ФИНДЕРДЕН ҮЛГІ АЛСА ИГІ

ФИНДЕРДЕН ҮЛГІ АЛСА ИГІ

ФИНДЕРДЕН ҮЛГІ АЛСА ИГІ
ашық дереккөзі
290

Отбасылық құндылықтарға негiзделген кәсiпкерлiк, маусымдық үдерiстерге iлесе бiлу, үйлесiмдi түстердiң ойнақылығы, күнделiктi өмiрдегi қарапайымдылық пен ыңғайлылық, қалталарға салмақ салмайтын үнемдiлiк секiлдi ұғымдарды басты қағидасына айналдырған финдiк компанияның iшкi нарықты жаулап алуға ұмтылған талпынысы отандық жеңiлөнеркәсiп саласындағы ағайынға сабақ әрi үлгi болса, игi.

Шаңырақтың берекесі мен бірлігі, отбасылық бюджеттің үнемділігі, жұптар арасындағы өзара келісім мен үйлесімділікті жоғары бағалайтын финдік FINN FLARE киім-кешек дүкендерінің желісі алматылық журналистерге арнап мерекелік кеш ұйымдастырды. Қаланың орталығындағы жаңадан ашылған сауда-ойын сауық орталықтарының бірінде ашылған жаңа дүкенде көктем-жаз жаңа киім үлгілерін тарту еткен шарада FINN FLARE президенті Ксения Рясова компанияның қазақстандық нарықтағы келешек жоспарлары туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, 1965 жылы Финляндияда іргетасы қаланған бұл компания ендігі миллиондаған тұтынушының көңілін жау­лап алған. Ал біздің елімізде 2007 жылы алғашқы саудалық жұмысын бастапты. «Біз бастапқыда қазақстандық кәсіпкерлермен сатып алу, қайта сату үрдісі бойынша ынтымақтастық орнаттық. Өткен мау­сымнан артылып қалған киімдерді не істеу керек деген сауалға жауап іздеу барысында үлкен қоймалар ашу бастамасы дүниеге келді. Кейінірек Қазақстанның кейбір аймақтарынан фирмалық дүкендер ашуды қолға алдық» деп мәлімдеген Ксения Рясова биылғы көктем-жаз үлгісінде «Casual», «Discovery», «Active», «Beach» жүйесімен бірге аяқ киім мен аксессуарлар ұсынылатынын көлденең тартты.

Финдік компанияның Қазақстандағы өкілдігін басқаратын Анна Назирова: «FINN FLARE компаниясы қаржылық тұрғыда тәуелсіз. Жаңа сауда орындарын ашуға айналымындағы қоры жеткілікті. Бірақ Қазақстанда кездесетін басты қиындықтардың бірі – адамдар көп шоғырланатын сауда-ойын сауық орталықтары саусақпен санарлықтай» дей келе, небары 4 жарым жылдың ішінде Қазақстанда өте тез қарқынмен дамыған FINN FLARE компаниясының неғұрлым көп сауда орталықтарының ашылғанына мүдделі екендіктерін жеткізді: «Жоспар бойынша биыл FINN FLARE елімізде 2-3 фирмалық дүкен мен 2-3 франчайзингтік дүкен ашатын көрінеді. Бүгінде 22 сау­да нысандарында 10 – фирмалық, 12 франчайзингтік дүкен бар».

Фирмалық өнімдерін таныстыру мақсатында журналистермен өткізілген кеште FINN FLARE компаниясы тарапынан бір 50 мың теңге және екі 10 мың теңгелік сертификат ұтысқа салынды. Компанияның киім үлгілерін көрермен талқысына салатын сәнқой қыздарды талғаммен киіндіруде жеңімпаз атанған әріптестерімізге осы компания киімдерін тегін сатып алуға арнайы карточкалар тапсырылды. Сонымен қатар байқаудан кейін 5 әріптесіміз 5 мың теңгелік 5 купонды өзара бөліске салды. Кештің жағымды да тосын сыйы мұнымен бітпеді. Дастарқаннан дәм татқан әрбір қонаққа «орамал тон болмайды, жол боладының» үрдісімен FINN FLARE шығарған орамалдар сыйға тартылды. Өнімдерін нарыққа бейімдеп шығарумен бірге тиімді де ұтымды жолмен насихаттай білген финдіктердің осы үрдісі отандық жеңілөнеркәсіп саласындағы өнім өндірушілерге үлгі болса, игі.

Айдана Теміртайқызы,

ҚазҰУ-дің студенті

Серіктес жаңалықтары