сараламайтындар түсінбейді де. Олар «тіл» деп далбасалағаннан басқа ештеңе істей алмайтындар және аттарын жасырып қана сөйлейтіндер. Ал қазір ұлтаралық тіл – орыс тілі болып тұр емес пе? Аты өзгергенмен заты өзгерген жоқ. Бұл жерде қазақ тілін мұқатайын деген ойым жоқ. Тіпті, «қазақ тілін қалай дамыту керектігі» жайында мақалам да бар. Еуразиялық одақта ортақ тіл – қазақ тілі немесе беларусь, қырғыз, өзбек тілі бола алады дегенге кім сенеді? Көзді ашып қарау керек қой. Тіпті ағылшын, француз, неміс тілі де бола алмайды. Ресейдің орысымен, беларусымен қазақша сөйлескен бір адамды да көрген емеспін. Өз елімізде қазақ тілін түпкілікті дамытуымыз керек, ол сөзсіз. Байбалам салмай, сөзден іске көшу керек. «Ал басқа ұлттардың Отандары басқа. Егер олар қазақша білмесе, еліне кетсін» деген пікірлермен келіспеймін.

Сондай-ақ, мәжіліс депутаты: «Еуразиялық Одақ кеңістіктігінде қызмет ету – өте дұрыс шаруа. Ресей, Беларусь, Қазақстанның бұрыннан келе жатқан экономикалық қана емес, әлеуметтік тығыз байланысы, достастығы бар. Одаққа қосылғысы келетін Қырғызстан, көрші Өзбекстанмен де экономикалық байланысымыз бұрыннан мығым болған. Сондықтан бірден осы байланыстарды үзіп жіберіп, жаһандану кезінде жалғыз өмір сүру қиын. Экономикалық, интеграциялық процес­тер жүрмей, халықтың әл-ауқатын да көтере алмаймыз. Тәуелсіздігімізді сақтай отырып, өз мүддемізді қорғап, басқа елдермен келісім-шарт жасасып, ортақ шешімге келуге тиіспіз. Ал Еуразиялық одақ құрғаннан кейін шекарамыз ашық, визасыз кіріп шығып жүрсек, онда неге ортақ валюта қолданбасқа?! Сонда бір елден екіншісіне кірер кезде валюта айырбастап әуреге түспейміз. Бірақ ортақ валюта ресейлік рубль, қазақстандық теңге, беларусь ақшасы емес, осы ынтымақтастық ішінде жүретін ортақ валюта болуы тиіс. Ал шекаралар ашық болғанымен, оны алып тастау керек деген пікірмен келіспеймін. Әр мемлекеттің шекарасы ешқашан бұзылмау керек», – дейді.

Не десек те, Медведев пен Матвиенконың ұсы­нысын қолдаған бір қазақ, ол – Жамбыл Ахметбеков болды. Бәлкім, оның да аузына бұл пікірді шайнап салып отырғандар бар шығар, кім білсін? Бұған дейін Кедендік одақ мемлекеттеріне ортақ валюта енгізу керектігі туралы талай рет айтылып жүрсе де, ортақ тілдің қажеттігі туралы еміс-еміс ғана естілетін. Ал осы жолы Ресей Федерация кеңесінің жетекшісі Валентина Матвиенконың ортақ валютадан бөлек, «ортақ тіл, ортақ шекара да керек» деген пікірінің үстінен дөп түсіп, «ұлтаралық тіл – орыс тілі» болсын деген Ахметбековтің көздегені не?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары